ӘОЖ 821.512.122.0

М. Жұмабаев шығармаларының көркемдік ерекшелігі

п.ғ.к., доцент Б.У. Курбаналиев, С.Ж. Мырзамуратова

 

Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің поэзиясы арқылы бүгінгі ұрпаққа көркемдік деңгейі жоғары, сырлы да, мөлдір сөз өнерін қалдырды.

Мағжан қазақ өлеңдерін мазмұн жағынан түрлендірді. Тақырып
аясын кеңітті. Ой жұтаңдығынан құтқарды. Мағжан поэзиясының
ерекшелігі — Мағжанда өлеңнің әр жолы сөйлейді. Тіпті жол ғана сөйлемейді, сөз сөйлейді. Мағжанның жекелеген сөздерінен түйінді ойлар білуге болады.

Мәселен, ақын «Толқын» деп аталатын өлеңінде толқындардың қозғалысының әртүрлі болып келетіндігіне назар аудартады. Сылдырап аққан бұлақтың бетінде  бірде көпіршіп, бірде иіріле ағатын толқындар нәзік, қарапайым, зиянсыз, сырттай қарағанда өмірге қатер тудырмайды. Солай болса да Мағжан толқынның қимылынан біріне-бірі жақындап келіп, сырласқан болып, бірінің сырын бірі ұрлап, бірін-бірі жұтып жіберетін жымысқы адамдардың  әрекетін көреді. Толқындар бірін-бірі қуалай алдап, еркелей ойнап, жарыса жүгірген болып, абайсызда итеріп құлатып жібергеннен кейін өтірік жылап, көз жасын сүртіп, жағалауға шегініп, өзге толқындарға ілесіп, көрінбей кететін адам әрекетінің образын ойға салады. Жартасқа сүйеніп, көз жасын сүртіп, сылқ-сылқ күліп, бірінің ізін бірі аңдып, жоғалып жататын адам тағдырымен астарлайды. Осылайша, өмірдің толқынды құбылысының қозғалысын ойға салғандай образдайды.

Ақын сөз кестесін ажарлап, теңеуге зор мән берген. Ол белгілі бір жұрнақтарды, яғни «дай, дей » түрлерін пайдаланғанда , жалаң әсемдік мақсатын көздемейді. Ақын суреттеп обьектісіне өзінің көзқарасын айқындай түсуді нысана етеді.

Ашуы жауған қардай, шөккен нардай,

Қарт қыран қанжығалы қарт Бөгенбай.

Найзасын найзағайдай ойнататын,

Жас барыс бәсентейін сары малай.

Ақынның жоғарыда келтірілген  «Батыр Баян» дастанындағы үзіндіден Мағжанның халық шығармашылығы туғызған теңеулерді өзінше әрлегенін , батырларды әсірелей жырлайтын ауыз әдебиеті дәстүрлерін сақтағанын байқаймыз.

Поэзияның көркем тілі эпитетсіз болмайды. Біреулер эпитетті өлең сөздің реңін әдейі құбылту, құлпырту деп түсінсе  өзге біреулер суреттеп отырған заттың мәнін дәлме –дәл, нақты сөзбен жеткізу құралы деп біледі. Ақын өз өлеңдерінде көркемдік тілді  шебер пайдалану жолдарын тиімді ізденістермен таба білген деп ойлаймыз. Және де бір мысал келтірелік:

Бұрқырап қара дауыл соғып тұрған,

Көкорай түсі қашып солып тұрған.

Шыдамай қатты ызғарлы жел өтіне ,

Бүрісіп ағаш , шөптер тоңып тұрған.

      Осы өлеңде оқиға жылдың қай мезгілі туралы екені «Кұз» атты өлең тақырыбын оқымасаң да, өлең жолдаындағы эпитеттерден көз алдымызға маусымның белгілі бір кезеңін айқын келтіре аламыз. Себебі бұл –қара дауыл, желі қатты, ызғарлы, қыстың ауылы алыс емес екенін сездіртетін күз екендігін аңғарамыз. Сондай –ақ, ақынның «Сүй, жан сәулем» атты өлеңіндегі «Жылы, тәтті у » сөзі ше? Әрине, бұл сөздер де белгілі сөздер . Бірақ өлең  жолындағы тіркесте бұл сөздер тың әрі өте әсерлі.  Өлеңге жастықтың өзіне тән  қасиетін дарытып, отты сезім беретін дәлме –дәл сөздер, яғни эпитеттің құдіреті.

Мағжан Жұмабаевтың  өлеңдері метафораға яғни ауыспалы мағынаға да өте бай келеді. Ұқсас заттар мен құбылыстарды бір –біріне балау өз алдына, ақын өз өлеңдерінде метафораның басты ерекшелігі мағынасы бір –біріне қарама –қарсы, бір –бірінен алыс нәрселерді жақындастырады . Мысалы :

Сарғайдым күннен –күге қуат кеміп,

Қалың ой –қара жылан жүректі еміп,-

депті ақын түрмеде жазылған «Сарғайдым » атты өлеңінде. Шынында да,  ой мен жыланның арасы жер мен көктей. Бірақ жанаспайтынды жанастыратын ақын қиялының қуатын осы орайда елеп -ескермеске болмайды. 

