Туыстық
атауларды лексикографиялау
заңдылықтары
Құрманғалиева А.,
Абай
атындағы ҚазҰПУ-дың магистранты
Туыстық
атауларды сөздікте беруде ең алдымен сөздіктің ұлттық ерекшеліктерді
көрсетушілік қызметі ескеріледі. Туыстық атаулар –
қазақ халқының этногенетикалық
құрылымынан хабар беретін, оның өзіндік ерекшеліктерін
байқататын басты лексика-семантикалық топтардың бірі.
Сондықтан, ол топқа кіретін лексикалық бірліктердің мағынасындағы
ұлттық этно-мәдени компонент ашылуы керек. Оның
мәдениеттанымдық, елтанымдық құндылығы
анықталуы керек.
Сөздіктің нормалаландырушылық қызметі орын
алады.
Сөздікке ену арқылы атаулар жүйесі тілдік нормаға
сәйкестендіріледі. Беки түседі. Насихатталады. Әдеби
және жергілікті қолданымдағы варианттары (құдағи,
құдағай) айқындалады. Нормадағы уақыт
аралығында болған өзгерістер анықталады. Атауды жергілікті қолданым шек-арасы
нақтыланады (мұрындық ата: түйені жетектеу үшін
қолданылатын құрал атауынан).
3. Сөздіктің тілдік
жүйені көрсетушілік қызметі.
Сөздікке алынбас бұрын жүйе толық зерттеліп,
оның толық тізбесі жасалуы керек. Кейбір атаулардың
қамтылмай қалып кетуін болдырмау үшін. Ол атаулар
туыстық градациясы бойынша жүйеленуі керек. Осыдан кейін
сөздіктің көлеміне мақсатына адресатына тағы
басқа ерекшеліктеріне байланысты оларға сұрыптау жасалуы
керек. Мысалы тілді үйрету, оқыту мақсатындағы
шағын сөздікке негізгі атаулардың жүйесі алынады.
Оған әдеби нұсқадан өзге вариант қолданымдар
алындайды. Жүйені құраушы ең басты атаулар алынады.
Жалпыхалықтық қолданымға арналып жасалатын үлкен,
толық сөздікте толық құрам түгел
қамтылуы керек. Ұлттық тілдің үлкен
сөздігіне ол атаулардың барлығы да алынуы тиіс.
Түркі тілдерінің
сөздік құрамына енетін атаулық бірліктерді
қазіргі сөздіктерге сұрыптап алу - әлі де толық
шешімін таппаған мәселелердің бірі. Тәжірибелік
лексикографияда қалыптасқан жағдай бойынша, сөздер
бұрын жарық көрген сөздіктердің
сөзтізбелері негізінде сұрыпталып, оларға біршама
толықтырулар жасау жолымен алынып келді. Жекелеген
лексика-семантикалық топтардың құрамы сөздікке
алынар алдында түгелдей сараланып, бастан-аяқ тексерілген емес. Бір
жағынан тіліміздің ұлттық ерекшелігін байқататын,
төл мәдениетіміздің айғағындай
өте-мөте маңызды атаулардың, екінші жағынан,
тілдік қатынаста жиі қолданылатын атаулардың сөзтізбеге
енбей қалуы осындай салғырттықтың салдары. Жасалатын
сөздіктің сапалы болып шығуы үшін белгілі бір
лексика-семантикалық топқа кіретін атаулар құрамы алдын
ала қарастырылып, түгенделуі керек. Мұның өзі ол
топқа кіретін атауларды іштей саралап, олардың маңызды немесе
маңызсыздығын, ескі немесе жаңалығын, төл не
кірмелігін белгілеп, жасалатын сөздіктің мақсатына,
адресатына, көлеміне байланысты қажеттілерін сұрыптап алу
үшін қажет. Әрине, әр сөздіктің
өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, қалың
жұртшылыққа арналып жасалатын үлкен түсіндірме
сөздіктерге ол атаулардың түгел алынғаны жөн.
