ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ  ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘСЕЛЕСІ

 

ТАҢАТ А.С.  ӨТЕСОВА Г.Е.

 

       ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық жағдайдағы елеулі өзгерістердің бірі болған құбылыс – білім беру жүйесіндегі мекемелерде оқу-тәрбие жұмыстарын балалардың ана тілінде ұйымдастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Оқу-тәрбие жұмыстарын ана тілінде ұйымдастыру мәселесі туралы қазақтың бір топ зиялы қауым өкілдері үстемдік жасаушы өкіметке: «Бастапқы оқу баланың ана тілінде оқытылсын. Ана тіліне баланың үйінде өзді-өзі сөйлескенде тұратын тілі саналсын. Оқитын школ бір сыныпты да, екі сыныпты да болсын. Бір сыныпты школдың бірінші һәм екінші жылдық бөлімдері жер ретіне қарай өз алдына бөлек ашылса да болады (ауылнай школ сияқты)... Алғашқы екі жыл оқыту ана тілінде болсын, онан соңғы жылдары оқыту орыс тілінде болсын. Бірақ ана тілі оқу нәрселерінің бірі болып оқытылсын һәм басқа нәрселерді орыс тілімен үйреткенде түсіндіруге демеу болсын. Орыс тілін үйрету әуелгі жылдың соңғы жартысынан ауыз үйретуден басталады.... Ана тілі басқа үйретілетін нәрсенің (пәннің) бірі болмақ. Онан арғы жылдардың бәрінде ана тілі сол күйде болмақ,»- деп шешкен еді.[1]

ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап Қазақстанда мерзімді баспасөз дүниеге келіп, жазба мәдениеті жаңа және ескі араб әрпі негізінде даму кезеңін бастан кешірді. Орта Азия баспасөзінің тұңғышы болып саналатын «Түркістан уалаятының газеті» 1870-1882 жылдары қазақ тілінде Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында патша үкіметінің ресми газеті «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде шығып тұрған. Онда негізінен қазақ халқының тұрмысы, тарихы, экономикасы жайындағы материалдар басылған. Қазақтың белгілі ағартушыларының өз халқының алдына қойған ең өзекті проблемалары орысша оқу, өнер-білім үйрену, отырықшылыққа шақыру, елді қалайша дұрыс билеуге болады, қазақ тілінің тазалығын сақтау мәселелерінде «Дала уалаятының газеті» (1888-1902) «Түркістан уалаяты газетінің» ағартушылық жолын жалғастырушы, оны байытушы болды. Ы.Алтынсарин дәстүрі мен «Дала уалаятының газетін» сөз еткенде біз Ыбырай дәстүрін мықтап ұстанған Рақымжан Дүйсенбаев есімін атамай кете алмаймыз. Ол «Қызылжарда деп қазақ газетінің тоғызыншы нөміріне басылған хатқа жауап» атты мақаласында көшпенділіктің құрсауындағы ұлттық артта қалушылықты сынап, егіншілікпен, қолөнермен айналысу туралы мәселе көтерсе, «Қаріп турасының сөзі» мақаласында қазақ тілінің тазалығын проблема етіп көтереді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары мен ақын-жазушылары аңсаған ілім-білімге үндеу ХХ ғасырдың бас кезінде нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы азаматтарды елді ояту, азаматтыққа ұмтылу мақсатына жетеледі. Қазақ тіліндегі ең алғашқы биресми басылым болып «Қазақстан» газеті саналады. Ол 1911 жылдың 16 наурызы мен 1913 жылдың шілде айларының аралығында – алғашқыда Ордада, одан соң Орал қаласында шығып тұрған. Бұл газеттің ресми редакторы Елеусін Бұйрин болған. 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Троицк қаласында шығып тұрған «Айқап» журналында қазақтың көптеген қайраткерлері қызмет істеді. Ең алдымен айтарымыз бұл бейресми журналдың шығарушысы да, редакторы да қалың жұртқа танымал Мұхаметжан Сералин болды. «Айқап» журналы жұртшылықты Абайдан үлгі алуға, соның жолымен жүруге шақыра отырып, бұл жөнінде: «Біз Самарқан, Түркістан, Бұқара, Ташкент жағынан келген бас қатырғыш дін жаһиеттерінен арылып, енді Еуропа мәдениетіне суарылған өнерлі тілді жасалық. Ол өнерлі тілдің үлгісін бізге Абай берді. Абайдан үйренейік, одан соң сынаптай таза, күмістей кіршіксіз қазақтың ауыз әдебиетінен, бұрынғы сөз тапқыр шешен сөздерінен үйренейік», – деп жазды [2]. Бұл тұрғыда С.Торайғыровтың 1913-1914 жылдары «Айқапта» жауапты хатшы болып жүрген кезінде жазған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең және айтушылар», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» мақалаларын айтуымызға болады. «Айқап» журналы кеңес өкіметі жылдарында көрнекті қоғам қайраткерлері болған, қазақ баспасөзінің ірге тасын қаласқан Мұхамеджан Сералиннің, Сабыржан Ғаббасовтың, Ғұмар Қарашевтің, Бақытжан Қаратаевтің қызмет етіп, шыныққан, шындалған мектептері болды. Сондай-ақ бұл басылым туралы әңгіме қозғағанда «Бақытсыз сұлу» романының авторы Әкірам Ғалымов пен Жиһанша Сейдалинді де ұмыт қалдыруымызға болмайды. «Қазақ» – қоғамдық-саяси және әдеби газет. 1913 жылы екінші ақпаннан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Бірінші редакторы – белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы – қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы – «Азамат» серіктігі. Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә.Бөкейхановтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаев пен С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, Ә.Мәметов, Б.Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сынды әдебиетіміздің дамуына үлес қосқан ардақты ағаларымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалалары жарық көрді. [3] 1922 жылғы 1 маусымда Сейітқали Меңдешев Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің қазақ тіліндегі баспа ісін жақсарту туралы қаулысына қол қойды. Бұл қаулыда республиканың Халық Комиссарлары Кеңесіне барлық халкоматтары өз салалары бойынша қазақ тілінде кітаптар, плакаттар, оқулықтар шығаруын қадағалау тапсырылды. Бұл міндетті орындау үшін қажетті қаржы көздерін тауып, қазақ интеллигенттерін осы игілікті іске жұмылдыруды тапсырды. Өзге халкоматтарға қарағанда жұмыстың көп бөлігі Оқу Халық комиссариатына жүктелді. Оған әртүрлі дәрежедегі оқу құралдарын шығарумен бірге, әдеби, ғылыми, саяси-үгіт мазмұнды кітаптарды даярлаумен қатар орыс тілінен көп санды басылымдарды қазақшаға аудару ісін ұйымдастыру тапсырылды. Бұл кең ауқымды мәдени іс-шараларды жүзеге асыруға тиісті жоғары білікті мамандар жетіспеді. Сондықтан болар, кітапханалардың сирек кездесетін кітаптар қорларында сақталған жиырмасыншы жылдар басылымдарының сауаттылығы төмен болып келеді. Бұл олқылықты қазақ зиялыларының өздері де терең түсініп, өз еңбектерінің нәтижесіне деген талапкершілікті күшейтумен болды. Мәдениет саласында жетістіктерге жету үшін оқу-білім беру жүйесінің жұмысын орнықтыру қажет болды. 1917 жылдан бастап ескі оқығандар жер-жерде мәдени – ағарту ұйымдарын құрды, қазақтың бүкіл әдеби интеллигенциясын ұйымдастыруға талпынды (1922 жылғы желтоқсанда Ташкентте құрылған“Талап” қауымы). Аға ұрпақ өкілдері Ахмет Байтұрсынов, Сейітқали Меңдешев, жас қызметкерлер Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов бастаған  қазақ зиялылары ана тілін жанын сала қорғады. Аса өзекті мәселе ретінде баспасөз бетінде көтерді. Ең маңызды істер қатарында республика өкіметінің күн тәртібіне қойды. Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитеті жанындағы іс қағаздарын қазақ тіліне көшіру жөніндегі Орталық Комиссиясы 1923 жылы 6 желтоқсанда құрылып, оны ОАК-нің хатшысы Жанайдар Сәдуақасов басқарды. 1924 жылдың сәуірінен бастап Комиссияның төрағасы қызметін Аспандияр Кенжин, 1925 жылы – Ораз Исаев атқарды. “Осы күнге дейін Түркістанда қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан Жұмабаев өлеңдері көрсете алады”  деп жазды Сұлтанбек Қожанов Мағжан Жұмабайұлының  1923 жылы Ташкентте жарық көрген өлеңдер жинағына жазған алғы сөзінде.  Ұлттық шығармашылық интеллигенция қазақ мектептеріне ауадай қажет болған оқулықтарға деген сұранысты өтеуге кірісті. Әуелде орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ ұғымына лайықтап “Арифметиканы” – “Есеп- қисап”, “Геометрияны” – “Кескіндеме” деп аударумен айналысқан Елдос Омаров (1892-1938) кейін төл оқулықтар жазуға кірісті. Ғалым-лингвист ретінде ол ана тілінің тазалығы үшін аянбай күресті. Бұл іске Ахмет Байтұрсынов бастаушы болып Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Т.Шонанов, М.Жолдыбаев, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, А.Әлібаев, Ж.Күдерин белсене араласты.[4]

