Рухани келісім және тұрақтылық

 

Ә.С. Сағатова

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ

 

Халық тарихы – бұл ұлттық рух бастауы, өзегі. Қазіргі таңда халқымыздың елдік тарихы жаңаша байыпталып, ежелгі дәуірден күні бүгінге дейінгі кезеңі ұлттық мұрат тұрғысынан сараланып, зерделі де көркем, кең құлашты зерттеулер өз мазмұнынына ие болуда. Осы орайда халқымыздың тарихына, мәдениетіне ислам дінінің, мәдениетінің ықпалы өте зор болғандығын ұмытпағанымыз жөн. Бұл өз кезегінде халқымыздың рухани және материалды мәдени мұрасының бай әрі сан салалы екендігінің дәлелі. Яғни бабаларымыз өткен замана белестерінде дамыған өркениет тарихын бастан кешіргендігінің айғағы екендігінде сөз жоқ. Себебі бабалар тарихының түп-тамыры тым тереңде жатыр. Бұл жөнінде профессор Р.Бердібай өз пікірін былайша білдіреді: «Кез келген бұрынғы ақынымызды алыңыз, олар исламды өте жақсы білген. Біз, керек болса, Шортанбай, Бұқар жырауды толық түсінбейміз де. Абайдың кейбір қара сөздерінің мағынасын тіпті ұқпаймыз. Олар исламды қандай терең білген. Исламның құндылықтары Қожа Ахмет Иассауидің «Хикіметтерінен» бастап «Зарқұм», «Дариға-қыз», «Мұхамедханафия» сынды жүздеген шығармада тартымды баян етілген...» [1, 3 б.]. Бұл еліміздің бірлігінің, рухани асқарлығыны мен жарқын келешегінің куәсі еді.

Ғұмыр бойы жер-жаһан қасиетін, табиғат құдіретін түсінуге деген бір ғаламат танымдық ұмтылыс, құштарлық - түркі дүниесіне тән ерекшелік. Өр де асқақ даланың дүние құбылысын танып-түсінуге бір табан жақындай түскен еді. Бұл өз кезегінде, дүние келбетінің мәнін ашуға, әр құбылысты бағалап, салмақтап, қандай да бір көзқарас, қатынас шамасын білдірумен де айрықша құнды еді. Өткінші де аумалы-төкпелі адам болмысына қарама-қарсы әлем тынысының мәңгілік мәселелері сол ерте кезден-ақ түркі дүниесін толғандырып келген болатын. Бұндай танымдылық сан-салалы халық шығармашылығы үлгілерінің өмірге келуіне негіз болды. Айнала қоршаған табиғат құбылыстары арқылы дүние сырын, тіршілік-тынысын, өмірдің мәнін, адамның дүниедегі орнын, оның өткені мен бүгінгісін, болашағын тану өз бастауын алды.

