ТҰЛҒАНЫҢ ІС-ӘРЕКЕТІН
БЕЛСЕНДІРУДІ ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫ
Жұбаназарова Н.С.
психология ғылымдарының
кандидаты доцент,
аға
оқытушылар: Лиясова А.А.,
Баймолдина Л.О., Адилова
Э.Т.
әл
-Фараби атындағы ҚазҰУ
Жалпы және
этникалық психология кафедрасы
Егеменді ел болып,
өркениетке бет бұрған қазақстанның
жастары ертеңгі мемлекет тірегі. Сол тірек нық та, берік болуы
үшін бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру,
кәсіби білікті мамандар дайындау қазіргі таңда өзекті
мәселелердің бірі болып табылады.
Тұлғаның танымдық іс-әрекетін қарым-қатынас
арқылы дамытудың көкейтестілігі бүгінгі таңда
әсіресе кәсіби маман қалыптастыруда өте маңызды.
Сонымен қатар, Қазақстанның
тәуелсіздігі егеменді мемлекет ретінде мәнді дәрежеде
болашақ маман иелерінің коммуникативті қабілеттілік
деңгейлерімен, кәсіби білікті даму сапасымен қамтамасыз
етуді алғашқы орынға қояды. Қазақстанның
болашағы мен оның дамуын жалғастыратын маманды даярлау туралы
мәселелерді алға қояды. Демек, іргелі білімді жан-жақты
меңгерген, бастамашыл, еңбек нарығы мен әрқилы
технологиялардың ауысып тұратын талаптарына бейімделген және тек
өзінің ісін жақсы білетін ғана емес, сонымен бірге
қажетті жағдайда күрделі мәселелерді өзі шеше
алатын маман даярлау бүгінгі таңда өзектi
мәселелердiң бiрi. Әрине
мұндай мәселені шешу тұлғаны ең алдымен
қарым-қатынас
құралымен қамтамасыз ету болып табылады.
Бүгінде қарым-қатынас барлық адамзат қауымы үшін
негізгі әрі басты байланыс құралы екендігі сөзсіз. Ал
қарым-қатынас білімін
меңгеру тікелей танымдық іс-әрекеттің
дамуын қамтамсыз етеді.
Қарым-қатынас бірлескен іс-әрекет,
өзара әрекеттесуші субъектілердің белсенді
ұйымдасқан жүйесі ретінде қарастырылып, жан-жақты сипатталған. Бірлескен іс-әрекеттегі қарым-қатынас ерекшеліктерінің көрсеткіштері
жасалған. Тұлға үшін ерекше қарым-қатынас туралы білімдер, соның ішінде
танымдық іс-әрекетінің дамуында
ерекше орын алады және осы жағдайлар психологиялық
мәселелердің шешімін табумен анықталады [1].
Қарым-қатынас –
адамдардың бір-бірімен әсерлесу және бір-біріне әсер
ету процестерінің жиынтығы болып табылады. Ол тек адамдардың
бір-бірімен ақпарат алмасу ғана емес, сонымен қатар олардың
арасындағы эмоциялық байланыстың болуына ықпал етеді.
Жеке
тұлғаның қалыптасуы мен дамуындағы
қарым-қатынас ролін сипаттай отырып, В. М. Бехтерев былай деп
жазды: «Түрлі тұлғалар өздерін қоршаған
ортамен қатынас жасағанда түрліше жағдайға тап
болады. Адам басқалармен неғұрлым бай және
түрліше қарым-қатынас жасаса, соғұрлым
тұлғаның дамуы сәтті жүзеге асады».
В.Н.Мясищевтің 1970 жылы Бүкіл
Одақтық Симпозиумда жасаған баяндамасында
қарым-қатынас жайлы былай дейді: «Адамдардың бір-бірімен
қатынас жасауы олардың өзара араласуларымен сипатталады. Яғни
қарым-қатынас жасау арқылы адамның түрлі
белсенділіктері, жағымды және жағымсыз мінез-құлықтары
көрінеді. Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас
жасауындағы себептерді анықтай отырып, әрбір адамның
тек тұлғалық қасиеттеріне ғана емес, сонымен
қатар сөйлесу кезіндегі әрекеттерге де мән берді. Оның
бұл жайлы жазғаны: өзара еркін қатынас арқылы
шынайы қарым-қатынас пайда болады, ал еркіндік жоқ жерде, бір
адамның келесі бір адамға тәуелді болуы кезінде керісінше
жасырын қарым-қатынас пайда болады.
