Жанузакова К.Т.
ф.ғ.д., Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің доценті,
ПОСТМОДЕРНИЗМ МЕН
Д.АМАНТАЙ ПРОЗАСЫ
Қазақ
әдебиетінде постмодернизм құбылысына екі түрлі
көзқарас бар. Бірі – постмодернистік ұмтылыстарды
жақтаса, екінші топ –
жаңашыл ізденістер әдебиетте бұрыннан бар, постмодернизм
ұлттық құндылықтарға қарсы
шығады, жаһандау дәуірінде ұлт әдебиеті
жұтылып кетпеуі үшін оны әспеттеудің қажеті
жоқ дейді. Постмодернизм әр
елдің әдебиетінде қоғамдық, әлеуметтік,
мәдени, ұлттық факторларға сәйкес өзіндік
ерекшеліктерімен дамыды деуге болады. Ол еуропалық елдердегідей
қазақ әдебиетінде тұтастай бағыттық сипат
алып кете алмады. Дегенмен, қазіргі қазақ прозасында,
әсіресе, жастар шығармашылығында постмодернистік таным іздерін жоққа шығара
алмаймыз.
Д. Амантай
– қазіргі қазақ прозасында постмодернистік
шығамаларымен көзге түсіп жүрген жазушы.
Сондықтан болар қазіргі таңда Д. Амантайдың туындыларына екі түрлі,
бір-біріне қайшы келетін көзқарас
қалыптасқан: бір топ – оның тілі қасаң,
шығармаларының көркемдігі төмен, мағынасы ауыр,
кірме эпизодтар мол, түсіну қиын деп жатса, екінші топ – туындылары
астарлы, алыстан орағытады, философиясы терең, көп
қабатты, ойы күрделі деп
мақтап жатады. Қазақ прозасындағы постмодернизмді
зерттеуші Л. Сафронова жазушы болмысының көп қырлы
екенін, оның модернистік
идеологияны ағартушы,
суреткер-реалист, сонымен қатар суреткер-романтик, эстет позицияларын
қатар ұстанатынын атап
өтеді [1, 90]. Қазіргі әдебиеттегі автордың,
жазушының орны туралы өз көзқарастары
Д. Амантайдың бірқатар эсселерінде көрініс берген.
«Әдебиеттің рөлі» эссесінде «жоғарғы мәдениетті транзитті экономиканың
құрбандығы» [2, 20] деп бағалай отырып,
мәдениетке қамқорлыққа алып, кітап бастыру
дәстүрлерін сақтап қалуға шақырады.
Д. Амантайдың ойынша, суреткер – мессия (мессия сөзінің
діни мағынасы – құдайдың жерге
құтқаруға жіберген
адамдары), үгіт-насихатшылар, мәдениетті алға
жылжытушылардың аз бөлігі.
Жазушы суреткердің
қызметі туралы: «Қазіргі жағдайда Қазақстанда өз бойында
адамзаттың мәңгілік асқақ идеалдарын
жинақтай білген, тек осы
азшылық ғана нағыз
мәдениет үшін күрес жүргізуде. Бұл – ұлы
эстетика, ол махаббатқа сіңіп,
ұлы сұлулықта көрініс табады» – дейді [2, 20 ].
Д. Амантайда қазіргі автор,
суреткер – күрескер. Суреткер мен ортаның, суреткер мен оны
түсінбейтін көпшіліктің қарама-қарсылығы
–модернистік мәселе. Д. Амантайдың пайымдауынша, қазіргі
жазушы «көпшіліктің жалпылай алыс ортағасырлық
өткенге иек артуымен, мифологияландырылған ұлттық
тарихтың жасалуымен, сонымен
қатар жалпы мәдениеттің архаикаландырылуымен» күреседі
[2, 20].
Суреткер мен
ол қабылдамаған қоғам арасындағы күрделі
қарым-қатынас Д. Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар»
романына да арқау болған.
