Тарихи өлеңдердегі
тіл өрнегі
Ж.Б.Ахметжанова
Қазтұтынуодағы
Қарағанды экономикалық университеті
Қазақстан Республикасы
Тарихи
өлеңдердің әр кезеңде туып, бастан кешкен
түрлі оқиғалардың дерегін берерлік туындылар екендігі
мәлім. Өлеңде қай кезең оқиғаларына
қатысты туғандығын көбіне ондағы сөз
өрнегінен, оның атқарып тұратын қызметінен
танимыз. Туындыдағы адам аттары, жер есімдерін былай
қойғанда, жаңа сөздердің де жасалып
жатқанын аңғарамыз. Жалпы қазақ
өлеңдеріндегі «қазақ» деген ұлттың есімін
ерекшелеп, айдар таққан аталмыш тарихи өлеңдер екендігі
талассыз. Керек десеңіз, бұрынғы «Алпамыс»,
«Қобыланды», «Қорқыт жырлары», «Қырымның
қырық батыр жырларының» өзінде қазақ
сөзі бірен-саран ғана кездесетіндігі біз ашқан
жаңалық емес. Оның өзінде де бертінде туғандарында
ғана «қазақ» атауы ұшырасып отырады. Тарихи
өлеңдегі «ұлт атауына» қатысты мәселені былайша
жинақтасақ түсінікті болар: «қазақ сүйегі»,
«қазақтың ай балтасы», «қазақ ұлы»,
«қазақ елі», «қазақ халқы», «руы
қазақ еді, ұраны алаш», «хандардың қазынасындай
болған қазақ», «өскенбіз қазақ ұлы
бір ұядан», т.б. ұлт туралы ұғымды дамытып,
көлемді эпикалық жырларға арқау еткен тарихи
өлеңдер болып табылады. Бұл пікірді толық
түсіндіруде тарихи өлеңнің бертінде туған мына
бір үзіндісін алып көрелік:
Құрымақ
бұдан бұлай ескі режим,
Жасалмақ
елге тиыштық жаңа жизн.
Екі партия екі тарау жолға
түсті,
Аттары: большевизм, меньшевизм.
«Суреткердің
сөз қорын молайтып, тілін байытар тағы бір қайнар
бұлақ – неологизм (грекше neos – жаңа, logos – сөз) –
жалпы қоғамдық дамумен сабақтас тыңнан
туған соны мағыналы сөздер», [1, 11-б.], - дейді академик
З.Қабдолов. Тарихи өлеңдердегі окоп, аэроплон, казарма,
губернатор, солдат т.б. бірнеше жаңа атауларды ұшыратсақ,
онда тарихи өлеңнің қызметінің аясының
кеңдігіне көз жеткіземіз.
Мәселе
тарихи өлеңнен басқа жанрлар қалыс түсіп жатыр
дегенде емес. Бұл жерде өлеңнің қоғам
дамуының әр кезінде өзін түлеп, елдің
ғажайып естелігіне айналуында екендігі даусыз. Тарихи өлеңнен
антоним, синоним тағы басқаларды теріп айта беруге болады.
Бірақ оның ертелі-кеш айтылып, лингвистикалық жағынан
тексеріліп келе жатқаны мәлім. Оның дәлелді жауаптарын
Қ.Өмірәлиевтің «ХV-XIX ғасырлардағы
қазақ поэзиясының тілі», Р.Сыздықованың
«XVIII-XIX ғғ қазақ әдеби тілінің тарихы»
атты арнайы еңбектері береді.
Тарихи
өлеңде кездесетін бейнелі сөздер мен сан-алуан жаңа
сөздерді жасаудағы ерекшеліктерді ескерсек, ең алдымен
туындайтын келесі бір сауалдар өлеңдегі ырғақ,
ұйқас, буын, бунақтар болып табылады. Ырғақ
туралы сандаған әдебиет теориясында пікірлер қалыптасқан.
Айталық, академик З.Ахметов: «Ырғақ – өлең
жазудың негізгі құралы, ақындық
өнердің басты шарты», - десе, әдебиет теориясының
негізін салушылардың бірі, академик З.Қабдолов: «Ырғақ,
яки ритм (грекше rhytmos – шамалас, мөлшерлес, сайма-сай) – қимылдың,
құбылыстың, үннің жүйелі, мерзімді,
мөлшерлі қайталануы» [1, 11-б.], - деп жазады. Тарихи өлеңнің
ырғағын білу үшін ең алдымен ондағы шумақ,
тармақтар мен бунақтарға мән берейік.
Қатын-бала,
/ бауырың / жауда кетті / 11
Қаратауды
/ қатал жау / бермей өтті / 11
Қайдасыңдар
/қазақтың / батырлары / 11
Жасақ бастап, /
алсаңшы / жаудан кекті/ 11
Тарихи
өлеңдерге тән ерекшеліктің бірі – осы. Мына
өлең бір шумақты, төрт тармақты, он бір буыннан
тұратын дәстүрлі қара өлеңді еске
түсіреді.