Бұл, біріншіден, үлкен сөздікте тілдегі сөздік
құрамның неғұрлым толық қамтылуына
жағдай жасайтын болса, екіншіден, топқа кіретін атаулардың
арасындағы семантикалық қатынастардың айқын,
анық ашылуы себепті, әр атаудың өзіне ғана
тән орны белгілі болғандықтан, сөздіктегі
анықтамалардың да сапалы болуын қамтамасыз етеді. Ал орташа
және шағын түсіндірме сөздіктер мен аударма
сөздіктерге сөздерді сұрыптау барысында
тақырыптық топтағы атаулар маңыздылығы мен
қолданылу жиілігі тұрғысынан сараланып барып алынады.
Әрине, бұл мәселеде сөздіктің оқырмандары
кімдер, олардың ұлттық ерекшеліктері, тілді меңгеру
дәрежесі, білім деңгейі мен мамандық саласы қандай
екендігі ескеріледі. Олардың этникалық түркі болуының
немесе түркілердің тілі мен тұрмысынан хабардар
болуының, не туыстас түркі тілдес халықтардың
өкілі болуының немесе түркі тілдері мен мәдениетінен мүлде
хабарсыз алыс шет елдердегі халықтардың өкілі болуының
айтарлықтай айырмашылықтары бар. Сондай-ақ, сөздік
жалпылама жұртшылыққа арналып отыр ма, әлде
студенттерге бағышталған ба, болмаса мектеп оқушыларына немесе белгілі бір саланың мамандарына
арналған ба – осының барлығы да жекелеген
тақырыптық топтардың сөздікте қандай
құрамда берілуі мәселесіне әсер ететін жағдайлар.
Тілдегі тақырыптық
топтар ішінде адамаралық қатынас үшін маңыздылары да,
маңызы аздары да ұшырасады. Құрамындағы атаулар
түгелімен, жүз пайыздық деңгейде маңызды топтар
да кездеседі. Солардың бірі – туыстық атаулар. Туыстық
атаулардың маңызсызы бола ма? Әрине, болмайды. Олардың
бәрі де маңызды. Сондықтан, тарихи принцип негізінде
жасалатын диахрониялық сипатты сөздіктерде де, таза бір
кезеңді сипаттайтын синхрониялық сөздіктерде де,
олардың ішінде жалпылама қолданысқа арналған бір тілді
түсіндірме сөздіктерде де, екі тілді аударма сөздіктерде де
туыстық атаулардың негізгі құрамының түгел
қамтылуы шарт.
Қазақ тіліндегі туыстық
атаулардың сөздіктерде қамтылу дәрежесі
әрқалай. Он томдық түсіндірме сөздікте олар
біршама толық берілген болса, осы XX ғасырда жасалған аударма
сөздіктерде аз берілген. Мәселен, Х.Махмудов пен
Ғ.Мұсабаевтың авторлығымен шыққан
шағын «Қазақша-орысша сөздіктің»
сөзтізбесінде туыстық атаулардан абысын, аға,
ағайын, апа, әйел, жеңге, әже, әке, ана, апа,
ата, бай, ер, балдыз, бикеш, ене, жезде, жеңге, жиен, іні, қатын,
қарындас, құда, құдағай, күйеу,
қыз, немере, шөбере, тоқал, ұл атаулары, мысалдар арасында қайын
ата, қайын аға, қайын іні, қайын сіңлі, сөздіктің қосымшасында
бәйбіше сөзі берілген. Кейбір атаулар,
мәселен, келін, қайын ене, нағашы аға, немере
аға, өгей ата, өгей бала, өгей қыз т.т. сөздікте мүлде жоқ.
Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде
түзілген, көлемі жағынан қазіргі сөздіктермен
салыстыруға келмейтін өте шағын сөздіктердің
өзінде жоғарыда аталған туыстық атаулардан басқа
қолданыстар көптеп ұшырасады. Мәселен, Ешмұхамбет
Букиннің 1883 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан
«Қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігінде»: «қайын
бике (золовка, старше мужа), қайын бикеш (девер, моложе мужа),
қияметтік ата (посаженный отец), қияметтік ана
(посаженная мать), нағашы апа (тетка по матери), нағашы
аға (дядя по матери, - моложе матери), нағашы жеңге
(сноха, тетка по матери), немере
аға – дядя по отцу моложе отца, немере
ата – дядя по отцу старше отца, немере шеше – жена старшего дяди, жемере-шөбере
– племянники» тәрізді атаулар берілген. Бұл сөздікте өгей
ата, өгей ана, өгей бала, өгей қыз атаулары да
түгелімен бар. Х.Махмудов пен Ғ.Мұсабаевтың
«Қазақша-орысша сөздігінің» 1988 жылғы
басылымында бар болғаны 63 туыстық атау ұшырасатын болса,
одан көлемі жағынан екі-үш есе шағын болып келетін 1897
жылғы сөздікте – 92 атаудың
қамтылғаны байқалды.
