СТУДЕНТТЕРДІҢ ЖЕКЕ ТҰЛҒААРАЛЫҚ
ҚАТЫНАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
«Тұран-Астана»
университетінің п.ғ.к А.Ш.Тәңірбергенова
«Тұран-Астана»
университетінің магистранты А.А.Қордабаева
Тұлғааралық
қарым-қатынас – ол жекелеген адам арасындағы туындайтын
қатынастар.
Жеке қарым-қатынастар
– ол адамдардың бірлескен қызметінен басқа жағдайларда
туындайтын қарым-қатынас.
Кеңес психологы Б.Г. Ананьев студенттік кезеңді «жеке
қатынаста адамгершілік және эстетикалық сезімдердің
және өзіне азаматтық, қоғамдық-саяси,
кәсіби-еңбекті біріктіретін ересек адамның
функцияларының қалыптасып, тұрақталуының
айрықша белсенді мәнге ие» деп қарастырды.
Жоғары мектеп жасынан студенттік жасқа өтуі
өмірдің үйреншікті көзқарастың
өзгеруі мен қарама-қайшылықтарымен сәйкес келеді.
Бұл қарама-қайшылықтар әлеуметтік-психологиялық
сипатта болады.
Студенттік кезеңдегі өзбеттілік әрекеттер туралы
сұрақ көп жағдайда нақты практикалық
сипатта болып келеді. Бір жағынан теориялық білім мен
қызығушылықтар жиналған білім аймағындағы
практиканың қолдануымен кездескенде тексеруден өтеді. Екінші
жағынан қызығушылықтар мен қажеттіліктердің
теориялы, абстрактілі аймағы оны тұрмыста қолдануға
әкеледі. Өзбеттілік - жатақханадағы өмірге
үйрену, өзінің ақшасын ұстау, өз
уақытын дұрыс қолданумен байланысты практикалық іске
айланады.
Студенттік кезең – бұл адамгершiлiк
дамуының, моральдық мөлшердi меңгерудiң
қарқынды даму кезеңi. Адамгершiлiк дамуы өзiне
адамгершiлiк сана-сезiмдi, адамгершiлiк мiнез-құлық
және адамгершiлiк қарым-қытынасты жинақтайды.
Студенттік кезеңде студенттердің қарым-қатынас
мәдениеті, құрбы-құрдастарымен өзара
қатынастары айтарлықтай өзгередi. Тiптi олар үшiн
жора-жолдастарына көмек қолын беруге дайын тұру,
достықты сүю, мейiрiмдiлiк және қайырымдылық
сияқты қасиеттер өте маңызды саналады.Студенттің
қатынас жасау типтерін зерттеген еңбектер қарастыра отырып,
студенттердің қарым-қатынас жасау қабілетін үш
түрге бөліп қарастыруға болатындығын
Л.А.Перовская, Ю.М.Лотман, М.И.Рыданов және Б.Ф.Ломовтардың
еңбектерінен көреміз:
1) Жалғыздыққа бейім өзімен-өзі
жүретін студент. Оны айналасындағы құрдастарымен
қарым-қатынас жалықтырады. Ол өзімен-өзі
жалғыз қалғанда немесе өзі ұнататын ісімен
айналысқанда ғана өзін жайлы сезінеді.
2) Жұптасқан қарым-қатынас
түріне бейім студент. Оның жанында сенімді досы немесе
құрбысы болуы қажет. Ол доссыз немесе құрбысыз
толыққанды өмірді сезіне алмайды.
