Ақұштап Бақтыгереева поэзиясының лексикалық қабаты

 

Ганмиркүн Ганмирханқызы Тұрғаналиева,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, магистр

 

Тілдегі сөздердің тұтас жиынтығы сөздік құрам немесе лексика деп аталады. Сөздік құрам белгілі бір халықтың тұрмыс жағдайын, күн көріс тіршілігін, кәсібін қамтып көрсетеді. Белгілі бір халықтың қоғамдық, шаруашылық, мәдени-тұрмысы неғұрлым күрделі болса, соғұрлым оның тілінің сөздік құрамы да бай болады деген сөз[1,15].

Қазақ тіліндегі барлық сөздердің жиынтығы сөздік құрам болса, негізгі сөздік қор оның негізгі ұйытқысы, қайнар бұлағы, шығу арналарының ең маңызды бөлігі болып табылады. Сөздік құрамға қарағанда негізгі сөздік қордың сан мөлшері, көлемі әлдеқайда шағын болады. Өйткені оған кез келген сөз кіре бермейді. Қоғам, адам өміріндегі ең қажетті ұғымдарды білдіретін жалпыхалықтық сөздер ғана кіреді [1,35].

Түркі тілдеріне ортақ сөздерге бір кездегі жалпытүркілік көне лексикадан сақталып қалған, осы күнгі түркі тілдерінің бәрінде кездесетін сөздер жатады. Сондықтан олар жалпытүркілік сөздер деп те аталады [1,37].

Байыргы төл сөздер дегеніміз - қазақ халқының өмір тіршілігі мен шаруашылығына, тұрмысы мен мәдениетіне, дүниетанымы мен түсінігіне байланысты жалпыхалықтық сипатта қалыптасқан, оның өзіне тән сөздері. Ақұштап  ақында төл сөздердің барлық тобы бар.

Тіліміздің өсіп, дамуы мен нәрленіп, құнарлануына, баюына көркем әдебиет тілінде қолданылып жүрген көптеген сөздер мен сөз тұлғаларының қолданылу ерекшеліктерінің, көркем үлгілерінің қосар үлесі өте мол. Тілімізде күнделікті айтылып жүрген сөздердің көркем туындыда жаңа мағынада немесе сөздің о бастағы мағынасын ауыс мағынасында қолданып отыру – жазушылардың ең басты көркем тәсілдерінің бірі.

Ақұштап Бақтыгереева шығармаларының сөздік құрамы тілдегі мыңдаған, сан алуан сөздерді қамтып, бірнеше салалардан, лексикалық қат-қабаттардан түрады. Ақұштап өз шығармаларында халықтың тұрмыс жағдайын, күн көріс тіршілігін, кәсібін, шаруашылығын, мәдени-тарихи өмірін түгелдей қамтып көрсеткен. Мәселен, қазақы ауылдың ұлттық болмысын Ақынның «Әке», «Ауылым», «Асау құлын», «Туған жер»  өлеңдеріндегі түрлі этнолингвистикалық сөздер мен сөз тіркестері арқылы көруге болады:

Қалмадым елі қасыңнан,

Мен болдым қызың, ұлың да.

Үйір ғып қойдың жасымнан,

Қамшыға, асау құлынға.

 

Жинамай асық қалтаға,

Ерекше сенің өсті «ұлың».

Бір күні менің арқама,

  Төгіліп кетті қос бұрым.

 

  Өжет толқын бесігін,

  Махамбеттің тербеткен.        

Мәселен, шығармадағы кейбір сөздің лексика-семантикалық сипатына тоқталсақ.