Жоғарыдағы мысалдардан байқалып
отырғандай, өткен ғасырларда жасалған сөздіктерде
біраз сөздердің тұлғалары қазіргі
қазақ тілінде орныққан тұлғаларынан
сәл-пәл өзгеше болып келеді. Ол өзгешеліктердің
бірқатарын диалектілік қолданыстарға жатқызуға
болатын болса (олардың ішінде жергілікті жерлерде қолданылатын
кірме сөздер де бар), енді бір тобының жарыспалы қолданыстар
құрамына кіретіні байқалады.
Қандас туысқандықты білдіретін
атауларға анықтама беруде ескі сөздіктерде де, қазіргі
сөздіктерде де айтарлықтай өзгешеліктер байқалмайды.
Алайда, ағайын-туған, жегжат-жұрағат, дос-жаран
арасын ажыратуда айырмашылықтар бар.
Қазан төңкерісіне дейін жарық
көрген аударма сөздіктерге көз жүгіртер болсақ,
әке жақтан туысатын туысқан жұрт пен шеше жақтан
туысатын нағашы жұрттың, сондай-ақ қайын
жұрттың еркек пен әйелде әр басқа болатыны,
әйелдің өз әке-шешесі жағын «төркін» дейтіні
айқын бейнеленген. Ұлы ата (баба), ұлы ана (шеше)
атауларымен әкенің әкесінен арғы ата, әжелерді
атау салты да, одан бергі ата мен
әже, әке мен шеше, ұл мен қыз, ұлдан - немере,
қыздан – жиен, жиеннен туғанның - жиеншар, жиеншардан
туғанның – туажат аталатыны, әкелері бірге туған
адамдардың балалары – немере аға (іні, апа, қарындас)
болатыны, немере туыстардың балаларының - шөбере туыс болатыны ірілі-ұсақты
сөздіктерде анық жазылған. Ескі сөздіктерде аталас,
аналас, емшектес, кіндіктес, құрсақтас тәрізді
атаулар да кең қамтылған.
Алайда, нағашы жақтан болатын нағашы
ата, нағашы әже, нағашы, нағашы шеше, нағашы
аға, нағашы жеңге, нағашы апа, нағашы жезде,
бөле (туған бөле, немере бөле), нағашы іні,
нағашы келін, немере нағашы аға, немере нағашы апа
т.б. атаулардың, сондай-ақ, қайын жұрт жақтан
болатын қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын
апа (қайын бике), балдыз, бажа,
немере қайын аға, немере қайын бике, немере
қайны, немере қайын сіңлі, абысын (жеңге, келін) атауларының,
құдалық салтына қатысты бас құда, бауыздау құда, жанама
құда, құдағи (құдағай),
құда бала,
құдаша атауларының сөздіктерде берілуі
әрқилы. Бұрынғы сөздіктердің негізінен
аударма сөздік болғандығы белгілі. Ал сол
сөздіктердің арасында осы аталған атаулардың барлығы
да түгел, толық берілген сөздік бар деп айта алмаймыз.
Дегенмен, ескі сөздіктердегі туыстық
атауларға берілген анықтамалар бірін бірі толықтыра
түседі. Мәселен, Е.Букин сөздігінде қарындас
атауының қазіргі қазақ тілінде орныққан
жасы кіші қыз балаға қатысты мағынасымен бірге
бұрынғы дәстүрлі «бірге туған, туысқан»
мағынасы да қоса беріледі.
