Қазақ әдебиеті тарихындағы ақын шығармаларының мазмұны көркем әңгімедегі шеберлігі

 

Мухамедиева  Д.С.  Қазақстан Қарағанды қаласы N95 мектеп-гимназиясы

 

Еліміздің ірі қоғам қайраткері, ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов. Жазушының шығармашылық жолы өте бай, туындылары әдебиет тектерін толық қамтыған. Қай туындысын алсақ та Ғ.Мүсіреповтің қаламгерлік ерекшелігін қыр-сырынан тани аламыз. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай еңбек еткен академик-классик жазушы. Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады.

XX ғасырдың басындағы қазақ прозасында әйел теңсіздігі тақырыбы ерекше орын алғанын білеміз. Қазақ әдебиетіндегі ірі, орта эпикалық туындылардың алғашқыларының -«Бақытсыз Жамал», «Қалың мал», «Шұғаның белгісі» атауларынан-ақ олардың тақырыптық-идеялық сипатын  айқын аңғарамыз.

Жалпы осы тақырыпта да қазақ әдебиетінің кемеңгері Ғ. Махмұтұлы Мүсірепов ана бейнесін ашуда үлкен үлес қосты. Әйел-Ана тұлғасын сомдауда бүкіләлемдік аналар галереясын байыта түсті. Сонымен қатар сөз өнеріне де тақырыптық-идеялық сипатта зор үлес қосты. Жазушының әдеби-шығармашылық еңбегіне үлгі болған Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Крылов, Чехов, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқты орыс классиктері және батыс классиктері болды. Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. Гуманист жазушы М. Горькийдің адам деген ардақты атты жоғары бағалауы, өмірге рух себуші, тіршілік иесі аналардың қоғамдағы рөлі Ғ. Мүсіреповке үлкен ой салады. Ол М. Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты екі новелласын аударып, өзі де «Ақлима», «Ананың анасы», «Әмина», «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ана жыры», «Ер ана», «Атақты әнші Майра», «Айгүл қойшының күндері», «Айжан қойшының түндері» атты әңгімелерін жазады. Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» атты ірі эпикалық туындысы дүниеге келді. «Ұлпан» - бүкіл аналардың жиынтық бейнесі, «Ұлпан» - тарихи ел шежіресінің мазмұнында құрылған роман, ана тақырыбына жазылған шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу - Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Жазушы жасаған Ұлпан – аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен[1].

Әйел, ана, арулар тақырыбына арналған Ғабит Мүсірепов шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де, көрнектісі де «Ұлпан» романы. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер-күшінің молдығымен романда көрінетін Ұлпан тек қана жазушының өз шығармашылығы емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі оқшау тұрған әдеби бейне.

Романдағы басты кейіпкер – Ұлпан. Әр заманда, әр халықта өмірдің айрықша құбылысы болып жарқ ете түсетін төтенше дарынды, жарқын тұлғалар болатыны аян. Ұлпан өткен ғасырдағы қазақ топырағында пайда болған сондай ғажайып құбылыс еді. Жазушы ел өміріндегі тарихи фактіні ала отырып, өзінің суреткерлік қарымымен халық дарынының, ақыл-ойының типтік көрінісіндей адам характерін үлкен зергерлікпен сомдап берді.

Романдағы Ұлпан – негізінен реалистік тұлға. Оның бүкіл бойынан сол дәуірдегі қазақ әйелінің ең жарқын, ең асыл қасиеттерін көру қиын емес.

Романда суреттелетін Ұлпан – сырлы мінез-құлқымен, кесек бітімімен берілген тұлғалы образ. Оның сезім байлығы, адамгершілігі, адалдығы, моральдық тазалығы, ақылдылығы, зеректігі, зерделілігі, парасаттылығы, өткірлігі, өжеттігі келісті де көрікті бейнеленген.

«Ұлпан» — тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол ПІыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер [2].

Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп — айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші әйелдікке алады. Бес болыс Керей — Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі айтып, «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойландың ба?»- дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға бел байлаған Есеней: «Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы түннен бастап, менің Есенейім сенсің», — деп кесіп жауап береді. «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды»,—деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді [3].

Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды «отырса — опақ, тұрса — сопақ» етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін»,—деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі [4].

Қаламгер әңгімелерін мазмұны мен пішіні, тақырыбы мен идеясы, сюжеті мен композициясы, көркемділік ерекшелігі, тілі мен стилі, жанрлық ерекшелігі, образдар жүйесін жан жақты түрлі тәсілдермен талдаулар арқылы шығармаларының мән-мағынасын терең де толық қамти аламыз. Жазушының ана тақырыбына жазған әңгімелерінде ананы ардақтау, оның ұлылығы алдында бас ию басым болып келеді. Жазушы суреттеген әйелдер өз балаларының  ғана емес, жалпы адамзаттың асыл анасы ретінде асқақ ардақталады. Өйткені, ол – адамға өмір сыйлаушы, қоғамдық өмірдің тірегі, қайнар көзіндей мәңгілік махаббаттың иесі. Жалпы әдебиеттің мақсаты – адамгершілікке, адамдық, адалдық қасиеттерге баулу. Жазушы туындыларының қайсысын алсақ та, олар - үлкен көркем рухани дүниелер. Сондықтан да аналар образындағы әңгімелерін оқығанның өзінен-ақ жан тебіреніп асқақ армандарға жетелейді, адамдық ұлы қасиеттерді бойға сіңіруге зор септігін тигізеді.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.     С. Жұмабеков. Ғ. Мүсірепов,  Алматы: Мектеп. 1989 ж. 120-бет

2.     Ғ. Мүсірепов туралы естеліктер. Құрастырған: Сұлтан Оразалы, Алматы: Білім. 2007 ж. 416-бет

3.     М. Бекбергенов. Ғ. Мүсіреповтің прозасы, Алматы: Рауан. 1990 ж. 151- бет

4.     Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы, Алматы: Қазақ унивеситеті. 2002 ж. 455-бет