Абдуллаева
А.Ә. ф.ғ.м., аға оқытушы
Бекмағанбетова
Г.Ш. ф.ғ.к., аға оқытушы
Қорқыт
ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
ҚАЗІРГІ АЙТЫС
ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ АРАБ-ПАРСЫ СӨЗДЕРІНІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Айтыс – «айт» етістігінен туған зат есім,
өз мағынасымен алғанда, «айтыс» екі кісінің
сөйлесуі. Бұл сөйлесу – қазақ арасында көп
ұшырасады. «Айтыс» кейде «талас» мағынасында да ұғылып,
біреу мен біреу таласса, жанжалдасса «пәленше мен түгенше айтысып
қалыпты» деп те айтады. Айтыстың мағынасы осындай кең
болғанымен, «айтыс» ұғымындағы сөздердің
ішіндегі ең басымы - өлеңмен айтысу. Қазақ
тілінің сөздігінде айтысқа мынадай анықтама берілген:
Айтыс –
бірінші мағынасы – зат есім, суырып салма ақындардың ауызша
өлең түріндегі сөз жарысы, екінші мағынасы –
етістік, яғни ортақ етіс, өлеңмен сөз жарысына
түсу, сайысу [1, 12]
Айтысты
ғылыми түрде арнайы зерттеген ұлы жазушы
М.О.Әуезовтің еңбектерінен айтыс өнерінің
бұл түрінің ерте кездерде Азия халықтарының,
тіпті Еуропа халықтарының біразында болғанын, бірақ
дәл қазақ халқындағыдай
сақталмағандығын көреміз [2, 423].
Өткен
ғасырдың соңғы ширегінде елеусіз қалып, біртіндеп
өшуге айналған бұл өнер түріне еліміз егемендік
алғалы ғана қайта жандана бастады. Бұл кезде
алғашқылардың бірі болып айтыс сахнасын ашқан Манап,
Әселхан, Айтақын, Қуаныш, Балғынбек, Айбек,
Дәулеткерей, Мұхаметжан, Айнұр, Ринат, Серікзат т.б.
көптеген айтыскер ақындар халықтың ризашылығына
бөленіп, айтыс өнерін жаңа қырынан танытты,
тәуелсіз еліміздің жаңа тарихын ашуда өз
үлестерін қосты, қосып та келеді.
Қазіргі
айтыс жөнінде баспа беттерінде, теледидардын алуан-түрлі пікірлер
айтылуда. Тіпті, кейбір қырлары, соның ішінде тілдік ерекшеліктері
тұрғысынан да, ғылыми ізденістердің арқауы болып
та келеді.
Алайда,
әр дәуірдің айтысы өз кезеңінің
насихатшысы, сол дәуірдегі халық тұрмысының айнасы
десек, соған байланысты қолданысқа түскен тілдік
ерекшеліктері де болды және бұл ерекшеліктер көбінесе
лексикалық тілдік бірліктерден айқын аңғарылып отырды.
Мәселен,
қазақ тарихындағы айтыстардың үш кезеңге –
Кеңес дәуіріне дейінгі, Кеңес дәуірі кезіндегі
және Егемендік алғаннан кейінгі – деп бөліп қарайтын
болсақ, аталған кезеңдердегі айтыстың лексикасында
елеулі айырмашылықтар бар екенін байқаймыз.
Мұның
өзі сол кезеңдердегі айтыстың мақсат-мүдделерінен
туындайды. Бұл жөнінде белгілі ғалым Р.Сыздық: «Айтыс –
атының өзі айтып тұрғандай, сайыс
болғандықтан, оны тудыратын уәждер, көздейтін
мақсат болу керек. Бұрынғы атақты айтыстарда елдік,
әлеуметтік мүдделермен қатар, адами қасиеттердің
жақсысын үгіттеп, терісін түзетуді қозғайтын
сөз жарыстары болды. Сонымен қатар екеуара
сөзжығысқа шығатын оңаша айтыстар да, шағын
бір топтың талап-мүддесін көздейтін «ортанқол» айтыстар
да, қыз бен жігіттің, әйел мен ер адамның, жезде мен
балдыздың, «бірін-бірі жібермейтін» құрдастардың
сөз сайыстары да айтыс деген үлкен дүниенің
түрлері мен тарамдарын көрсетіп өтіп келді, өтіп келеді»,
- дейді [3,5].
