Түркі тілдеріндегі  туыстық атаулардың зерттелуі

 

 

Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

 Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті,

 Ресей жаратылыстану академиясының профессоры

famous-scientists.ru /11624/

Құрманғалиева А.,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистранты

 

 

Ең алдымен, қазақ тіліндегі туыстық атауларының ойдан шығарылмағандығын, немесе осыған орай, қате қолданымдардың бар-жоқтығын тексеру үшін, екінші жағынан, қазақ тіліндегі туыстық атаулардың өзге түркі тілдеріндегі туыстық атаулар жүйесіндегі орнын анықтап, ортақтықтары мен айырмашылықтарын айқындап алу үшін оларды тарихи аспектіден қарастырған жөн. Сондықтан да салыстырмалы-салғастырмалы зерттеу барысында түркітануда бұған дейін жазылған еңбектердің нәтижелері мен деректерін пайдаланамыз. Олар: Л.Покровскаяның түркі тілдеріндегі туыстық терминдерін тарихи лексикологиялық тұрғыдан зерттеген еңбегі [1], Ц.Номинхановтың түркі-моңғол тілдеріндегі туыстық терминдерін қарастыратын мақаласы [2], В.В.Радлов, Н.И.Ильминский, Л.Будагов сөздігіндегі [3-5], өзге де тарихи, этимологиялық сөздіктердегі, түркі халықтарының сөздіктеріндегі материалдар.

Жалпы алғанда, туыстық терминологиясы лексиканың ең бір көне қабаттарына жатады. Осы лексика-семантикалық топтағы басты туыстық қатынастарды бейнелейтін атаулар әрбір тілдегі негізгі сөздік қорға кіреді. Белгілі бір тілдегі немесе тілдер тобындағы туыстық терминологиясын зерттеудің үлкен қиындықтары бар. Сала бойынша жүргізілген зерттеулерде дәлелденгендей, отбасылық формасы туыстық жүйесіне қарағанда тезірек өзгеріске ұшырайды, осыған орай халықтардағы туыстық қатынастардың бұрыннан қалыптасқан жүйесіндегі терминология мен қазіргі ортасы формасын білдіретін атаулар арасында сәйкессіздік байқалады. Осындай құбылысты түркі халықтарынан да көруге  олады.

Жекелеген түркі халықтарындағы отбасылық-туыстық қатынастарды зерттеу мен сипаттауға арналған еңбектерді төңкеріске дейінгі, одан кейінгі кезеңде жұмыс жасаған кеңестік ғалымдар Н.П.Дыренкова, В.А.Мошков, Л.П.Потапов, С.П.Толстов, А.Н.Бернштам, А.П.Дульзон, Т.А.Жданко, К.Л.Задыхина, т.б. жазды [6-13]. Туыстық мәселелерін қараған ғалымдардың бәрі де оларды ең алдымен этнографиялық тұрғыдан қарастырған. Сол себепті туыстық терминдерді жол-жөнекей келтіріп отырған.

Түркілік туыстық жүйесінің ерекшеліктері Н.П.Дыренкованың «Брак, термины родства и психические запреты у кыргызов» атты мақаласында өте-мөте толық сипатталған [6, 7-25]. Мақала қырғыз тілінің туыстық атауларын ғана зерттеу мақсатында жазылғанмен, сол себепті қырғыз ұлтына қатысты  атауларды мол қамтығанмен, сипатталып отырған туыстық жүйесінде өзге де көптеген түркі халықтарының туыстық жүйесінің ұқсастықтары салыстырылып отырады. Сол себепті қырғыздардан туыстық жүйесін сипаттамасын осы еңбекпен келтіргенді жөн санап отырмыз:

1) Қырғыздар туыстық категориясын жұрағаттық категориясынан қатаң ажыратып отырады екен. Туыстық әке жақтан, шеше жақтан болып, екіге бөлінеді.

2) Қырғыз терминологиясына тән басты ерекшелік, ескіден келе жатқан жіктемелік жүйенің айқын байқалуы, сақталуы. Терминдердің тұтас бір қатары, адамдардың үлкен топтарына бірдей қолданыла береді. Мысалы, Аке термині әкенің барлық ағаларына, туған-туыстарына, немере ағаларына, бәріне қатысты айтылады.  

