Филологические науки/3.Теоретические
и методологические проблемы
исследования языка
К.э.н. Кабатаева К.Т.
Карагандинский экономический университет Казпотребсоюза
Понятие
термин и его определение
В статье определена основная проблематика в определении терминологии
казахского языка и современные тенденции его развития [1].
Бір тілден екінші тілге сөз ауысу процесі – ертенден келе
жатқан тарихи құбылыс. Ислам дінінің Орта Азия мен
қазақ даласына таралуына байланысты түркі
халықтарының, оның ішінде қазақ халқының
тарихында әр алуан тарихи өзгерістердің болғаны
мәлім. Саяси әлеуметтік өмірдегі мұндай
құбылыстардың тілге де әсері болатыны хақ.
Ал жаңа сөз, термин жасауда зиялы қауымның
өкілдері белсене ат салысқаны, бұл процестен тыс
қалмағандары бәрімізге мәлім. Шет тілдерден кірме
сөздерді қабылдау мәселесіне 1920-30 жылдарда
қазақтың зиялы оқымыстылары ерекше мән берген.
Оқу-ағарту
саласындағы араб-парсы, әсіресе, орыс тілдерінен
қабылданған сөздер көп кездесетіндіктен,
Х.Досмұхамедұлы олар туралы өз пікірін білдіріп
отырған. Х.Досмұхамедұлы өзінің 1924 жылы Ташкент
қаласында шыққан «Қазақ-қырғыз
тіліндегі сингармонизм заңы» деген
еңбегінде былай деп жазған: «Осы күнгі
қазақтың
әдебиетінде шеттен кірген сөздер өте көбейіп
кетті. Төңкерістен соңғы шыққан журнал-газеталардың
іші толған жат сөз» [2]. «Елдің тілі бұзылуына ең
алдымен оқығандар себеп болады. Бұлар жат
әсерлерге бағыныш келіп ана
тілін өзгертуге жол басшы болады. Оқығандар өзіне
ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген
жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді» [2].
Қазақ тіліне сіңіп , жалпы халықтық сипат
алған кірме сөздер Х.Досмұхамедұлының
еңбектерінде көп кездеседі. Мәселен, қала, молда,
шілде, амал, айып, әділ, әкім, заңғар, дастарқан,
дәулет, серт, есеп секілді сөздердің бәрі
қазақ тіліне араб-парсы тілдерінен енсе, ал жәшік,
жәрмеңке, сот, болыс, комитет, комиссия, т.б. сөздер орыс
тілі арқылы енген. Тіл атаулының басым көпшілігі бөгде
тілдерден сөз қабылдағанда оларды өз тілінің ішкі
заңдылықтарына бағындырып, өзгертіп қабылдайды.
Х.Досмұхамедұлы да кірме сөздердің қазақ
тілінде өзгертіліп айтылуын қолдап, дұрыс құбылыс
деп есептеген.
Ғалымның еңбектерінде қолданылған кірме
сөздерді үлкен екі топқа бөлуге болады. Бірінші
топқа араб-парсы тілдерінен енген сөздер жатса, екінші топқа
орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге европа тілдерінен
енген кірме сөздер жатады.
Зерттеушілеріміздің пікірінше, араб-парсы сөздері
қазақ тіліне тікелей араласу нәтижесінде емес, көршілес
туыс халықтар арқылы енген. Араб тілі маманы, зерттеуші
Л.Рүстемов былай дейді: «Түп төркіні иран тілдес болып
келетін сөздердің түркі халықтарының тіліне
ауысуы, парсы және түркі тілдерінің өз ара инфильтрация
жасау процесі ертеректе, арабтар мұнда келмей тұрған кезде
араб мәдениетінің гүлденуінен әлдеқайда
бұрын басталған».