Осы орайда еліміз өз дамуының жаңа биігіне көтеріле отырып, дінге қатысты үлкен бетбұрыстар жасауда. Демек, руханият тарихында әлемде Ұлы Дала деген атаумен танымал болған жері үшін, елі үшін саналы ғұмырларын ерлік пен даналықты, батырлық рухтарын дәріптеу арқылы өз еліне және өзгеге таныта білген бабалар мақсаты – қазіргі сәтте орындалған мұрат, арманның жүзеге асырылуы. Дінге қатысты мәселеде боса болмаса бірінші кезекте – ұлттық менталитет, ұлттық руханият, әрі ұлттардың өзіндік сана-болмысын сақтап қалу мұраты ескерілген жөн, осы үшін басты қажеттілік десек артық айытқандық емес. Діннің қазіргі уақытта ұлттық негізде әсері біздің елдік рухымызды көтеретін кейіпті қалыптастыруы керек. Себебі болашақ ұрпақтың өмір сүруінің тіршілік көзі ең алдымен «сенімге» негізделуінде. «Сенім», өз кезегінде мән-мазмұнымен өмір салтына сай, жан-жақты да терең білімімен өмір талабына жауап бере алатындай деңгейді қажет етеді. Әрине, дін – мәдениеттің ажырамас бөлігі, рухани дүниенің ажырамас бөлігі. Әр замана үдерісіне тән рухани құндылықтар арқылы ұлттың ұлттығы, елдің елдігі танылады. Руханият тарихы – рухани-мәдени үрдіс тарихы. Әрі ұлттық намыс пен ұлттық тарихтың баяндылығы, елдіктің даму үлгісі, бір сөзбен – халықтық мұрат. Міне, біздің данышпан бабаларымыздың ерте дүние тарихынан ұстанған діни ұстанымдары бүгінгі адамзат өркениетіне үлгі болуы тиіс. Жас ұрпақты отансүйгіштік, патриоттық сезімге баулитын танымдық-тағлымдық үлгіде қарастырылатын баба ұрпақтың батырлығы, өршіл рухы, қайсарлығы – тағзым етер тұлғалардың өнегелі өмір жолдарынан тәлім дарыту мектебі іспеттес рөл атқарады. Қай кезеңде де табиғи дарындылық, әрі өмірлік тәжірибеден туындаған  өмір ғибраттары осылайша қалыптасқан.

Болашаққа ұмтылыс - қазақтың ұлттық рухынан, ұлттың қадір-қасиетінен нәр алған дүниетанымының халықтық дәстүрдегі ой қиялымен көмкерілген өзінше бір қырынан көрініс беретін сан-салалы танымдық өрістің биіктерден көрініс беруі.

Танымдық өрісі кең, рухы биік халқымыз адамзаттың тіршілік аясында замана үрдерісін уақыт ағымымен ұғынып, ақыл-парасатпен пайымдай білген. Бұл рухани байлық өз кезінде халықтың наным-сенімінен, салт-дәстүрінен оның мәдениетінің, өркениетінің жалпы тарихынан нәр алып, өзегіне айналады. Осы рухани құндылықтардан келіп сол ұлттың баяндылығы, елдіктің саналы өмірінің даму үлгісі көрінеді. Өз бойына қасиетті де киелі әсердің рухын бойына сіңірген бабалар мұраты - ұрпақтар жалғастығы негізінде мәңгілік.

Өзін-өзі сыйлай білетін, өзінің ұлттық рухын сөз жүзінде де, іс жүзінде де қадір тұтып қана қоймай, өзіндік санасы, мәдениеті жоғары, рухы биік, патриоттық сезімі берік ұрпақ сан ғасырлық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, дамытуда және бұл өз кезегінде жалғастық табатындығына әрине, сеніміміз мол. Соның нәтижесінде ретінде жадымызды жаңғыртудағы игі істердің көш басында жүруген ұлағатты өкілдердің қызметі - ғанибет, қасиетті борышы болуы тиіс. Бұл көріністер, сайып келгенде, ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі, болмыс-бітіміміздің өзегі, егеменді еліміздің баяндылығы.

Салт-дәстүр және бабалар мұрасы - жалпыадамзаттық құндылықтармен баулитын ерекше танымдық-татулық үлгіде қарастырылады. Жалпы, мәдениет, оның ішінде әрі дін кез – келген ұлттың, ұлыстың болмыс-бітімін анықтай отырып, құндылықтық рухтың негізін қалыптастырады.

Сан ғасырлық тарихы бар бай рухани және материалдық игіліктерімен еліміз әлемдік өркениет дәрежесінде көшпелі және отырықшы мәдениеттің даму үлгісін көрсете білді.

Болашаққа ұмтылыс – ең бастысы өткен тарихын білу, мән-мазмұнын зерделеу, саралаумен астасып жатыр. Мұндай құндылықтық рухы биіктен көрінетін ұлттық ерекшелік тарих қойнауынан елдікті ұлықтайтын дүниені табатындығы айдан анық.

