Педагогические  науки”

П.ғ.к. Бельгибаева Г.К.

магистрант Конхашова Г.М.

магистрант Нусипова М.Н.

Қазахстан, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАҒЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСҚА ҮЙРЕТУДІҢ БЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕРІ

Мектепке дейінгі ұйымдағы әдістемелік жұмыс – педагогикалық үрдістің сапасын арттырудың маңызды жағдайы. Әдістемелік жұмыстың барлық түрінен өту арқылы тәрбиешілер өздерінің кәсіби деңгейлерін көтеріп қана қоймайды, олар жаңашыл технологияларды меңгеріп, өздері білмейтін нәрселерді үйренеді.

Әдебиеттерде «әдістемелік жұмыс» түсінігіне байланысты көптеген анықтамалар кездеседі. А.И.Васильеваның пікірі бойынша, мектепке дейінгі ұйымдағы әдістемелік жұмыс – кешенді және шығармашылық процесс, онда тәрбиешілерді балалармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдеріне үйрету тәжірибе арқылы жүзеге асырылады.

Л.И.Фалюшина әдістемелік жұмысты педагогикалық жүйедегі тәрбиелеу-оқыту жұмысын сапалы басқару қызметі ретінде қарастырады. Ол педагогтердің іскерліктері мен дағдыларын, білімдерін кеңейтуге, тереңдетуге бағытталған екі жақты үйрету мен оқыту дейді.

К.Ю.Белая қазіргі мектепке дейінгі ұйымның әдістемелік жұмысын озық педагогикалық тәжірибе мен ғылыми жетістіктерге негізделген, өзара байланысқан жүйедегі, әрбір педагогтың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған, оқыту-тәрбиелеу үрдісінің сапасын әрі тиімділігін көтеру деп түсіндіреді.

«Әдістемелік жұмыс» түсінігін талдау негізінде төмендегі анықтамаларды беруге болады: әдістемелік жұмыс – педагогтардың іскерліктері мен дағдыларын, білімдерін тереңдетуге және өзекті етуге бағытталған, озық педагогикалық тәжірибеге негізделген, әрбір педагогтың кәсіби шеберлігін көтеруге себеп болатын, барлық педагогтардың шығармашылық потенциалы дамыған, мектепке дейінгі ұйымның сапалы тәрбиелеу-оқыту жұмысына қажетті үздіксіз біртұтас білім жүйесі.

Бір сарынды баяндама мен білім беру орын алған әдістемелік жұмыстың дәстүрлі түрі кері байланыстың жоқтығы мен төменгі нәтиже көрсеткен соң өзінің мән-мағынасын жоғалтты. Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтарды «үйретудің белсенді әдістері» атты әдіс-тәсілдер арқылы танымдық оқудың белсенді іс-әрекеті кеңінен қолданыла бастады. Белсенді әдісті қолдану кезінде оқу іс-әрекеті шығармашылық  сипатта болады, танымдық қызығушылық пен шығармашылық ойлау қалыптасады. Олар кез-келген мәселені шешу және  еркін пікір алмасу сұхбаты ретінде құрылады. Осылайша үйретудің белсенді әдістері  үйретушілер үшін де, үйренушілер үшін де белсенділіктің ең жоғары деңгейі ретінде сипатталады.

Кәсіби және оқыту іс –әрекеті жағынан үйретудің әртүрлі әдістерінің мүмкіндігі табиғаттан және сәйкес келетін әдістердің мазмұнына, оларды қолданылу тәсілдеріне, педагогтардың шеберлігіне, тәрбиеленушілердің дайындығына байланысты да болады. М.М.Бирштейннің пікірінше, үйретудің белсенді әдістерін қолдану, дүниетанымдарын кеңейтеді, кәсіби әрекет дағдылары мен іскерліктерін қалыптастырады дейді.

Белсенді әдіске үйретудің тәрбиелік міндеттері: белсенділікті, еркіндікті, өзінділікті дамытады, белгілі бір дүниетанымды, позицияны орнатуды қалыптастырады, қарым-қатынас жасау, ұжымда жұмыс істей білу іскерліктерін арттырады. Үйретудің белсенді әдістерінің мақсаты: зейінді, тілді, шығармашылық қабілеттерді, рефлексияны дамыту, үйлесімді және қарапайым шешімдерді таба білу мен нәтижесін айта білу іскерліктері болып табылады.

Сонымен, белсенді әдістерді үйрету – бұл іс-әрекет жасауға үйрету. Л.С.Выготскийдің тұжырымдауы бойынша, бұл педагогтармен жүргізілетін әдістемелік жұмыстар, себебі адам үйрену арқылы дамиды, ал тұлға іс-әрекет барысында дамиды.

  

В.Я. Платовтың белсенді әдістерді үйрету классификациясы бойынша

В.Я.Платов үйретудің белсенді әдістерін екі топқа бөледі: нақты ситуацияларды талдау және ойын. Нақты ситуацияларды талдау әдісінде рөлдер жоқ. Мұндай әдіске ата-аналар мен балалардың пікірлерін, балалар тәртібін, шығармашылығын және т.б. талдау туралы ситуациялық мәселер мен педагогикалық ситуацияларды шешу жатады.

Рөлдік ойындарда ойын кешені динамикалық жүйе болып табылады, онда рөлдік қарым-қатынас бар. Сондықтан да мұндай жағдайда ойын кешенінің құрылымы мен параметрлері өзгеріп кетуі мүмкін.Рөлдік ойын үшін басқару жүйесінің үлгісі болуы өте маңызды. Мысалы, мұндай ойындардың бірі педагогтың балалармен сабақты рөлдерді тәрбиешілер орындайтын етіп ұйымдастыруы. Ойынның басқарушысы балалардың «жасын» өзгерте алады, осыдан педагогтың әдістемелік тәсілдері өзгереді.

