ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ДИСКУРС МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Есенова Қ.Ө., фил.ғ.д.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры

(Алматы қ., Қазақстан)

 

Дискурс жанры ұжымдық және жеке тілдік тәжірибеге байланысты қалыптасады. Әрбір дискурстық жанрдың ерекшелігі оның мақсатымен, принциптері мен нормаларымен анықталады. Педагогикалық дискурс педагогикалық қарым-қатынас жағдайында көрінетін және әлеуметтік білім беру институтының мақсаты мен міндеттерін іске асыруға бағытталған оған қатысушылардың вербалды жемісі, оны зерттеудің бай тарихы бар (Зубарева Н.С., Карасик В.И., Коротеева О.В., Михальская А.К., Boillot H., Bourdieu P., Charaudeau P., Jonnaert Ph. және т.б.). Жоғары оқу орындарындағы оқытушы мен студенттің педагогикалық өзара қарым-қатынасы басқа білім беру мекемелеріндегідей принциптерге сүйенеді. Дегенмен, жоғары оқу орындарындағы дидактикалық принциптердің өзіндік ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер сабақтардың дәріс, семинар, практикалық, білімді бақылау өлшемдерінен көрініс табады.

ЖОО-да білім беріп қана қоймай, ғылымның дамуына өз үлестерін қосады. ЖОО-дағы педагогикалық процестің мақсаты ғылыми білім беру және студенттерді кәсіби іс-әрекетке дайындау болып табылады. Аталған ерекшелік оқытушы мен студенттің дискурсивтік мінез-құлқынан көрініс табады. Университеттік педагогикалық интеракция білім беруші оқытушы мен білім алушы студент арасындағы концептуалдық жүйе мен кәсіби білім беру мақсатындағы өзара байланысымен анықталады. Университеттік педагогикалық интеракция білім алушылардың концептуалды жүйесіне әсер ету процесін басқаруды білдіреді, оқытушы қажетті технология мен вербалды қарым-қатынастың тиімді тәсілін пайдалана отырып, студенттің ғылыми білімі мен концептуалды жүйесінің, психо-физиологиялық табиғатының арасын жалғастырушы қызмет атқарады.

      Университеттік дискурс бір жағынан педагогикалық, екінші жағынан ғылыми, яғни теориялық білім беру, айтылған ойды дәлелдеп айту, терминдерді қолдану сипаты басым болады.

      Университеттік дискурстың тағы бір ерекшелігі жоғары оқу орындарындағы білім беруге практикалық сипат тән, өйткені кәсіби өмірге дайындау басты мақсат болып саналады. Университет оқытушысының дәрісте, семинарда, практикалық сабақтарда қолданылатын дискурсивтік стратегиясы, амал-тәсілдері өзінің лингвистикалық, прагматикалық, сондай-ақ психологиялық сипатымен ерекшеленеді. Оқу дәрісі «адресант-мәтін-адресат» жүйесінде ғылыми қарым-қатынастың бір түрі ретінде ғылыми білімді (дәл, логикалық, бірмағыналық) барынша тиімді жеткізуді мақсат етеді. Осы негізгі мақсатпен бірге автор дидактикалық мақсатты да көздейді. Автор дәрістің мазмұнын адресатқа түсінікті етіп жеткізу керек. Демек, оқу дәрісіндегі негізгі ғылыми мақсат жалпыға түсінікті болу қағидасымен сәйкесуі қажет. Дәрістің тілінің екі жақты табиғаты бар: мұнда дәріс авторының сөйлеуі (монолог) диалогтық сөйлеумен астасып қарым-қатынасқа жетуге бағытталады. Оқу мақсатындағы диалогтық сөйлеудің түрлері мен формалары әр түрлі болып келеді. Ойды дәл және түсінікті жеткізу үшін тілдегі кез келген тілдік бірлік қолданылуы мүмкін.

