Ramanova Aigul Abibullaevna, Makhambet Utemisov

West Kazakhstan State University, candidate philological sciences

 

Раманова Айгул Абибуллаевна, Западно-Казахстанский государственный университет имени Махамбета Утемисова, кандидат филологических наук

 

The use of a possessive affix in the null form

 

Тәуелдік жалғауларының нөлдік формада келу жайы

 

Қазіргі қазақ тілінде бүгінгі күні де әлі аша түсуді, айқындайды, тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселелер жоқ емес. Соның бірі – тіліміздегі тәуелдік жалғауларының нөлдік формада келу жайы.

Аталған мәселе бүгінге дейін ғалымдар еңбектерінде аталып келгенмен, арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылмады. Мәселен, «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» атты еңбекте бұл мәселеге қатысты мына ойды көреміз: «Тәуелдіктің нөлдік формасы тәуелдік жалғау системасына да байланысты. Тәуелдік жалғау үш жаққа қатысты, әр жақтың өзінше морфемасы бар. Солай бола тұра, бірінші жақтың көпше түрі мен екінші жақтың сыпайы түрінің қосымшалы формасымен қатар тілде оның нөлдік формасы да бар...»[1]. Еңбекте тәуелдік жалғауының нөлдік формасы тілден кездесетіндігі айтылғанымен толық талдау таппаған.

Келесі ғалымдар еңбектерінен бұл мәселеге қатысты мынадай ойларды байқауға болады: «Қазіргі қазақ тілінде ілік септігіндегі сөз біздің, сіздің деген есімдіктер болғанда, кейде екінші сөздегі тәуелдік жалғауы түсіп те қолданылады: біздің үй, сіздің ауыл...»[2]; «жіктеу есімдіктерінің ішінен тек ілік септіктегі біз, сіз есімдіктерінен соңғы зат есімдерге кейде тәуелдік жалғаулары жалғанбай қолданылады. Мысалы: біздің мектеп, сіздің ауыл...»[3]; «Жіктеу есімдіктері біз, сіз ілік жалғауында анықтауыш болып келсе, оған тіркесе келген зат есім тәуелдік жалғауы жалғанбай-ақ, біздің үйіміз, сіздің үйіңіз дегенді сіздің үй деп айтылады...»[4].

Ғалымдар ойларының түйіні бір, ол – тәуелдік жалғауларының нөлдік формасының (сөз ішінде жасырын келуі) тілде кездесетін құбылыс екендігі. Демек, басқа да жалғаулар сияқты тілдік қолданыста тәуелдік жалғаулары І, ІІ жақта жекеше, көпше түрлерінде түсіріліп қолданылатындығын баса айтқымыз келеді. Мысалдармен дәлелдеп көрейік: Кешегі Сәрсебек ағайым бар кездегі берекелі өмір бір кеште біздің үйде қайта орнады (Б.Соқпақбаев). Осы сөйлемдегі біздің есімдігімен байланысып тұрған үйде сөзінен тәуелділік мәнді түсінеміз. Бұл жерде тәуелділіктің көпше түріндегі -іміз жалғауы түсіріліп (жасырын) қолданылып тұр. Талданып отырған тіркестегі «тәуелділік мағынаның нақтылы морфемасыз берілуін нөлдік морфема арқылы берілуі» деп, «нөлдік морфемамен сөзді тәуелділіктің бірінші жақ көпше түрінің нөлдік формасы» деп танимыз. Бұл мағына тек бірінші жақ көпше жіктеу есімдігінің ілік септіктегі формасымен тіркесте ғана беріледі, заттың қай жаққа, кімге тәуелді екені жіктеу есімдігінен көрінеді.

