Психология / Социальная  психология

 

Ағылшын тілі мұғалімі, тәрбиеші Көмекова А.Ж.

№10 мектеп-интернаты

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

Алматы қ,

 

РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕНІҢ ЭТНОПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Ел президенті Н.Ә.Назарбаев: «Рухани құндылық, биік адамгершілік жоқ жерде үлкен өркениет орнату мүмкін емес» деген болатын. Ендеше, жеке тұлғаның адамды адам ете түсетін қасиетін ашып көрсету, яғни руханилығын дамыту – заман талабы.

Балаға сапалы білім беру –мектепт ің түбегейлі парызы. Сонымен қатар мектептің жаңа адам тәрбиелеудегі орны – өзгеше. Мектеп  адамгершіліктің алғашқы нышандарын егеді, ал әр адам оны өмір бойы  өз істерімен қалыптастырып, жетілдіре бермек.

Қазіргі таңда ұстаздар қауымына көптеген міндеттерді атқару көзделіп отыр. Өйткені, келешек ұрпақты елжанды, адамгершілігі мол, мәдениетті етіп тәрбиелеу әр ұстаздың алдына қойған мақсаты.

Баланы жастан демекші, бала тәрбиесіне ата-ана  дүние есігін ашқаннан бастап көңіл бөлуі керек. Баланы бір жастан бастап тәрбиелесек көптеген жетістіктерге жеткізері анық, өйткені бала «ананы алып кел», «оны ұстама» деген тыйым сөзден өзіне қатысты тәрбиені сіңіре бастайды. Ал мектепте ұстаздар әр баланы келешек егеменді еліміздің жеткіншектерін жеке тұлға ретінде рухани адамгершілігі мол елжанды етіп тәрбиелейді.

Адамгершілік тәрбие дегеніміз – оқушылардың бойында мінез – құлықтың белгілі бір сипаттарын қалыптастыру және олардың өздерінің де бір – біріне, отбасына, басқа адамдарға, мемлекетке, Отанға деген қатынасын анықтайтын мінез нормаларымен ережелерін дарыту жөніндегі ұстаздардың арнаулы мақсат көздеген қызметі.

Адамгершілік тәрбиенің мақсаты-жеке адамды дамытудың негізгі бөлігі. Ұстаз шәкірттерге жан-жақты тәрбиені осы адамгершілік тәрбиеден бастайды. Оның адамгершілік сезімін, сенімін, белгілі мақсатқа, бағытқа жетелеу, іс-әрекетін ұйымдастыру осы  адамгершілік тәрбиеден басталады.Ұстаз шәкірттердің ізгі ниеттілігін, адалдығын, кішіпейілділігін, ілтипаттылығын, жауапкершілігін қалыптастырады.

   Әр қоғамда, өмірде, еңбекте, тұрмыста, отбасында, топ аралық, халықаралық қатынастарда мораль адамның  сана-сезімін реттейді, қалыптастырады. Мораль принциптері барлық адамдарға тарайды, олардың өзара-қатынас формаларын қуаттайды, бекітеді немесе керісінше өмір талаптарына байланысты олардың өзгеруін талап етеді.

    Адамгершілік тәрбиенің мақсаты-жеке адамды дамытудың негізгі белгісі.

 Олар:

     -шәкірттерді өмір талабына сай қоғамдық моральдық нормасын орындауға қатыстыру;

     -шәкірттердің адамгершілік  тәжірибесін қалыптастыру;

     -шәкірттердің санасына және мінезіне  ұстаздық ықпал жасау,  ұлттық қасиеттерді дарыту;

      - Республикаға, оның Президентіне, Әнұранына, Рәміздеріне  шәкірттердің  сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу.

Адамгершілік сезім балада моральдық  сапаның қалыптасуымен жүзеге асады. Бала сыртқы көрініс әсерін тез қабылдайды. Оған күйзелу, қорқу, таңдану, жолдасқа қайырымдылық, үлкенді сыйлау,көмектесу, кішіге қамқорлық сияқты адамдар арасындағы қарым-қатынас елеулі әсер етеді.

Осындай әсер негізінде бала бойында моральдық сапалар қалыптасады. Өзінің жеке басының әрекеті мен адамгершілік қасиетін көрсете білуге жаттығады.