Сөйлеудің коммуникативтік теориясында түсініктіліктің алатын орны ерекше. Ерте кезден бастап түсініктілік белгілі бір сөйлеу сапасын қамтамасыз ететін тілдік құралдардың жиынтығы ретінде қарастырылады. Сөздің түсініктілігі ұғымы адресатқа берілетін бағдармен байланысты, яғни сөйлеу тыңдаушыға арналады. Сөйлеудің басқа сапаларына дұрыстық, дәлдік, логикалық, тазалық, мәнерлілік, орындылыққа адресант та, адресат та баға бере алады, ал түсініктілікті тек қана адресат бағалайды.

Ғылыми сөйлеудің түсініктілігіне көбінесе термин қолданысының дәлдігімен жетуге болады. Терминдер ғылым тілінің ең негізгі өзегі болып табылады және ол тілді жалпыхалықтық тілден бірнеше бағыт бойынша ажыратып тұрады: семантикалық (терминдер тек арнайы ұғымды атайды); функционалдық (тек қана атауыштық емес, сонымен бірге анықтамалық (дефинитивтік) қызмет атқарады); қолданыс аясы (кәсіби қарым-қатынас құралы қызметін атқарады); шығу тегі мен жасалу тәсілдеріне (жалпыхалықтық дереккөздерге негізделе отырып, өздеріне тән арнайы терминжасау қорлары да болады); атау бірліктерінің семиотикалық құрамы (жалпы тілдік таңбалардан басқа, шартты белгілер де қолданылады). Осылардың негізінде термин байырғы төл және кірме, көнерген және жаңа, жалпы және арнайы қолданыстағы сөздерден, сөз тіркестерінен, шартты таңбалардан жасалуы мүмкін. Көптеген терминдер ғылыммен бірге дамиды, соның нәтижесінде олардың семантикалық құрылымы көп қабатты болып келеді. Әр түрлі ғылыми мектептер мен бағыттардың өкілдері кейбір ұғымдарды түрліше түсіндіреді, ал бұл өз кезегінде терминологиялық омонимияның пайда болуына әкеледі.

       Терминде болатын лексика-семантикалық үдерістер (көпмағыналық, омонимия, синонимия, антонимия) терминнің табиғатын емес, оның сөйлеудегі нақты қолданысын бейнелейтіндігін ескерген дұрыс. Сонымен бірге, терминнің анықтамасының құрамында лексемалар немесе бүтін ақпараттық бөліктер болуы мүмкін, бұл адресаттың ғылыми ұғымды дәл түсінуіне қиындық тудырады. Автор өзінің адресатының интеллектуалдық мүмкіндігінің деңгейін ескере отырып, төл немесе жалпықолданыстағы терминнің мағынасын түсіндірмеуі де мүмкін. Кірме немесе көне, жаңа немесе арнаулы қолданыстағы терминдер мәтінде нақты анықтаманы және түсіндірмені талап етеді. Адресатқа деген осындай қамқорлық, яғни ақпаратты қабылдауға кедергі келтіретін белгісіз термин ұғымдардың байланысы мен қатынастарының белгілі жүйесіне ене алмайды да түсіну үдерісін баяулатады. Түсіндірмеде адресаттың автордың коммуникативтік іс-әрекетін жандандыратын мағыналық көзқарасы және автордың жауабы бейнеленеді. Міне, олардың тілдік қарым-қатынасының бір біріне сәйкестігі осылай іске асады.

      Ұғымның анықтамасы заттың жан-жақты белгілерінің барлығын толық қамтуы мүмкін емес. Ол анықталып тұрған заттың немесе құбылыстың барынша жалпы айырым белгілерін көрсетеді. Аудитория қарастырылып отырған ұғым туралы толық мағлұмат алу үшін автор дәріс мәтінінде қосымша анықтамаларды пайдаланады.

      Мұның бірнеше көрсету, түсіндіру, сипаттау, мінездеме беру, салыстыру, айырмашылығын табу сияқты тәсілдері бар.