Х.Досмұхамедұлы еңбектеріндегі араб-парсы сөздерін
қолданылу ерешеліктеріне қарай
мынадай топтарға бөлдік:
1) Х.Досмұхамедұлы еңбектерінде кездесетін және осы
күні де қолданыстан түспеген араб-парсы сөздері:
пән, дін, кітапхана, кітап, дәптер, әліппе, әдеби,
ғасыр, ғимарат, ғылым, күкірт, көкнәр,
қағаз, қалам, мәдени, мәдениет, тарихи,
тәрбие, т.б.;
2) Х.Досмұхамедұлы еңбектерінде кездескенімен, бұл
күндері қолданыстан қалған араб-парсы сөздері:
маяна, мәсуек, тақуа, халифа, фалсафа, наху, сарф, йажуж, сукун,
фарқ, меджума, т.б. Х.Досмұхамедұлы еңбектеріндегі
араб-парсы тілінің элементтері, негізінен, фонетикалық жағынан
өзгеріске түсіріліп қолданылған, мысалы,
һәр, әсір, ғәскер, әділ, ғараб,
ғамал, хакім, хасиеті, сүгірет, харита, адабиат, фікір, харіф,
һеш, жағрафия, т.б.
Х.Досмұхамедұлының еңбектерінде кездесетін
араб-парсы сөздерін мағыналық жағынан төмендегіше
топтарға бөлуге болады:
1) Оқу-білімге, ғылымға байланысты атаулар: дәптер,
баяндама, мектеп, медіресе, ғылым, тәрбие, қалам,
қағаз, әдебиет, есеп, кітап, пән, ілім, ғалым,
т.б.;
2)Дінге байланысты атаулар: ораза, намаз, құдай, аруақ,
молла, мешіт, диуана, эфенді, хәзірет//әзірет, шаман//бақсы,
ислам руханилары//молдалар, т.б.; Байқап отырғанымыздай, біраз
атаулар қосарлы түрде, жарыса қолданылған.
Қазіргі әдеби тілде шаман, бақсы жеке ұғымды
білдіретін дара тұлғалар, әр түрлі дінге қатысты
қолданылатын атаулар. Ал ислам руханилары А.Байтұрсынұлы,
«Қазақ» газетінде кездесетін «руханилар» сөзінің
аналогы ретінде қолданылған. Мұндай сөздер
Х.Досмұхамедұлы тіліне тән әрі ғылыми стильді
байқататындай ерекше қолданыстардың бірі.
3) Саяси-әлеуметтік атаулар: әлеумет, мемлекет, саясат,
өкіл, өнеркәсіп, т.б.;
Саяси-әлеуметтік атаулар тарихының зерттелуі қазақ
тіл білімінде біршама жолға қойылғандығы белгілі. Атап
айтсақ, Б.Әбілқасымов, Б.Момынованың аталған
еңбектерінен мағлұматтар алуға болатындықтан,
қайталап тоқталып жатуды артық санадық.
4) Мәдениет, әдебиет, өнерге қатысты атаулар:
қисса, зиялы, маданият, мадани, мағлұмат, мкақал,
мәтел, әңгіме, тәжірме, халі//биография,
сұхбат//беседа, эфсана//легенда, шиғыр//өлең,
шайыр//ақын, ибаре//текст, истах//термин, т.б.; Мағынасы
көмескіленген, түсініксіз болып тұрған ибаре, истах
сөздері бүгінгі таңда қолданыста жоқ.
Х.Досмұхамедұлы өмір сүріп, ғылыми туындыларынан
дүниеге келтірген осы уақыт кесіндісі қказақ тіліндегі
терминдік қабаттың аяғынан қаз тұра
бастаған кезімен сәйкес келеді. Терминдік қабат енді
түзіле бастаған алғашқы кезеңде
варианттылықтың болуы шектен шыққан нәрсе емес,
заңды құбылыс дер едік. Өйткені, жарыса
қолданылатын сөздердің тек біреуі ғана терминдіки
жүк арқалап, дара қолданысқа айналатыны белгілі. Ал
кейде екінші сыңарлары өзге
бір контексте терминге айналады. Ондай процестің шегін, белгілі бір
уақытын нақты айту қиын, өйткені, сөздің
терминденуін атаудың ұтымдылығы, қысқалығы,
нақтылығы, мағыналық дәлдігі сияқты
критерийлер белгілейді. Термин атаулының тұрақталып
қалуы күрделі саналатын себебі осыдан. Ал келтірілген
мысалдағы жарысып қолданылып тұрған
сөздердің сыңарлары бүгінде дара қолданылатын
дәрежеге жеткен, терминдер болыпм табылады.