Руханият тарихында жер тұтастығын сақтап қалған бабалардың ерлік пен даналық, батырлық рухарын дәріптеп, өз еліне және өзгеге таныта білу бүгінгі ұрпақтың басты парызы демекпіз. Руханият тарихын зерттеудің өзегі бұл – дара бітімді тұлғалардың ел үшін саналы өмірін ұлтының азаттығын, тіршілік аясының баяндылығына арнаған тағылымы және көзқарас мұраттарын айғақтайтын алтын арқау саналады. Демек, тұлғаның ең құнды қасиеттерінде оның ақыл-ой тереңдігі, еркін ойлау қабілеті, сайып келгенде, оның рухына қатысты айқындалады.

Танымдық өрісі кең рухы биік тұлға өзі өмір сүріп отырған сыртқы дүниенің тыныс-тіршілігін уақыт ағымымен ұғынып, замана үдерісін ақыл-парасатымен пайымдай білген.

Бабалар қан-тамырымен, адами сана-сезіммен жеткен діни танымның сүйіспеншілікпен өнегелі өмірді адам игілігі үшін «алтын бастау болып күміс жылғалармен» ұрпағына аманаттаған мұрасы қазіргі таңда тиегін ағытуда. Бұл еліміздің тарихы, ұлттың болмысы мен мәдениетінің мызғымас рухани тірегі болып отыр. Бұған дәлел халқымыздың ұлттық өрлеуі өз кезегінде діни өрлеумен қанаттаса қарыштаумен әр халыққа рухани негіз болуда.

Дін – халқымыздың өмір-тұрмыстық салтындағы танымдық өрісі ретінде имандылық иірімдерінің тереңдеуімен баулитын ерекше тағылымдық үлгіде қарастырылады. Ұлтаралық және дінаралық қатынастарда рухани күш біріктіруде еліміздің мәртебесі асып қана қоймай, жалпы әлемдік деңгейдегі абыройын биіктетті. Елімізде ұларалық және дінаралық қатынастар рухани күш біріктіріп, өзара диалогты қамтамасыз етуде. Бұл жерде барша адам баласының ұрпақтар болашағы, яғни елі, туған жері үшін тілегі – ең бастысы түрлі ұлт өкілдері екендігіне қарамастан бейбіт өмір және татулықтағы бірлігі. Әрі ұлт өкілдері түрлі болғандықтан да олардың діни сенімдері де түрліше себепті еліміздің елдік негізі – мемлекеттілігін, тәуелсіздігін мойындауы оның өз алдына дербес орнын берік тұғырлағанын көрсетеді. Демек, дінге қатысты білімімізді жан-жақты тереңдете отырып, адам мен қоғам қатынасындағы жадымызды жаңғыртудағы игі істердің артуын, ағайын жұрттың рухани танымы шеңбері кеңейіп, имандылыққа бет бұрған жағдайы арта түскендігін атап өтпеске болмайды. Себебі дін – бұл адамзат баласының адамгершіліктік заңдар, қағидалар бастауы.

Халықтың мәдениеті мен діні, бір сөзбен айытқанда, ділі - оның әдет-ғұрпында,  тілінде, ұлттық салт-дәстүрінде, бала тәрбиесінде, мінез-құлқы мен рухани тіршілігінде. Дүние кеңістігін шыр айналып, ен далада көшіп жүрген аталарымыздың тұрмыс-тіршілігі бұл - болмыс айнасы.

Қай заманның, қай кезеңнің болмасын рухани өз несібесін ең алдымен өзіне бұйырса, уақыт сынынан өткендері ғана кейінгілерге - келешекке қасиетті қазына боп шеру тарта берері хақ демекші рухани жан дүниесі кемелдігіне ешбір дүние қызығы теңдеспес көшпелілер әлемнің рухани бай қазынасы осының айғағы. Әр ұлттың қасиеті, болмысы, мәдени даму бағыты, дүниетанымы, ой-өрісі - оның рухының іргетасы. Рух – қастерлі де қасиетті ұғым. Ұлтымыздың бар болмысы мен болашағын айқындайтын - рухани құндылықтар, атап өтер болсақ, мәдениет, философия, дін, өнер, әдебиет. Тарих пен тағдырдың тезінен, сынынан сүрінбей өтіп, елдік қасиет пен қалпын сақтап қалғандығы - осы мұраның таным, ақыл-парасат, көзқарас, сенімді ұлттың қасиетті дәстүрін ардақтау рухында келер ұрпаққа бағыт-бағдар көрсетуі еді.