В.В.Одинцов 1982 жылы «Речевые формы популяризации» атты еңбегінде жалпыға түсінікті етіп сөйлеудің үш негізгі принципін көрсетті. Оның біріншісі – лексика семантикалық аударма, яғни арнайы тілдегі айтылатын ойды адресат тіліне аудару. Бұл принцип адресатқа түсініксіз ұғымдар мен терминдерді оған түсінікті ұғымдармен салыстыра отырып түсіндіру арқылы іске асады.

Екінші – дерексіз ұғымдарды жалпыға белгілі мысалдар арқылы нақтылау принципі. Көрнекілік және сөз арқылы жеткізу бұл принциптің негізі болып табылады.

Үшінші принцип – сөйлеудің көркемдігі яғни, автордың адресаттың қызығушылығын туғызуға тырысуы, заттың немесе құбылыстың маңыздылығын, ерекшелігін көрсетуге ұмтылуы.

Ұқсастық, бейнеліліктің көмегімен іске асады. Университеттік дискурстағы дәріс материалдары бізге терминді түсіндірудің бірқатар тәсілдерін анықтауға мүмкіндік берді. Лексика-семантикалық ұқсастық – белгілі бір ұғымның мағынасын адресатқа жақсы таныс сөзбен немесе сөз тіркестерімен түсіндіру болып табылады. Бұл тәсілді лексика-семантикалық аударма деп те атауға болады. Құрылымына қарай лексика-семантикалық ұқсастық жай сөзбен немесе күрделі сөзбен де берілуі мүмкін.

     1. Тіл білімі дегеніміз – алты қабаттан (деңгейден) тұратын сәнді де салтанатты, әрі іргелі де күрделі үлкен бір ғимарат (сарай).

      Ойлау процесінде белгісіз ұғымға деген бір таңқалушылық болу керек екендігі психологиядан белгілі. Берілген мысалдағы осындай «таңқалушылық» алты қабаттан тұратын ғимарат тіркесі болып есептеледі. Автор осы «ғимараттардың» атын атамас бұрын аудиторияға оларды ойландыру мақсатында бірқатар мәліметтер беріп отыр. Осы лексика-семантикалық ұқсастық арқылы адресат тіл білімінің фонетика, лексика, морфология, сөз тіркесі синтаксисі, сөйлем синтаксисі, мәтін синтаксисі сияқты деңгейлері туралы ақпарат алады.

2. Сонымен бірге, әр қабаттың қабырғаларын қалап шығаратын өз кірпіштері болады. Тіл білімінде ол «кірпіштерді» - тілдік бірліктер (таңбалар, элементтер) деп атайды. Автор жалпыға түсінікті «кірпіш» сөзін адресатқа берілетін жаңа терминге балама ретінде алып, аудиторияны жаңа ақпаратты қабылдауға дайындап алады. Содан кейін

барып жаңа «тілдік бірлік» терминін мәнмәтінге енгізеді. Адресат өзіне етене жақын «кірпіш» сөзі арқылы жаңа енгізілген терминді тез қабылдауға мүмкіндік алады.

Еркін анықтама. Дәріс мәтініндегі терминдердің саны, көлемі, мазмұны адресаттың қабылдауына байланысты болуы керек. Дәрісте берілген жаңа терминдерді есте сақтап, бекіту үшін белгілі бір жұмыстар жүргізілуі тиіс. Автор «еркін анықтаманы» пайдалану арқылы адресатқа түсіндірменің мағыналық құрылымын жақсырақ түсінуге көмектеседі. Ақпараттық құнды және көмекші бөлшектерді кезектестіре беру арқылы, лектор адресатты қарастырылып отырған ұғымды барынша толық және анық түсінуге бағыттай отырып, оның ойлау әрекетіне қолайлы жағдай жасайды. Түсіндірудің бұл тәсілі екі принциптің басын біріктіреді: лексика-семантикалық аударма және көркемдік принципі.

      Терминге берілетін дәстүрлі анықтамалар екі бөліктен тұрады:

·        заттардың жалпылама қасиеттеріне, яғни тектік ұғымдарды бөліп көрсету;

·        ұғымды басқалардан ерекшелендіріп тұратын түрлік қасиетін көрсету.