5)Үй тұрмысына, басқа да шаруашылыққа
байланысты сөздер: орамал, базар, атырап, сабын, т.б. Мұндай
сөздердің Халел тілінде саны аз, мөлшері көп емес,
шектеулі. Тіпті осы аз сөздердің өзі де арнаулы
тақырыпқа жазылған ғылыми мақалаларда ғана
кездесетіндігін атапр өту керек.
Себебі, ғылымның ауыл-үй арасын әңгіме
ететін тұрмыстық деңгейдегі мәселелерді емес,
өзге деңгейдегі, атап айтқанда, ғылыми еңбектер
жазғандығын қайталап жатудың өзі артық.
6) Заң, іс қағаздарына байланысты сөздер:
құқық, заң, дәреже, залал, арыз,
уәкіл, т.б.;
7)Тіл ғылымына байланысты атаулар: татбики, махражун, т.б. Бұл
атаулардың бүгінгі таңда қолданыста жоқ екені,
айтпаса да түсінікті. Қазақ тіл біліміне қатысты
атаулардың көбі, тіл білімінің деңгейлерінің
атаулары, негізінен, қазақ
тілінің элементтері арқылы жасалғандығын
алдыңғы тарауларда айтып өткенбіз.
Орыс тілінен енген сөздер
Х.Досмұхамедұлы шығармаларында қолданылған
терминдердің ішінде орыстың төл сөздерінен гөрі
орыс тілі арқылы енген интернационалдық атаулар көбірек
кездеседі. Өйткені, Халел ғылыми еңбектерін жазғанда
орыс тілді ғылыми әдебиетке сүйенгені белгілі, сонымен бірге
аудармаларының бәрін тікелей орыс тілінен
жасағандықтан, кірме сөздердің аталмыш қабаты
мол. Осыған орай біз оларды екі топқа бөліп
қарастырдық. 1) Орыс тілінің элементтері: ыстаришина,
пәмөшнік, перебөтшік, шөтшік, песір, бәлшебек,
набөршік, земство, заказ, десатине, зәкөн, укез,
әтірет, собрание, уестауке (выставка), спетсалис, смете (түсім-шығыс), здание,
т.б. 2)Орыс тілі арқылы енген үнді-европа сөздері.
Ғалым тіпті енуропа тілдерінің классификациясын жасап, оларды
төмендегіше топтап береді:
«Роман тілдері; 2)Герман тілдері; 3)Ыслабиан тілдері. Бірінші
топқа франсоз, ителиен,
портуғалиа, һіспаниа, романиа тағы басқалар тілі.
Герман тілі неміс тіліне жақын, герман тілі мен франсоз тілінің
араласуынан пайда болған. Слабиан тобына: орыс, хахол, пәлек,
былғар, серб тілдері кіреді. әӘр топтың ішіндегі
тілдің бір-біріне жақындығы біздің түрік
тілдерінің (ноғай, қазақ, қырғыз,
өзбек, түрікпен, оспан) жақындығындай. Әр
топтың бір-бірінен айырмасы түрік тілінің
маңғұл я фин тілінен айырмасындай».
Х.Досмұхамедұлы шығармаларындағы үнді-европа
сөздерін мағыналық жағынан төмендегіше топтастырдық:
а) әлеуметтік-экономика саласына қатысты сөздер:
кәмитет, шөпшік, жағырапиа, имперализм, сатсиализм,
перспектива, кәператип, капитал, пұрсент, т.б.;
ә)өнерге байланысты атаулар: искустуа, музей, нота, кинематуграф,
тиатр, клуб, т.б.; б)Оқу-ағарту саласына байланысты сөздерЭ:
інспектір, кәнперенсие, арипметике, педагогике, грамматике, дидактике,
диктөбке, үшетіл, т.б.; в)
әр түрлі ғылым салаларына байланысты атаулар: қимие,
мәтематике,биелогие, пәтөлогие, пизике, ғырадус,
мкрескоп, пылазма, лейкесит, т.б.; г) іс қағаздары мен ресми
атаулар: пәкті, пұратокол, пұрғырам, әнкеті,
ыштырап, тілгірәм, пошта, т.б.; ғ) техникаға байланысты
атаулар: мәшине, теқнике, транспорт, трактір, парабоз, т.б.;
д)әкімшілік-лауазымға қатысты атаулар: гүбірнетір,
кәмесер, әписер, шенеунік, ыстаршина, т.б.; е) мемлекет атауларына
қатысты сөздер: Пөлше, Әңглие, Аурупа, Ителие,
т.б.