Шығарма әдеби сында қарама-қайшылықты пікірлер
тудырды. Д. Исабеков бұл шығарманың
толыққанды «роман еместігін» тіке айтып, көркемдігі жетімсіз,
ойға ғана құрылған, емеуріні тым көп
шығарма ретінде бағалайды.
Г. Бельгер әдеби сында жалпы Д. Амантай
шығармашылығына түрлі көзқарастардың
қалыптасқанын, тұтастай алғанда, «Гүлдер мен
кітаптар» романының «астар мен толғаныс, үзілген сөз,
мозаикалық баяндауға, бір-бірімен
қиысуы қиын әркелкі
эпизодтарға»
құрылғанын айтады [222, 5 б.]. Әрине, бұл
бір жағынан шығармаға құрылымдық
өзгерістер енгізуге ұмтылатын жазушы жаңашылдығымен,
ізденістерімен де ұштасып жатыр.
Ә. Бөпежанова
Дидар Амантай шығармашылығының «көзге ұрмайтын пәлсапалық
құрылымымен» және «жасампаз сұхбаттастық
сипатымен» ерекшеленетініне назар аударады және жазушы туындыларына
тән осындай қасиеттердің
көркем көріністері – жазушының жаңа заман
талабына сай «Мен Сізді сағынып жүрмін» атты повесі мен
«Гүлдер мен кітаптар» романында айқынырақ танылғанын
жазады. «Гүлдер мен кітаптар» романын көлемі шағын,
бірақ конструкциясы өте дамыған – бірнеше идеяны қат-қабат алып жүретін
күрделі шығарма ретінде бағалайды. [3, 12 ]. Зерттеуші Д. Амантай шығармаларындағы
көптеген кемшіліктерді, стильдік селкеуліктерді постмодернистік таным
көрсеткіштеріне, тосын көркемдік құбылысқа
балайтынын байқаймыз. Жазушы шығармалары оқушысына «осы
қалай» дегендей ой салуы мүмкін, алайда қарабайыр тілмен суреттелген репортаждық
көріністер, ақыл айтушылық, ежіктеп кету, керекті-керексіз көп ой тықпалау
да көрінеді.
Роман сюжетіне келер болсақ, бас қаһарман Әлішер
есімді жазушы жігіт үлкен кітап
жазу мақсатын алға қояды. Шығармада қатар
жатқан қос әлем бар – Әлішерге қатысты
бүгінгі күн оқиғалары мен ықылым замандардағы түркілердің
көне тарихын қозғайтын өткен күн
оқиғалары кезектесе дамиды, яғни сақ өркениеттері
мен бүгінгі мегаполис болмысы
иық түйіскен [4, 3]. Романның алғашқы
«Әлішер» тарауы бүгінгі
күні, яғни жиырма бірінші
ғасырда Әлішердің
ойындағы кітабын жазып бітіруге бар жанымен құлшына
кіріскен қаракетінен, түсінен басталады. Тәңіріні іздеп
жүрген Әлішердің
бүкіл ойы – қалайда
өз бетінше жол салған, өзгеше өлшемді
«Тәңірі кітабын» жазып бітіру. Ол түркілерден өсиет
болып қалған тәңірінің шежіресінде Дала мен
Қыпшақ
мәдениетіне әсер
еткен философиялық жүйелер, діни ілімдер мен көне
аңыздар, қаһармандық жырлар көрініс табуы
қажет деп ойлайды. Бірінші
әлем
қаһарманның кітабында көрініс табатын,
оның санасында бейнеленіп
жатқан көне түркілердің тарихын, аңызды қозғайды. Сол кітапты жазу
барысында қаһарманның күдік пен
күмәнға толы сергелдең күй кешуі, өмірде
жолы болмай, жалғызсырауы, өзі көңілі толмайтын, тіпті
түңілетін күнделікті өмірі, таныс және бейтаныс
сан алуан адамдармен кездесуі, әңгімелесуі
екінші әлеммен, яғни
бүгінгі күн бейнесімен байланысты.
