Б.Момышұлының шығармашылығы.және әдебиеттегі Отан
қорғау, гуманизм тақырыбы
Амрина Д.С. Қазақстан Қарағанды қаласы N95
мектеп-гимназиясы
Елдік пен ерліктің
киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей,
асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты
аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан
Момышұлы –тау тұлға.Ол кісінің
өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы
жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі,
алғырлығы мен көрегендігі – біле білгенге
ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі. Батыр
Бауыржан Момышұлы –алмас қылыштай өткір де
қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын, «сөз
қадірін өз қадірі, өз қадірі
ел қадірі» деп бағалаған айбынды
азамат. Осынау дара
тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры,
ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы,
сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары
әркімнің көкейінде.
Б.Момышұлы–адамгершіліктің,
азаматтықтың, патриоттықтың, имандылықтың
символы, көркем бейнесі іспетті. Батыр атамыз Б.Момышұлы жеке басы
ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлтжандылығымен,
қаһармандылығымен, дарындылығымен, жоғары
адамгершілік қасиеттерімен елеулі. Баукең – әлем
халқының ортақ перзенті дәрежесіне дейін
көтерілген азамат.
Бауыржан Момышұлы – соғысты
өз көзімен көрген жазушы.Ол – суреткер. Батыр
Бауыржанның айтар ойы, жазар тақырыбы – соғыс
шындығы. Ол өз шығармасының кейіпкері,
өзінің образдарымен тұтасып кеткен
тұлға. Барлық оқиғалардың бел
ортасында өзі болғандықтан автор
әнгімені өз атынан айтады. Ол сырт бақылаушы емес,
белсенді қатысушы.
Қазақтың
Бауыржан Момышұлындай ұлы перзентін таныстырып
жату артық. Ел оның ерлігін, жазған кітаптарын біледі.
Оның мірдің оғындай қанатты сөздері
де халықтың аузында жүр. Сөйтсе де
сол сөздерді жүйелеп беріп, жинақтаса, ол
жаңа бір сипатқа еніп,
халқымыздың батыр ұлының абыздық қырын аша
түседі[1].
Соғыста 207 рет
шабуылға шығып, бірнеше рет жараланып тірі
қалғаны, өмір бойы ешкімге бас имей тек өз
ар-намысының ғана құлы болғаны,
халқының қамын ойлап, болашағы
үшін күресіп өткені, өмірдегі
өзі арқалаған ауыр жүгін,
қоғам алдындағы өз парызын
терең түсінгені – осының бәрі
Баукең шығарған қанатты
сөздердің қайнар бұлағы.
Баукеңнің нақыл сөздеріне
айналған, оның басынан кешкен жайттары ғана емес,
өмірден көріп білгені,
көкірек-көңіліне түйгені, жүрегіне
ұялағаны, қоғамға, болашаққа
деген ой-пікірлері.
Ал бұл ойларды
жинақтап, мақал – мәтел деңгейіне дейін
көтеріп, болашаққа өсиет ретінде
жазып қалдыру – тек Бауыржан Момышұлы
сияқты талантты тұлғаның ғана
қолынан келетін іс.
1943 жылдың
наурызында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің
председателі Н.Оңдасыновқа жолдаған хатында «Жігітті
жауынгерлікке тәрбиелейтін қазақтың игі
дәстүрлері» деп аталатын қолжазбасындағы тараудың
жоспары жөнінде пікір алысқысы келетіндігі жайында айтылады. Ел
арасында «Б.Момышұлы айтты» дейтін қысқа әрі
нұсқа әңгімелері бар.
Сондай
әңгімелерді жинаған жазушы Мамытбек Қалдыбаев
Бауыржанның өз аузынан жазып алған көрінеді.
Қысқа әңгімелерінің бірі «Бізде көп
нәрсе бар» деген атпен беріліпті. Мұнда Бауыржан өскен орта
мен қазақ халқының даналығын, қол
өнерін ерекше атап көрсетеді. «Өз үйім - Отан
ошағым» деген сөзді «...Менің ошағым Отанның
ошағы, Отан болмаса ошағым да, үйімде, болмас еді,
менің үйім де, ошағым да Отандікі деген патриоттық
сөз» деп, мұндай сөзі қанша халықты көрсе
де нақ жетер жеріне жеткізе айтқан қазақ
халқындай халықты көргенім жоқ деп тебіренеді.
Б.Момышұлы ұлттық дәстүр мен
қолөнерді сақтау мен оның келешегі жайында
алаңдаған бірігей жан болатын[2].
Бауыржан
Момышұлы жайында соңғы кезде аз жазылып жүрген
жоқ. Дегенмен ол жазған шығармалардың барлығы
дерлік зерттеуді қажет етеді. Баукеңнің
шығармаларының қасиетін тану философиялық, әдеби,
социологиялық, саяси жағынан талдауды, зерттеуді қажет етеді.
Бауыржанның
өз халқына ұқсаған биік тұлғасы бар,
оның ел ұғымында жинақы, толық, тұтас
бейнесі қалыптасқан. Ол тек соғыс қаһарманы
ғана емес, сонымен бірге жарқын бейнелі, қайта тумас, сол
кезеңдегі «ноқтаға басы сыймаған» жалқы азамат
еді. Оның батыр атағымен қоса, жазушылығын тіркесек
алуан түрлі алып тұлғаның тұтастығы
қалыптасады. Аңызға аты айналған Момышұлының
тұлғасы батырлығы мен жазушылығымен ғана
айқындалмайды, сол секілді ол жайындағы ел арасында аңыз -
әңгіме боп тараған есімінің өзі ерекшелеп
тұрғандай. Шындығын айтсақ, қазақ
халқының қайталанбас тұлғасы [3].