Бұлардың құрамына енетін сөздердің
ішінде латын, грек, француз, неміс, ағылшын сөздері, әнкеті,
газ француз сөздері, пүрсент, пәкті, пәмилие, кәнперенсие, қимие,
кәмисие, ғырадус – латын сөздері, термин, теқнике,
мәтематике, кәмитет – грек сөздері, т.б.
Төңкерістен бұрын енген сөздер көбіне
үй тұрмысына байланысты болса, кейін қабылданған
сөздердің көпшілігі мәдени-ағарту,
ғылыми-техникалық, саяси-әлеуметтік салаларға
байланысты сөздер. Әрине, бұл жағдайдың да
қоғамдағы өзгеріс атаулымен тікелей байланысты екенін
естен шығармау керек.
Х.Досмұхамедұлы еңбектеріндегі кірме сөздерді
фйонетикалық жағынан өзгеріспен қабылдау
ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөліп қарастыруға
болады: 1) орыс тіліндегі нұсқасының фонетикалық
қалпы сақталып қолданылған сөздер: музей, план,
атаман, карта, текст, картина, комментарий, т.б. 2) дыбыстық
жағынан сәл өзгеріске түсіп, шығу төркіні сезіліп тұратын сөздер.
Мысалы үшкөл (школа), диктөбке (диктовка), нәшендік
(начальник), үшетіл (учитель), кәртөшке (картошка),
әпелсін (апельсин), т.б.
Көпшілікке ұғынықты, түсінікті болу
үшін Х.Досмұхамедұлы көптеген сөздерді беріп отырып, қосымша баламасын не
түсіндірмесін келтіріп отырады. Мәселен, гигиене-саулық
сақтау, пизиологие-тән тірлігі, зологиа-жануар тану,
псиқологие-мінез ілімі, педагоика-бала ілімі, диспут (талқы),
екскңорсиа (қыдырыс), искустуа (ұлт өнері), т.б.
Ғалым терминдерді төл не кірме тұлғасында
қабылдағанда оларды ұғынықты болу үшін екі
түрлі әдісті пайдаланған: 1) күрделі атауларды кірме
атаулармен түсіндіру. Мәселен, көк ғылымы (астрономия),
ауа тазартқыш (вентиляция), өрнекті ойындар
(физкультура), т.б. 2)Кірме атауларды төл, тума не
қалыптасқан кірме атаулармен түсіндіру. Мәселен,
педагогике (бала ілімі), псиқологие (мінез ілімі), термин (пән
атауы), т.б.
Термин жасау тәжірибесінде Х.Досмұхамедұлы кірме
сөздерді анықтай отырып, қазақтың
байырғы төл сөздерін
термин жасауда негізгі материал ретінде пайдаланып, өз тарапынан елеулі
үлес қосқан. Бірақ, шет сөздерін төл
сөз арқылы аударуда көптеген қиыншылықтар
болғанын айта келіп, «Жануарлар» деген кітабында былай дейді:
«Қазақ тілі ғылым ретінде
қарай жөндікпеген тіл. Сондықтан қазақ
тілін ғылыммен таныстырып, ғылым
жолына салатын заман келді. Ғылымды өз тілімізге
аударғанда ең керегі ғылым тіліндегі атауларды (термин)
дұрыстап, түсінікті қылып аудару өте қиын
жұмыс Ғылым атауларына келісті акт тағу деген
алғашқы уақытта қиын болса да өте
мұқтаж нәрсе... бүтін ілгері болашаққа жол
салатын нәрсе». Ғалым терминдерді аудару өте қиын
жұмыс болса да оны іске асыру жағына көп көңіл
бөлген.
Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер.
