Кулетова У.А.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университетінің аға оқытушысы, Түркістан қаласы

 

Актердін тіл техникасын жетілдіруге арналған жаттығулар

 

Табиғи таза тіл мен сыңғырлаған дауысты шынықтыру, кемістігі бар тіл мен көмескі үнді ашу, сөз бен сөйлемнің салмағын арттыру – сахна тілінің меншігінде. Актер – тілдің дұрыстығы мен тазалығын сақтап, насихаттаушы, әдеби тілдік норманы қалыптастырушы десек, тіл арқылы көрерменге жетер сөз актерге үлкен жауапкершілік жүк артады. Тіл мәдениетін сақтай отырып, актер – тіл байлығын игеріп, оны халыққа насихаттайды. «Ол байлықты игеру, меңгеру тілмен байланысты. Яғни, сөз өнерінің байлығы тіл байлығы арқылы жүзеге асырылмақ»[1.5]. Тіл техникасының қыры мен сырын, байлығы мен көркемдігін, тереңдігі мен кеңдігін игеру үшін бірнеше жаттығуларды меңгеру қажет. 

Тіл тазалығы - ғасырлар бойы дамып қалыптасқан сөздік қор, грамматикалық құрылыс, фонетикалық заңдылықтармен қатар, ресми түрде қабылданған орфоэпия, орфография ережелері, терминдер және оқулықтар мен оқу құралдарындағы нормативті ереже нұсқаулардың жиынтығынан құралады. Сөйлеу тіліндегі ешқандай ережеге сыймайтын ала-құлалықтарды бір қалыпқа түсіріп, оларды әдеби тілдің нормасына айналдырудың әрекеті- сөйлеу мәдениетінің талабы.

Сөзге көшпестен бұрын ең алдымен әріпке зейін қоялық. Әр әріптің әртүрлі дыбысталу ерекшелігі бар. Қазақ тіліндегі әріптерді дауысты және дауыссыз деп екіге бөлген. Олар да ішінара езулік, еріндік, қысаң, ашық, қатаң, үнді, т.б. деп бөлінеді. Міне, осы әріптерді дұрыс және анық айтудан бастау керек. Мысалы:

а,е,о,у,

а,ә,е,я

и,э,а,о,у

пи,пэ,па, по, пу, пы,

ги,ге,га,го

ки,ке,ка,ко

Енді, дауыссыз дыбыс пен дауысты дыбысты қосып, төмендегі әріптік емлелерге көшейік:

Жздра, жздре, жздро, жздру

Зждра, зждре, зждро, зждру

Шстра, шстре, шстро, шстру

Сштар, сштре, сштро, сштру; 

пипэ, папо, пупы

гипе, гапо, гупы;

бра-бре, бро-бру

сра-сре-сро-сру

дра-дре-дро-дру

тра-тре-тро-тру т.б. осы секілді әріптік емлелерді жылдамдық бойынша, дауысты жәйден бастап көтеріңкі дәрежеге дейін, әуендетіп айтуды меңгеру керек.

Әріптердің өзіндік қасиетін, сан-салалы қырларын меңгеріп, үйренгеннен кейін, екі-үш немесе бес-алты әріпті біріктіре отырып сөзге көшу керек. Сөздің барлық қасиетін бойына сыйдырған, ой астары мен ақылдың негізі болған мақал-мәтелдердің болашақ актерлер үшін маңызы зор. Білімгерлердің ойы ұшқыр, тіл шеберлігін шыңдайтын, мақал-мәтелдердің ішкі ой астары мен көркемдігін анықтауға мүмкіндігінің зор екенін сабақ процесінде анықтауға болады. «Мақал-мәтелдерді қалыптастырып сөйлеу арқылы болашақ білімгер шешендікке, тапқырлыққа бейімделеді, сөз саптауы бір қалыпқа түседі. Қазақ мақал-мәтелдерінде даналық та, шешендік те, тереңдік те, көркемдік те бар» [2, 330 б.]. Мақал-мәтелдерде кездесетін әрбір әріптің анық және ашық айтуын бақылау керек. Әріпті анық айта отырып, астарлы ой мен сөз қуатын жан-тәнімен түсіне білу қажет. Әр мақалды айтқан кезде, үн арқылы өз арнасын табатын әртүрлі сөз астары пайда болады. Болашақ актер қай кезде, кімге, қалай сөйлеу керектігін және сөз астарының салмағы қандай екендігін сезінуі шарт. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі әріптердің айтылуына зейін қоюмен қатар, айтылу кезінде өзгеріске ұшырайтын кейбір заңдылықтарға көңіл бөліп,  білімгердің ақыл қоржынында керек кезінде пайдалана алатындай сөз қоры мол болуы қажет. Мысалы:

«Бөрі алатын жігіт бөрігінен белгілі, жау алатын жігіт серігінен белгілі»,

«Алыс та жақын болар жолын тапса, жақын да алыс болар қолын қақсаң» [3, 18-35 б.].