Тілімізде тәуелдік жалғауының бірінші жақ көпше түрінің әрі қосымшалы, әрі нөлдік формасы бар екендігі даусыз. Қосымшалы формасы өз алдына бөлек әңгіме, қазіргі жағдайда бізге керегі нөлдік формасы. Сөз құрамындағы тәуелдік жалғауының нөлдік формасын өзіне байланысты сөзі арқылы таба аламыз. Мысалы: біздің ауыл, біздің мектеп, біздің қала деген сияқты тіркестерді алсақ, осындағы меншік иесі біздің – жіктеу есімдігі арқылы меншіктелуші ауыл, мектеп, қала сөздерінің құрамында тәуелдік жалғауының жасырын түрде келіп тұрғанын оңай байқауға болады. Біздің мектеп – біздің мектебіміз, біздің ауыл – біздің ауылымыз, біздің қала – біздің қаламыз түрінде келуге тиісті. Бірақ бұл жерде ескеретін жайт, тәуелдік жалғауы түсіріліп қолданылса да, сөздердің өзара мағыналық байланысына еш әсерін тигізбейді. Яғни біздің ауыл десек те, біздің ауылымыз десек те бір мағынаны білдіреді. Ал енді осы сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегіше қарастырарлық. Мысалы: менің ауылым, сенің ауылың дегендердегі тәуелдік жалғауларын нөлдік формаға қойып, менің ауыл, сенің ауыл деп айтар болсақ, сөздердің өзара мағыналық байланысы жоғалар еді. Бұл өзгеріс нөлдік форма тек тәуелдік жалғауының бірінші жақ көпше түрі мен екінші жақ сыпайы түріне ғана қатысты екенін дәлелдей түседі. Оны төмендегі мысалдардан да көруге болады: - Мынау біздің ауылдың дәмі еді. Бұл кезде біздің ауданнан қалада жоғары оқу орындарында оқитындар аз. Біздің үйде той. Біздің Тұйықта есегі бар адамдар болатын. Біздің үйдің іші Балжаннан тағы біраз қонақ боп жата түсуін өтінді. – Сен біздің кемпірді мектебіңе үй сыпырушы етіп, қызметке алсаң, қалай болады? (Б.Соқпақбаев).

Сонымен, тәуелдік жалғауларының нөлдік формасы барлық жаққа бірдей байланысты емес. Ол, негізінен, тәуелдік жалғауының тек екі жағына: бірінші жақ көпше түріне және екінші жақ сыпайы түріне қатысты болып келеді. Қолданылу ауқымына келсек, тәуелдік жалғауының І жақ көпше түрінің нөлдік формасы тілімізде жиі кездесіп отырса, ІІ жақ сыпайы түрінің бұл формада қолданылу ауқымы шектеулі келеді.

Тәуелдік жалғауының І жақ көпше түрі мен ІІ жақ сыпайы түрінің нөлдік формада келу жайы көне түркі жазба ескерткіштері тілінде де кездеседі. Бұған дәлел ғалым А.Есенқұловтың төмендегіше пікірі: «Ескерткіш жазуларында тәуелдік категориясы аналитикалық жолмен де жасалады: біздің сү (біздің әскер), біздің ил (біздің мемлекет), біздің оғул (біздің ұл)...»[5]. Ал С.Нұрхановтың мақаласында тәуелдік жалғауының І жақ көпше түрі мен ІІ жақ сыпайы түрінде кездесетін нөлдік формасы ертеректегі нұсқалар мен ауыз әдебиетінде кең түрде қолданылғандығын баса айтуы[6] аталған жалғаудың сөз құрамында жасырын келу жайы көне жазбаларға да тән екендігін дәлелдей түседі.

Өз бастауын көне түркі ескерткіштерінен алатын тәуелдік жалғауының нөлдік формасын көне тілдік формалар қатарына жатқызуға болады.