Міне, осындай
пікірлердін кейін айтысқа қатысқан ақындардың
жекелей де, ортақ та сөз қолданыстарының болуы
заңды деп есептейміз.
Ақындар
айтысының қай кезеңінде, қай түрінде болмасын сол
дәуірдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына
байланысты тыстан еніп, халық жиі қолданатын тілдік элементтерге
айналған сөздер болады. Солардың бірі – «кірме сөздер»
аталатын лексикалық бірлік болса, соның ішінде қазіргі кезеңге
тән басты ерекшелік – араб-парсы тілінен енген, әсіресе дінге
байланысты сөздер болып келеді.
Еліміздің
тәуелсіздіктен кейінгі айтыстарда ақындар ұлттық
руханиятымыздың алтын діңгегі - тілді жырлады, ар-ожданның
өзегі – дінді кең насихаттай
бастады, бірақ жалаң сөз, жадағай ойға
барған жоқ. Егемендігіміздің негізгі тірегі бірлік,
ынтымақта екендігін айтыс ақындары шын жүректерімен сезініп,
соны халыққа жеткізе білді.
Осы
тұста еліміздің егемендік алуына байланысты айтыстарда
имандылық, діни мәселелерге байланысты тақырыптарға
еркін баруына бетбұрыс басталғандығы анық көріне
бастады. Мұның өзі ұлттық идеологияның
негізгі саласы ретінде қарастырылатын ислам дінінің халық
арасындағы сенімін нығайта түскендей болды. Әсіресе
жастарының имандылық жолын ұстанып, мешіт-медреселерге
көптеп баруы да осының дәлелі. Ислам діні мен
мәдениетін насихаттаушы айтыс ақындары жырларының бір
ерекшелігі – олар осы тақырыпты күнделікті өмірмен,
қазақ қоғамының өркен жайып,
өрістеуімен сабақтастыра қарайтындықтарынан болса
керек. Айтыскер ақындар адалдық, ізгілік, имандылық
төңірегінде ой қозғай отырып, осы жақсы
қасиеттер арқылы ел келешегінің баянды, бақуатты
болатындығын нанымды жырлай білді.
Әсіресе осы үдерістің жас
ақындардың айтыстарында көрініс бере бастады. Мәселен,
М.Тазабековтің бүкіл қазақ даласын аралап кеткен
насихат жыры қаншама қандастарымыздың жүрегіне иман
нұрын ұялатып, дұрыс жолға түсуіне түрткі
болғаны белгілі. Ақынның дінге байланысты айтылған мына
өлең жолдары
көңілге көп ой салады:
Жігітті
жастық шақта еркі жеңер,
Сеніммен
ұстам алса сертің егер.
Аллаға құл, адамға
ұл болу ғой,
Намазға кеп түйіссе тең
тізелер.
Ақын намаз оқыса хақты танып,
Алдымен
аузындағы сөз түзелер.
Он күнәнің тоғызы
тілден екен,
Сөз
түзелсе, Иншалла, ел
түзелер [4, 27].
Айтыс
өнерінде діни тақырыпта жырлау – ертеден келе келе жатқан
үрдіс. Ғалымдар айтысты түрге бөліп
қарастырғанда, «діни айтыстар» деп жеке көрсетуі де бұл
тақырып саласының
өзіндік орны мен әлеуметтік мәніне айғақ
болса керек.