Бұл мақал-мәтелдерді оқығанда әр әріптің дұрыс айтылуымен қатар орфоэпиялық заңдылықтарды да ескерген жөн. Мыс: Бөрі алатын – бөралатын.

Дыбысталудың сапасы жақсарғаннан кейін, жаңылтпаштарды, қысқа фразалы өлеңдерді, санамақтарды айтқан жөн. Әрине, өзіңнің тілің келмейтін, не болмаса, тез сөйлегенде шатасып, күрмеліп қалатын әрпіңе құрылған өлең немесе жаңылтпашты таңдаған дұрыс. Мұнымен әрі жаттығасың, әрі тіліңді түзейсің. Себебі, әдеби тілге тек дауыс ырғағы ғана емес, дыбыс арқылы ажар бітіресің. Мысалы:

Есік алдындағы отынның

шырпылылырағынан ала кел,

томарлылырағынан ала кел,

түбірлілірегінен ала кел- деген жаңылтпашты жәй, орташа, тез айтуға дағдылану керек. Халықтың  жаңылтпашты ойлап шығаруында да мән бар тәрізді. Бұл сөздің дұрыс сөйленуі, мағына-мәнінің бұзылмауы, әр сөздің дәлді, нақты мағынасының сақталуын көздейді. «Қазақ халқының тілі бай, әрі көркем тіл. Сан алуан көрікті де, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер мен нақыл сөздер халық тілінде көркемдеп бейнелеуші, өрнектеп мәнерлеуші тәсілдер де сонда», [4,58]-  деп белгілі ғалым М.С.Серғалиев дөп басып айтқан.  Жаңылтпашты айту барысында қай әріпке актердің тілі күрмелсе, сол әріпке құрылған жаңылтпашты көбірек айту керек. Әрбір әріпке құрылған жаңылтпаш бар. Мысалы: «с»-«ш» дыбыстарына арналған:

Басшы асшыға: «Есікті ашшы», - десе,

Асшы басшыға: «Тұздығы да ащы», - депті.

 Дегенмен дұрыс сөйлемейінше, дыбыс артикуляциясының қызметі дұрыс болмайынша,  актердің тіл техникасы төмендейді. Ресей ғалымдары Г.Кристи және О.Соболевская шығармашылық мақсаттарға жетудің оңай еместігі, актерге күтпеген кедергілерге төтеп беруге дайын болу керектігі жөнінде айта келіп: «...менің ернімнің артикуляциясы жақсы дамымаған және шеберліктен ада, ол тіпті жылдам сөйлеуге мүмкіндік бермейді. Буындар мен сөздер көмескіленіп, былжырап кетеді. Соның салдарынан дауысты дыбыстар үнемі асып-тасып, тіл күрмеледі»– деп жазады [5,41].    Міне, үнемі өздерінен кемшілік іздей жүріп, әлі де болса дайындық қажет екендігін ескеріп жүреді. Демек, «Сөздің көркемдік қуаты әлсіреген жерде драмалық спектакльде қасиет қалмайды»,– деп Б.Құндақбайұлы айтқандай актер шығармашылығындағы сахналық тілдің маңыздылығы өте зор [6,258].

Тілдің шынайылығы, құдіреттілігі, қадір-қасиеті көркем шығарма тілінде ғана айшықталады.

 Тіл техникасының рөлі, лексикалық қоры, оны дамыту, тіл тазалығы, сөздің дыбыстық құрамын меңгерту, мәнерлі сөйлеуге үйрету, тіл мәдениетіне, көркем сөз өнеріне студенттерді баулу ең маңызды мәселе.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Д.Тұранқұлова «Сырлы сөз – сахна сәні», Алматы «Білім», 2003 ж.

2. М.Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті, Алматы, Мектеп, 1976.

3. Тұрманжанов Ө. «Қазақ мақал-мәтелдері». А., «Ана-тілі», 1997. 

4. М.С.Серғалиев, «Қазақ тілінің стилистикасы» Алматы. 1994 ж.

5. Кристи Г., Соболевская О. Станиславский – реформатор оперного искусства. М.,1983.

6. Құндақбайұлы Б. Заман және театр өнері.  Алматы: Өнер, 2001.