Педагогические  науки/5.Современные методы преподавания.

 

п.ғ.к. Ишанов П.З., 2 курс магистранты Алдабаева Г.Т.

 

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қазақстан

 

 

  ОҚЫТУ ҮРДІСІНДЕ  ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕРДІ ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ 

 

 

Қазіргі таңдағы технологиялардың дамыған кезеңінде инновациялық әдістермен оқытудың ақпараттық технологияларын қолдану арқылы студенттердің ойлау қабілетін арттырып, ізденушілігін дамыту өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

ҚР «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтардың, ғылым мен практика жетістіктерінің негізінде жеке адамды қалыптастыруға дамытуға және оның кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған білім алуға қажетті жағдайлар жасау» деп көрсетілген [1].

Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағымы күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту мектептің басты міндеті болып табылады. Ол бүгінгі білім кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару мұғалімнің қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылығының жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған интербелсенді әдістерді меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет.

Тарих ғылым және пән ретінде білімнің аса маңызды саласына жатады. Өйткені ол бүкіл адамзаттың тарихын, жүріп өткен жолын, жинаған тәжірибесін баяндайды. Тарихты білу әрбір адамға қажет әрі пайдалы. Сонда ғана адам өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы орнын, істейтін қызметін дұрыс анықтайды, келешегін де болжай алады. Белгілі ойшылдардың, ғұлама ғалымдардың тарихтың маңызы туралы айтпағандары кем де кем. Әбу-Насыр әл-Фараби: «Тарихты білмей -өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» - десе, Н.М.Карамзин: «Тарих-әрбір ұлттың ең басты кітабы» дейді.

Қазақстан тарихы сабағында неғұрлым тиімді жаңа әдістер мен тәсілдердің түрлерін пайдалану оқушы белсенділігін артыруда зор маңыздылығына ие.

Бүгінгі күні білімді дайын қалпында қабылдамай, оны өздігімен құрастырудың тұлғаны дамытатындығы, өздігінен құрастырылған білімнің есте ұзақ мерзімде сақталатындығы дәлелденіп отыр. Қайталаумен жаттауға негізделген білім (репродуктивтік) тек есте сақтау дәрежесінде болса, құрастырылыған (конструктивтік) білім үйренушіден түсіну, қолдану, талдау, ақпарат негізінде жаңа мазмұн құрастыру және бағалау секілді белсенді әрекеттерді талап етеді. Қайталау емес, өздігімен білім құрастыру қажет бұл күнде. Ал бұл мақсатқа әр сабақта интербелсенді әдістемені қолдану арқылы ғана жетуге болады [2].

Интербелсенді әдістерге: топпен жұмыс, пікір–таластар, проблемалық шығарма әдістері, презентациялар, рөльдік ойындар, блиц-сұрақтар әдісі, кейс – стадийлер, миға шабуыл әдісі, викториналар, мини зерттеулер, іскерлік ойындар, инсерт әдісі, анкета алу әдісі және т.б. жатады.

Көрсетілген интербелсенді әдістерді қолдану арқылы- мұғалімнің рөлі мен қызметінің артуына жағдай жасау, оқушыларды елжандылыққа, саналылыққа, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Мұғалім тарих пәнінен дәріс беру барысындағы басты мақсат оқушыларға қазақ жерін ежелгі заманнан бүгінге дейін мекендеп келген адамзат жүріп өткен тарихи жолдың аса маңызды фактілерін, оқиғаларын, құбылыстарын оқып үйрету, адамдар жинаған әлеуметтік, рухани, адамгершілік тәжірбиені меңгерту, сол арқылы жас ұрпақтың тәуелсіздік жолында Қазақстанның жаңа қоғамын құруға белсене қатысуына және Қазақстан мен дүниежүзінің тарихына деген жоғары жауапкершілік сезімін қалыптастыру болып табылады.

Қазақстан тарихын оқытуда қолданылатын әдістерге әңгімелеу әдісі, түсіндіру әдісі, баяндау әдісі, әңгімелесу әдісі, проблемалық баяндау әдісі және тағы басқалар жатады. Тарих пәнінен дәріс сабағында оқиғалармен құбылыстарды оқытып үйрететін болғандықтан, оның әрбір кезекті сабағы өткен және алдағы сабақтың мазмұны мен уақыты жағынан  тығыз байланысып жатады.