Сөйлеушінің жынысына байланысты апа – сіңліні атауға түрлі терминдер қолданылады.

Терминологияның жіктемелік сипаты болуымен қатар, Әке жағынан болатын туыстық терминдерінде жас шамасы бойынша айырым белгілер қатаң сақталады. Мәселен, айтушының жасынан үлкен – апалар, одан кіші -  қарындастар. Ана жағынан болатын туыстықта, керісінше, жас үлкендігі бойынша ажырату деген жоқ. Бірақ бұл атауларда ұрпақ жағынан үлкен, кішілік қатаң қадағаланады. Әкелік жақтан бұл (ұрпақ жағынан болатын үлкен-кішілік) ескерілмейді.

Мәселен, әке жағынан туыстықта, әкенің ағасы/інісі жасы жағынан племяннигінен кіші болса, соңғыны – аға дейді, өзін іні санайды. Ана жағынан болатын аға/іні үшін жасқа қарамай бір-ақ темин қолданылады.

Даниялық ғалым К.Гренбек те дәл осы ерекшеліктерді байқаған. Туыстықтың түрлі дәрежесінде тұрған адамдар тобы үшін бір термин қолдану; терминдерді үлкен-кішілік, жыныстық ерекшелік бойынша ажырату; терминологияда әке жағынан туыстық пен шеше жағынан туыстық терминдерін айыру, т.б. Бұлар – түркі халықтарындағы туыстықтың жіктемелік жүйесіне тән негізгі сипаттамалық белгілер. Ол, сонымен бірге, түркі-моңғол жүйесінің ұқсастығын да көрсеткен. Түркі туыстық жүйесінің осы аталған ерекшеліктерін ескере отырып, түркі тілдерінен туыстықты білдіретін терминдерді зерттеуге кірісуге болады.

       Түркі тілдеріндегі туыстық терминологиясына арналған лексикологиялық жұмыста, автордың алдында мына міндеттер тұруы керек:

·        туыстық терминологиясы саласында бүкіл түркі тілдеріне тән жалпыны анықтау, сипаттама беру;

·        осы лексика-семантикалық топ аясында әрбір түркі тілінің ерекшелігін анықтау.

Ұсынылып отырған еңбекте біз негізінен бірінші міндетті – қазіргі түркі тілдерінің бәріне немесе көбісіне ортақ терминдерді тауып, қарастыру ісін орындауды мүмкін деп таптық. Бұл терминдер (30-дан астам) – туыстық пен жұрағаттықтың барлық негізгі ұғымдарын қамтиды екен. Бұлардың көпшілігі тарихи тұрғыдан түркі және моңғол тілдеріне ортақ мұра.

Қарастырылатын терминдердің бәрі де, дәстүрге сай, қандас туыстық пен некелік туыстыққа бөлінеді. Бірінші бөлікте қандас туыстықтың негізгі ұғымдарын білдіретін терминдерге («ана», «әке», «ұл», «қыз», «аға», «қарындас»), және әке жағынан туыстық пен шеше жағынан туыстықты білдіретін арнаулы терминдерге сипаттама жасалды.

Екінші бөлікте шеше жағынан жақындықты бейнелейтін терминдер («күйеу», «әйел», «күйеу бала», «келін») мен күйеудің, әйелдің аға-қарындасқа, әке мен шеше жағына қатысты байланыстарын, жұрағаттықты білдіретін жалпы атаулар қарастырылады.

Осы аталған екі бөлік аясында терминдерді сипаттау реті семантикалық ұстаныммен бірге, синтаксистік ұстанымға да арқа сүйей отырып анықталады. Мәселен, қос сөз құрамында антоним мен синоним ретінде келтірілетін терминдер қатар сипатталады. Ата-ана, ұл-қыз, күйеу-келін, қарындаш-уруғ, т.б.