3) Топтық, ұжымдасқан
қарым-қатынас түріне бейім студенттер. Мұндай
ұжымдасқан немесе бейімділіктеріне қарай топтасқан
студенттерден дұрыс бағыттағы салауатты қарым-қатынастағы
ұжымдар да, сондай-ақ, қоғамдағы жағымсыз
әрекеттерге баратын топтар да қалыптасуы мүмкін. Осы
қарым-қатынас жасау қабілетінің үш түрі
арқылы мынадай көзқарасқа тоқталамыз: егер
бірінші типке жататын студент қақтығыс жағдайында
жалғыз өзі уайымдайтын болса, екінші және әсіресе,
үшінші типке жататын студенттер табиғи сыртқы
қорғаныс тәсілдерін қолданады. Мектеп жасындағы
жасөспірімдермен салыстырғанда, студенттердің қақтығысқа
түсетін адамдарының саны көп, өйткені мектептегі
санаулы мұғаліммен салыстырғанда, студент әр курста
он-он бес оқытушымен, жаттықтырушылармен, кафедрадағы,
факультеттегі, оқу бөліміндегі әдіскерлермен,
қызметкерлермен тұлғааралық
қарым-қатынасқа түседі. Оның көз алдында
алуан түрлі мамандардың: жас, орта жастағы, егде
жастағы оқытушылардың, өз ісінің білікті
мамандарының немесе салмақты, мәдениетті
оқытушылардың және беймаза, дөрекі
оқытушылардың әрқайсысының өзіне тән
қайталанбас, дербес сабақ беру үлгілері ұсынылады.
Сонымен қатар, оқытушылармен арадағы
қақтығыстар, түсінбестіктер мен шиеленістердің
пайда болу мүмкіндігі де арта түседі. Болашақ маманды
педагогика саласы бойынша даярлауда оның мәдениеттілігіне
көңіл бөлу, бүгінгі мәдениеттілік
дәрежесіне сай қарым-қатынастың сапалық
деңгейін қалыптастыру арқылы оны әлеуметтік
өмірге енгізу көзделеді. Осы тұрғыдан оқыту
үдерісінде оқытушылардың қарым-қатынас
мәдениетін қалыптастыруының маңызы педагогикалық
шеберлікті қолдануына, қарым-қатынас үдерісі кезінде
тез және жеңіл тіл табысу барысында сенімділікті,
ынтымақтастықты, жолдастық сезімді ояту, сұхбаттасушы
тұлғаның тақырыбын қызығушылықпен
тыңдау, мимика, пантомимиканы тиімді қолдануы үлкен
нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеді.Осыған орай, модельдеу
үдерісі нысананы белгілі бір мақсатта зерттеудегі нақты
теориялық болжамның жүйеленген көрсеткіші бола отырып,
оның дәлдігін тәжірибеде тиімді анықтауға
мүмкіндік бере алады. Жоғары білім беру үдерісіндегі (студент
– оқытушы – жоғары мектеп) сабақтастықта тұлғааралық
қарым-қатынасын шыңдаған оқытушылар мен
студенттердің қарым-қатынас қажеттілігін арнайы
жасалған модель арқылы: - қарым-қатынастың
оқыту үдерісіндегі екі аспектілігінің (педагогтың
іс-әрекеті, студенттердің іс-әрекеті) негізгі сипатын
анықтау мақсатында жоспарланған жүйелі зерттеуді;- жеке
тұлғаға әсер ететін факторларды анықтауды;-
студенттердің оқуға бейімделу жағдайын; -
эмоционалдық қарым-қатынас ахуалының қалыптасуын
педагогикалық қызметтегі қарым-қатынастың
ұжымдық сипатын;- шиеленістердің алдын алудың жолдарын
айқындауға мүмкіндік туындайды.
Студенттің
қарым-қатынас дағдылары мен икемділігін қалыптастыру,
яғни, студенттің іскерлік психологиялық
қарым-қатынас кезіндегі әртүрлі жағдайларға
бейімделуі, тез меңгеру қабілеттеріне ие болуы, студенттермен жағымды
қарым-қатынас позициясын құруға ұмтылу,
мотивациясы мен білімін заманның талабына сай жетілдіру аса маңызды
болып табылады. Білім беру үрдісіне қатысатын
мүшелердің әрқайсысының өзіндік міндеттері
мен құқықтары бар. Оқытушының міндеті –
оқыту технологиясын таңдай отырып, студенттердің білімге
құштарлығын ояту, өзіндік икемділіктерін ашу,
шығармашылықпен айналысуын ұйымдастыру негізінде білім беру
сапасын көтеру. Студенттің міндеті – оқу, сабаққа
кешікпей келу, тәртіп бұзбау, білім беру үрдісі мен білім
мазмұнына қанағаттану құқығы бар.