А.А. Леонтьевтің пікірінше «Қарым-қатынасты
интериндивидуалды емес, әлеуметтік феномен ретінде түсіну керек;
оның субъекті ретінде индивидті емес, әлеуметтік топ немесе
тұтас қоғамды алу керек»- деп қарастырады [2].
Қарым-қатынасты зерттеу барысында әр
ғылым бұл процесті әр жақтан қарастырады.
Қарым-қатынас ұжымдық еңбекте ғана
маңызды орын алмайды. Адамның тұлға болып
қалыптасу процесінің өзі, оның
қоғамдық адамға айналуы қарым-қатынассыз
мүмкін емес. Дамыған тұлғаға
қарым-қатынас қажеттілікке айналады.
Адамның ерікті
белсенділігінің барлық түрлерін субъект-объектілік және
субъект-субъектілік деп бөлу қабылданған,
алғашқысы – іс-әрекет категориясына, ал екіншісі
қарым-қатынас категорияларына жатқызылады.
Іс әрекетті
субъект-объектілі өзара әрекет ретінде қарастыру
субъектінің мақсатқа бағытталған белсенділігі мен
объектінің «әрекетсіздік» реактивтілігін қарама қарсы
қоюға негізделеді және бұл адамның жалпылама түсінігінде іс
әрекет субъектісі ретінде бейнеленеді. Бұл өз
қажеттіліктерін ескере отырып, өз мүмкіндіктерін пайдаланып
және түрлі қосымша құралдарды жасап, адам
объектіні қалай да өзгертеді, оған әсер етеді,
жаңа байланыстарға және қатынастарға енгізеді,
яғни оны ассимиляциялайды.
Ал осындай өзара
әрекеттесулерде кездесетін ақпарат алмасуды айтатын болсақ,
онда ол қарым-қатынас емес коммуникация болып табылады, яғни
ақпарат көзі мен ақпаратты қабылдаушы арасындағы
ақпараттық байланыс, бірақ оны механизмдер емес адамдар
жүзеге асырады.
Қарым-қатынас
барысында адамдар өзінің және басқалардың алдында
өзіндік психологиялық ерекшеліктерді ашады, көрсетеді
және түсінеді. Адамның психологиялық қасиеттері
қарым-қатынас нәтижесінде пайда болады, дамиды,
өзгереді. Басқалармен арақатынас жасай отырып, адам
қоғамдық ережелерді, нұсқаларды, білім мен іс-әрекет
тәсілдерін, жалпы әлеуметтік тәжірибені өз бойына
сіңіреді. Қарым-қатынас нәтижесінде адам жеке
тұлға болып қалыптасады.
В.А. Кольцованың
мәліметтері бойынша, қарым-қатынас күшті, орташа
және әлсіз қатысушыларға түрліше әсер
етеді. Олардың көбі бірлескен әрекеттің арқасында
күштілер деңгейіне көтеріледі [3].
Қарым-қатынасты
өзара әсер ету факторлары ретінде де қарастыруға болады. Бұл жағдайда
қарым-қатынас тұлғаның өмір сүруінің
факторы ретінде қарастырылуы керек және керісінше де,
тұлға қарым-қатынастың факторы да бола алады. Тұлғалық
фактор ретіндегі қарым-қатынаста функциялар әр түрлі
болып келеді. Ең бастысы, қарым-қатынас
тұлғаның терең қажеттілігі, дәлірек
айтқанда, оны қанағаттандырудың шарты және
құралы болып табылады. Қарым-қатынассыз адамның
өзін-өзі жүзеге асыру, өзін-өзі білдіру мен
өзін-өзі бекіту сияқты
ұмтылыстарымен байланысты болатын жеке қажеттіліктерді
қанағаттандыру мүмкін емес.
Қарым-қатынас
– адамзат қатынасының күрделі түрі. Кез-келген
тұлғааралық қарым-қатынас адамдар арасындағы
жай байланыс емес, одан да терең функцияны білдіреді. Әрине,
басқалармен қарым-қатынас деңгейі түрлі
тұлғалар үшін әр түрлі. Бұл
индивидтің интро- немесе экстроверттілік деңгейіне байланысты болып
келеді. Осымен де тұлғаның психологиялық генетикасының
деңгейі анықталады [4]. Сонымен қатар, бұл
тұлғалық ерекшелік оның басқа адамдармен байланыс
орнатудағы қиындық та бола алады. Бірақ бұл
жағдайда қарым-қатынас тұлғаның
өмірлік факторы ретіндегі өз рөлін жоғалтпайды.
