Мадалиева Ж., философия ғылымдарының кандидаты

Алматы, Қазақстан Республикасы

 

ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЕРКІНДІК МӘСЕЛЕСІ

        

          Адамзат тарихының бастауларына зер салсақ, адам баласының ертеден келе жатқан бір арманы еркіндік екенін көруге болады. Еркіндік адамның ғана таңдауы, ол оның өзге де құнды қасиеттерінің қатарында маңызды орын алады. Адам өзіндігін сезіну үшін, тұлғалығын таныту үшін еркін әрекеттер жүзеге асырып отыруы қажет. Саналы түрде еркін әрекет ететін адам әрдайым толық мәнді тұлға болып есептелінеді.  Сондықтан, еркіндіктің мәнін ашу, оның қаншалықты дәрежеде болатындығын анықтау маңызды мәселе болып табылады.

Әлемдік философияда еркіндік мәселесі көне грек ойшылдарының идеяларында көрініс тапты. Қоғамда адамдардың еркін және еркіндігі жоқтарға бөлінуіне байланысты еркіндік антика философиясында мәселе ретінде қойыла бастады. Бұл мәселені алғаш философия тарихында Сократ көтерген болатын. Әрі қарай өрбіткендер Платон, Эпикур, стоиктер және т.б. болды. Орта ғасырларда болса, ерік бостандығы ретінде философия мен теологияда еркіндік мәселесін шешуге талпыныстар жасалынды. Бұл әсіресе христиан дінінің үстемдік етуімен байланысты. Ондағы негізгі идея адамның «күнә мен күнәдан құтылу» жолдарын таңдауы болды. Бұл мәселеде философтар ғана емес теологтар да бір шешімге келген жоқ. Соңында екі негізгі бағыттағылар арасында күрес басталды. Еркіндіктің алдын ала Құдаймен анықталып қойылатындығын жақтаушылардың ең көрнекті өкілі Августин болды. Орта ғасырдағы ұлы христиан ойшылы ақыл мен еріктің айырмашылығын адамның Құдай алдындағы күнәһарлығы еріктің алғашқы көрсетілген түзу жолдан тайқуынан көреді. Екінші бағытқа ерік бостандығын дәріптеуші Фома Аквинскийдің ілімін жатқызуға болады. Ал қайта өрлеу дәуірінің ойшылдары еркіндікті адамның кедергісіз жан-жақты даму ретінде түсіне отырып, оны жоғарғы адамдық құндылықтық деңгейіне көтерді. Мұндай түсінік Дж.Бруно, Пико делла Мирандола, М.Монтень еңбектерінде байқалады.

Жаңа Заманда капитализмнің орнығуымен еркіндік өзекті мәселеге айналды. Еркіндік мәселесі жайында Декарт пен Спиноза, Гоббс пен Руссо, Локк пен Юм сияқты ойшылдар өз көзқарастарын қалыптастырған болатын.  Осы ойшылдардың ізденістерінің өзіндік бір қорытындысындай және батыстық мәдениеттегі еркіндік мәселесін шешуде  өзіндік үлгі қалыптастырған неміс классикалық философиясы деуімізге болады. Неміс классикалық философиясының өкілдері И.Кант, Г.В.Ф.Гегель, Л.Фейербах, И.Г.Фихте, В.И.Шеллинг еркіндік мәселесін ерекше деңгейге көтере отырып, оны онтологиялық, этикалық, әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қарастырды.

Еркіндік мәселесін диалектикалық материализм тұрғысынан қарастыру Ф.Энгельстің шығармашылығымен байланысты. Ал кеңестік философияда еркіндік көбінесе тек қажеттілікпен байланысты қарастырылды.

         Қазақ халқының дүниетанымында еркіндік болмыстың іргетасы ретінде қарастырылады. Адам мен әлемнің қатынасы контексінде еркіндік мәселесі адамның табиғаттың ажырамайтын бөлігі ретінде қарастырылуынан туындайды.