Х.Досмұхамедұлы «Қазақ-қырғыз тіліндегі
сингормонизм» деген еңбегінде жұрнақтардың шын
жұрнақ және шала жұрнақ болып
бөлінетіндігін айтады. «Шын жұрнақ – дейді
Х.Досмұхамедұлы, - сөз емес, айырықша айтылғанда
мағынасыз болады. Сондықтан бұлар өз алдында
бөлек айтылмайды. Шын жұрнақ сөздің буыны,
мүшесі», - дей келіп А.Байтұрсынұлының «Тіл -
құралында» көрсетілмеген жұрнақтардың
төмендегідей түрлерін келтіреді: 1) –ылдырақ, -ілдірік
(табалдырық, сағалдырық, тұмылдырық,
көзілдірік, өмілдірік); 2) –ыңғы, -іңгі,
-ыңқы, -іңкі (астыңғы, болдырыңқы,
еңкейіңкі, үстіңгі, ауысыңқы); 3) –қақ,
-кек, -ғақ, - гек (жарғақ,
құрғақ, шорқақ, піскек, ілгек үркек);
4) –қай, -кей, -гей, -ғай, (балақай, қарағай,
еңсегей, әшекей, өңкей, найзағай, жөнегей);
5) –қам, -кем (қалқам, салқам, жөргем,
көркем, икем, желкем); 6)-ау, -еу (қинау, жинау, көрнеу,
ернеу, кернеу); 7) –маң (қылмаң, көлмең), т.б.
Ғалым «Шала жұрнақ» деп мағыналы сөзден
өзгеріп, жұрнақ қалыпқа түскен сөзді
я жұрнақтың шын қасиетінен айырылып,
қосалқы сөздің қалыбына аударылған
жұрнақты айтып отыр. «Шала жұрнақтардың
қазақ тілінде аз екендігін айта келіп, олардың мынадай
түрлерін атап көрсетеді: 1)-еке деген шала жұрнақ «еке»
деген сөзден өзгерген, жуан түрі алғашқы жуан
түрі алғашқы жуан түрі –аға (-ақа) болса
керек. 2)-нікі (-дікі, тікі) деген құрама жұрнақ. Бұл «-нің» (дің) деген жалғау
мен «-кі» жұрнақтың қосылуынан туған.
–ніңкі (-діңкі) өзгеріп –нікі (дікі) болған. –нікі –
жұрнақтың жіңішке түрі, жуан түрі –нықы.
Біздің тілімізде жуан түрі бүгін де жойылған,
айтылмайды. 3) –ғана – бұрын шын жұрнақ еді,
жіңішке түрі –гене (-ғана, -гәне) еді. –Гене бұл
күнде қазақ тілінде айтылмиайды, жойылған.
–Ғана жұбынан
айырылған соң, шын жұрнақтықтан да
айырылған. Бұл күнде қосалқы сөз ретінде
айтылады. 4) –күнем (пайда-күнем, мас-күнем,
қас-күнем). Күнемнің жуан түрі жоқ.
Сондықтан шала жұрнақ я қосалқы сөз ретінде
сөйленеді [2].
Х.Досмұхамедұлының шығармасында кездесетін
жұрнақтарды шығу төркіні жағынан екі топқа
бөлдік: Байырғы жұрнақтар және кірме
жұрнақтар.
1.Байырғы жұрнақтар. Бұл топқа ертеден келе
жатқан қазақ тілінің өзіне тән –дыру/тіру;
-ма/ме, -ба/бе, -па/пе; -ым/ім; шық/шік; -шы/ші; -ын/ін, -ыс/іс,
-сыз/сіз, -лау/леу, -қыш/кіш, -ғыш/гіш, -шылық/шілік
сияқты өнімді жұрнақтар жатады. Мәселен,
қоныстандыру, біріктіру, жазба, мәлімдеме, басқа, жарым,
бөлім, аяқшық, келішік, қарақшы, сүйеуші,
ағайын, құбылыс, көтеріліс, пайдасыз, жәрдемсіз,
есірткіш, айтқыш, үлкейткіш, жоңғыш,
басаңшылық, бүліншілік, т.б.
Ғалым еңбектерінде адам айналысатын істі, мамандықты
білдіретін және жаңа сөз жасауда –шы,/ші жұрнағы
жиі кездеседі. Бұл жұрнақ жалғанған
сөздердің көпшілігі осы күнге дейін қолданылып
жүр, мысалы, оқытушы, тарихшы, хатшы, домбырашы, аударушы, сатушы,
жұлдыз тексеруші, билеуші, жәрдемші. Ал, бұл
жұрнақ жалғанған сөздердің бірқатары
қазір қолданылмайды: азықшы, жаугерші, анатомпиашы, химиеші,
мехенікші, т.б.