Теңеудің және бір түрі – метонимия, синекдоха болса, әдебиеттегі осынау көркемдік элементтер ақын шығармашылығында молынан табылады. Ақынның «Бір күні» атты өлеңінен үзінді келтірейік.

Япыр –ай , осындай –ау, адам дағы ,

Бір күшті , біреуі жаман дағы,

Күштісі әлімжеттік қылғаннан соң,

Дүние де жақсылықтан аман дағы .

Күшсіздер, сорлыларға атар таң жоқ...

 

Шағын детальмен, кішігірім нәрсемен үлкен ұғым болмысын танытатын метонимия Мағжанда әр қилы жолмен пайдаланылады. Адамды түстеу , не даусын айыру арқылы кімнің-кім екенін аңдататын  мысалдарды көптеп келтіруге болар еді. Мағжанның «Жаз  келеді » атты өлеңінен мысал келтірейік .

Қара көз, таста кестеңді,

Үйден отырып қуарма.

Тысқа шығып кіргенде

Екі –бетің екі алма.

Немесе :

«Берниязға» атты өлеңінде

Көрінсе егер сонау күміс күлкілер ,

Жас ұланның жүрегін жүз тілгілер.

 

Мұндағы «Қара көз», «күміс күлкі» қазақ өлеңі үшін жаңалық емес. Бірақ өлең жүйесінде ойнап тұр.

Біріншісінде наз айту қыз портретін жасауға талпыныс бар. Екіншісінде қыздардың іш жандыраралық қылығын жас жігіттің әсері бойынша суреттеп, психологиялық сюжет құрайды. Дарияның астында тігілген алпыс отаудағы сұлулардың қасы-көзін «туған айдай», «мөлдір судай» деп сипаттай берсе, мұның көңілге әсері онша болмас еді. Эстетикалық әсер ауыз-мұрынды түгендеуден тұрмайды. Бұл арада сыңғырлаған күлкі жігіт жүрегін тілгілеп, есінен тандырып жатқаны синекдоханың шебер қолданудың жемісі.

Ақындықтың бір сыналар тұсы – пернелеп айту (аллегория). «Пернелеу,  - деп жазады А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқышта», - бір нәрсенің, көбінесе адамның мінезін, құлқын, ғамалын екінші бір нәрсенің мысалын да көрсетіп айту – пернелеу болады.

Мағжанның «Көбелек» өлеңінен үзінді келтірейік:

Шырқ айналып ентелеп

Жүрер де, бір уақ ол қонар.

Ұмтылған от сорлана

Күйдірер де, тез тынар.

Бір нәрсе де болмайтын күйді, екінші нәрседе болатын күйді көрсететін сөзбен айту, бейнелеу болса, мынау соның ұлғайтылған түрі, астарлы өлең. Жарықтың бәрі алтын екен деп, көрінген жарыққа шаба бермеу, пәруананың қылығына салынбау керек дейді.

Мағжан мысал өлең де жазып көрген. «Мысық пен ат» мысалы кей адам мінезіндегі жарамсыз қылықты, екі жүзді топастықты ащы мысқылмен түйрейді. «Асылды қолға түспес жасық деуші, // «Қолға түссе жасықты майдай жеуші» қулардың бет-пердесін жұлып тастайды.

Ұлғайту, кішірейту (гипербола, литота), әсірелеу (гротеск), т.б тропалық түрлердің Мағжан кестесінде ұшыраспайтыны жоқ. «Әдебиет танытқышта» Мағжанның «Пайғамбар», «Сен сұлу» өлеңдерінен үзінділер келтірілген. Бірінші өлеңінен алынған үзіндісі мына екі шумақ:

            Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар

            Мен – күн ұлы, көзімде күн нұры бар.

            Мен келемін, мен келемін, мен келемін

            Күннен туған, күннен туған пайғамбар...

            Күншығыстан таң келеді, мен келем

            Көк күңіренді, мен де көктей күңіренем.

            Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,

            Жер жүзіне нұр беремін, күн берем.

Мұндағы қайталанған сөздер өлеңге айырықша екпін беріп тұр. Өлеңнің интонациясына жігерлі үн қосқандай. Ал енді:

           

Күл қылайық қаласын,

          Құл қылайық баласын.

            Жоқ, жоқ, Ашу басалық.

            Гүл қылайық қаласын,

            Ұл қылайық баласын,

            Мейірім есігін ашалық, -

Деген тұста («Күншығыс») ақын шендестіру әдісін қолданған. Ақ пен қара қатар келіп бірін-бірі ашады. Жай қаласын гүлдендірейік батыстың десе, көңілге жетпейтін әлде бір арзан сөз болар еді.

Шын мәнінде Мағжан қазақ өлеңін сырлы сөзден әуезге айналдырды. Әуезді дыбыстардан көркем сурет сала білді. Құнарлы да нәрлі сөзге жан бітірді, қазақ поэзиясында жаңа өлшемдер туғызды. Оның өлеңдеріне, жалпы алғанда поэзиясына романтизм, асқақ леп тән болды.

         Ақынды ақындық тұрғыдан көркем сөз өнерінің асқақ  суретшісі деп айтуға болады.

 

 

Резюме

Каждая строка песен Магжана имеет значение.

Resume

Every line of magzhans poem has meaning.