Адамдық мәнділік еркіндікте. Өмірде адамдық мәнділікті еркіндік жағдайында таңдай алады. Адам таңдау жасау арқылы алдағы өмір сүру жоспарын анықтайды. Өзінің идеяларын, нені құндылыққа балап, нені өмірінің мәні ететінін осы таңдау еркі болмаса жүзеге асыруы мүмкін емес. Ал таңдау жеке тұлға үшін үлкен сын болып табылады. Осы таңдау жасауларымыздың өзі еркіндіктің болуымен анықталады. Адамдар күнделікті қатынастарында табиғат жағдайларына ғана емес, өздері жасаған күштерге де тәуелді болып жүреді. Ол күштер әлеуметтік ұйымдар, әлеуметтік институттар, салт-дәстүрлер мен сана түрлері болып табылады. Осы кезге дейін философия тарихында зерттеушілер еркіндікті бар деп дәлелдеп жүрсе, оған қарама-қарсы пікірдегілер еркіндікті жоққа шығарады.

Дәстүрлі қазақ мәдениетінің негізгі мәселелері мейірімділік пен қатыгездік, щындық пен өтірік, адамның әлемдегі орны, оның тағайындылығы, өмірдің мәні, адамның қоршаған ортамен, жоғары күшпен, рухтармен қарым-қатынасы болып табылады. Қазақ халқының дүниетанымы, дүниеге көзқарасы өмір сүрген кезеңдерінде әр түрлі сипатқа ие болды. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде «Әлем-Жер-Адам» қатынасы тұтастықты қамтиды. Қазақ философия тарихында ақын-жыраулар шығармашылығында өздерінің болмысын категориялар арқылы кескіндеп кейіптемей, поэтикалық қалыптағы образды ойлар арқылы айшықтады. Халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы еркіндік рухы мәселесі тарихи-әлеуметтік деңгейде таразыланды. Оның негізгі ұғымдарымен түбірлес, тектес түсініктері ұсынылып, олар тарихи сана тұрғысынан байыпталатын еді.

Алайда қоғам еркіндігі туралы мәселеде «еркіндік» тәуелсіздік, егемендік, азаттық, бостандық ұғымдармен астасып кетеді. Сондықтан, еркіндік категориясының қазақ қоғамындағы жалпы мазмұны таразылау барысында хандардың ролі зор екендігін, ел мүддесі мен азаттығы соған тікелей байланысты болатындығын ескеріліп, оның осы мәселедегі ақыл-парасаттылық деңгейі мен нақты іс-тәжірбие әрекеттерін тарихи сана тұрғысынан таразыланып отырды.

Еркіндік мәселесінің тарихи-әлеуметтік алғышарттары мен осы дәстүрдің қалыптасу барысын қарастырсақ, қазақ халқының өмірінде еркіндікті жүзеге асыруға тырысқан бірегей тұлғалар қазақ хандары екенін көруге болады. Өйткені хандар - еліміздің тұтастығы мен ұлттық мемлекеттілікті орнықтыруда еркіндік рухын сезініп, басқа халықтармен теңдікте болған кезеңдерді қамтамасыз еткен ұлы тұлғалар еді. Олардың тәуелсіздік жайындағы идеяларын, ұстанымдары, бағдарларының тарихи философиялық сарапталуы бүгінгі ұлтымызды ұлт ететін құндылықтарды байытуда өз үлесін қосары даусыз. Басқаға тәуелділікте болу ең жеңіл жол, ал, еркіндікті таңдау, ең қиыны. Ел президенті Н.А.Назарбаев бұл  мәселенің өзектілігі жайында: «Алашқа айбын болған, азаттық ұғымының айдынын кеңейткен тұлғаларымызды ел санасына, тарихи беттеріне қайыра алып келген тәуесіздікті осыдай ұлтқа пана болар аруақтарымызды тірілтіп бергені үшін асқақтауымыз керек емес пе?»[1]– деп жазды. Сондықтан да тәуелсіздік, бостандық, еркіндік туралы ұғымды философиялық тұрғыдан жан-жақты зерделеу бүгінгі қазақстандық қоғам үшін ерекше маңызды. Қазақ халқы еркіндікті, әсіресе жеке басының азаттығы мен ой еркіндігін бәрінен жоғары қояды. Сөздің жаны бар деп есептеген, сөзге тоқтаған, кітапханасы мен мұрағаты өздерінің жады болып табылатын халықта демоктатиялық құндылықтар басымдық танытқаны белгілі. Бұрынғы қазақ қоғамындағы «Дат» деп алып, ханға да қарсы уәж айта беретін дәстүрді қоғамтанушылар «далалық демократия үрдісі» немесе «көшпелі демократиясы» деп атап жүр. Хан да, батыр да, сұлтан да, бай да қара халықтың осы уәжімен есептесуге мәжбүр болған. Бұл орайда, ел сыйлаған жыраулар мен ақындардың пікірі елеулі әлеуметтік күшке айналған. Осылайша дәстүрлі қазақ қоғамындағы сөз бостандығы, ой еркіндігі Абай айтқандай «бас басына би болуға», анархияға ұласуға дейін барды. «Сірә, қазақ қоғамының кезінде қатаң билік үстемдік құрған елдерден кенже қалуы, сөйтіп өзгенің боданына айналуы осы еркіндіктің шектен шыққан әрекеттерге ұласуынан да болар»,[2] – деген Ә.Нысанбаевтың тұжырымдары еркіндікті пайдаланып елдің шырқын бұзуға дейін барудың келеңсіз тұстарына берілген дұрыс баға деп есептеуге болады.

