Педагогические науки/ 5. Современные методы преподавания

 

Математика пәнінің мұғалімі Ж. А. Ажибеков

«Сенім» кешкі мектебі, Жамбыл облысы, Қазақстан

Математика сабағында үлгермеушіліктің

алдын алу жолдары туралы

Мұғалімдер ең алдымен үлгерімі төмен оқушыларды анықтап, жыл бойы жұмыс жүргізу арқылы үлгерімін жоғарылату үшін көмек көрсетуге ұмтылады. Олар үлгерімі төмен оқушылармен жыл бойы жұмыс жүргізе отырып, қабілеті төмен оқушылардың жеке тұлғалық мүмкіндіктерін ашуға көмектесіп, пәнге деген қызығушылығын арттырып, мемлекеттік білім стандарттарын меңгерту қажет.

Үлгерімі төмен оқушыларда дамудың жеке варианттарының көп түрлілігі бар. Олар таным компоненттерінің қалыптасуының әр түрлі деңгейіне байланысты, яғни бұл артта қалудың әр түрлі себептері бар екенін көрсетеді. Оқушылардың негізінен білімді меңгеру үрдісі мына компоненттерден тұрады: қабылдау, түсіну, есте сақтау, қорыту және жүйелеу. Оқу үрдісінде бұл компоненттер өте тығыз байланысты. Оқушы меңгеретін материалдың қиындығына соқтыққанда ғана өз бетінше шешім қабылдап, қорытынды жасай алады. Осыдан кейін ол материалды толық игереді. Қабылдауы баяу оқушылар әрбір сабақ кезінде қажетті көрнекі құралдармен, дидактикалық материалдармен, тарататын және көрсететін көрнекіліктермен қамтамасыз етілуі қажет. Сонда ғана өткізілген сабақтар өз мақсатына толық жетеді. Осы білімді меңгеру компоненттері баяу болғандықтан нашар оқушы шығады. Оқу жылдамдығы баяу болғандықтан және есеп мәтінін қате оқығандықтан оның мазмұнын түсінбейді, есте сақтауы да төмен. Үлгерімі төмен оқушылардың ақыл- ой параметрі және жағымды ақыл сапалары қалыптаспаған, білім қоры аз. Нашар оқудың алдын алу үшін артта қалу мен үлгерімнің төмендеуінің себептерін анықтау керек. Нашар оқушылардың кемшіліктері төмендегідей:

1) сеп шартын оқығанда әріп, буын немесе сөз қалдырып оқу;

2) кейбір буындарды, сөздерді қайталап немесе ежелеп оқу.

Мұндай кемшілігі бар оқушыға оқулықтан арнайы тапсырмалар немесе карточкамен жұмыс беріледі. Карточкамен жұмыс оқушыны жалықтырмайды, оқуға деген ынтасын арттырып отырады. Таным әрекетінің нәтижелілігі - ақыл - ой әрекетінің даму дәрежесіне байланысты. Оның негізгі компоненттерінің қалыптаспауы үлгерімнің төмен болуының басты себебі болып табылады.

Компоненттердің қайсысы үлгерімнің төмендеуіне негізгі себеп болуына байланысты артта қалу екіге бөлінеді:

1. педагогикалық жағынан назардан тыс қалған балалар;

2. нашар оқитын оқушылар.

Педагогикалық жағынан назардан тыс қалған балалармен жұмыс орындау нашар оқитындармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді болып табылады.

Нашар оқитын оқушылар оқу- тәрбие үрдісінде көбірек біліктілікті қажет етеді. Бірақ олардың екі түрінде де жұмыстың жалпы бағыты бірдей.

Балалардың артта қалуы мен нашар оқуын болдырмау және алдын алу жұмыстары көп уақытты, ынта-жігерді қажет етеді. Осы қиыншылықтардың себебі – баланың ақыл - ой ерекшеліктерінің, ақыл сапаларының қалыптаспағаны, ал бұл ерекшеліктер мидың кейбір органикалық аномалияларымен байланысты, сондықтан олар сыртқы әсерлерге тез көне алмайды.