Жазушы
жігіттің рухани ізденістері, өмірлік мұраты –
өзінің түп негізін
табуға бағытталған. Қазіргі қоғамдағы
қатыгез тіршілік тауқыметінің азабын тартып жүрген
жазушы Әлішер өз кітабында көне түркілердің сонау
ерте замандардан бастап осы кезеңге дейінгі жалғастығын,
үзіліссіз тарихын сомдауға
бар күш-жігерін
жұмсайды. Романның екінші желісі де жазушының осы ұмтылысы
жүзеге асқан тарихи аңыз сілемдерімен байланысты дамиды. «Мұса», «Ғайса»,
«Мұхаммед», «Заратуштра», т.б. тарауларында қазақ даласына
келіп орныққан діндердің тарихына шолу жасайды,
түркілер арасындағы алғаш пайда болған
күнә, өлім, т.б. рухани
категорияларға негізделген
аңыздарға иек
артады.
Д. Амантай
романын зерттеушілер модернистік және постмодернистік эстетикамен
ұштастырады. Ғалым Б. Майтанов: «Автор баяндау барысын
күлт үзіп, кенет
күтпеген философиялық пайымдау сарынына түсе салады да, одан
тағы оп-оңай шығып кетеді, әдеттегі өмір көріністерін үзілмелі
кескінде бейнелеуге көшеді... Д. Амантай шығармаларында
аллюзия, интертекст, реминисценция және «сана ағымының» автор
еркіндігімен сабақтас түрі
елеулі философиялық, тұрмыстық, эзотериялық
мәселелерді постмодернистік
поэтика ауқымында қарастыруда зор стильтүзушілік роль
атқарады» – дейді [5, 65]. Жазушы шығармалары түрлі
туындылардан алынған фрагменттерден құрастырылғандай
әсер қалдырады. Шығармалары көбінесе көлемі
шағын болып келеді. Дәстүрлі мағынадағы сюжет
үлгісі кездеспейді. Қаһарман бүкіл әлемде өзін жалғыз сезінгенде,
өмірден баз кешкенде, оның басты серігі, көңіліне медет
тұтары – кітаптары мен гүлдері.
Жалпы
«Гүлдер» тарауы көлемі жағынан шағын болғанымен,
мұнда эссеистикалық, публицистикалық толғамдар,
гүлді күтуге байланысты натуралистік ақыл-кеңестер де араласып кеткен. Сонымен қатар
«Кітаптар» тарауында автор әлем әдебиетінде танымал
жүз шақты кітаптардың тізімін санамалайды.
«Қаламгер» тарауында да
жазушыларды атап шығады. Шығарманың екінші
бөлімінде түркілердің
ежелгі тарихы, олардың пайда болуы туралы жиырма бес жыр
кірістірілген. Бір жыр – ойлары
үтірлермен бөлінген
бір сөйлемнен тұрады» дейді автор.
Әрине, бұны
постмодернистік танымнан тамыр
тартқан автордың рухани тәжірибесі деп бағалауға
болады. Жалпы жазушы дәстүрлі стильден кейде саналы түрде бас
тартып, әдеби эксперименттерге
барады.
Романның қаһарманы Әлішердің
бойынан жазушының жеке
тұлғасы бой көрсетеді. Автордың демі, тынысы,
көзқарасы айқын
сезіледі. Д.Амантай қоғам мен жеке тұлғаның
тұрмысында модернизм мен постмодернизм құбылысының
тереңдеп енуінің салдары
туралы «Таңбалардың ойыны» мақаласында: «Қазір
өзін фәлсафашы, ойшыл, жай ғана адам санаған тұлға постмодернистік нигилизм
сырқатына ем іздеудің үстінде. Оны табамыз ба, жоқ па,
белгісіз. Бірақ ізденістің нәтижесі қайткен
күнде де адамзаттың
тағдырына тікелей әсер ететіні сөзсіз» дейді [4, 16].