Сөйлем ішіндегі бірыңғай мүшелер құрамынан да тәуелдік жалғаулардың нөлдік формада келу жағдайын кездестіруге болады. Мысалы: Аға, жеңгем осы жаз Бөген ауданына Балжандарға бармаққа талайдан бері қам жасап жүр (Б.Соқпақбаев). осы сөйлемдегі аға, жеңгем деген бірыңғай мүшелердің алдыңғысы тәуелдік жалғауының нөлдік формасында тұр да, кейінгісі қосымшалы формасында тұр. Алдыңғысының қай формада тұрғандығын соңғысы арқылы табамыз. Мәселен, жеңгем сөзі тәуелдік жалғауының бірінші жақ жекеше түрінде келген, сәйкесінше аға сөзі де тәуелдік жалғауының осы формасында тұр деп танимыз. Жоғарыда біз тәуелдік жалғауының нөлдік формасы оның бірінші жақ көпше түрі мен екінші жақ сыпайы түріне ғана қатысты деп айтып кеткен болатынбыз, бірақ бірыңғай мүшелер құрамындағы нөлдік формалы тәуелдік жалғаулы сөздерге бұл тән емес. Мысалы: Адамның өз үй, өлең төсегі деген сиқыры бар нәрсе ғой, магниттей тартады да тұрады (Б.Соқпақбаев). Бұл мысалдан көріп тұрғанымыздай, үй, төсегі деген бірыңғай мүшелердің алдыңғысы тәуелдік жалғауының І жақ тұлғасында жасырын келіп тұр.

Тәуелдік жалғауының нөлдік формасы бірыңғай мүшелердің алдыңғы сыңарларында кездеседі де, соңғы сыңарлары қосымшалы келеді. Сол қосымшалы формадағысы қалғандарын табуға негіз болады. Бірыңғай мүшелерде кездесетін тәуелдік жалғауларының нөлдік формасы арнаулы бір жаққа ғана емес, барлық жаққа да тән құбылыс.

Бұлардан басқа тәуелдік жалғауларының нөлдік формасы қос сөздердің бір сыңарында да кездесіп отырады. Мысалы: Бұғыбайдың астындағы жал-құйрығы сүзілген ұшқыр жануар болса керек (С.Сматаев). Бет-аузы шешесіне тартқан ажарлы, мінезі бұған тартқан орнықты (Ә.Кекілбаев). Бетінен балалық табы кетпегенімен – денесі ұлғайып, қол-аяғы сомдалып қалған (Т.Ахтанов). Осы сөйлемдердегі жал-құйрығы, бет-аузы, қол-аяғы деген қос сөздердің алғашқы сыңарлары – жал, бет, қол тәуелдік жалғауының нөлдік формасында тұр, ал екінші сыңарлары – құйрығы, аузы, аяғы тәуелдік жалғауының қосымшалы формасында тұр. Бұл жерде де соңғы сыңарына қарап, алдыңғы сыңардың қай жақта тұрғанын таба аламыз. Мысалы, құйрығы, аузы, аяғы тәуелдік жалғауының үшінші жақ жекеше түрінде келген, соғай сәйкес жал, бет, қол сөздері де осы жақта нөлдік формада тұр. Осы тұста, «қос сөздерге жалғаулар тек соңғы сыңарына ғана жалғанбай ма?» деген сұрақтың туындауы мүмкін. Әрине, бірақ дәл осы тұста қос сөздердің бір сыңары тәуелдік жалғауының нөлдік формасында тұрғандығы даусыз. Оған мына мысалдардағы қос сөз сыңарлары да дәлел бола алады: Бірін-бірі тосып, көп жосыған екеудің әңгіме-кеңесі Әділге үлкен сабақтай. Дәуленнің өз ішінде де қатты іздеп, сан шарлап аңдыған сұрақ-ахуалдары көп еді. Есік-түндігі түрілмеген күздік қоңыр үйдің іші ала-көлеңке (С.Сматаев).