Бұндай сыртқы әсерлерге өте ерте жаста жағымсыз әлеуметтік – педагогикалық жағдайлардың ықпалынан, назардан тыс қалған балалар тез көнгіш болып келеді. Мұндай артта қалудың алдын алу үшін жұмыс балалардың ақыл – ой әрекетін белсендіруге, сөйлеу қабілетін дамытуға, практикалық тәжірибесін кеңейтуге бағытталуы керек. Мектеп балаға жалпы білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, сөйлеу, оқыту, талдау жасауға үйрету, өз ойын дұрыс жеткізе білуге, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді. Оқу еңбегінің қаруы – ой. Логикалық жеке пікірімен өзіндік талдау біртұтас. Бұл талаптар ой мен іс - әрекеттің негізгі өзегі болып табылады.

Математикалық білімді меңгеруде, теориялық білімді іс жүзінде қолданғанда, өздігінен қосымша әдебиеттермен жұмыс істегенде, сондай-ақ олардың математикалық іс - әрекеттерінде олқылықтар мен кемшіліктер бой көрсетеді. Оқушылардың математикадан алған білімі, іскерлігі мен машықтарындағы кемшіліктер, соның нәтижесінде үлгермеушілікке ұрындыратын себептерді атауға болады:

1. Оқушылардың білімінде олқылықтар болуы, ұғымдарды, теоремаларды, ұғымдардың ерекше белгілері мен қасиеттерін және т.б. тұжырымдауға мүмкіндік бермейді.

2. Теоремаларды дәлелдегенде, есеп шығарғанда білім қолдану іскерлігінде олқылықтардың болуы.

3. Есептеу сипатындағы іскерлік машықтарда, сызбаларды құрғанда, графиктік жұмыстарды орындағанда, құралдарды пайдаланғанда олқылықтардың болуы.

4. Оқушының жұмысқа кірісуге немесе бастаған жұмысын аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік бермейтін дербестігінің, зейінінің, табандылығының жеткіліксіздігі.

Үлгермеушіліктің алдын алу бүкіл сыныптың немесе әрбір оқушының сабақтағы және үйдегі қызметін пәрменді ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Үлгермеушіліктен сақтандыру үшін мұғалім жалпы математикалық білімді меңгергенде кездесетін қателерді болдырмау шараларын іздестіреді және оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстарының тиімді тәсілдерін жолға қояды. Сонымен, үлгермеушіліктің алдын алудың шарты бағдарламалық материалды әрбір оқушының жүйелі оқуы болып табылады. Бір жағынан, бұл оқу материалының бір-бірімен тығыз байланысы немесе сабақтастырылуы арқылы қарастырылады. Мысалы, векторларға амалдар қолдануды рационал сандарға амалдар қолдануды өтпей тұрып оқыту мүмкін емес. Сондай-ақ, туынды ұғымын игермей, интегралды қарастыруға болмайды, т.с.с.

Әсіресе жаңа теореаманы алғаш қолданғанда әр түрлі қиындықтар кездеседі. Сондықтан осы кезеңде қателерді болдырмау үшін үлгі бойынша өздігінен жұмыс істеуді ұйымдастырған дұрыс. Осы мақсатта есеп шығару, оны жазу, теореманы дәлелдеу үлгілерін мұғалімнің өзі не материалды толық меңгерген оқушы тақтада көрсетеді. Кейбір жеке оқушыларға шығару үлгісін үлестірмелі қағазбен беруге болады. Мысалы, оқушыларға берілетін үлестірмелі қағаздың біреуін көрсетейік.

«Сандық функциялар» тақырыбын оқындар.

f (х) функциясының анықталу облысын табу үлгісін дәптерге жазындар.

Үлгі f (х)=√(х^2-4) функциясының анықталу облысын табу керек.

Х2-4≥0; (х-2) (х+2)≥01) х-2≥0 2) х-2≤0

1) х≥2х+2≥0; х+2≤0 х≥-2;

2) х≤2х≤-2 х≥2, х≤-2

Шешуі: ]-∞;-2] U[2;+∞[.