Қaмшы – aт әбзелдерiнiң бiрi. Тaспaдaн өрiлiп,тoбылғы сaпқa немесе бaсқa бiр зaтқa сaптaлып, көлiк жүргiзетiн құрaл. Aл керек бoлғaн жaғдaйдa oны қaрy ретiнде де пaйдaлaнaды. Oндaй қaмшының сaбы сaлмaқты, өрiмi жyaн және ұзын бoлып келедi. Қaмшы бүлдiргi сaп, aлaқaн және өрiмнен тұрaды. Oның әрқaйсысы әр зaттaн жеке – жеке дaйындaлып бiрiктiрiледi. Қaмшы дa көне дәyiрде пaйдa бoлғaн.Қaмшының түрлерi де көп.Әсiресе, дoйыр қaмшы ұрыстaрдa қoлдaнылғaн. Өрiмнiң бaсындa қoрғaсын құйылғaн, aрнaйы сoғысқa дaйындaлғaн қaмшылaр дa бoлғaн.

Асық - төрт түлік мал мен қоңыр аңдар тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа пішінд болады. Асықпен «Ханталапай», «Үш табан», «Шеңбер» сияқты неше түрлі асық ойындары ойналады. Ойында асықтың сыртқы пішіндері үлкен рөл атқарады.

Бұрым – сұлулықтың сәні. Әйелдердің өрілген ұзын шашын бұрым деп атайды. Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымы бойынша бұрым – сұлулықтың сәні, қыз-келіншектердің бақыты мен абыройы. Осыған орай қыздардың жас кезінен-ақ бұрымын айрықша күтімге алып, оны ұзын етіп өсіруге түрлі  шөп тұнбаларын, халық рецептерін пайдаланған. Бұрым – жалғыз өрім, қос өрім болып бөлінеді. Қазақ халқы қыздың шашын қырқып кеспеген, керісінше, оны бойжеткеннің тобығына дейін жеткізе өсіруге айрықша мән берген. Ал енді бұрым шаштың қоюлығы мен сұйықтығына қарай үлкен бұ-рым, кіші бұрым болып есептеледі. Жуан бұрымды жеңді білектей деп, қос бұрымды тау басынан құлаған бұлақтай деп дәріптеу – қазақтардың ежелгі салты. Қыз баланың бұрымын жас кезінде өруге шешесі, жеңгесі, тәтесі, әжесі, құрбылары көмектескен. Қазақта Қосбұрым деген де қыздың аты бар.

Бесiк сөзiнiң мaғынaсы – жaс нәрестеге aрнaлып жaсaлғaн aғaш төсек. Э.Севoртян бесiк сөзiнiң мaғынaлaрын былaй түсiндiредi: 1. кoлыбель, люлькa; 2. млaденец; 3. пoтoмствo, пoкoление, рoд, рoдствo; свoйственник. 4. дрyг, вoзлюбленные; 5. грoб, мoгилa. Бiз бесiк сөзi bele ~ bele-mek деген «құндaқ, құндaқтay» мaғынaлы көне түркi сөзiнен шыққaн деп жoрaмaлдaймыз.

Ақұштап шығармаларының лексикалық құрамына ұрпақтан ұрпаққа сол қалпында жетіп, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан байырғы, төл сөздер, кірме сөздер, лексикамызды байытып отыратын неологизмдер, термин сөздер, әдеби сөздер мен ауызекі тілге тән қарапайым сөздер де, диалектизмдер, көнерген сөздер және сан алуан кәсіп түрлеріне байланысты туындаған кәсіби сөздер де, жалпы айтқанда тіліміздегі барлық сөздер кіреді.

Ақында қазақ тілінде ертеден өмір сүріп келе жатқан байырғы сөздер, сонымен бірге, кейін де жасалған, бірақ әбден қалыптасып қазір де баршаға түсінікті жаппай қолданылатын кейбір жаңа сөздерде бар.

Ақында түркі тілдеріне ортақ байырғы сөздер көп кездеседі. Бұлар көбіне бір буынды көп мағыналы сөздер: тау, тас, күн, түн... Сонымен қатар ақында ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың байырғы төл сөздері: туыстық атаулар, мал атаулары, аң атаулары, ағаш, киіз үй, құрал-жабдық атаулары, т.б. кең қолданылған.