Осы орайда, біріншіден, қазақ хандарының жалғасының басты буындарының бірі болғандықтан, екіншіден, біз қарастырып отырған мәселе XVIII ғасырдағы еркіндіктен бастау алатындықтан – Абылай ханның жеке дара тұлғасы арқылы әлеуметтік азаттық мәселесін таразылауға болады.

XVIII ғасыр оқиғалары қазақ халқының әлеуметтік-саяси және философиялық ой-жүйесіне ерекше бір шабыт беріп, қозғау салған еді. Өркениеттің бір белгісі еркіндік. Қазақ атқа мінсе болды, демін еркін алып, жан-жағынан қарап, өзін еркін сезінген. Қайда барамын,  қалай жүремін ол өз еркінде. Бүкіл айнала аймақты ол өз жері сияқты сезінген. Өмірі өзін емін-еркін ұстаған қазақтың дүниеде қорқатыны бостандықтан айрылу болған. Абақтыға қамалу ол үшін өлімге тең көрінген. Соғыста қорқу, үрку дегенді білмеген. Ата-бабасынан қалған оның бір ерекшелігі соғыста өлемін деп қорықпаған. Оның қорқатыны тұтқын болмау, зынданда отырмау, не құл болмау. Әрине, өмірлерінің мәні болған еркіндік пен еркіндігінің материялдық негізі болып есептелген малынан айрылған қазақ мүсәпір ғана емес, аштықтан қырылды, - дейді Д.Кішібеков [3]. Көшпелілер көзқарасында жаугершілік заманда ат жалын тартып мінген ер азамат, жауынгер майдан алаңында жаумен шайқаста шейіт болса, оған еш өкінбеген. Өйткені олардың түсінігінде бұндай өлім «ақ өлім» деп саналған. Мәселен, Ақтамберді жырау қартайған шағында, төсек тартып жатып: «Бар арманым, айтайын, батырларша жорықта, өлмедім оқтан қайтейін»- деп армандаған екен. Бұл арман, еркіндік үшін өлімге де бас тігетінін айғақтайды. Елі мен жерін қорғау жолында жан беруден өзі олар үшін өлімнің ең қадірлі-қасиетті түрі болып түсінілген. Адам үшін мына жарық дүниені қию қандай қиын болса, оны да осы жолда құрбан етуге бар. Оларға еркіндік жоқ жерде өмірдің мәнісі де қалмайды. Сондықтан жауынгер-жыраулар өздерінің жалынды жырларында  «жалаңаш бар да жауға ти, Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр» деп сарбаздарға рухтандырушы күш бере, өздерінің азаттығы жолындағы соғыста қайтпас-қайсар болуға шақыра толғайды. Еуразиялық кеңістіктегі Қазақ Ордасының осы бір кезеңінің тарихи хал-ахуалы жазушы, жыраулық поэзияның білгірі М.Мағауин «Түркістан бастаған жиырма бес қаладан айырылу Қазақ Ордасының қанатын қырқып, өрісін тарылтып қана қойған жоқ, оның алдағы замандардағы тіршілік кебін бір жақты мал шаруашылығымен ғана айналысатын көшпенді кепке түсірді. Түркістандағы Әзірет Сұлтан дүрбесінен бастап, Сауран, Шымкент, Сайрам, Ташкент, Созақ және басқа қалалардағы мешіттер қоймасында сақталған бай кітапхана, ондағы діни-фәлсапалық еңбектер, ескі тауарихтар мен шежірелер, біз бар деп білмеген тағы қаншама мұра өртке кетті, талан-таражға түсті, жойылды» - деп сипаттайды: [4]. Сахара жұртына соншалықты қымбат құндылықтардың күйрей бастауының нышандары айқын көріне бастаған кез басталды. Осындай алмағайып заманда, қазақ халқының өмір сүруі мен