Қазақ елі ерте дүние тарихынан бастап-ақ өзіндік табиғи даму жолында қалыптасқан құндылықтары мен өзіндік мәдени өркениет жетістіктерінің тұтастығын сабақтастыра дамытқан көшпелі халық. Ұлттық мәдениетіміз тарихи дамудың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық бейнелер болмысының қадір-қасиеті жүйелерін бір-бірімен байланыстырушы дәнекері болып келеді. Қазақ өз болмысына тән руханилық пен дүниетанымды өмірге әкелді. Бұл қазақ менталитетіне тән ерекшелік, яғни дүниені танудың қазақи формасы, дүниені өзінше қабылдау ерекшелігі. Бұл ұлт болып қалыптасқан уақыттан бастап-ақ халқымызға тән ұлттық қасиет ерекшеліктерімен бірге жетілген ақыл-парасат, ой-толғам, сезім-күйлермен  қатар жасасып келеді.

Ұшы-қиырсыз, ұлан-ғайыр кең даланы өз игілігіне айналдыруда өз мақсат-мүддесімен игеруді көксеген халық арманы бүкіл адамзат ұрпағының дүние тану құлшынысымен барынша үндестік тауып жатыр. Ерте замандардағы көшпелі қыр қазақтары өткен ауыр да азапты ұзақ жол, шексіз сапарлар тәрізді, табиғат тану жүйесі де қиын да күрделі кезеңдерді бастан кешірген. Дүниетанушылықта жаратылыс - жер-ана, табиғат әлеміне адамзаттық мән-мағына дарыту, табиғаттағы біртұтас жалпылық ұғымының өзіне тән ерекшелік қасиеттері арқылы оның барлық құбылысын ой-сана елегінен өткізіп, ақыл-парасатпен пайымдап ұғынуға талпыныс жасалған. Әлем шексіздігі жайлы ұғым қалыптастыруда, қиялмен, көкірек көзімен ой топшылау да көкжиекпен астасқан дала ұлан-ғайыр бір шексіздік әсерін танытқан. Бұл дүниені тану даналығын ұштай түсіп, адам мен табиғат жарасымын аңғартқан. Әрі көшпелі халықтың дүние туралы ұғым-түсінігін, шексіздік ұғымын, дала тынысының заңдылығын, оны жайлаған халықтың тұрмыс ерекшелігін сезінумен қатар көшпелі қауымның кеңстік әлемін бүкіл адамзат ұрпағының ортақ игілігі екенін түйсіну шындығына негізделген. Демек, дүние болмысының тұтастық, жан-жақты сәйкестігі табиғат пен адам қатынасының өзара бірлестігінен туындаған жарастық үйлесімділігінің айғағы. Өз кезегінде адам баласының жалпы табиғат дүниесімен сабақтастығы оның бүкіл адамгершілік болмыс-бітімін, білім-парасатын айқындайтын іс-әрекеті, қарым-қатынасынан, көзқарасынан көрінеді. Сөйтіп, дала табиғатының тамашалығымен бірге, көшпелі елдің тіршілік ерекшеліктерінің өзі даналық өнердің өсіп өркендеуіне себеп болған. Жерінің табиғатымен, елдің тіршілік-қарекетімен байланысты ерекшеліктер, сайып келгенде, халық санасына, сезім дүниесіне үлкен әсер еткен, тіл өнерінің жетілуіне жетекші болған.