Тәуелсіздіктен
кейінгі айтыстарда имандылық, діни мәселелерді тереңірек
қозғап, жырлаған әрі осы тақырыптарты
өзінің позициясы ретінде ұсынып, қоғамда болып
жатқан түрлі проблемелер түйінін сол арқылы шешуге
талпынған ақындар легі пайда болды. Дін тақырыбын
тереңдете жырлап, халыққа кең насихат жасаған
айтыс ақындарының ішінде Мұхаметжан Тазабеков есімін ерекше
атап өтуге болады. Ислам дінінің тамырын халықтың
өмір сүру қағидаларымен астастыра өріп,
қоғамға қаншалықты қажеттігін нақты
мысалдармен дәлелдеп көрсетуде айтыскер ақындар асқан
шеберлік, білгірлігін танытты. Мысалы, Ринат Заитов пен Рүстем
Қайыртайұлының :
«Жасымда
жарымды еңбек ете алмасам,
Не бетіммен кетемін бұл пәниден» - деген сөз саптаулары дәлел. Немесе
Аманжол Әлтаев пен Жәкен Омаровтың айтысын ерекше айтып
өтуге болады. Аманжол Әлтаев:
Бірі
едім шыққан ұлдың қара жолға,
Кездестім
өзіңменен дара жолда
Өлеңін
құранымен қатар
өрген,
Жәкендей
аманбысың, бала молда –
дегеніне жауап ретінде Жәкен Омаров:
«Ассалаумағалейкум,
Отырған
жәмиз жұрағатым»....
Парыз, уәджип, сүннәтті түгендеген,
Пенденің жаннатқа бір шыңнан
бағы.
«Дертіңді кәлем-шариф
анық басар.
Оқыған
ғалым жұртқа жарық шашар»
Жегенде
доңыз етін, сол хайуанның,
Мінезі мен
құлықы қалыптасар, - [4,30]
деген
қолданыстары дәлел.
Ақындар
мұсылман дінінің жарлықтары мен заң ережелері
жағынан да білім сынасады. Айтыс барысында бірқатар араб-парсы
сөздері жиі қолданылған. Мәселен, Ассалаумағалейкум, құран, молда, жәмиз, халал,
харам, мейрам, парыз, уәджип, сүннет, пенде, жаннат, бақ,
дерт, кәләм-шариф, ғалым, хайуан, шайтан, періште,
дүние, алла, рух, иман, мұсылман, жиһад,әдеп, шілия,
пайғамбар, зікір, Жебірейіл, ислам, мешіт, қажы, рахым, Мекке, пара
деген сөздер көптеп кездеседі. Дінге байланысты
сөздердің біразы тұрақтап қалса, кейбіреуі тілдік
айналымнан шығып қалған. Мысалы, кәләм-шариф
(араб сөзі), «қасиетті сөз», «қасиетті» кітап
(Құранның бір аты). Уәджип (араб сөзі),
мағынасы борыш, міндетті, қажет; діни термин, яғни
шариғатта орындалуы қажет деп табылған борыш, міндет,
бірақ парыз емес. Сүннет
(араб сөзі), әдет, әдет-ғұрып; тәжірибе
деген мағынаны білдіреді, діни жағынан «сунна»
(Мұхаммедтің айтқан өсиеттері туралы аңыздар).
«Жиһад» сөзіне арабша-қазақша түсіндірме
сөздігінде «күрес», діни. «қасиетті» соғыс,
ғазауат деп анықтама берген [5].
Жәкен
Омаров - діни сауаты бар танымал айтыскер ақын.
«Мүбарак болсын құрбан айттарыңыз,
Тәбарак ырыс қосып ырысына»
Наурызда Тәңіріден
тілейтінім –
Сабыр берсін батыс пен шығысыңа.
Мейрамды үйіп-төгіп бере салған,
Құдайдың мыңда шүкір мұнысына (Бекарыс
Шойбеков мен Мұхамеджан Тазабеков) [4, 112].
Мұнда мүбәрак, тәбарак, ырыс, тәңір, сабыр,
айт, мейрам, құдай, шүкір, наурыз сөздері кірме
сөздер, яғни араб-парсы тілінен ауысқан сөздер.