Дәстүрлі анықтамаға қарағанда «еркін анықтамада» сипаттау көбірек орын алады.

Дыбыс – тілдің материалдық бірлігі, сөздің құрастырушы бөлшегі. Дәстүрлі анықтаманың белгілері: тілдің бірлігі, сөздің бөлшегі.

«Еркін анықтаманың» белгілері: құрастырушы бөлшегі, материалдық бірлігі. «Еркін анықтамада» бейнелі сөздер, тұрақты тіркестер тағы басқалар да кездесуі мүмкін. Тіл – халықтың тарихы, оның күллі өмірінің ізі. Тілден сол тілді жасаушы халықтың арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы сезіліп тұрады. Автор сөзжасамдық уәжділік арқылы аудиторияның зейінін тілдің  сол даму сатысындағы сөздердің ішкі формасына аударады. Дәріскер белгісіз терминді мазмұны арқылы және формасы арқылы екі рет түсіндіреді, бұл адресаттың терминді дұрыс түсінуіне көмектеседі. Түсіндірудің бұл тәсілі лексика-семантикалық аудармаға сүйенеді.

Автор этимологиялық анықтаманы аудиторияның қызығушылығын арттыру және жаңа терминді есте сақтау қабілеттерін шыңдай түсу мақсатында пайдаланады. Осыған дейінгі терминді түсіндіру жолын (А→В, мұндағы А – термин, → - түсіндіру үдерісі, В – нәтиже, терминнің адресатқа жетуі болса) өзгертеді. Этимологиялық анықтама А →С →В түрінде көрінеді, мұндағы С – терминді аудиторияның қызығушылығын туғызатын етіп жеткізу кезеңі болып табылады.

         Сөздікке тән баяндау типінің өзі сөздіктің дидактикалық жанрға жататындығын және оның бойында педагогикалық дискурстың барлық негізгі сипаттарының бар екендігін байқатады. Сөздіктегі педагогикалық дискурс (discours pedagogique) оқулықтардағыдан өзгешелеу болады. Сөздікті дидактикалық жанрдағы өзге туындылармен жақындастырытын нәрсе – оны түзуші адам мен оқушы адам арасындағы ерекше сабақтастық. Француз ғалымдары К.Дюбуа мен Ж.Дюбуа өздерінің «Лексикографияға кіріспе» деп аталатын еңбегінің «Сөздіктің педагогикалық тілі» атты тарауында сөздікті дидактикалық жанрдағы туындылардың қатарына жатқызады. Авторлардың пікірі бойынша, сөздік - тілдегі жеке сөздерді қалай қолдануды үйрететін педагогикалық құрал, сөздіктің тілі адамдардың бір-бірімен күнделікті сөйлесетін тілі емес. Сөздіктің тілі – педагогикалық тіл. Ол сарапталған, талданған тіл. Педагогикалық тілдің түрі болғандықтан, сөздік оқырманды коммуникацияның нақты бір типіне бағдарлап, барша қауым мүшелерінің, яғни «мен», «сен» және «ол» арасындағы анық қарым-қатынастарға  бағыттайды. Әрі сөздіктің авторы, әрі коммуникация субъектісі болып табылатын лексикограф пікірлесушілер (оқырмандар) тарапынан өзіне қойылатын сауалдарға бағдар ұстайды. Сауалдарға жауап бере отырып, лексикограф коммуникациядағы айқын субъект рөлінде көрінбейді, коммуникацияның ұжымдық субъектісі (қоғам) атынан сөйлейтін байланыстырушы, аралық бейне рөлінде көрінеді. Яғни лексикограф қоғам тарапынан жүзеге асырылатын ұжымдық айтылымның болжалды субъектісіне айналады. Оқырмандар өздерін идеалды түрдегі сөйлеуші субъект ретіндегі лексикографпен бірге, бір бүтін санайды. Ал берілетін жауаптар нақты мәдени қауымдастық атынан айтылатын соңғы ақиқат болып табылады. Сөздіктен алынатын білік, білім оқырмандардың мәтіндерді түсінуге кедергі келтірген кемістіктерінің орнын толтыруға көмектеседі. Жауаптар норманың кепілі ретіндегі лексикографтың білігі мен жекелеген оқырмандардың толымсыз білігі арасындағы алшақтықты жояды.