Қандас туыстық терминдерін қарастыруды «ұл», «қыз» терминдерінен бастаймыз. Себебі бұлардың семантикасы кең, олар ер - әйел оппозициясын да бейнелейді. Екіншіден, бұлардың орны ерекше. Олар жалпы түркі тілдерінің бәрінде бар, көне ескерткіштерде де, қазіргі түркі тілдерінде де семантикасы тұрақты. 

Көне түркі ескерткіштерінде оғул түрінде ұшырасады. Оғыз тобы тілдерінде де солай. Ұйғыр тілінде: oqul. Хақас, тува, шор тілдерінде – оол, Якут тілінде дауыссыздың түсуіне байланысты дифтонг пайда болған уол. Қыпшақ тілдерінде: о > у → ул болады. Татар, башқұрт, қазақ, қарақалпақ тілдерінде бастапқы (у)-дың созылыңқылығы мүлде байқалмайды деуге болады. Алтай тілінде уул  варианты түрінде айтылды. Өзбек тілінде әдеби нормаға сай: уғил, чуваш – ывал.

Ұл-дан таралған туынды атаудың бірі – қазақ тіліндегі ұлан. Түркі тілдерінде түрлі тұлғаларда ұшырасады: алт. уулан (жас жігіт, бозбала), татар. олан (балақан, сәби), азерб. оғлан, түркмен. оглан, тур. оglan («ұл бала, жас жігіт») мағынасында қолданылады. Оғлан сөзі түрік тілінде бұған қоса «қызметші» мағынасына ие. Шағатай әдебиетінде ұлан (оғлан) ерекше мәнге ие болған. Бұл титулмен өзбектер ішіндегі сұлтандар тегіне жататын адамдар тобын атаған. Адам есімінен кейін келгенде ғана оғлан сөзі ханзаданы, хан тұқымынан шыққан төрені білдіреді. Бұл сөз әскери қызмет пен лауазымдар қатарында есімсіз қолданыла береді және бұл жағдайда армияның оң немесе сол қанатын басқаратын қолбасшыны білдіреді. Осыдан келіп атты ұландар атауы қалыптасқан. Қазіргі өзбек тілінде сөздің тарихи термин ретіндегі мағынасы бар: «сарайда тұратын ұлан, жас әскер».

Ескі дәуірдегі ескерткіштерде оғул түбірінің өзі кең мағыналы болған.

Ибн-Муханна сөздігінде [14] «бала, тұқым». М.Қашғари сөздігінде: qyz ogul, quz oglan [15, 417] – мұндағы оғыл, оғлан – тұқым, бала мағынасында.

Оғлақ ═> (ы)лақ. Қазіргі түрік, түркімен, азербайжан – (оғлақ), өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ – ылақ.

Сонымен, тірі жан-жануардың бәріне ортақ «бала, тұқым» деген бастапқы кең мағынада қолданылған оғұл, оғлан, оғлақ сөздерінің мағынасы кейіннен тарыла бастады да, нақтылана берді. Қазіргі кезде  туыстық термині ретінде тұрақталды. Осылайша, біз терминнің семантикалық даму жолы туралы А.Н.Бернштамның айтқан пікірімен келісеміз.

А.Н.Кононовтың пікірінше, ogul сөзі (ұл) екі элементтен тұрады: оғ (< öғ ’шеше’ // ок «тек, ру, тайпа» + кішірейту жұрнағы – ул (мыс. Сің – іл). Осылайша, оғул («кіші шеше» > тұқым > ұл [17, 175-176].

«Қыз» термині де жалпытүркілік атаулар құрамына кіреді. Азерб., түркімен: гыз. Чув.: хыр.

Қыз – барлық қазіргі түркі тілдерінде «қыз» мағынасында ұшырасады. Ерекше ═> туваша: – ’ұрғашы’, «әйел». Хыр    адыг – ’ұрғашы аю’,  Хыр бөрү – ’ұрғашы бөрі’. «Қыз» ұғымы тува тілінде уруг терминімен беріледі [18]. Як. кыыс (қыз, немере қыз) [19, 212]. Демек, уол, кыыс – туыстық терминдері ретінде кеңірек мағынада қолданылған.

Сонымен, екі жайтты көрсетуге болады:

·        оғул, қыз  – анықтауыштар (анықтауышты тіркестерде);  

·        олардың өзі анықталатын сөздер.