Мектеп есігін алғаш ашқан жас буындармен келген күннен бастап тығыз жұмыс жүргізу – бірінші кезектегі міндет. Саналы тәрбие болмаған жерде сапалы оқу мен білімнің болмайтындығы белгілі. Баланың жас ерекшелігіне сай жүргізілген тәрбие жұмысы оларда кездесетін: еркелік, жалқаулық, салғырттық сияқты т.б. әдеттен дер кезінде арылуға әсер етеді.

Бала бастауыш мектепті бітірген кезде төңірегіндегі оқиғалар жайында қисынды да жүйелі баяндап, жанындағы адамдармен ешбір қиындықсыз қарым – қатынас жасауды үйренуге, алған білімін түсініп, өмірде қолдана білуді талап ететін дағдыларды толық игеруі тиіс»,- деп көрсетілген нұсқау да біз көтерген мәселенің қоғам талабынан туындап отырғандығын дәлелдейді.

Адамгершілік тәрбиесінің маңызы мектептің күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Егер біз ертеректегі ғұламалардың еңбектеріне жүгінсек, осы пікіріміздің дұрыстығына көз жеткіземіз. Демек, бүгінгі таңда педагогика ғылымында әлі де толық шешімін таба алмай отырған өзекті мәселелердің бірі жеке тұлғаның рухани – адамгершілігін дамыта тәрбиелеу болып табылады.

Жеке тұлғаның рухани – адамгершілігін дамыта тәрбиелеу баланың мектеп табалдырығын аттаған сәтінен бастап жүзеге асырылса, онда қоғамның әлеуметтік қажеттігін өтейтін рухани бай тұлға қалыптасуына ықпал етеді. Бұл идея адам бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтарды дамытып, қалыптастыруды ғылыми және практикалық тұрғыда зерттеп, оның әдістемесін жасау мақсатын туғызды. Егер сабақтарда берілетін білімнің мазмұны мен әдіс – тәсілдері оқушының өзін – өзі әрекетінің субъектісі ретінде тануына мүмкіндік туғыза отырып, оның жан – жақты дамуына бағдарланса, онда бастауыш сыныптан бастап, жеке тұлғаның адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу жүзеге асады.

Халықтық педагогика сан салалы, мазмұны бай. Оны халқымыз үзбей тәлім тәрбие ісінде пайдаланып келеді. Соның ішінде жеке тұлғаны адамгершілікке тәрбиелеуде халықтық педагогиканың маңызы өте зор.

Халық педагогикасы -  ұлттық тәжірибелер мен тағылымдардан туған бай қазына, өшпес өнеге, тәрбие өрнектері:  ертегілер, жырлар, аңыздар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар, мазақтамалар, мақал-мәтелдік сөздер, этнографиялық (мәдени-тұрмыстық), ұлттық салттармен дәстүрлер, рәсімдер, әдет-ғұрыптар, халықтық ойындар мен ойыншықтар, мерекеле мен тойлар, әулеттік тағылымдар мен тәжірибелер, үлгі -өнегелер – халықтық құнды мұра, тәлім-тәрбиенің баға жетпес қайнар көзі.

Ертегілер баланы қызықтырады. Сөзді тыңдай үйретеді, оның қиялын дамытып, адамгершілікке тәрбиелейді, жан-дүниесін, мінез-құлқын қалыптастырады, дарын нышандарын өрнектейді.

Аңыз әңгімелер шыншылдыққа, сергектікке, елін сүйіп, еңбек етуге, зұлымдықпен күресе білуге үйретеді.

Балаларды адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында ертегі, аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдермен қатар ел арасында әділдігімен, батылдығымен  аты аңызға айналған «от ауызды, орақ тілді» шешен билер мен елі үшін жанын қиған батырларды, мұсылман дінінің пайғамбары Мұхаммед пайғамбардың үлгі- өнегеге толы хадистерін күнделікті тәрбие жұмысында өнімді пайдаланғанының нәтижесі мол.

 

Әдебиеттер:

1.     Күнқожаева Н.Р. Адам және қоғам. Рауан.Алматы,1997.(63-64 бет)

2.     Ш.Сыздықова Адамгершілікті еге білейік// Бастауыш мектеп, 1979,№ 3

3.     Ә.Табылдиев Халық педагогикасы және тәрбие//  Бастауыш мектеп,1990, ,№ 12

4.     Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар 

5.     Ү.Тұрғынтаева Халық даналығы-адамгершілік тәрбие құралы // Отбасы және балабақша, 2001, №5

6.     С.Қожагелдиева, Ж.Қожабаева Әдеп сақтау- адамгершіліктің белгісі//

Бастауыш мектеп,2008, №5