Байдалиева Ш.Д.
Дінмұхамед Қонаев
атындағы мектеп - гимназия, Жамбыл облысы, Қазақстан
БАСТАУЫШ СЫНЫПТЫҢ
ОҚУ ҮДЕРІСІНДЕ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ПАЙДАЛАНУДЫҢ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Еліміздегі экономикалық жағдайдың сан алуандығына қарамастан жас
ұрпаққа білім беруді әлемдік деңгейге
көтеру, оларды жалпы орта білім алуға түгел
қамтуға басты назар аудару жолында жасалынып жатқан батыл
қадамдар болашағымыздың жарқын,
ұрпағымыздың білімді азамат болуының алғы шарты.
Еліміздің
тәуелсіздігінің арқасында халыққа білім беру саясатының
бүгінгісі мен ертеңгісі жаңа көзқарас
тұрғысынан талданды және оны реформалаудың
құқықтық негізі қаланды. Атап
айтқанда ел Конститутциясынан бастау алған «Білім
туралы» Заң, «Қазақстан
Республикасы бастауыш білімінің»
Мемлекеттік стандарты сияқты құжаттар [1].
Бұл
мемлекеттік құжаттарда ұлттық мектептерде оқыту
ісін жаңа талаптарға сай жетілдіру, оқушылардың ана
тілінде сөйлеп, өз ойын жеткізу дағдыларын жаңа
сатыға көтеру, оқыту барысында ұлттық
ерекшеліктерді ескеру қажеттігіне баса назар аударыла бастады [2].
Қазіргі
мектептердегі жұмыстың негізгі мазмұны құрылып
жатқан қоғамның жоғары
құндылығы адам деп танылып, заң жүзінде солай
жарияланып, барлық педагогикалық құралдар мен
халықтық педгогиканың мұраларын жеке адам
тәрбиесіне пайдалануға зор мән берілген.
Оқыту үдерісінде
халық педагогикасының құрамды бір бөлігі - ұлт
ойындарын пайдаланудың маңызы жөнінде жазылған
еңбектерде аз емес. Олардың қатарында
Қ.Б.Жарықбаевтың, С.Қ.Қалиевтың,
С.А.Ұзақбаеваның, Р.Қ.Төлеубекованың,
Е.Сағындықовтың жұмыстарын жатқызуға
болады. Бұл еңбектерде ұлттық ойын элементтерін
бастауыш оқыту үдерісінде пайдалану мәселесінің кейбір
жақтары қарастырылған.
Халқымыздың тарихи мәдени мұраларының
түрлері сан алуан солардың қай-қайсы болмасын
адамға, соның игілігіне
қызмет етуге бағытталған.
Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі - ұлт
ойындары. Бүгінде ойынды халық педагогикасының
құрамды бір бөлігі деп тегін айтпаса керек, адам баласы
жасаған жеті кереметтің қатарына сегізінші етіп осы
ойынның аталып жүруі де жайдан – жай емес.
Халқымыздың
ұлы перзентінің бірі заманымыздың аса көрнекті жазушысы
М.О.Әуезов: «Біздің халқымыздың
өмір кешкен-ұзақ жылдарында өздері
қызықтаған алуан ой өнері бар. Ойын деген менің
түсінігімше көңіл көтеру, жұрттың
көзін қуантып, көңілін
шаттандыруға ғана емес, ойынның өзінше бір
мағыналары болған» – деп тегіннен айтпаса
керек [3, 61].
Бастауыш мектептен бастап сабақ кезінде немесе
сабақтан тыс кезінде баланы ұлттық ойын арқылы
өмірге тәрбиелеу осы үздіксіз үдерістің
жалғасы.
Бастауыш сынып оқушыларының білуге деген
ынтасымен мүмкіндіктерін толық пайдалану және оларды
оқу-тәрбиелеу үдерісінде үздіксіз дамыту, сабақ
барысында алған білімдерін практикада қолдану дағдыларын қалыптастыру
үшін сабақтарда ұлттық ойын элементтерін пайдалануды
іске асырудың орны ерекше.
Бүгінгі таңда еліміздің
түкпір-түкпірінде халыққа білім беру саласында адал
еңбегімен алға шығып, жас ұрпақтарды
оқытып, оларды тәрбиелеуде игі істерді жүзеге асырып келе
жатқан ұстаздарымыз қаншама. Олардың бәрі де
оқу–тәрбие үдерістерінде ұлттық ойын элементтерін
қолдануда әріптестерінің озық та, үлгілі
тәжірибелерін тиімді пайдаланып, кейінгі артынан ілесіп келе жатқан
жас ұстаздарға, мұғалімдерге мұра етіп
қалдыруда.