Сөйтіп, Ақұштап ақын шығармашылығында қазақ халқының өмір тіршілігі мен мәденнетіне дүние танымы мен түсінігіне байланысты жалпыхалықтық сипатта қалыптасқан сөздер актив қабатқа жатады.

А.Бақтыгереева поэзиясында кірме сөздердің  кездесуі ең алдымен, қоғам талабына сай әдеби тіліміздің орыс тілі элементтерімен толығу сипатын көрсетсе, екіншіден, ақын қолданысында олар өзгеріп, түрленіп, дыбыстық, мағыналық, жағынан құбылып, көріктеу құралдары ретінде де, кейіпкер тілі ретінде де қатысымдық, функционалдық қызмет атқаратындығымен ерекшеленіп тұрады.

Орыс тілінен енген сөздерің қолданылу ерекшеліктері мен қатысымдық мағынасына тоқталар болсақ, ақын қолданысындағы орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздердің екі түрлі тәсілмен берілгендігі және олардың қатысымдық қызметі айқындалды. Ақын шығармаларынан орын алған билет, мода, депутат, музей, экспонат, т.б. тілдік бірліктер орыс тіліндегідей дәл беріліп, сол қалпында қолданысқа түскен. Бұл сөздер ақын поэзиясында идеялық мақсатта, ескі мен жаңа арасындағы күресте тілдік құрал ретінде қолданылған ақпараттық мәні бар қолданыс деп сипаттауға болады. Мәселен,

Таңданта алмас сендерді сан әншілік,

Пугачева модадан қалар шығып.

 

Досы келді әкенің бала күнгі,

«Тез қой – дейді – столға шарабыңды» (Сырласу)

 

Көрсеткен орман, даланы,

Кинода кейде болады. (Сәби мен жылан)

 

Батыр боп іштен тумайды, сірә, әр адам,

Батырлық, мүмкін, туады биік санадан.

Батырды көрдім,

Бақытты елдің солдаты ол. (Батырмен жүздесу)

 

Тортаңдайсың ата жауың сияқты,

Бантигіңді шешіп кеткен тентек ұл.(Бұрым)

         Ақынның өлеңдерінде араб-парсы сөздері де кездеседі. Осы күнгі әдеби тілімізде, сонымен қатар көркем әдебиет тілінде де, қолданылып жүрген кірме сөздер, соның ішінде араб, парсы сөздері арнайы әңгіме болып та жүр. Мысалы, академик Р.Ғ. Сыздықтың еңбектерінде мұндай сөздер өз алдына бөлініп, жеке қарастырылады. Араб, парсы тілінен енген сөздерді зерттеп-зерделеген ғалымдардың көрсетуінше, ХІХ ғасырдың өзінде ауызекі сөйлеу тілінде жиірек қолданылып, қазақ тілінің дыбыс заңдарына икемделген сөздерді сол қалыптасқан түрлерінде беру әдеті орныға бастаған. Кірме сөздер әр тілге, көбінесе, ауызекі сөйлеу тілі арқылы енеді. Жазба тіл, кітаби тіл арқылы келуі де, әрине бар. Ақұштап поэзиясы тілінде пенде, тағдыр, Отан, кемпір, хал, мектеп, махаббат, т.б. кірме сөздерді жиі пайдаланған. Ақын араб-парсы тілінен енген кірме сөздерді еркін әрі орынды қолдана білген. Оны мына жыр жолдарынан көруге болады:

Елең етпей күңкілін пенделердің,

Жүреді де өзіңше жайраң қағып. (356-б. )

Бұл жердегі Пенде – араб сөзі, адам деген мағынаны білдіреді.

 

Өмір сыйлап тірлікке нәр беруді,

Тағдырдан таңдап алған емес пе едің? (362-б. )

Бұл жердегі Тағдыр – араб сөзі, өмір деген мағынаны білдіреді.