жойылып кетуінің алдында тұрған неғайбіл шақтарында ұлттың айбынды да асқақ жоғары рухының арғасында еркіндіккке деген құштарлық бәрін де жеңіп шықты. Бабаларымыздың көзсіз жанқиярлық ерлігі жайында көптеген аңыздар, өлең-жырлар, толғаулар дүниеге келгені белгілі. Ол туындылар сол кездегі өмір шындығы, жүректердің тебіренісі, халықтың арман-тілегі. Біздің жадымызды екі ғасыр бөліп тұрса да, бабалар үні құлағымызда тұрғандай. Бұрынғы мәдениеттен қиратындылар, ал түптің түбінде күлдің үйіндісі қалады, бірақ осы күлдің үстінде рух қалқып жүретін болады деген Л.Витгенштейн сөзінің жаны бар екенін тарих дәләлдеп отыр [5]. «Ақтабан шұбырынды, алакөл сұлама» деп аталатын жырлар мен «Елім –ай» атты әндер қазақ елінің дербестіктен айырылып қалу қаупі туған кезеңнің туындылары. Осындай қауіпті ең алғаш сезіне бастаған халықтың ең сезімтал ұлдары – жыраулар, билер, ақындар, осындай күйреудің үрейлі ұшқындарын өздерінің шығармаларында көрсетіп, халықты, билік басындағы хандарды бірлікке шақырды. Олардың негізгі үні – отаншылдық, ерлік, жерін, атамекенін қорғау т.т бір кездегі Түркі империясының дәуірленген кезіндегі рухтың өрлігі бәсеңсігенін жандандыртуға арналды. Ұсақ мүдделердің, билікке таласудың, тайпалық, рулық, т.б пиғылдардың белең алғандығы қатаң сыналып, тұтас халықтың бірлігінің мүдделерін алға тарту басым болды.

Дәуірдің геосаяси жағдайына келетін болсақ, қазақ даласын Қытай мен Ресей бөліп алуға даярланып жатқан еді. Ресей екі жақты, қалмақтармен және қазақтармен «саяси ойын жүргізу» саясатын ұсынды. Сол кездегі, яғни қазақ халқының мәдени құндылықтарының өсіп-өркендеуіне елеулі кедергілер келтірген XVIII ғасырдағы тарихи жағдайлар бір жағынан ұлттың намысын оятып, халықты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға бірауыздылыққа, бірлікке жұмылдырды. Екінші жағынан, осынау сахараны мекен еткен, ешкімнің жеріне, байлығына көзінің қырында салмаған, ешкімге өзі тарапынан соғыс жариялап, шабуыл жасамаған ұлттың саяси мәдениетін қалыптастырды. Саяси мәдениет тек ұлттың мемлекеттік құрылымының пайда болуына байланысты қалыптаса бастайды. Тайпа, ру аралық қатынастар, ел ішіндегі ірілі-уақты болып жататын өкпе-наз, барымта, шаруашылыққа байланысты жер дауы, әлеуметтік мәселердің ішіндегі қазақ қоғамының ең бір өзектісі – жесір дауы, бұлардың барлығы дерлік халықтың өзінің ішкі қатынастары болып табылады. Олар саяси сфераға жатпайды. Халықтың халық ретінде одан кейінгі дәуірлерде ұлт ретінде бірігу үдерістері. Әрине бұл құндылықтар негізгілер. Бірақ оларда саяси қатынастардың белгілі бір нышандары болғанымен, шын мәнінде саяси қатынастар жоқ деуге болады. Саяси қатынастар халықтық және ұлттық құрамаларға айнала бастағанда, ол құраманың басқа сондай құрамалармен қатынас аясында өрістеуі тиіс. Осы халықтық құрама тұтас елді біріктіретін күш, мемлекеттің пайда болуымен байланысты, сол арқылы күшейе түседі.