Қарым-қатынас
мәселесі психологияның өзекті мәселелерінің бірі
болып табылады, өйткені тұлға қалыптасуының
негізгі факторы және адамның бастаушы әрекетінің түрі
ретінде қарым-қатынас бала дамуының ең негізгі шарты
ретінде қарастырылады. Қарым-қатынас субъектілерінің
өзіндік функционалды жүктемелері бар. Мысалы, А.А. Брудный бойынша қарым-қатынасты
үш мынадай бастапқы функцияларға бөледі:
белсендіруші-әрекетке итермелеуші; интердиктивті – тиым салушы, тежеуші;
дестабилизациялаушы – қорқыту, намысқа тиер сөздер
және т.б, және қарым-қатынастың төрт
негізгі функциялары: инструменталды – іс-әрекетті
қарым-қатынас арқылы координациялау; синдикативті –
қауым, топ қалыптастыру; өзін көрсету; тасымалдаушы
функциялары көрсетілген. Соңғы функция педагогикалық
қарым-қатынас үшін ерекше қызықты, өйткені
“бұл функция оқыту негізінде жатыр: тұлғаны оқыту
қарым-қатынас арқылы жүзеге асады...”
Педагогикалық
қарым-қатынас мәселесіне арналған жұмыстарда
педагогикалық қарым-қатынас категориялары бөлініп
алынған және ұйымдастырылған, сонымен қатар
оның құрылымы мен тиімділігінің сыни бағасы
сипатталған (А.А.Леонтьев, А.А.Бодалев, В.А.Кан-Калик, Г.А.Ковалев,
С.В.Кондратьев).
А.А. Леонтьев педагогикалық
қарым-қатынастың тиімділігін келесідей анықтайды:
бұл оқу әрекетінің шығармашылық сипатын
және оқушының түрткісінің дамуына жақсы
жағдай жасайтын оқу үрдісіндегі оқытушының
оқушымен қарым-қатынасы, ол тұлғаның
дұрыс қалыптасуы үшін оқытудың жеке
бөліктерінде жағымды эмоциялық климатты қамтамасз
етеді, психологиялық кедергілердің туындауына қарсы
тұрады, балалар ұжымындағы
әлеуметтік-психологиялық үрдістің басқарылуын
қамтамасыз етеді және оқу үрдісінде
оқытушының
тұлғалық ерекшеліктерін жоғары дәрежеде
қолдануға мүмкіндік береді.
Адамның ұжым ішіндегі өзіндік ерекшелік бейнесі «Мен»
- бейнесі оның өзіндік мінез-құлқы мен
іс-әрекетін, сол ұжым ішінде нендей қызмет атқарып,
қандай орын алатынын көрсететін кез келген адамның
даралық сипаты. Адамның даралық басына тән
қасиеттер мен сипаттар, оның ерекшеліктері мен өмір
кезеңінде түрлі топтар арасында қалыптасқан
мінез-құлқының көріністері, сол мінез
ерекшеліктерінің қандай топтар мен ұжым арасында өмір
кешкені жайлы белгілі із қалдырып отыратын бейнелерінен құралатын
мінез енді адамның түрлі ортаға бейімделіп тіршілік етуі үшін оның тұтас
түрдегі психологиялық өзіндік портреті жасалады. Мұндай
өзіндік адам бейнесінің жасалуы үшін мынадай екі түрлі
талап қойылады. Оның бірі – адам өзінің бойынан, мінез-құлқындағы
ұнамсыз сипаттар мен жағымсыз қылықтардан арылуға
күш жұмсап, кісілік қасиеттері мен азаматтық болмысын
қалыптастыруға ұмтылады; екінші өз басындағы
мінезінің олқылық жақтарын толықтырып, кісілік
қасиетіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттері мен
қылықтарынан арылу үшін күреседі.Сөйтіп ол
өзінің даралық бейнесін қалыптастыра отырып, «енді мен
кім болуым керек, өзім қарым-қатынас жасап араласатын топ
арасында қандай рол атқарамын» нендей істерді істеуге
мүмкіншілігім бар? Деген сұрақтар қойып, алдына белгілі
мақсатқа жетуді көздейді. Осындай мақсаттар мен
жүзеге асыру жолында ол өзге адамдармен
қарым-қатынасқа түседі.
Қатынас жасау адамның даралық мінез қасиеті. Ол
мынадай сатылардан тұрады:
1)
Өзгелермен қарым-қатынас орнатуға ниет білдіруі.