Ұлттық ойын - ойын арқылы іске асатын,
оқыту әдістемесі болып табылып, екі түрде
қарастырылады: ойын сабақ және дидактикалық
ұлттық ойындар. Бірінші түрінде басты рөл
тәрбиешіде, ол баланың сабаққа деген
қызығушылығын арттыру үшін әр түрлі ойын
амалдарын пайдаланады, жарыс элементтерін қосуды, тағы басқа
ойын элементтерін қосу арқылы әр түрлі
сұрақтармен, нұсқаулармен, түсіндірмелермен
байланысты. Ойын сабақ көмегімен мұғалім тек қана
нақты білім бермейді, олардың ойын қалыптастырып,
ойнауға үйретеді. Ал дидактикалық ұлттық ойында, оқушыларға тапсырмалар
жұмбақ түрінде, сұрақтар түрінде беріліп,
сабақта қоршаған орта жайлы білімдері кеңейтіледі.
Дидактикалық ұлттық ойын баланы жан - жақты етіп
тәрбиелеуде зор қызмет атқарады. Оның ішінде негізгі
қызметі: ақыл-ой тәрбиесінде зор қызмет атқарады.
Дидактикалық ұлттық ойын мазмұнына қарай
білімділік, тәрбиелік,
көрнекілік, сөздік, іс - әрекеттік міндеттер
атқарылады. Сондықтан да өзіне тән әдістемелік
жолдары бар:
1. Дидактикалық ұлттық ойындарды
өткізгенде мұғалім ойын мақсатын сақтай отырып,
балаларды оқытады. Бұл үшін алдымен
мұғалімнің өзі көңілді, қызықты
ойынға ықыласпен араласып, қуаныш сезімінде болуы керек.
2. Дидактикалық ұлттық ойынды
ұйымдастыруда мұғалім алдымен ойынға баланы
қызықтырарлықтай мүмкіндік жасап, сол негізде
баланың ақыл-ой белсенділігін арттырады.
3. Мұғалім белгіленген ережені орындауда
қатаң талап қоюы керек. Бұл баланы талапты
орындауға, ережені бұзбауға үйретеді.
4. Егер барлық бала ойынға белсенді
түрде қатынасқанда ғана ұжымның
дидактикалық ұлттық ойынның алдына қойған
мақсатына жете алады.
Дидактикалық ұлттық ойында білім беру
мен оқыту бір-бірімен тығыз байланыста бірлікте жүргізіледі.
Бастауыш сынып оқушыларының білуге деген
ынтасы мен мүмкіндіктерін толық пайдалану және оларды
оқу үдерісінде үздіксіз дамытып отыру, сабақ барысында
алған білімдерін практикада қолдану дағдыларын
қалыптастыру үшін сабақтарда дидактикалық
ұлттық ойын элементтерін пайдаланудың орны ерекше.
Сабақта тиімді қолданылған ойын
элементтері – мұғалімнің түсіндіріп отырған
материалын оқушылардың аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті,
сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады. Себебі, бастауыш
сыныптағы оқушылар жас ерекшеліктеріне байланысты ондай ойынға
өте ынталы келеді. Балалар тез серігіп, тапсырманы жылдам, дәл
орындайтын болады [4,25].
Сабақ үстінде ойын элементтерін орынды,
оқылып отырған тақырыпқа лайықты, баланың
білімін ұштай түсінуіне пайда келтірерліктей етіп жүргізу
мұғалімнің шеберлігіне байланысты [5, 61].
Дидактикалық ұлттық ойын –
балалардың білімді игеруін, ақыл-ой қызметін дамытып,
өз ара қарым - қатынас жасауда жеткен жетістіктері
дәрежесінің көрсеткіші.
Дидактикалық ұлттық ойында
көрнекілікті мұғалімнің сөзін, балалардың
іс - әрекеттерін, ойыншықтары мен ойын құралдары,
заттар мен суреттер тағы басқаларды дұрыс ұштастыру
қажет екенін ескеру қажет.
1.
Балалар ойнайтын және ойынның,
материалдың орталығы болып табылатын заттар.
2.
Заттарды және олармен не істеу керек екенін
бейнелейтін заттардың неге арналғанын, негізгі белгілерін,
материалдардың қасиетін анық көрсететін суреттер.
3.
Ойын әрекеттерін және ойын ережелерін
орындауды нақты көрсетіп және сөзбен түсіндіру.
Дидактикалық ұлттық ойындар сабақ
уақытында өтетіндіктен оқу жүйесіне санасады.
Демек, ұлттық ойынға алынатын
дидактикалық материалдардың оқулықтағы
тақырыптармен үндес келуі білімділік, тәрбиелік
тұрғыдан оң нәтиже берері сөзсіз.
Әдебиет:
1. Қазақстан
Республикасының Білім беру туралы заңы. Алматы
1997.
2. Қазақстан
Республикасының жалпы білім беретін мектептерінің
тұжырымдамасы. Қазақстан мұғалімі. 1993.
9-сәуір.
3. М.
Әуезов Әдебиет тарихы Алматы, 1992.
4. Төтенаев
Б. Қазақтың ұлтттық ойындары. Алматы: Рауан, 1991.
5. Қалиев С. Оқушылардың жеке тұлғасын
қалыптастырудың теориялық негіздері. Алматы, 2002.