Тәуелсіздік жолындағы күрес жылдары елді басқару, көрші мемлекеттермен халықаралық қатынастарды реттеу, ұлттық мемлекеттің саяси-әлеуметтік істерін басқару хан билігі арқылы жүзеге асты. Тарихшыларымыз, әдебиеттаншы ғалымдарымыз осы ғасырды Абылай заманы, Абылай дәуірі деп атап жүр. М.Қозыбаев «Абылай және оның заманы» атты мақаласында: «Қазақ халқын талай хандар билеген. Бірақ Абылай хан болған дәуірде Шыңғыс әулетінен тараған ханзадалардың құны құлдыраған кез еді. Ел басына күн туған кезде қазақ елінің ханзадалары тақта емес, ұрыс алаңында сынға түсті» - деп атап көрсетеді [6]. Абылай ханның тұлғалық және билеушілерге тән қасиеттерін санар болсақ, Платонның мемлекет жайындағы іліміндегі мемлекетті басқарушы адам қандай болуы керек деген қағидасы ойға оралады. Платон оларды топтарға бөліп, бірінші топтағы басқарушыларға – данышпандарды (философтар) жатқызады. Олардың негізгі қызметі – мемлекетті дұрыс басқару. Ал екінші топқа әскери адамдарды, яғни мемлекетті қорғаушыларды жатқызады. Ежелгі грек философиясының мемлекетті қорғаушылар ішкі-сыртқы жаулардан қорғап қана қоймай, соғыс өнерімен қоса поэзия, музыкамен де айналысса деген пайымдаулары ел билеуші ердің жан-жақты жетілген Тұлға болуын талап еткендіктен еді. Мемлекетті басқарушының бойынан Платон іздеген осы қасиеттер Абылай хан бойынан табылған-ды. Абылай Тұлғасы өзінің әмбебаптылығымен де дараланады. Ең бастысы Абылайдың қазақ сахарасының даналық философиясын бойына сіңірген ақыл иесі болуында. Соған қоса өнерден де құр алақан емес-ті, және де сол киелі өнерді дарытып қана қоймай, өз жан тебіреністерін музыка тіліне көшіре білген нәзік сезімді күйшілігі де болған. Абылай XVIII ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілеріміздің бірі. Абылай күйлері сол кездегі нақты өмір құбылыстарына арналған болатын.

Сонымен, қазақ халқының дәстүрлі  дүниетанымдағы еркіндік мәселесін сараптай келе, ондағы негізгі ерекшеліктерді байыптайтын болсақ, ерік күшіне қол жеткізген, өзінің ерік-жігерін бағындыра білген, қоғамда да белгілі-бір деңгейде шексіз еркіндікке ие болған жандардың, соның ішінде хандардың, еркіндіктерін жауапкершілікпен шектеп отыру қажеттілігін нақты көруге болады. Сонымен қатар, жеке адам еркіндігінен ел мүддесінің, жер мен мемлекеттіктің, бостандық пен азаттықтың жоғары қойылғаны айқын.

 

Әдебиеттер

1.      Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. – Алматы: Өнер, 1996, 355 б.

2.      Нысанбаева Ә.Н. Адам жіне ашық қоғам. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998, 83 б.

3.      Кішібеков Д, Кішібеков Т. Қазақ  философ халық // Ақиқат.- 2009. - №8. 46 б.

4.      Мағауин М. Қазақ  тарихының әліппесі. – Алматы: Қазақстан, 1995, 100-101бб.

5.      Витгенштейн Л. Мәдениет және құндылық // Батыс философиясының антологиясы. – Алматы: Фонд Сорос-Қазахстан, 2002, 276-277 бб.

6.      Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. – Алматы: Қазақстан. 1994, 29 б.