Назар аударар ерекше жайт, осы топта алғашқы сыңары тәуелдік жалғауын қабылдап, екінші сыңары нөлдік формада келген көші-қон деген қос сөз де кездеседі. Біздіңше, бір кездері көші-қоңы түрінде қолданылған қос сөздің екінші сыңары ықшамдалу заңдылығына ұшыраған, яғни тілдік қолданыста тәуелдік жалғауы түсіп қалған. Десек те, ара-тұра болса да, тілде алғашқы нұсқасы (көші-қоңы) да қолданылып отырады. Оған мына сөйлем дәлел болады: Содан ба, әлде Россияға бағынғаннан кейін қазақтың бұрынғы әдет заңынан жыл сайын алшақтап, орыс заңына жете алмай, әурешілікте жүруінен бе, көші-қоңы аралас қазақ рулары өзара қым-қиғаш болып, жылдан жыл дау-дамайы өрши түсті (С.Мұқанов). Сөйлемдегі көші-қоңы қос сөзінің екі сыңары да тәуелдік жалғауының көрсеткішімен берілген. Егер де алдыңғы қос сөздер сияқты бұл жерде де алғашқы сыңардағы тәуелдік жалғауы түсіп қалар болса, көші-қоңы түріндегі нұсқасында қатар келген екі қатаң дыбыс айтылуда кедергіге ұшырап, үндестік заңдылығына сай, бәрібір сына дыбысты қажет етер еді. Сондықтан да тілдің дамуы барысында қос сөздердің алғашқы сыңарындағы тәуелдік жалғауы сақталып қалған да, екінші сыңары ықшамдалып, тәуелдік жалғауының нөлдік формасын қабылдаған. Көші-қоң түріндегі осы нұсқасы айтылуға ықшам әрі жеңіл. Осыларды негізге ала отырып, біз көші-қоң қос сөзінің екінші сыңары нөлдік формада келген, ал бірінші сыңары тәуелдік жалғауының жартылай кірігу әрекетіне ұшыраған деп тұжырымдаймыз.

Сонымен, қос сөздердің бойында да түбірге кіріккен тәуелдік жалғауының нөлдік формасы кездесетіндігі және оның көрсеткішін сақтаған сыңарлары арқылы табуға болатындығы белгілі болып отыр. Бұл өзгеріс жартылай кірігу әрекетіне ұшыраған қос сөздерге ғана тән.

Көріп отырғанымыздай, қос сөздердің бойында да тәуелдік жалғауларының нөлдік формасы кездеседі және олар бірыңғай мүшелерге тән заңдылық бойынша тәуелдік жалғауының барлық жағына тән, оның қай жақта тұрғанын қосымшалы формасы арқылы табамыз.

Тәуелдік жалғауларының нөлдік формасы тілімізде мына жағдайларда кездеседі: тәуелдік жалғауларының бірінші жақ көпше түрі мен екінші жақ сыпайы түрінде; бірыңғай мүшелерде; қос сөздердің бірінші сыңарларының бойында; екі сыңары да нөлдік формада келген сөз тіркестерінің бір сыңарының бойында. Ең соңғысын Ә.Төлеуов «аморфты-синтетикалық тәсіл» деп көрсетеді[7].

Қорыта келсек, тәуелдік жалғауы – табиғаты күрделі жалғау, оның бойында әлі де зерттелмеген тұстары мол. Бүгінгі мақалада айтылған ой сол зерттеуді қажет етіп жатқан мәселелердің біреуі ғана.

 

 



[1]  Қалыбаева А., Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі. Алматы. «Ғылым». 1986. С. 122.

[2]  Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі грамматикалық ұғымдар. Алматы. «Ана тілі». 1992. С. 66.

[3]  Қазіргі қазақ тілі. Алматы. 1954. С. 223.

[4]  Төлеуов Ә. Сөз таптары. Алматы. «Мектеп». 1982. С. 32.

[5]  Есенқұлов А. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымшалар. Алматы. «Ғылым». 1976. С. 119.

[6]  Нұрханов С. Қазақ синтаксисіндегі көне құбылыс. Қазақстан мектебі. 1968. №2. С. 73.

[7]  Төлеуов Ә. Сөз таптары. Алматы. «Мектеп». 1982. С. 31.