Көрсетілген үлгі бойынша мына функциялардың анықталу облыстарын табыңдар:

1) f`(х)=√(х^2-9);            2) f(х)=√(25-х^2 )

Бұл тапсырмаларды оқушылар тек бұрынғы өткендерді еске түсіру арқылы ғана орындайды. Алайда мұндай жаттығулар анықталу облысын табуға машықтандырады және теңсіздіктерді қайталауға мәжбүр етеді, мұның өзі шектер теориясын игеруге қажетті. Үлгермеушілікті болдырмаудың маңызды бір кезеңі – әрбір оқушыны өздігінен жұмыс істеу тәсілдерімен қаруландыру. Мәселен, оқушы қате жіберсе, өздігінен ол материалды қайта қарап, қатесін түзетуге қиналуы мүмкін. Бұл жағдайда мұғалім оқулықтағы қажетті материалды зер сала қарауға баулып, кеңестер беруге тиіс. Кейбір кезеңдерде мұғалім ол материалды түсіндіріп, екі-үш жаттығуды тақтада көрсетуі керек. Оқушы өздігінен жұмыс істей алатынына көз жеткізгеннен кейін ғана жаттығулар орындауға кіріскен жөн. Оқушыларды үлгермеушіліктен сақтандыру үшін мұғалім олардың білімін есепке алып, арнайы дәптерге жазып отыруы тиіс:

1. Жеке тақырыптар бойынша кездесетін олқылықтар.

2. Олқылықтарды жою шаралары.

3. Жеке тапсырмалар және оларды орындау мерзімі.

4. Консультация - кеңеске қатысу.

5. Оқушы қызметінің нәтижесі.

6. Оқу материалын игеру сапасы.

7. Орындалмаған тапсырмалар.

Мұнда ескеретін бір жай, оқушылардың біліміне қоятын бағаны дәптерге жазбай, тек олардың оқу қызметіндегі оңды өзгерістерді белгілеп отырған дұрыс. Үлгермеушіліктің алдын алу ісін алға бастыру әрекетінде оқушылардың жасқаншақтануына жол бермеу, дұрыс жауап бергенде мадақтау, үлгірімі төмен оқушыға уақытысында жалықпай көмек көрсету, оларға сыпайы болу сияқты психологиялық факторларды ескеруді ұмытпаған жөн.

Оқытуда түрлі жұптық, топтық жұмыс түрлерін қолдану қажет. Білім сапасы төмен оқушылармен жұмыс жүргізіп, өз жұмысымда әр түрлі бақылау формаларын: тесттер, сұхбат, диференциалдық тапсырмаларды орындатамын. Өзіне сенімі жоқ, үлгерімі төмен оқушыны қолдап - қуаттау қажет. Қандай да ұнамды сапасын танып, педагог сол арқылы балада сенім оятады, ұмтылыс пен дербестік, кедергілерден сескенбеу қасиетіне баулиды. Оқушылармен жұмысты оқу - тәрбие процесіне қойылған жаңа талаптарға сай құрайды. Сабақтың барлық кезеңдерін ойластырып, оқушылардың жас ерекшеліктерін және қабылдауларын ескере отырып сабақты құрастыру қажет. Оқытуды жекелеу жұмысын жүргізуде әр түрлі әдістерді қолдануға болады. Деңгейлік дифференциацияны қолдану жағымды нәтиже береді. Бақылау жұмысын өткізуде түрлі формаларды қолдануға болады.

Әрбір оқушының оқып үйрену мүмкіншіліктерін анықтау негізінде олардың жеке бас ерекшеліктерін терең білу, сонымен қатар оны іс - тәжірибеде ескеру қажет.

Өсіп келе жатқан ұрпақ – адамзаттың болашағы, жалғасы. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ біліміне,  тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет. Бүгінгі күні біздің басты мақсатымыз - өзіндік адамгершілік құндылықтарын бала бойына дарыта отырып, оның рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру үшін оның бойындағы бар құндылықтарды дамыту. Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген нақыл сөзін естен шығармай, жалықпай, үлкен төзіммен, алдымызға келген шәкірттерге олардың жеке тұлға болып қалыптасуына, өмірде өз орнын таба білетін адамның қажеттілігін қалыптастыруына, жақсы тәрбие, терең білім беру үшін аянбай жұмыс жүргізуге тиістіміз.

Әдебиет:

1. Талызина Н. Ф. Управление процессов усвоения знаний. — М., 1979.

2. Шапоринский С. А. Обучение и научное познаний. — М., 1981.

3. Щукина Г. И. Активизация познавательной деятельности уч-ся. — М., 1979.

4. Есипов Б. П. Самостоятельная работа уч-ся на уроках. — М.:Учпедгиз, 1981.

5. Пидкасистый П. М. Самостоятельная деятельность уч-ся. — М.: Педагогика, 1980.

6. Математика және физика. № 3,4,5. 2008 жыл.

7. Математика және физика. № 2,5. 2005 жыл.

8. Математика және физика. № 1. 2006 жыл.