 

Ақынның барға мастанар,

Хақы жоқ дей ма өмірде.

Бұл жердегі Хақы – араб сөзі,

 

Мендегі Отан деген ұлы ұғымның,

Алғашқы сезім атты бастауысың. (374-б. )

Бұл жердегі Отан – араб сөзі, туған жер, туып өскен мекен дегенді білдіреді.

Анау бір соқыр кемпірден

Сұрасам халін жылайды-ау.          (376-б. )

Бұл жердегі Хал – араб сөзі, жағдай деген мағынада жұмсалса, Кемпір – парсы сөзінен енген, егде адам, жасы үлкен әйел деген мағынаны білдіреді.

Ашуланып қайттың неге, ерке гүл,

Мектебіңе кетіп едің ерте бір. (Бұрым)

Бұл жердегі Мектеп – парсы сөзінен енген, білім алатын орын.

 

Ана үнсіз. Налиды ұл, күйреп келін.

О, махаббат, сен де бір бейнет пе едің? (Ана сыры)

Бұл жердегі Махаббат – парсы сөзінен енген, сезімді білдіру, дерексіз мағынаны білдіреді.

Тербейді түңгі ауылды әнші дауысы,

Ескертіп бұр фәнидің жалғандығын. (Боранды түн)

Бұл жердегі Фәни – араб сөзі.Өмір, тіршілік мағынасында келіп тұр.

         А.Бақтыгерееваның кей өлеңдерінде француз, грек, ағылшын тілінен енген кірме сөздер де кездесіп қалады. Әсіресе, осы тілдерден алынған термин сөздерді алған. Француз тілінен енген би атауы вальсті өзінің жастық шағын суреттеу барысында қолданған.

Менің алғаш вальс биін билеуге,

Себеп болған Ақ Жайықтың баласы. (365-б.)

Вальс –француз сөзі.

         Ал гректің полигон сөзі тілімізге кірме сөз болып енсе, елімізге қасірет болып енді. Ақын шырылдап жырлаған өлеңдерінде кең байтақ даланы жайлаған полигондарды тілге тиек етеді.

Айналған полигонға сор даланың,

Бір рет тым болмаса шөлін қандыр.(366-б. )

Полигон – грек сөзі. ( poly – көп,  gonia – бұрыш)

   А.Бақтыгереева кірме сөздерді тек лексикалық қорымызды көбейту мақсатында емес, танымдық мақсат тұрғысынан да қолданған. Ақын шығармаларындағы жоғарыда келтірілген кірме сөздердің кездесуі бірінші жағынан, замана талабына сай әдеби тіліміздің орыс, араб, парсы, т.б. тілі элементтерімен толыға түсіп, тілдік қор құрамының даму эволюциясына әсер еткен кезеңдер белгісінің көрінісі болса, екінші жағынан, ақын қолданысында олар өзгеріп, түрленіп, мағыналық, дыбыстық жағынан құбылып, көріктеу құралдары ретінде стильдік, функционалдық қызмет атқаратындығымен ерекшеленеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1       Ақұштап Бақтыгереева // Алаштың ардагер азаматтары – Алматы, 1998.

2       Сыздық Р. Сөз құдіреті. –Алматы: Санат, 2002. -  360 б.

3       Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2007.-488 б.

4       Бақтыгереева А. Ақ желең: Жыр жинағы. – Алматы: Жазушы, 1985-112 бет .

5       Бақтыгереева А. Ақ шағала: Өлеңдер жинағы.– Алматы: Өлке, 2001-423 бет.

6       Бақтыгереева А. Бақыт әні: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1980-254 бет.

7       Бақтыгереева А. Жайық қызы: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1980-254 бет.

8       Бақтыгереева А. Наз: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1990-120 бет.

9       Бақтыгереева А. Сүмбіле: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1990-120 бет.