Имитациялық ойындарда көбінесе бір ғана тираждік рөл болады, басқарушының іс-әрекет үлгісі жоқ, тек ортаның үлгісі ғана орын алады. Мысалы, төтенше жағдайлардағы, өрт кезіндегі және т.б. жағдайлардағы тәрбиешінің әрекетін имитациялау.

Ұйымдастырушылық-әрекеттік ойындарды әртүрлі мамандар (мысалы, мектепке дейінгі ұйымның даму бағдарламасын жасау үшін, мерекелер ұйымдастыру үшін және с.с) күшінің бірігуін талап ететін күрделі әлеуметтік-өндірістік міндеттерді шешу кезінде қолданады.

Іскерлік ойындарда нақты ситуацияларды талдау мен рөлдік ойындар әдістерінің белгісі қиюласады, сонымен қатар іскерлік ойының негізінде басқару нысаны мен басқарушылық жүйенің тұтас үлгісі бар. Іскерлік ойындарды көбіне имитациялық басқарушылық деп те атайды. Мұны әдістемелік жұмыс жүйесінде іскерлік ойынның пайда болуымен түсіндіретін де шығар. Л.В.Поздняк және Л.М.Денякина іскерлік ойынды педагогтардың әдістемелік жұмыс барысындағы өзіндік және күрделі белсенді әдістерді үйренуі деп бөледі. Сонымен, іскерлік ойын – мамандардың әртүрлі жағдайлардағы шынайы іс-әрекеттерінің үлгісі.

В.Я.Платов іскерлік ойынның үйретудің дәстүрлі әдісінен ерекшелігін айқындап берді:

1. Іскерлік ойындарды қолдану кезіндегі үйрету процесі басқарушылар мен мамандар іс-әрекетінің шынайы тәжірибесіне жақын. Бұған іскерлік ойындарда шынайы әлеуметтік-экономикалық жүйедегі үлгілерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Басқаша айтқанда, кез-келген іскерлік ойын имитациялық әдісті үйрету ретінде ұсынылады.

2. Іскерлік ойын – бұл ойындық үйрену әдісі. Ойынға қатысушылар кез-келген рөлді алып, өз рөлінің қызығушылықтарын ескер отырып, басқарушылық шешім қабылдайды. Әртүрлі рөлдердің қызығушылықтары сәйкес келмейтіні белгілі, ойынға қатысушыларға дау-жанжалдық ситуацияға шешім қабылдауға тура келеді.

3. Іскерлік ойын – ұжымдық үйрену әдісі. Дәстүрлі әдістер жеке үйретуге бағытталған. Іскерлік ойындарда шешім бірлесе отырып қабылданады. Өз тобының шешімін қорғау мен басқа топтың шешімін сынға алу кезінде ұжымдық пікір қалыптасады.

Іскерлік ойындарды қолдану кезінде жақсы және теріс жақтарын атап өтуге болады. Жақсы жағына: жоғары мотивацияны, үйрену кезіндегі қанық көңіл-күйді, кәсіби іс-әрекеттерді дайындау мен жүзеге асыруды, білімдері мен іскерліктерін қалыптастыруды жатқызуға болады. Бұдан басқа, ойынға қатысушылар өз білімдерін қолдана алуды үйренеді, ал ойыннан кейінгі талқылау осы білімдерін бекітуге себеп болады.

Теріс жағына: ұйымдастырушының ойынға асқан еңбекпен дайындалуы, ұйымдастырушының қатты ширығып отыруы (ойын барысында ол зейінді және мейірімді басқарушы болуы керек), үздіксіз шығармашылық ізденісте болуы, актерлікті меңгеру қажеттілігі, қатысушылардың жұмысқа дайындықсыз келуі жатады.  

Іскерлік ойындар ұжымдық жұмыс, тәжірибенің пайдасы, әрбір педагогтың демократиялық, жариялылық, бәсекелестік, максималдық еңбекпен қамтылу принципіне және іскерлік ойын аясындағы шығармашылық іс-әрекеттің шектеусіз перспективасына құрылады.

Осылайша, үйретудің белсенді әдістері – бұл танымдық іс-әрекетті ынталандыратын әдіс. Олар кәсіби білімді, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мен бекіту үшін жағдай жасайды, оқыту-танымдық әрекеттерді белсендіруге себеп болады. Үйретудің белсенді әдісінің бір түрі  іскерлік ойын болып табылады. Әдістемелік жұмыста үйретудің белсенді әдісін қолдану қызығушылықты арттырады, педагогтардың асқан белсенділігін туғызады, шынайы мәслелерді шешу іскерліктерін жүзеге асырады, кәсіби шығармашылық ойлардың қалыптасуына себеп болады.

           Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.   Белая К.Ю. МДМ басқару: Бақылау-диагностикалық қызмет. - М.: ТЦ «Сфера», 2005.

2.   Белая К.Ю. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі- нәтижеге орай басқару. - М.: Педагогикалық университет, 2006.

3.   Волобуева Л.М. МДМ аға тәрбиешісінің педагогтармен жұмысы. - М.: ТЦ «Сфера», 2003.

4.   Денякина Л.М. Білім беру мекемелеріндегі басқару іс-әрекетінің жаңа түрі. - М.: «Новая школа», 1995.

5.   Поздняк Л.В., Лященко Н.Н. Мектепке дейінгі білімді басқару - М.: 1999.