Еліміз елдігін алып, мәдениетіміз мәртебеге ие болған тұста қайта оралған қазақы діліміз бен құндылықтарымызды сақтап, қорғау – бізге басты парыз, аманат. Болмысты терең зерделеп, ұлттық құндылықтарымызға жете үңіліп ғұмырын сарп еткен ата-бабалардың  бай мұрасы ұрпақтан ұрпаққа саф алтын күйінде жете берсін деген тілектеміз.

Тарихи тұлғалардың жан әлемі, дүниетанымы негізінде ұлттық сана мен рухты, ар-намысын, арман-мұратының ұлылық қуат-құдіретін көрсете білген, тәуелсіздік жолында жан аямай еңбек еткен қадір-қасиетін танимыз. Соның ішінде елінің намысын насихаттаған ойшылдарымыздың ой-толғамдары - тәуелсіз  Қазақстанның егемендігінің рухани іргетасы іспеттес. Осындай құнды ой-толғамдардың түп-тамыры ең алдымен халқымыздың өр рухы мен көзсіз батырлығында жатқаны анық. Соның бір айғағы бабаларымыздың ерте дүние тарихынан еліміздің дербестігін дәріптеуде тапқырлық таныта білген терең тебіреністі ойға түсіретін сөздерімен ел арасын табыстыратын мәмілегерлік деңгейде көрінуі еді. Асыл текті тұлғаларымыздың ұлт рухын асқақтата көрсеткен тұсында барша қазақтың ең шоқтығы биік халық екендігін терең тебіреністі философиялық ой нақыштарымен сезіндіре де, көрсете де білуінің өзі бір керемет дүние еді. Бұл «Дауға барсаң - бірің бар, жауға барсаң - бәрің бар» деген қанатты сөздің жауластыруға әркім барса, екі елді жарастыруға, табыстыруға тек шешендік сөздің қадірін жете түсінетін, «ауыздыға сөз бермейтін, аяқтыға жол бермейтін» өте шешен, айтулы сөзге шебер адам болуы керектігін айғақтайды. Яғни тарихи ауқымдары зор тұлғаны дәуір туындатады, ол уақыттан озып, жаңа дәуірге жол салады деп әбден орынды айтылса керек.

Ұлттық философия тарихында халықтық танымның қырларын, астарын жан-жақты жете зерттеп, талдау, оның рухани құндылықтарына терең бойлау болашақтың үлесінде. Себебі бабалар өсиеті бүгінгі қүннің көкейтесті мәселелерімен тікелей сабақтасығы мен жалғастығы - ұрпақтар арасындағы тарихи-танымдық, философиялық үндестікті аңғартады. Тарих қойнауынан ерекше орын алған философиялық ой-тұжырымдардың қазіргі таңда мәдени құбылыс ретінде ролі өте зор. Ақыл-ой ізденістерінен жетілген даналық мәйегі мәдени кеңістік пен ұлттық философия тарихының кемелденуіне қосқан үлесі, еліміздің рухани дамуындағы философиялық ойлар жүйесінде алатын ерен орнымен айқындалады. Қоғамдық санадағы болып жатқан түбірлі өзгерістер мен ұлттық тәуелсіздік туы асқақтаған сайын туындап жатқан жаңа таным, соны көзқарастар аясында игілікті істер, ата-бабалар өсиеті, мұрасы, халқымыздың өткені мен бүгінгі болмысының рухани әлеміндегі қайталанбас ғажайып даналық әлемі тереңінен ашылып танылмақ керек.

Қазақтың ұлттық даралығын айғақтайтын мәселе бұл– оның Ұлы Дала аясындағы даналық дүниетанымы еліміздің ұстанып отырған бағытын, оның негізін елдің бейбіт өмірі мен мызғымастығы үшін асқан көрегендікпен пайдалана білуі. Еліміздің мәртебесін асырған ұлттық өрлеудің негізі - мызғымас рухани тірегі болған тұғырлы тағылымдарымен діни өрлеумен үйлесімділік өрісін дамыта білуінде.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Бердібай Р. Тарихымыз қайта жазылуы тиіc. // Жалын. – 2004. -№2. –Ақпан.– 2-6 б.