      Демек, лексикографиялық хабарламаның табиғаты да ұстаздың педагогикалық хабарламасының табиғатымен бірдей. Сөздік нұсқау жасайды. Мұның өзі сөздіктегі деректерді осылайша қолданудың қажеттігін байқатады. Сөздік – анықтамалық құрал болғандықтан, оның айтылымдарының заңды күші бар, оның беретін анықтамалары құқықтық әлеуетті мәтін түзеді. Ұжымның пікірін білдіруші ретіндегі лексикограф шын мәнінде сенімхаты бар заңдастырушы  болып табылады.

Ғалымдар осы еңбектері арқылы сөздік тілінің ең алдымен педагогикалық тіл болып табылатынын бұлтартпастай дәлелдейді. Оқу лексикографиясының негізгі туындысы ретіндегі оқу сөздіктерінде дәл осындай педагогикалық қызмет орын алады. Лексикограф оқырманның тілді өзбетінше меңгеруіне жағдай туғызады. Ол оқырманмен белгілі бір қашықтықтан, оқу сөздігінің беттерінен тілдесіп отырады. Сонымен, жоғарыда айтылғандарды қорытар болсақ, кез келген сөздіктің ең әуелі дидактикалық туынды, яғни оқытуға, үйретуге арналған туынды болып табылатындығына көз жеткіземіз.

      Дидактикалық элемент сөздіктің бәрінде де бар. Алайда, ол сөздіктің түрлі типтерінде әрқилы көрінеді. Яғни, түрлі сөздіктердегі дидактикалық элементтің ашық, айқын көрінім дәрежесі (степень эксплицитности) әрқалай. Әрине, ол әсіресе ғылыми зерттеулерге қажетті материал даярлайтын таза лингвистикалық салалық сөздіктерде (этимологиялық, жиілік, т.б. сөздіктер) аз көрініс береді. Мұндай сөздіктерде міндеттеуші, белгілеуші элемент өте аз дәрежеде, ақпараттық сипаттағы материал басым дәрежеде көрінеді. Тілдегі сөздіктің ең негізгі, орталық типі – түсіндірме сөздік. Түсіндірме сөздіктерде дидактикалық интенция айқын байқалады. Ол сөздіктің құрылымындағы элементтердің барлығында да, сөзді сұрыптап алудан түсіндірме жасаудан бастап, шартты белгілер жүйесіне дейін, – бастан-аяқ көрініс береді.

      Тілді үйрету, оны жүйелеу, тілдегі сөздерге анықтама беру, нормалау қызметтері, яғни оқыту, жүйелеушілік, анықтамалық,  нормалаушылық қызметтер – барлық тілдік сипаттамалардағы жалпыға ортақ дидактикалық қызмет түрлері болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен интернет-ресурстары:

1. Есенова Қ.Ө. Қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы. Алматы, 2007.

2. Карасик В.И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс. – Москва: Гнозис, 2007.

3. Макаров М.Л. Основы теории дискурса. – М.: ИТДГК «Гнозис», 2008.

5. Буркитбаева Г.Г. Текст и дискурс. Типы дискурса.  Учебное пособие. Алматы. 2006.

filologia.su/diskurs

www.vestnik-kafu.info/journal/14/509/

ru.wiktionary.org/wiki/дискурс

www.lib.ua-ru.net/diss/cont/92288.html

www.russian.slavica.org/article2985.html

www.philology.ru/linguistics1/revzina-05.htm

www.dissercat.com/.../filosofskii-diskurs-frantsuzskogo-postm... - Россия

prutkov.ouc.ru/istoricheskiy-diskurs-kak-parodia.html

www.philosophy.ru/library/diskurs/gutner.html