Д. Амантай шығармада мәні
мәңгілік мәселелерді
сауалдар формасына көмкеріп, оған жауап іздей шарқ
ұрады, қаһарманымен бірге сергелдеңге түседі.
Сонымен бірге өзінің рухани
ізденістері мен
философиялық толғамдарына оқырмандарын да тартып,
ортақтастырады. Әлішер
өмірдің мәні, тұлғаның кемелденуі, жетілуі,
моральдық принциптер мен болмыстың мәңгілік
заңдылықтары турасында сергелдең ойға беріледі.
Әлішер
бір жағынан әлеммен үйлесім іздейді, екінші жағынан ол
«постмодернистік» дәуірдегі адамның рухани құлдырауына,
азғындауына алаңдайды. Содан келіп қаһарманның
жалғызсырауы туады. Зерттеуші Ә. Бөпежанова
Әлішердің мінез ерекшелігі турасында: «Ол – адам санасының
тұтастығы жойылған,
«әлемнің кіндігі – адам» қағидасы белгілі бір деңгейде мағынасынан
айырыла бастаған, бұқаралық мәдениеттің
«жеңіп», адамның, қоғамның өмірсалты, тіпті
дүниетанымы озық технологиялар аясында қалыптасып
отырған кезеңнің
кейіпкері деуге болады; белгілі философ-мәдениеттанушы
А. Наурызбаева «постгуманистік кезең» деп анықтама беретін
кезеңнің кейіпкері; алайда рухани болмысы мықты, бойына
өз заманының да рухани-мәдени мұрат-идеалдарын
жинақтаған кейіпкер» деп
сипаттама береді.
Қорыта
айтқанда, Д.Амантай өзіне дейінгі әдеби
дәстүрдің көркемдік жетістіктерін игере отырып,
жаңашыл ізденістерге, экспериментке
ұмтылады. Қаламгер «Гүлдер мен кітаптар», «Мен Сізді
сағыным жүрмін», «Тоты құс түсті көбелек»
т.б. прозалық туындыларымен әдебиетке жаңа тақырыптар
мен идеяларды, жазудың тың тәсілдерін алып келді.
Қаламгер шығармаларында
психологиялық тереңдікпен қатар сергелдең
сезімдер мен күдік-күмәні көп трагедиялық
сарындардың, мазасыз ойлардың жарыса жүргенін
байқаймыз. Әдебиетіміздегі адам болмысы мен жаратылыс
жұмбақтары сынды бұрыннан келе жатқан
мәңгілік мәселелерге жазушы енді жаңа қырынан келіп, ең алдымен, адам мен
әлемнің қарым-қатынасына постмодернистік таным
тұрғысынан философиялық терең мән жүктейді.
Адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы болмысындағы
қайшылықтардың себептерін,
ұңғыл-шұңғылын зейінмен зерттеуге тырысады.
Әдебиеттер
1
Сафронова Л.В. Постмодернисткая литература и современное
литературоведение Казахстана: учебное
пособие. – Алматы: КазНПУ им. Абая, 2006. – 96 с.
2
Амантай Д. Роль литературы // Начнем с понедельника. – 2006. – № 14. – С.
20.
3
Бөпежанова Ә. «Гүлдер мен кітаптар» – мәдениет
құбылысы немесе Дидар Амантайдың жаңа романы туралы //
Қазақ әдебиеті. – 2005. – № 36 (2936). – Б. 12.
4
Амантай Д. Гүлдер мен кітаптар. Роман. – Алматы: Арман-3, 2003. – 108 б.
5
Майтанов Б.Қ. Қазіргі қазақ прозасындағы жаңашыл баяндау үрдістері //
Евразия. – 2005. – № 2. – Б. 52-65.