Жалпы алғанда, қазан төңкерісіне
дейінгі сөздіктердегі сөздік мақалалар энциклопедиялық
сипатты болып келеді. Мәселен, Н.И.Ильминский сөздігіндегі ата
сөзіне арналған мақалада сөздің негізгі
мағыналары мен қолданыс ерекшеліктері аралас берілген. Сол себепті сөздік мақаланы
тұтастай беруге мәжбүр болып отырмыз: Ата – отец
в общем смысле, ботақанның атасы буура верблюд отец
верблюжонка; жақсы атаның баласы хорошего отца сын. Предок, жеті атасын
білмеген мүртөд кто не знает своих семи предков (начиная с
отца), тот вероотступник (погов.), ата бабадан қалған оставшийся
от предков. Колена родства арамыз төрт бес ата
болғанды между нами должно быть родство в четвертом или пятом колене;
үш атадан жан береді присягу дает не сам ответчик а троюродный
родственник. Племя, ветвь рода жеті атаның баласы жетіру
жетиру (семиродцы) состоят из семи родов; он екі ата байулы 12 родов
байулы; байбақты неше атаның баласы? На сколько отделений
разделяется байбактинский род? – Ата (полнее қайын ата)
– тест. Өгөй ата вотчим; өкүл ата так
называется человек который по расположенности к чужому мальчику, угощает его у
себя в кибитке с неделю, дарит ему вещи. Этот мальчик по отношению к своему өкүл
ата называется өкүл күйөу; Мурундуқ ата
он во время переезда вновь повенчанной женщины в аул ее мужа принимает
ее к себе в гости.
Жоғарыда келтірілген өкіл
ата, өкіл күйеу атауларына қатысты деректерге
кеңірек тоқталып өткенді жөн санадық. Өкіл
ата ретінде негізінен туған ата болмағанмен, қамқор
болған атаны айтатыны белгілі. «Айман-Шолпан» жырында бұл туралы: Айман
қыз елден сүйтіп алды бата, Ісінде болмаған соң
зәрре қата, Өзіне Әлібекті күйеу қылып,
Қылады Көтібарды өкіл ата – делінеді. Өкіл
күйеу атауы да сөздікте айқын ашылмаған. Шын
мәнінде туған әке болмаса да қыз баланы өз
қолынан ұзатқан адамға қатысты алғанда
үйленген жігіт өкіл күйеу болады: Алушы өкіл
күйеу болар сізге, Жазғанын біз көрерміз пешенеге
(М.Әуезов, Таңд. шығ.). Бұлардан басқа өкіл
ана, өкіл әке, өкіл аға, өкіл бала, өкіл
құда, өкіл құдағай атауларының да
бар екендігі белгілі. Тумаған асыранды баланы өкіл бала
десе, туған әкенің орнына әке болған адамды өкіл
әке дейді: - Өкіл әке іздеп жүрмін. Ойбай-ау ЗАГС бар емес пе?! ЗАГС-ің
куәлікке өгіз бен текемет қосып бере алмайды ғой
(Б.Қыдырбекұлы). Ел ішінде жастардың әке-шешесі бар
болса да «өкіл әке», «өкіл шеше» даярлау ғұрпы
кездеседі: Қарасай, Жамбыл аудандарынан кездескен жақсы
ғұрыптың бірі – бас қосып отырған екі жасқа
алдын ала «өкіл әке», «өкіл шеше» дайындау. Өкіл
әке мен өкіл шешені көбіне ата-аналар өз дос
жарандарының ішінен таңдаса, кей жағдайларда жастардың
өздері тағайындайтын болған. Бұлардың міндеті –
жастардың арасында болып қалатын кикілжіңді шешу және
оларға ақыл кеңес беріп, тәрбиелеу. Жастар
арасындағы түсінбеушілік осы ата-аналардың жауапкершілігінде
болады. Сондықтан олардың атқаратын жүгі де ауыр.
Бұндай «өкіл әке», «өкіл шеше» тағайындау
ғұрпы кейінірек қалыптасқан сияқты, себебі
мұны Қазақстанның басқа аймақтары көп
біле бермейді. Бұл ғұрып жастар үшін маңызды
дәстүр деуге болады. Себебі олар өз ата-анасынан гөрі
кейіннен болған әке-шешелеріне сырларын ашығырақ айтады.
Н.И.Ильминский сөздігіндегі әке сөздік
мақаласында да құнды қосалқы деректер кездеседі:
«Әке отец (по отношению к детям). Впрочем особенно уважительно
называют взрослые дети своих отцов: господин қосағасы».