Бұл жерде «мүбәрак» сөзіне қазақ
тілінің түсіндірме сөздігінде «құтты,
қайырлы, сәтті» деп анықтама береді. Және осы сөз
сайыста «намаз» сөзінің жиі қолданылуы кездеседі:
«Алладан жәрдем тілеп сөз
бастайын
Намаздан жаңылмаған нар
Жамбылдай» немесе:
«Аллаға-құл,
адамға-ұл болу ғой,
Намазға кеп түйіссе тең
тізелер»
Намаз – ислам
дінін тұтынатын діндар адамдардың Аллаға бағыштап
күніне бес рет дұға оқып өтейтін
құлшылығы. Ал «хақ» сөзі мұсылман дiнiндегiлердiң
ұғымы бойынша дүниенi жаратқан алла тағала,
құдай, тәңiрi. Ал, семейлік Сара Тоқтамысова мен жерлесіміз Мұхтар
Қуандықовтың айтысында Мұхтардың сөз
бастауында дінге байланысты сөз саптаулар кездеседі:
Бастайын Субханалла, тағала деп,
Ләиллаха
илла алла тәубама кеп.
Үмбетіне
жараспас жаман әдет,
Иман
ағзам мазғабын ұстанғандар.
Айында рамазанның алаңдаймын,
Аспаннан алла нұры тама ма деп [4, 84].
Көбінесе айтыс
өлеңдерінде араб, парсы сөздерін, яғни дінге
қатысты элементтерді жиі пайдаланады. Мысалы, Мұхаметжан мен Бекжан
Әшірбаевтың:
Ассалаума-ғалейкум,
Ар-ұяты,
пейілі
Пәренжелі пәк елім.
Я болмаса:
Құранға ой
қоспай-ақ қояйықшы,
Ой алас да
жетер елдің ағасына.
Пешенелі пенденің
соқпағы бар
Бесік пен бейіттің арасында [4, 96].
Бұл
жерде «пәренжі» сөзіне түсіндірме сөздікте «кең
сыртқы киім, жамылғы» десе, ал «пешене» сөзін «Адам еркiнен тыс болатын
оқиға барысы, түрлi жағдайдың тоғысу
салдары» деген түсінік береді.
Қоғамдағы
кейбір келеңсіздіктерді ащы айтатын ақындар кейде халық
жүрегіне, танымына жақын осындай аяулы сезімдерді де ұсынып
жатады. Мұның өзі айтыс ақындарының қараша
халық ықыласына, пейіліне ден қоя білетіндіктерін, нені
айтып, нені жырласа да тек ұлт мүддесі, аңсар-мұраты
үшін қызмет жасайтындықтарын аңғартады.
Айтыстағы дін, түрлі тың тақырыптар, сөз
жоқ, халыққа үлкен рухани қуат, байыпты
бағдар берген тағылымы мол жыр үлгілері болып табылады [5,
88].
Сонымен
бірге, көптеген араб, парсы сөздерін айтыс ақындары стильдік
мақсатта жарыстыра қолданады. Мысалы: ақын-шайыр, хат-наме,
алла-хақ, тәңір, жаратқан және т.б.
Қалай
болғанда да, бұл ақындардың бәрі де діннен ауызша
болсын, жазбаша болсын хабары бар, араб-парсы тілдерінен енген
сөздердің мән-мағынасын жете түсінетін адамдар
болғаны анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Балақаев М.Б. Қазақ әдеби тілі және
оның нормалары. – Алматы: «Ғылым»баспасы, 1984, 267 б.
2.
Әуезов М. Шығармалары. 11 том. – Алматы, 1969. 423 б.
3.
Сыздық Р. Айтыс – ауызша әдеби сөздің ерекше
түрі. – ғаламтордан алынған материалдардан.
4.
Қазіргі айтыс. Құраст.:Нұрахметұлы. – Астан:
«Күлтегін» баспасы, 2004, 1 кітап, 312 б.
5.
Қойлыбаев Ш. Айтыс – ұлттық идеяны ұлықтаушы
өнер. // Қазақ тілі мен әдебиеті, 2007. №4 сәуір.
– 88 б