Қазақстан тарихы пәні бойынша барлық материалдармен таныс оқушы дәріс сабағында, мұғалімнің баяндау, әңгімелеу әдістері арқылы олардың пәнге деген қызығушылығын тудырмауы мүмкін, сондықтан оны белсенді, қызықты өту үшін мұғалім дәстүрлі емес әдістерді: топқа бөлу, тақырыпқа байланысты өзекті сұрақтар қою, пікірталас әдістерін қоса қолданса аудиторияның барлығы толық қамтылып, мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы арасында қатынас болып, әрбір оқушы өз ойын толық жеткізе алады, бір –бірімен пікір таластыра алады. Сонда ғана сабақ  қарым - қатынас үрдісіне негізделген оқыту – интербелсенді әдістер арқылы оқушының белсенділігін арттырып, сабаққа қызығушылығы мен өз бетінше ізденушілігі арқасында жаңа дереккөздерімен жұмыс жасауға және оның белгілі бір тақырыпқа байланысты шығармашылық жұмыс жасауына жол ашады.

Ал проблемалық баяндауда аудиторияға проблемалық ситуация жасау арқылы, проблемалық сұрақтар мен тапсырмалар қою, танымдық тапсырмалар беру және оған мұғалімнің жауап беруге немесе шешуге (әрекет жасауы) тырысуы жатады. Бұл арқылы оқушылардың танымдық-шығармашылық қабілеттерінің дамуына ықпал жасап, проблемалық ситуацияда игерген білімі мен біліктің нәтижесінде ол жаңа әдістерді немесе жаңаны іздеуге, талпыныс жасайды.

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген адами келбеттің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Ақпараттық және педагогикалық технологиялар негізінде мұғалімнің рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды. Мұғалім тек қана білімді алып жүруші ғана емес сонымен қатар оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт берушісі болып анықталды. Осыған орай сабақ беру үрдісінде қазіргі күннің, яғни инновациялық әдістерді оқытудың  моделі ретінде интерактивті оқыту қарастырылады. Инновациялық әдістердің ең негізгісінің бірі - «интерактивті оқыту әдісі». Оның негізгі қағидасы-педагогикалық қарым-қатынас пен қарым-қатынас диалогы арқылы жеке тұлғаны қалыптастырып дамыту.

Қазақстан тарихын оқу барысында оқушылардың бойында оқу еңбегі, соның ішінде ең алдымен ойлау және ақыл-ой дағдылары қалыптасады. Олар тарихи материалдың мазмұнын игеруге бағытталған қисындық операцияларды атқарады (тарихи мәтінге талдау жасау, тарихи фактілер мен құбылыстарды салыстыру, материалды жинақтап, қорытынды жасау). Оқушылардың ақыл-ой дағдыларының деңгейі жоғары болған сайын олардың қисынды ойлау деңгейі де соғұрлым жоғары болады [3].

Оқу дағдыларының ендігі бір тобы арнайы тарихи материалды игеруге бағыталады, оның нәтижесінде тарихи диалектикалық ойлау дағдылары қалыптасады. Сондай дағдылардың бірі – тарихи деректерді уақыт шегінде оқшаулау. Ол үшін мынадай әрекеттер бірізділікпен атқарылуы тиіс: тарихи оқиғаның ұзақтығы мен сабақтастығын, олардың синхрондылығын анықтау; тарихи құбылыстар мен процестердің кезеңдері мен дәуірлерін анықтау; оқиғаны белгілі бір тарихи кезеңмен ұштастыру.

Жас қазақстандықтарға патриоттық тәрбие беруде білім беру ісінің инновациялық дамуына ерекше орын бергеніміз жөн. Бұның өзі оқытудың интерактивті әдістері мен жаңашыл технологияны оқу үрдісіне кеңінен қолдануға жағдай жасайды, жаңаша оқыта алатын білімдар ұстаздарды қажет етеді. Осы орайда, қазақстан тарихын оқыту барысында оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілдерін меңгеру, педагогикалық технологияның қыр-сырын терең білу, оны күнделікті сабақта өз тәжірибесінде пайдалана білудің орны ерекше.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.   Білім заңы. Алматы, 2007 ж

2.   Суворова Н. «Интерактивное обучение: Новые подходы» М, 2005

3.       Қозғамбаева Г.Б. Тарихты оқыту әдістемесі.–Шымкент., -Нұрлы–бейне баспаханасы, -2008., -204б. .

4.       Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Алматы -2009. -63-64 бб.

5.       Әбдіғұлова Б.Қ. Қазақстан тарихы сабақтарында оқытудың белсенді әдістерін пайдаланудың әдістемелік жолдары.-Алматы.,-ҚазҰПУ,2012.-93 б.

6.       Молдағалиев Б., Махимова А. Сатқанова Г. Интерактивті оқыту әдістері. //Қазақстан мектебі  -2006., №9.,-15-17бб.

7.   Короткова М.В. Методика преподавания игр и дискусий на уроках истории. –М.Владос, 2001. -256с