2)
Қатынас жасайтын әріптестерінің кімдер екенін танып білуге
ықылас білдіріп, олар жайында қажетті мәліметтер алуға
ұмтылады. Әрбір әріптесі мен өзінің өзара
қатынасының нендей ролдер атқаруы жайлы елестері пайда
болады. Әріптестерінің кімдер екенін, танып білуге мән беріп,
мен олардың арасында қандай орын аламын деп, өзгелердің
пікірімен санасады. Өзін өзгелердің орнына қойып, ішкі
жан-дүниесінің сырына барлау жасайды.
3) Қатынас жасаушы серіктері жайында өзара
тілдесіп, ұғынысудың жолын іздестіреді: егер олар тіл табыса
алатын белгілі іс-әрекет болса, атқаруға кіріседі.
Іс-әрекет үстінде ұжым ішіндегі әріптестердің
кімдер екенін аңғарып, оларды да, өзін де танып білетіндей
деңгейге көтеріледі.
4) Қарым-қатынас жасап,
тілдескен әріптестер нендей істерді атқара алады және
олардың іс-әрекеті мен мінез-құлқында,
қабілетінде нендей жағымды ісі бар, ұнамды қасиеттері
мен олқылықтары кездеседі
деген жәйттерді анықтап, кімнің кім екенін білетін
болады. Егер жалпы тіл табысып кете алмайтындай жәйттер байқалатын
болса, онда қатынасқа түскен адамның өзгелермен
әрі қарым-қатынас жасаудың пайдасыз екенін
аңғарып, олардан өзін аулақ ұстауға
тырысады.
Адамның күнделікті өмірінде
маңындағылармен тілдесіп пікір алысуы ұжым ішінде болса да,
нақты жағдайлар мен түрлі ситуацияларға тәуелді
болып отыратындығы ақиқат жәйт. Мұндай
жәй-жапсарлар әрбір адамның алдына қоятын мақсаты
мен тіршілік тұтқиылдарына
да тәуелді түрліше сипатта қалыптасады да, оның
өзіндік ұстанымына, мүддесіне сәйкес болуын талап
етеді.
Сонымен қарым-қатынас дегеніміз – ғылым әрі
өнер. Бұл шығармашылық процесс. Қатынас жасау,
өзгелермен тіл табысу - әрбір адамның өмір
тәжірибесіне, біліміне, тапқырлығы мен ақыл-ойына
байланысты жүзеге асып отыратын тіршілік мұқтаждығы.
Тіл табысып өзгелермен қатынас орнату әрбір адамның
өзіндік талғам-тілегін, ықылас-ынтасын, жалпы адамға
деген адами көзқарасын жете түсінуді талап етеді.
Қарым-қатынас нәтижесінде адамның кісілік
қасиеті, өзгелерге деген қамқорлығы мен
жанашырлық сезімі, гуманитарлық көзқарасы
қалыптасады. Тіршілік ортасы мен өмір сүрудің сан алуан
сырларын біліп, жеке басының қадір-қасиетін арттырады. Адам
өзін өзгелердің орнына қойып байқап, оның
ішкі дүниесінің сырын да барлап біледі.
Адамның
өзгелермен тілдесіп қарым-қатынас жасай білуі жалпы адами
қасиеттердің аса қажетті түрінің бірі. Күнделікті өмірде кездескен адаммен
ашық-жарқын сөйлесіп пікір алысатын болсақ
көңілің ашылып, жан дүниең сергиді.
Қорыта келгенде, қарым-қатынас орнатуды мынадай екіге
бөліп немесе ажыратып көрсетуге болады. Оның бірі –
адамның ішкі дүниесіне қатысты қасиеттері ойлауы мен
саналы әрекеті, ал, келесі бөлшегі адамның
мінез-құлқы мен өзгелермен тіл табысып бірлесіп
әрекет жасайтын қатынас сипаттарын білдіреді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Джакупов С.М. Психология познавательной
деятельности.- Алма- Ата, Қазақ университеті.- 1992.- 195 с.
2. Леонтьев А.А. Педагогическое
общение. М., 1979.
3. Кольцова
В. А. Опыт экспериментального изучения познавательной деятельности в условиях
общения.— В кн.: Методология и методы социальной психологии. М., Изд-во МГУ, 1977,
с. 189—200
4. Данилин К.Е. Формирование внутригрупповых установок и рефлексивной
структуры группы // Межличностное восприятие в
группе. М., Изд-во МГУ, 1981.- 205 с