Термин – адам танымының тілдік таңбасы

 

Кенжемұратова С.К.

 

Кез келген тілдің терминдік жүйесінің қалыптасуы, терминнің тұрақты қолданысқа түсуі аз уақытта шешіле қоятын мәселе емес. Ол ұзақ мерзімді тұрақты әрекетті, шынайы ізденісті талап етеді. Сонымен бірге, терминнің жсалуы үшін де , оның тұрақтауы мен тілдік нормаға енуі үшін де терминнің арнайы түрде жасалып, бекітілуі, терминологиялық сөздікке енгізілуі жеткіліксіз.

Сондықтан әрбір жаңадан жасалған термин тікелей қолданылып, практикалық тексеруден өтіп отыруы шарт. Терминологиялық кодты дамыту терминжасам жүйесімен тығыз байланысты. Ал термижасамның басқа тілдерден сөз алумен ғана шектелмей, тілдің ішкі мүмкіндіктерін, яғни лингвистикалық заңдылықтары да пайдалануының зор маңызы бар.

Қазіргі қазақ терминологиясын қалыптастыру қазақ тілінің лексика – грамматикалық жүйесіндегі лексика–семантикалық, синтетикалық және аналитикалық тәсілдермен байланысты. Терминжсам процесінде қосымшалардың атқаратын қызметі зор. Бұл қасиет тілдің сөздік құрамының, оның ішінде терминологиялық лексиканың дамуында үлкен орын алады. Сонымен қатар, әдеби тілдің лексикасын байытып, грамматикалық құрылысын дамытады.

Термин – адам танымының тілдік таңбасы, адамның басты рухани, ғылыми және материалдық игілігі болғандықтан, гносеологиялық, семиотикалық, семантикалық үштіктің бірлігі және нәтижесі. Терминдердің ең басты қызметі – ғылыми ұғымды білдіру, сол арқылы ғылымды дамыту. Сонымен бірге термин мамандарға, ғалымдарға ғана қажетті шартты таңба емес, ол –  халықтың ақыл –  ой санасы, ұлттық рухани қазынасы.

Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, ол қоғам мүшелерінің қатынас құралы ретінде қызмет етіп, сол қоғаммен бірге өсіп, дамып отырады. Қоғам мен мәдениеттің, тілдің өзара қарым– қатынасы жайлы мәселені таразылау үшін ұғымдарда қалыптасқан мағлұматтардың көмегімен белгілі бір қоғамға тән құндылықтарды сипаттау қажет. Олар әлеуметтік –  тарихи жағдайларға, қоғамдық құрылыстарға байланысты өзгерістерге ұшырап отырады.

Тілдік бірліктер атауларындағы дүниетанымдық ақпараттар айқын беріліп отырады. Олардың сипатын мағыналық талдау арқылы анықтауға болар еді. Әр ұлт өз тілінде дүние, әлем туралы түсініктерін түрлі тілдік фактілер арқылы кесіп – пішеді, қоршаған әлемнің тілдік бейнесі, адамдар санасындағы дүниенің қисынды бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастықтар мен ұғым категорияларын жасайтын, тілдік бірліктердің толығуына әсерт етеді. Сол ұғым түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары тілдің негізін құраса, әлемнің ондағы құбылыстардың тілдегі бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып – білуге болады.

Ғалымдардың көрсетуінше, ғаламның тілдік бейнесі жайлы мәселе, көбінесе, түрлі дүниетаным мәселесі ретінде қарастырылады. Бүгінгі таңда ғаламның тілдік бейнесі ұғымында екі түрлі сипат бар. Оның алғашқысының нақты тілдерге және олардың арасындағы айырмашылықтарға қатысы жоқ болса, екіншісі, нақты ұлт тілдерінің қатысуымен қалыптасқан және лексикалық аталымдар жүйесі тәрізді тілдер арасындағы айырмашылықтарға бағыт – бағдар жасаушы ғаламның тілдік бейнесімен байланысты болады.