         «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы; жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқытуы және т.б. деп атап көрсетіледі. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары мен ақын-жазушылары аңсаған ілім-білімге үндеу ХХ ғасырдың бас кезінде нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы азаматтарды елді ояту, азаматтыққа ұмтылу мақсатына жетеледі. Осынау зиялылар арасында ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған жаңа тұлғалар көріне бастады. Сол көш бастаушылардың ең танымалысы – Ахмет Байтұрсынов болды. Ол М.Әуезовтің сөзімен айтқанда қазақ халқының «рухани көсемі» еді. «Қазақтың» басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім жағынан қалың қазаққа бас-көз болды. А.Байтұрсынов – ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушісі, ақын-аудармашы, публицист. Оның өз қолымен 1929 жылдың 5 маусымында жасап берген «Газет және журналда жарияланғаннан басқа, ғылыми, ғылыми-методикалык еңбектердің тізімі» деген құжат ҚазГПУ архивінде сақталған. Сонымен қатар 1923 жылы Мєскеуде «Ер Сайын» жыры кітабы, Ташкентте 1926 жылы «Әдебиет танытқыш» кітабы басылған. Мысалы, «Оқу жайы», «Қазақша оқу жайы» атты мақалалар оқудың мән-жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың шаруасына, бір жақтан надандықтан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігінен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызда бір жұрт екенімізді білдірер едік», – десе, «орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқып, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу керек», – дейді.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқын әлеуметтік теңдікке, азаматтық мәдениетке жеткізетін, амал- әрекеттің бастысы «түгел қазақты» сауатты етіп, көзін ашу, «надандық, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты». Халықты ағарту мектептен, баладан басталады. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ балаларының әйтеуір көзі ашылып, сауатты болуын, ғана емес, тек ана тілінде сауаттануын, содан соң барып өзге ұлт мәдениетіне, тіліне қол созуды принципті талап етті. 1913 жылдың өзінде ол «Қазақ» газеті мінбесін пайдаланып, қазақ қоғамына оқу – білімнің қажеттігін халықтың экономикалық тұрмыс жағдайымен байланыстырып дәлелдейді. Ахмет бұдан 80 жылдай бұрын байқап - түйгендері, айтқан пікірлері дәл бүгінгі күні айтылып жатқан мәселелерімізбен үндес келеді. «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, шикізатын сатады, сол шикізатынан жасалған өнімді екі- үш есе қымбат түрде сатып алады. Бұл надандықтан келген кемшілік» деп жазды «Қазақ» газетінде. Надандық деп отырғаны - халқының білім- ғылымнан қалыс келе жатқандығы. Қалыс қалуға үлкен себеп - қазақ жерінде мектептер аз, сол аз мектептердің өзінде мұғалімдер жетіспейді, ұлт кадрларын даярлайтын орындар жоқ дейді. Демек, қазақ халқы қараңғы дегенде, кінә халықта емес, сол қараңғылықтан құтқаратын мүмкіндіктердің жоқтығында екендігін «алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмады деп өкпелеу жөн бе!» деп бейнелі түрдегі тілмен білдіреді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды- жіңішкелі үндестік зааңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, оқу- ағарту идеясына сол кезіндегі интелегенциясы жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліпбидің» жаңа түрін жазды.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып-танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды.
«Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі - ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жанғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екенің олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығы.
Ахмет Байтұрсынұлының 1928 жылы Қызылордада жарық көрген екі бөлімнен тұратын екі кітапты «Тіл жұмсар» деген еңбегі белгілі.
Ол методика саласында 1910 жылдардан бастап 1927-1928 жылдарға дейін бірнеше материалдар жинаған. Жазу таңбаларын үйрету амалдарын түсіндіретін «Баяншы» атты кітапшасы 1912 жылы жарық көрген. Жалпы сауат аштыру әдістерінің жөн-жобасын «Әліпби астары» атты методикалық еңбегінде тағы көрсетеді. 1927-1928 жылдары «Жаңа мектеп» журналында қазақ тілі методикасына арналған бірнеше мақала жариялайды.
Қазақ тілін ана тілімізде тұңғыш зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлы өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойғанға ұқсайды:ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» дүниеге келген, екінші-сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты әліппе оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің граматикалық құрылымын ана тілінде талдап беру мақсатын қойған, бұл үшін «Тіл құралды» жазған. Ахметтің қазақша әліппе жасауы, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін (фонетика), сөз жүйесін (морфология), сөйлем жүйесін (синтаксис) қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі өз кезінде де айтылған болатын. «Ахметтің Октябрь төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі секілді орында оның еңбегі мол... Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес. Бұны пролетариат та бағалайды»-, деп жазды Сәбит Мұқанов. Ахмет Байтұрсыновтың азамат, қайраткер ретінде қалыптасуына зор ықпал еткен ХХ ғасырдың басындағы қоғам дамуы мен оның қайшылықтары, ұлт аймақтарындағы езгінің күшеюі, сол уақыттағы қазақ халқының тағдыры жөнінде ой қорытудан бастады.[5]     