Осы сөздікте қосағасы атауына берілген негізгі
анықтама да бар: «Қосағасы – главный в походе; господин
(весьма уважительное выражение)». Бұл жерде біз қазақ
қауымында бұрыннан қолданыста бар, бір жағынан, тарихи
нақты қызмет атауымен, екінші жағынан табу, эвфемизм
құбылыстарымен ұштасып жатқан, үшінші
жақтан, сыпайгершілік қатынастың белгісі болып саналатын
қосалқы туыстық атаумен ұшырасып отырмыз.
Қалай дегенмен де,
бұрынғы аударма сөздіктерде сөз туралы елтанымдық
мазмұнды қосалқы деректердің, әсіресе
этнографиялық материалдың жақсы беріліп
отырғандығын мойындауымыз қажет. Мәселен,
Н.И.Ильминский сөздігіндегі құдалық салты
баяндалған мақалада бауыздау құда туралы
да айтылады. Түсінікті болу үшін сөздік
мақаладағы атаумен байланысты бөлікті толық келтіреміз:
Қудалық сватовство – сговор. (Отец жениха или
доверенный с его стороны, с несколькими спутниками, после предварительнлго
условия о калыме и кійіт, является в аул невестина отца для
окончательного сватанья. После угощения кумысом или чаем, хозяин спрашивает,
прикажут ли резать барана? Приказание это показывает решительное намерение породниться. От этого главное лицо на сговоре
баууздау қуда, а прочие спутники его – жанама
қуда. Осы сөздіктегі кемпір сөзінде: «Кемпір –
старуха. Кемпір өлдү старуха умерла – когда только-что
повенчанные жених и невеста должны ложиться спать, одна старуха извещает что
все уснули, говоря: старуха умерла, и за это получает подарок» - деген дерек
беріледі. Бұл тәрізді этнографиялық материалдардың
аударма сөздіктерде берілуінің керек екендігі ешқандай дау
тудырмайды. Қазақ халқының тілін үйренгісі
келетін адамның жекелеген атаулардың арғы
жағындағы ұлттық салт-сана көріністерінен де
хабардар болғаны абзал. Онсыз тіл үйренім процесі
толыққанды болмайды.
Туыстық атауларды сөздікте беруде, ең алдымен, сөздіктің ұлттық
ерекшеліктерді көрсетушілік қызметі ескеріледі. Туыстық
атаулар – қазақ халқының этногенетикалық
құрылымынан хабар беретін, оның өзіндік ерекшеліктерін
байқататын басты лексика-семантикалық топтардың бірі.
Сондықтан, ол топқа кіретін лексикалық бірліктердің
мағынасындағы ұлттық этно-мәдени компонент ашылуы
керек. Оның мәдениеттанымдық, елтанымдық
құндылығы анықталуы керек. Екіншіден, сөздіктің
нормалаландырушылық қызметі орын алады. Сөздікке ену
арқылы туыстық атаулар жүйесі тілдік нормаға
сәйкестендіріледі. Беки түседі. Насихатталады. Атаулардың
негізгі құрамы мен қосалқы құрамы айқындалады,
туыстық атаулар құрамындағы иерархиялық сатылы
жүйенің құрылымы анықталады. Әдеби
және жергілікті қолданымдағы варианттары (құдағи,
құдағай) айқындалады. Нормадағы уақыт
аралығында болған өзгерістер анықталады. Атаудың жергілікті
қолданымдағы шек-арасы нақтыланады. Бұл жерде атап өтерлік басты
мәселенің бірі – туыстық атаулар жүйесінің
қатарына кіретін бірліктердің құрамы мен
құрылымын белгілеу болмақ. Сөздікке алынбас бұрын
жүйе толық зерттеліп, оның толық тізбесі жасалуы керек.
Бұл кейбір атаулардың қамтылмай қалып кетуін болдырмау
үшін қажет. Ол атаулар туыстық градациясы бойынша
жүйеленуі керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Махмудов Х., Мұсабаев
Ғ. Қазақша-орысша сөздік. Екінші басылым.
Алматы, 1988.
2. Букин И. Русско-казахский и
казахско-русский словарь. Ташкент, 1883.
3. Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігі. Он томдық. 7-том. Алматы, 1983.
4. Қалшабаева
Б., Байғабатова Н. Жетісу қазақтарының отбасына
байланысты әдет-ғұрып, салт – дәстүрлері //
Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт
дәстүрлері: өткендегісі мен бүгінгісі. Алматы, 2002.
5. Ильминский
Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. Казань, 1861.