Шындығында
Бауыржанның «соғыс психологиясы» жайлы жазған еңбектері
Отанды қорғау мақсаты, әскери - ағартушылық
әдебиетінің негізін салудың алғашқы баспалдағы
ғана емес, өзін «ұшырған ұяны» бүкіл
қазақ ұлтын қорғау мақсатында
жазылған десек те болар еді. Отанды қорғау ұғымы
Бауыржан Момышұлының әлдеқайда кең. Оны ұлы
тұлға өз ұлтының алдындағы перзенттік
парызым деп есептеді. Адамның адамгершілік, пенделік қасиеттері
туралы жазған жазушы Парыз жайында: «Парызды ерліктің жүрегі»
дей келе, «Парызды саналы түрде түсіну ғана барлық
игілікті істерге аспандағы бағдар сілтер жұлдыз сияқты,
адам неге қабілетті болса, соған барлық ұлы және
тамаша нәрселерге қабілетін арттыра түседі... Әлемде
парыздан артық қуатты, қозғаушы күш жоқ,
әрі болмайды да» деп түйіндейді.
Б.Момышұлы
суреттеген кезең немесе орта, ондағы
тәлім-тәрбиенің өзін сол заманның болмысы
болатын. Енді оны сол күйінде кешіріп немесе сол қалпында
бүгінгі жас ұрпақтың зейініне жеткізу ол үлкен
еңбекпен келетін іс. Адамның адамгершілік, ар-намыс секілді тек
рухани қасиеті өзінің болмысымен ғана емес ісіменде
көрінетін нәтиже. Бауыржан ар-адамгершілікті біздің ұлт
секілді биік деңгейде бағалай алатын, ісімен көрсете алатын
өзге елді көргем жоқ дейді, осыдан оның ұлт
қасиетін мақтаныш ететіні, оны бірінші орынға қоятыны
аңғарылады[4].
Шығармада
суреткер адамның жақсы-жаман қасиеттерін танытатын
тәрбиелік құны бар ұтымды оралымдары жиі
қолданған. Адам бойындағы жақсы
қасиеттердің бірі - нысап. Шығармадағы бір кейіпкер
ақын Өтеп «бере берсеңдер, мен ала берсем» деген тойымсыз
мінез танытады. Сонда ауыл ақсақалы: «нысап сайын береке» деп
оның әлгі сұқтанғыштығын тыйып тастайды.
Мұнда адамның тойымсыздығы ашкөздікке апаруды
тыйуға, әр нәрсеге қанағатпен қарауға
негізделсе керек. Сондай-ақ жазушы жас адамның құр
арманға берілгенін емес, шынайы ісі арқылы еңбектенгені
дұрыстығын «жастығымда еңбек бер,
қартайғанда дәулет бер» дейді, немесе «бейнеттің де
зейнеті бар» дейді. Жас кезінде аянбай, тер төгіп еңбек
етсең, соның жемісін көресің, қартайғанда
рахатын көресің дегені. Бұл мақалдан бала санасына
еңбекке деген сүйіспеншілікпен ынта-ықыласты оятады.
Еңбексіз ешқандай тірлік болмайтындығына, онсыз адам еш жерде
көркеймейтіндігіне түсінуге, ұғынуға
көмектеседі.
Сөз
өнеріне келгенде халқымыздың бай екені рас. Қандай да
бір қиюласқан жағдайда шешімін тауып, ретке келтіретін,
жөн-жосықтың орнын толтыратын, я болмаса «тобықтай
сөздің түйініне» тоқталмаған жан жоқ.
Жүйріктің жанын ұғатын, сәйгүліктің
сырын түсінетін халық «бір сұлудың құны бір
жүйрік» деп жақсы атқа баға берген. Мұнысы
жүйріктің қадыр-қасиетімен санасушылық деп
танылса керек.
Бауыржан кейінгі
ұрпаққа оны ұғындыра отырып,
тәрбиелеудің мәнімен маңызына терең бойлауды
қатаң талап ететінін көреміз. Ұлттық
тәлім-тәрбие адам болып қалыптасудың ұлы мектебі
екенін, сондай-ақ бүкіл ұлтты сақтап қалуға
ұлттық тәрбие алған адамы бар ел ғана жете
алатындығына осы шығарма арқылы көз жеткізуімізге
болады. «Ақиқат пен аңызда»
Ә.Нұршайықовтың «Наша семья» қазақ тілінде
қашан жарыққа шығады деген сауалына, Бауыржан «Мен оны
өзге ұлттарға арнап жазғанмын» деп жауап береді.
Жазушының негізгі мақсаты да айқын, орыс тілінде
жарыққа шыққан еңбегі арқылы
қазақ халқының дархандығын, қонақжайлылығын
өзге ұлтқа таныту.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы: «Ана тілі»
1991ж 339 б.
2. Сүйіншалиев Х.Қазақ әдебиетінің
тарихы.Оқулық.А.1986.501 б.
3. Қыраубаева А.Ғасырлар мұрасы.Зерттеу.А.,1998.287 б.
4. Келімбетов Н.Қазақ
әдебиеті бастаулары.Зерттеу.А.,1998.115 б.