Когнитивтік лингвистика когнитивтік құрылымдарды қарастырумен қатар, адам санасында тілдік және тілдік емес білімдер жүйесінің құрылымын, сондай ақ тілдік және тілдік емес ақпараттарды игеру, өңдеу, қолдану секілді әрекеттердің жүзеге асуын қарастырады. Тілдік таңба арқылы кодқа салынған ақпараттарды ашу немесе ақпараттарды кодқа салу сияқты әрекеттер когнитивтік лингвистиканың құзырына жатады. Тіл мен таным прцестерінің арақатынасын көрсету тіл қолданысының когнитивтік когнитивтік жүйесіне сүйенеді. Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның арақатысы адам баласының интеллектуалды өмірінде құндылықтар қаншалықты рөл атқаратынын белгілеп береді. Тіл мен таным арақатысын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға түседі. Сондықтан да терминдік бірліктердің берілу жолдарын, дефинициясын осындай танымдық негізде қараудың мәні мен маңызы зор.

Тілмізде аударма жасау арқылы сөз жасаудың, ойды бейнелеудің жаңа тәсілдер туады, жазу шеберлігі артады. Бұл – халықтың рухани жағынан дамуының күшті құралы ретінде бүкіл адамзат мәдениетінің қазыналы қақпасын ашатын кілт, ғылым мен білімнің қайнар бұлағы, тіл ұстартудың мектебі.

Аударматану ғылымы –  тілтану ғылымындағы арнаулы өрістің бірі. Теориялық салада жаңаша ойлау, жаңа көзқарасатарды ескеру – әрбір ғылым сааласының негізгі, өзекті мәселесі. Онсыз бірде-бір ғылымның дамуы әрі жетілуі мүмкін емес, барлығы бір-бірімен тығыз байланысты.

Қазақ тіліндегі терминдер когнитивтік санамен тығыз байланысты, ғаламның ғылыми бейнесін құрайтын концептілер объктивтендірілу мен вербалданудың тілдік құралы болып саналады. Қазақ терминдерінің когнитивтік семантикасы тіл мен ойлаудың, тіл мен сананың өзара байланысын көрсетеді.

Қазақ тіліндегі терминдік бірліктер таңбалық қасиеті мен атқаратын қызметтерімен ерекшеленеді. Терминдердің когнитивтік кеңістігінде ғылыми – интелектуалды ақпараттар басым түрде жинақталып, кодталған болса, онда терминнің таңбалық сипаты когнитивтік құрылым болып есептеледі.

Терминдер өзінің таңбалық қасиетінің негізінде өз бойына, концептілердің когнитивті құрылымдарына когнициялық ақпараттарды жинақтап, осы құнды мәліметтерді әрі қарай дамытуға үлкен мүмкіндік туғызады.

Қазіргі кезде терминологияның лингвомәдениеттану мен когнитивтік лингвистика тоғысуындағы пайда болаған лингвистикалық концептология парадигмасы аясында зерттелуі елеулі ғылыми нәтижелерге жеткізетіндігі анық. Когнитивтік лингвистика мен лингвконцептологияның ең негізгі маңызды да өзекті категориясы концепт болып табылады. Терминологиялық концептіде менталды – когнитивтік ұғымдар, түсініктер, ақпараттар жинақталып, таңбаланған.

Ғаламның ғылыми бейнесі – терминологиялық концептілердің жүйелі  де кешенді жиынтығы және ұлт танымының терминдік бірліктер деңгейіндегі тілдік көрінісі. Терминологиялық концептілер тілдік санадағы лингвоменталды құрылым болғандықтан, олардың тілдік көрінісі, яғни, вербалдану қызметі когнитивтік – менталды өрісте, кеңістікте алуан түрлі қызметтерді атқарады.

Тілдік ғылыми мәтіндердегі терминологиялық концептілердің қолдансы, вербалдануы ғылыми мәтіннің дискурстық сипаттарына байланысты болып келеді және дискурсты құрылымдайтын маңызды құрал болып табылады.

Когнитивтік семантика тіл арқылы құрылатын танымдық ақпарат ретінде қарастырылып, сол тіл арқылы берілетін адам санасындағы концептуалды білімді таным үлгісі арқылы зерттейтін ғылым деп түсіндіріледі, себебі терминдердің семантикалық компоненттерін ғана емес, мүмкін, ықтимал семантикалық компоненттерінің де маңыздылығы ескеріледі.