Оқытушының әлеуметтік
тұлға бейнесінің қалыптасуы
психологиялық қарым-қатынас мәселесіне келіп
тіреледі. Жеке адамның әлеуметтенуі өзінің
қоғамына тиесілі өзара қатынастар, кәсіби
әлеуметтік талаптарға байланысты болады. Демек,
қарым-қатынас – студенттің тұлға ретінде
жетілуіне пайдасын тигізетін құбылыстардың бірі, яғни,
қарым-қатынас арасында өзге тұлғаларды
қабылдап, олардың сөйлеу мәдениетіне бейімделеді.
Қарым-қатынас барысында
жеке адамның қоғамдық рухани және
материалдық құндылығы қалыптасады, жеке
тұлғалық ерекшелігін көрсетеді,
өзі үздіксіз қарым-қатынаста болатын
қоғамға енеді. Коммуникация әрбір адамның
әрекет барысындағы субъектісіне айналады, табиғат пен
дүниені таниды, олармен қарым-қатынасын дамытады.
Студенттің әлеуметтенуі
екі ұстанымға ие: еліктеу және иілімді.
Болашақ оқытушының бейнесін қалыптастыру
үшін студент кәсіби ортада педагогпен қарым-қатынас
барысында жалпы құндылықтарға ие болып,
психологиялық ерекшеліктерге назар аудару қажеттілігі туындайды.
Қазіргі оқу орындарында оқытушылардың рөлі артып,
оның студенттерге психологиялық және педагогикалық
әсер ету арқылы кеңейді. Оқытушы білім мен
ақпараттың бағыттаушысы болып қана қоймай,
педагог, психолог, психотерапевт болуы керек. Бұған оның
педагогикалық қызметінің жетістігі мен беделі тәуелді.
Оқытушының беделі – оқу-тәрбиелеу процесінің
жетістігіне әсер ететін ұжымдастар мен студенттер және
өзара қатынас барысында білінетін, ұйымдағы оның
кәсіби, психологиялық, тұлғалық сипаттамасы. Оқытушының
беделі - оның білімділігіне, адамгершілігіне байланысты болып келеді.
Қазіргі таңда студенттерге оқытушының жеке
тұлғасы, оның ашық, қайталанбас дербестігі
тәрбиеленуші және психотерапевт ретіндегі беделі әсер етеді .
Сөз соңында айтарымыз,
білуге деген қызығушылық пен жаңаны білуге деген
талпыныс адамға ғана тән. Оны байқау және дамыту
оңай емес. Егер оқытушы студентпен дұрыс
қарым-қатынас орната алмаса, қызықтыра алмаса,
оның қызығушылығы жоғала береді. Ал егер де
оқуды өмірде болып жатқан жан-жақты ақпараттармен
байланыстырса – білім сапалы түрде қабылдануы әбден
мүмкін.
Әдебиеттер
тізімі
1. Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
Қазақстан Халқына жолдауы. //Егемен Қазақстан,
2005,18 ақпан.
2..Есенғұлова
М.Н. Студенттердің
қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда
халықтық педагогика идеяларын пайдаланудың педагогикалық
шарттары Автореф. дис... к.п.н.
– Түркістан, 2007
3. Жеке тұлға мәдениетін
қалыптастыру - өзекті мәселе // Республикалық
ғылыми-практикалық конференция. Ақтөбе,2006.
4. Оқыту үрдісінде
қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың
өзекті мәселелері // XXI ғасырдағы қазақ
мектебі: даму болашағы республикалық ғылыми-практикалық
конференция. - Алматы, 2006. 452-457б
5. Болашақ мамандардың
қарым-қатынас дағдылары мен икемділігін
қалыптастырудың теориялық негіздері // Абай
әлемі:рухани мұра мәселелері және қазіргі
кезең.Республикалық конференция. Ақтөбе, 2005. - Б.
222-225.
6. Жеке тұлға мәдениетін
қалыптастыру - өзекті мәселе // Республикалық
ғылыми-практикалық конференция. Ақтөбе,2006.
7. Мұхамеджанова Ә. Оқытушы мен студенттің өзара
қарым-қатынасын басқару //Білім. №10 - 2006. 18 бет.