Черепанова Анастасия Юрьевна

Казахстан, г. Петропавловск студентка 1 курса ИЯиЛ СКГУ им. М. Козыбаева

Эссе: Біздің Отанымыз - Қазақстан, біздің мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі

 

Өз Отаныңның, өз еліңнің патриоты болғанға не жетсін! Сайын дала - атажұрт бабаларымыздың көздің қарашығындай сақтап, найзаның ұшы, білектің күшімен қорғағанының арқасында бізге жетіп отыр. Ендеше осындай алып Отанды сүйіп өту кімге де болсын парыз әрі қасиетті міндеті. Отанды сүю оның әрбір тасын сүюден басталады. Яғни, туған анаңа, туған жұртыңа деген махаббат Отанға деген махаббатқа ұласпақ. Қазақстан жерін ежелден қоныстанып келе жатқан ел - қазақ халқы. Көптеген ғасырлар бойы ел басқарған дана басшыларымыз, қолбасшы батырларымыз кең-байтақ жерімізді сырттан төнген кәуіптен қорғап келді. Қазақ халқы - ержүрек, достыққа адал, бауырмал, қонақжай халық.

Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным-сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке - Қазақстан.

Қазақстан дегенде көз алдыма шалқыған жайлау, түтіні бұрқыраған ауыл, жазық дала елестеп, бақтағы бұлбұл құстың үні мен айдын көлдегі аққу құстың қиқулаған даусы құлағыма келеді.

Қазіргі таңда Қазақстан өркениетті, дамыған елдер қатарында келеді. Еліміз тәуелсіз ел, дербес мемлекет болып XXI ғасыр табалдырығын сенімді аттағанбыз. Ел өз қалауымен президентті сайлап, Ата Заңымыз бен мемлекеттік рәміздерді қабылдадық. Ана тіліміз-қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Қазақстанның астанасы - Астана қаласы. Ол күннен күнге жаңарып, жаңа белестерге көтерілуде.

Халқымның «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық пікірін ойлап  қарасақ, ата-бабаларымыздың асқар таудай  ақылында, өз өмір тәжірибесінен өткен өнегелі істері – елін,  жерін қорғау, бірлікте, ынтымақта өмір сүріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болу сияқты жақсы қасиетті ұрпақтан-ұрпаққа дарыса деген асыл арманы екен.

Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар  белесінен байқасақ, ежелден – ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен.

Отанымызды қорғаған еліне деген сүйіспеншілігі, ерлер сияқты қолына қару алып, ат құлағында ойнап жүріп жауын жеңуі сақ қызы - Тұмар падишаның ерлік істері.

«Маған туған жердің бір уыс  топырағы да қымбат. Сонда енді не бар?!» деп тұрсыңдар ғой...

«Тар қолтықтан оқ тисе, тартып олар қарындас» - деп қыздарға сеніммен арқа сүйеген де, шашын төбесіне  түйіп жауға шапқан батыр қыздардың қазақта болуы бізді зор мақтанышқа бөлейді.

Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі  алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарына: қазақтың ұлт болып ұйысуы мен оның ұлан ғайыр ата-қонысының қалыптасуын; ұлттық мемлекттігіміз – қазақ хандығының құрылуы мен дамуын; отырған тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлаған  хандар мен оларға  ел мен мемлекет тұрғысынан ақыл-кеңес  берген ұлы билер дәстүрлерін; ата-бабаларымыздың халқымызға тән шаруашылық жүргізу жүйесін қалыптастыруын, таңғажайып этномәдени үлгілерін жасау арқылы әлемдік өркениетке қосқан үлесін, батырларымыздың ел тәуелсіздігі мен  ата-қоныс тұтастығын сыртқы жаулардан қорғаған үлгісін жатқызуға болады.

Тіл – сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы болумен қатар, өткендегі олжаларды бүгінгі күнге, ал бүгінгі пайымдарымызды келешекке жеткізу үрдісінде де өте маңызды дәнекерлік міндет атқарып келеді. Қабырғалы ел ата-бабадан мұра болып қалған және қазіргі уақытта жаңа бейнеге, жаңа кейіптерге айналып үлгерген біртұтас зерделі, аңсар-мұратты, ғылыми жетістіктер мен байлықтарды игере алатын құдіретті тіл арқылы ғана мәңгілік тұрақтылығын сақтай алады. Себебі, халық қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі ойлайды; қай деңгейде ойласа, сол аяда сөйлейді.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан «Мен қазақпын» деп бас көтергеннен бастап, арада екі онжылдықтан асар уақыт өтті. Осы азды көп уақытта еліміз көптеген жетістікке, биіктерге жете білді. Халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріліп, заң, өнеркәсіп, ғылым, экономика, денсаулық сақтау салалары өз алдына даму үстінде. Алайда, «Жаман айтпай - жақсы жоқ», - дегендей бүгінгі күннің өзекті мәселерінің бірі - тіл мәселесі болып отыр. Қазақ тілін дамытуда әр сала өз үлесін қосуы керек. Тек сонда ғана әр қазақстандық қазақ тілін игеріп, еркін ойын жеткізіп, сөйлесе алатын болады. Өзіміз ана тілінде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді құрметтемейді.

Елбасы айтқандай: «Дағдарыс өтеді де кетеді. Ал, мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгілік қалады». Әр ұлт ғасырлар бойы қалыптасқан өзіне тән тілімен, салт-дәстүрімен ерекше. Біз үшін Қазақстан – біздің Отанымыз, ал Отанымыздың тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы «Мемлекет өз тарапынан тиісті нәрсенің бәрін жасап жатыр, бүгінгі күні қазақ тілінің тиісті мемлекеттік мәртебесі бар. Тиісті заң бар. Ол іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мүмкіндік береді. Ол заң кез келген жерде мемлекеттік тілде сөйлеуге, кез келген қағазда мемлекеттік тілде жазуға, қажет жерінде сол тілде жауап алуға жағдай жасайды. Әлі-ақ, қазақ тілі тіршілігіміздің барлық саласында кеңінен қолданылатын болады, тек оны насихаттай білуіміз керек. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуы тиіс», - деді.

Кәсіби қарым-қатынаста қазақ тілінде сауатты сөйлей білу - әрбір маманның алдына қойылар басты талап. Бүгінгі күні елімізде халыққа заңгерлік көмек көрсете алатын, қазақ тілінде еркін сөйлей білетін заңгерлерге, қорғаушыларға, тергеушілерге және халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын маман иелеріне де сұраныс көбейіп келеді.  Сондықтан да бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі кәсіби қазақ тілінде дұрыс сөйлей білу мен қатар іс қағаздарын сапалы толтыра білетін мамандарды даярлау, олардың сөздік қорларын заң терминдерімен дамыту мәселесі кезек күттірмес шаралардың бірі болуы тиіс.

Ана тілі - халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі,- деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.

Тіл - ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы - оның ана тілі. Тіл - халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі - оның бақыты мен тірегі.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек.