КЕЙІНГІ АТАЛЫМДАРДАҒЫ МЕТАФОРА ЖӘНЕ МЕТОНИМИЯ

Рахымберлина С.Ә., ф.ғ.к., доцент;

Ибраимова Ж.Ж., ф.ғ.к., доцент,

 Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ.

Жуанышбаева Т.О., №8 Уызбай орта мектебі

 

Алғашқы немесе лексикалық аталым қазіргі тілдерде өте аз мөлшерде, тіпті кездеспейді деп айтуға болады. Қоғамның, өркениеттің дамуындағы әрбір жаңалық, әрбір өзгеріс тілден жаңа атауды талап етеді. Әр ұғымға  жаңа атау беру сөздік қордың ретсіз молаюына, тілде жүйесіздіктің тууына әкелуі ғажап емес. Осындай қажеттіліктен туған екінші дәрежелі немесе кейінгі аталым - өте күрделі де сан қырлы құбылыс. Тілдік үнемділіктің ең жоғарғы көрсеткіші бола отырып, сөздік қорды байытудың негізгі көзі.

         Екінші аталымдардың дүниеге келуі метафора және метонимия сияқты тілдік құбылыстардың нәтижесі болып табылады. Аталған екі құбылыстың ортақ жақтары болуымен қатар, әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктерінің  болуы заңды. Метафора да, метонимия да гректің «ауыстыру» деген сөзінен шыққан. Екеуі де тілдік қолданыста бұрыннан белгілі бірліктердің адам санасында қайта ой елегінен өтіп, аталатын келесі затпен не құбылыспен ортақ белгілерінің сәйкес келуі негізінде жүзеге асады. Метафораның өзіндік табиғаты, атқаратын қызметі, троптың басқа түрлерінен өзгешелігі Аристотельден бастау алып, бүгінгі күнге дейін дүниежүзі ғалымдарының назарын аударып отырған мәселенің бірі.  Әр троп түрінің табиғаты, ерекшеліктері туралы айта келіп, Н.Д.Арутюнова метонимияның субъектілік позицияға жақындығын, ал метафораның предикаттық позициямен тығыз байланысты екендігін айтады. «Метонимия обращает внимание на индивидуализирующую черту, позволяя адресату речи идентифицировать объект, выделить его из области наблюдаемого, отличить от других соприсутствующих с ним предметов, метафора же дает сущностную характеристику объекта» [1,31].

Тіл біліміндегі соңғы зерттеулер қандай да болсын тілдік құбылысты тілдің ішкі заңдылықтары арқылы ғана емес, адам санасы мен танымы, өмір тәжірибесі мен ішкі жан-дүниесі, яғни танымдық әрі тілдік когнитивтік аспектіде зерттеп-зерделеуді көздейді. Осы тұрғыдан келгенде метафора – тек таза тіл білімінің ғана емес, логика мен психологияның, тіпті философияның да зерттеу нысаны болып отыр.   Метафораны тек троптың бір түрі, көркем әдебиет тіліндегі ажарлаудың формасы деп тану кейінге дейін орын алып келген жағдай. Әлемдік тіл білімі мен орыс тіл біліміндегі соны зерттеулер метафораның тек тілдік қана құбылыс емес, өте күрделі де қуатты танымдық құбылыс екендігін дәлелдеді. Бұл бағытта қазақ тіл білімінде А.Сыбанбаеваның еңбегін атап өту керек. Метафораның  дүниені тану, қабылдау тәсілі, оның тілдік бейнесі ретінде адамның ойы, ақыл-санасы, мәдениетінің шығармашылық байланысын көрсететін үнемі даму үстіндегі танымдық процесс екендігін айта келіп, «Метафораның бойында сан алуан қасиет бар: бейнелілік, экспрессивтік, баға берушілік, түсіндірмелік, болжағыштық, танымдық, атаулық, көрнекілік, көрсеткіштік, (репрезентативтік) сияқты қасиеттердің (контексте қолданылу мақсатына байланысты) барлығын аңғаруға болады» деген қорытындыға келеді [2,17].

Дүниенің тірегі – адам, адамның ақыл-ойы – қоғамды өзгертуші, дамытушы күш, тіл – сол қоғам мүшелерінің қарым-қатынас құралы. Белгілі қағида бізді жаратылыстың барлық сырын «адам» концептісінен іздеуге итермелейді.

Осы идеяны негізге ала отырып, метафора сияқты жұмбағы мол құбылыстың санада қалай іске асатынына көңіл бөлейік. Өзімізге белгілі, метафорада бір-бірінен мүлдем бөлек екі зат (денотат) қатар қойылады. Олардың арақатынастарының неғұрлым алшақ болуы - қайталанбас, сәтті метафоралардың тууының кепілі. Адам санасы түрлі тәсілдерді қолдана отырып, екеуінің арасына байланыс орнатады. Байланыстың нақты, уәжді  болуы субъектінің ғана емес, сол тілде сөйлеуші халықтың жалпыға ортақ ассоциациялар жүйесіне тікелей қатысты. Яғни, тілдің антропометриялық сипаты көп жағдайда шешуші роль атқарады. ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, журналист Кенебай Жұмаштың «Көкбөрі» бүркеншік есімін алудағы уәжі дәл осы мақсатты көздегендіктен деп айта аламыз. Екінші аталымның нәтижесінде туған «Көкбөрі»  есімі  коннотативтік «алған бетінен қайтпау», «тайсалмау», «өжет» сияқты субъектінің ризашылығын білдіретін жағымды көзқарасын көрсетіп тұр. Яғни, тілімізде бұрыннан бар нормативтік бағалаушы «қайсар», «батыр», «ержүрек» тәрізді  анықтамалардың мағынасын одан әрі дамыта отырып, эмотивті-бағалауыштық, экспрессивтік реңк туғызушы  компоненттің қосылуы коннотативтік мағынаның тууына негіз болған. Белгілі ғалым М.Блэктің пікірінше: «Эффект (метафорического) использования слова «волк» применительного к человеку состоит в актуализации соответствующей системы общепринятых ассоциации. Если человек – волк, то он охотится на остальных живых существ, свиреп, постоянно голоден, вовлечен в вечную борьбу и т.д.» [3,164]. Яғни, тотемдік «Қасқыр-бабалар» (С.Ақсұңқарұлы) түркі халықтары үшін ғана жағымды ассоциация арқылы екінші атаудың тууына негіз болады: «Таймінер» /М.Дулатов/, «Тайлақбай» /Т.Жароков/, «Тарпаң», «Тоқпақ» /С.Қожанов/, «Қарлығаш», «Шағала», «Қаршыға», «Көгершін» (белгісіз б.е.) бүркеншік есімдері. Қазақ халқы үшін жылқы малының орны ерекше екені белгілі. «Ат – адамның қанаты» деп бағалаған халықтың ұлдары өздерін «Тарпаң» атап, «бас білмейтін, үйретілмеген асауға» (ҚТТС, 9-т) теңесе, ол – күшті ерік пен жігердің, өрліктің белгісі. Әр адымы есепке құрылған, «жыбырлақ» өмірі бар адамдардың бейнесін дәл берген «Құрт» (Қайырбек), «Насеком» (Мұрат) лақап есімдерінің сыртқы түр-тұлға мен ішкі жан-дүниенің ұштасуынан туғандығы сезіледі. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Арутюнова Н.Д. Метафора и дискурс //Теория метафоры. –М.: Прогресс, 1990. - 511 с.

2. Сыбанбаева А. Метафораның тілдік болмысы және концептуалды метафоралар. –Алматы: Қазақ университеті, 2002. -161 б.

3. Блэк М. Метафора //Теория метафоры. –М.: Прогресс, 1990. -511 с.