      Бірінші жағдайда қыз әдетте «бала» мәніндегі сөзге анықтауыш болады: тат., каз., к-калп. қыз бала, башк. қыз бала, узб. қыз бола, алт. кыс бала, хак. хыс пала. Оғыз тілдерінде: кыз чоджук.

Башқұрт тілінде ең кіші қызды атағанда кинйә (соңғы, кейінгі) анықтауышы қолданылады: кинйә кызым (кейінгі, ең кіші қызым) [20].

Қыз термині күрделі терминдер құрамына кіреді: кыз кардаш «қыз қарындас», кыз оғул «қыз, бойжеткен», оғул кыз «балалар».

Башк. qïd qïrqïn  (қыз, қыз-қырқын), қыз-мыз, qïd-mïd. Кыркын – бұрынғы заманда «күң, тұтқын қыз» мәнінде болған. Бұл туралы М.Кашғари сөздігінде бар.

Қазақ тіліндегі қыздық (абырой) сөзінің түркі тілдерінде туыстыққа қатысты мәні бар. Мысалы, оғыз тобында кызлык«өгей кыз».

Сонымен, түркі тілдерінде туыстыққа қатысты  –лық тұлғалы туынды терминдердің көптігін айту керек. Олардың мәні: аналык «өгей ана», аталық «өгей әке», «тәрбиелеуші», бабалык «өгей әке», «қайын ата», ағалык «әйелдің ағасы». Бұл құбылыстар негізінен оғыз тілдері тобына тән.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Покровская Л.А. Термины родства в тюркских языках.// Историческое развитие лексики тюркских языков: М.: Изд-во АН СССР, 1961. –С. 1-82

2. Номинханов Ц.Д. Термины родства в тюрко-монгольских языках.// Вопросы истории и диалектологии казахского языка. –Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1958. Вып.1.,С.42-48.

3. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Т. I-IV. СПб., 1888-1911.

4. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. Казань, 1861.

5. Будагов Л. Сравнительный словарь турецко-татарских наречии. Ч.1-2. СПб., 1869.

6. Дыренкова Н.П. Брак, термины родства и психические запреты у кыргызов.// «Сборник этнографических материалов», под. ред. проф. Богараза-Тана, № 2. Л., 1927, С. 7-25.

7. Мошков В.А. Гагаузы Бендерского уезда.// «Этнографическое обозрение», т.XLIX. М.,1950.

8. Потапов Л.П. Брак, термины родства и психические запреты у алтайцев // «Сборник этнографических материалов», М.1950.

9. Толстов С.П. «Труды Хорезмской археолого-этнографической экспедиции». т.I. М.,1952. С.421-426.

10. Бернштам А.Н. К семантике термина «огул» сын //  «Язык и мышление», т.IX. М.-Л., 1940.

11. Дульзон А.П. Термины родства и свойства в языках Нарымского края и Причулымья // Ученые записки Томского госпединститута., т.XI. 1954.

12. Жданко Т.А. Каракалпаки Хорезмского оазиса // «Труды Хорезмской археолого-этнографической экспедиции». т.I. М.,1952.

13. Задыхина К.Л. Термины родства и свойства в языках тюркских народностей Сибири // Ученые записки Томского госпединститута., т.XI. 1954.

14. Мелиоранский П.М. Араб-филолог о турецком языке. М., 1900.

15. М.Кашгари. Диван лугатит-турк. XI в.

16. Бернштам А.Н.  К семантике термина ogul  «ул»// «Язык и мышление», т. IX. М.–Л., 1940, с. 97.

17. Кононов А.Н. К этимологии слова оғул «сын».// Филологоия и история монгольских народов. Памяти акад. Б.Я. Владимирцова. М.,             175-176 с.

18. Дыренкова Н.П. Родство и психические запреты у шорцев // «Материалы по свадьбе и семейно-родовому строю народов» СССР, вып. 1. Л., 1926.

19. «Материалы по свадьбе и семейно-родовому строю народов» СССР, вып. 1. Л., 1926.

20. Юсупов Х.Г. Терминология родства в башкирском языке. М., 1954.