ХХ ғасырда зиялылықтың шынайы үлгісін көрсетіп тарих төрінен орын иеленген Алаш зиялыларының ұлттық рухымызды асқақтатқан тарихи тұлғасы бізге әрдайым өнеге болмақ. Олар нағыз зиялының рухани ұстазы. Өйткені, Алаш зиялылары қазақ этносының даму тарихының өрісін бойлаған қазақ рухын этностың өзіне табыстыра білді. Аз уақыт ішінде ұлттық рухты көтеріп, ұлтына уақыт сынын мұқият ұғындырып, заман тығырығынан шығудың сан-қырлы жолдарын көрсетіп кетті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.     Шынтаева Н.А. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының оқу – тәрбие жұмыстарын баланың ана тілінде ұйымдастыру жөніндегі педагогикалық идеялары//Тараз мемлекеттік педагогикалық  институтының Хабаршысы.-Тараз:ТарМПИ,2011.-№5. –Б.87-89

2.      Қырықбай Аллаберген Тарих және баспасөз (Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуы). – Бірінші кітап. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Кереку» баспасы, 2009 жыл, 148 бет.

3.     Алмамбет ӘЗИЗҰЛЫ Ұлт көсемі – Әлихан / Қазақ үні  2011,15 наурыз

4.     З.О. Дүкенбаева ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ зиялылары. Оқу құралы.Павлодар, 2008

5.     Амантай КӘКЕН  «Қазақ» – ұлттық идеяның қайнаркөзі. Қ.Аманжолов әдеби порталы, 2013 19.03

 

                                            Резюме

   В  данной статье рассматриваются проблемы  интеллигенции в начале ХХ  века и казахского языка.