Заттың құбылыстың түсін, сапасын,
қасиетін білдіретін –лық/лік, -дық/дік жұрнақтары
жалғанған көптеген терминдер тіліміздің сөздік
қорынан орын алған. Ал осы жұрнақтар арқылы
жасалған терминдер Халел еңбектерінде ұшыраса ма деген
сауалға жауапты мысалдарды сөйлетумен іздестіріп көрелік.
а) Территориялық бөленіске қатысты атаулар:
қыстаулық, бөкейлік, сардарлық, поселкелік,
өлкелік, болыстық, местілік, уездік, т.б.; ә)
лингвистикалық байланысты атаулар.етістік, үндестік, демеулік,
сөздік, тәуелдік, есімдік,
т.б.; б) оқу-ағарту саласына байланысты атаулар: сауатсыздық,
білімсіздік, педагогикалық, тәртіптілік, шеберлік, білімділік,
т.б.; в) ауыл шаруашылығына байланысты атаулар: шаруашылық,
егіншілік, малшылық, диқаншылық, т.б.
Етістіктен зат есім тудыратын –ма/ме, -ба/бе, -па/пе жұрнақтары
арқылы жасалған жеке не күрделі атаулар: жалғама
сөз, жазба жұмыс, баспа, көрме, аударма, жазба; -шыл/шіл
жұрнағы белгілі бір бағытқа, іс-әрекетке
бейімділікті білдіретін сын есімдерді жасауда кеңінен пайдаланылған.
Мәселен, төңкерісшіл, діншіл, өзімшіл,
әлеуметшіл, марксшіл, парашыл, капиталшыл, ұйымшыл, т.б.
-сыз/сіз болымсыздықты білдіретін жұрнақ арқылы
көптеген сөздер жасалған зөиянсыз, жауынсыз, жансыз,
құралсыз, тамырсыз, буылтықсыз, ұйқысыз,
тажырибасыз, ауқатсыз, иссіз, зәрсіз, түссіз, өзексіз,
шексіз, т.б. сөздерді келтіруге болады.
-лы/лі қосымшалары қазақ тілінің төл
сөздеріне жалғанып ықтиярлы,
зиялы, қызулы, [адам], арқалы, айбарлы, қажырлы,
жарлы, ордалы, көшпелі, пікірлі, [адам] өзгерулі, кәдірлі,
зәрлі, төлеулі, т.б. сөздер жасалған. Олар орыс тілі
арқылы енген сөздерге де жиі жалғанады, мысалы, химиялы,
натрлы, қылорлы, жоспарлы, қрақмалды, фосфорлы,
теқникелі, мәшинелі, т.б.
-ғыш/гіш қосымшаларының жалғануы арқылы
«бұйым» яғни затқа қатысты терминдік тіркестер
жасалған. Мәселен, сорып, алғыш бұйым, бу сорғыш
бұйым, қышқылданғыш бұйым, ерігіш бұйым,
өзгергіш бұйым, т.б.
Осы жұрнақтар арқылы жасалған сөздердің
барлығы бірдей әдеби тіліміздің нормасына айналды деп айта
аламыз. Дегенмен, сөз тудырушы аффикстердің қызметі
басқа кезеңдермен салыстырғанда өте активті түрде
қолданылған деп айтуға болады. Сонымен қатар, байырғы,
көнеден келе жатқан жұрнақтардың жаңа
сөз тудыру деңгейім де сол кезде біркелкі болмағандығын
Халел еңбектерінен байқауға болады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ
1. Лотте Д.С. Вопросы заимствования и упорядочения иноязычных терминов и
терминоэлементов. – Москва: Наука, 1982. – 147 с.
2. Досмұхамедұлы Х. Қазақ-қырғыз
тіліндегі сингармонизм заңы. – Алматы. 1993. – 53 б. (Баспаға
дайындаған Исаев С.).
3. Досмұхамедұлы Х. Аламан. (Құрастырушылар,
алғы сөзін және түсініктемелерін жазғандар –
Әнесов Ғ., Мектепов А., Керімов Ш.). – Алматы: Ана тілі, 1991. –
176 б.