Тарихи
өлеңде жалпы халықтың тағдыр талайын,
қайғысы мен мұңын суреттегенде қара
өлең түрі айрықша көрініп, тарихи
өлеңге тән ерекшелік деген түйін жасайтындар ұшырасады.
Біздіңше, бұл жалпы халық күйзелісі, қаралы
оқиғаларға қатысты болғанда қолданылады. Ал
жеке адамның тағдыры, елімен, жерімен қоштасу немесе
жоқтау, сәлем өлеңдерінде бұрынғы 7-8
буынды өлең өлшемі бірден көзге түседі.
Оның басты себебі қоштасу, жоқтау, сәлем
өлеңдерінің айтылу дәстүрінде жатыр. Тарихи
өлең де фольклорға тән дәстүрмен жасалады.
Мысалдар:
Бұрынғыдай
жайың бар ма? /8/
Мінетұғын
тайың бар ма? /8/
Жылағанда
дайын тұрған /8/
Қарындағы майың
бар ма? /8/
Төрт
тармақты, бір шумақты, сегіз буынды өлең. Келесісіне
назар аударайық:
Айтайын
десең ұрады, /8/
Ұрмақ
түгіл қырады... /7/
Алдына салып
айдайды /8/
Ашулансаң
байлайды /7/
Хакімі
жоқ қазаққа, /7/
Теңдік жоқ деп
ойлайды /7/
Жоғарыдағы
екі өлеңнің екеуінде де буын саны әр түрлі.
Екінші өлеңнің алты тармақты, 7-8 буынды
өлең екендігін танимыз. Екі өлеңде жеке адамға
қатысты айтылған. Бірінші өлеңде анасының
баласына айтқан зары болса, екінші өлеңде елді билеп,
зарлатып жүргендердің іс-әрекетін ақын
күйзеліспен баяндайды. Бұл дәстүрдің көне дәуірлерден
желі тартып, оның қаймағы бұзылмағандығын
мынадан көреміз:
Тоңа
қаза болды ма? /7/
Жебір жалған
қалды ма? /7/
Тағдыр
өшін алды ма? /7/
Енді
жүрек жыртылар /7/
(Алып ер Тоңаны
жоқтау)
немесе:
Жаудың
отын өшірді, /7/
Қосын
қуып көшірді, /7/
Істерін
қиды кесірлі, /8/
Оқ тиіп
сонда мерт болды. /8/
(Белгісіз бір батырды
жоқтау)
Осының
бәрі силлабикалық өлең екендігімен қоса,
қазақ өлеңінің қадір-қасиетін
арттыратын буында жатыр. Дәстүрдің беріктігі де осыдан
туындайды. Өлеңнің әр сөзі ырғақты
болып, толқу, тебірену, күңірену бәрі қалыпты
ырғаққа бағынады. Сезімнің күйін шертеді.
Жоқтау, қоштасу өлеңдерінің дәстүрге
қатысты дамып, қалыптасуын 1916 жылғы өлеңдерден
де тану қиын емес. Мысалы:
Далажаным,
жалғызым! /7/
Су бойында
жалбызым, /7/
Маңдайдағы
құндызым, /7/
Аспандағы
жұлдызым, /7/
Жүзін
көріп қалуға /7/
Ашылсаңшы сұм
көзім» /7/
Ырғақтың
бұл заңдылығы тарихи өлеңде жеке адамға
(жалпы халыққа қатысты емес), жерге, ел-жұртпен
қоштасуға немесе елінен жыраққа кетіп, елі мен жерін
сағынған жанның сәлемі болып айтылады. Жалпы
халықтық мәселе көтеріп, ел басына күн
туған сәтте өлең қара өлең
заңдылығына бағынады. Мәселен:
Қай
заман, мына заман, бағы заман,
Болар ма
баяғыдай тағы заман,
Атадан
ұл, анадан қыз айырылды,
Көз
жасын көл дария қып ағызамын
немесе:
Күңіреніп
сардаланы сағым буып,
Қара
күн ел басына тұрды туып.
Өмірден
өлім жақын көзге елестеп,
Жалаңдап ажал
жұртқа келді жақын.
Тарихи
өлеңде көбіне төрт-бес, жеті-сегіз, кейде одан да
көп тармақтар болса, жоқтау, азалы жайларға
қатысты бірнеше тармақтар болып кете беруі де мүмкін.
Бірақ ауызша жасалғандықтан және белгілі әуен мен
мақаммен айтылғандықтан, өлеңде ритм,
ырғақ қалыпты сақталған. Өлеңдегі
буын-бунақ та ырғақтың күштілігінен өзіндік
жүйе тауып отырады.
Өлеңнің
күш-қуатын арттыратын ұйқас екендігі турасында
З.Қабдолов тауып айтқан. Ол былай дейді: «Өлеңді
өлең ететін ырғақпен қатар ұйқас
екені белгілі: ал ұйқас, яки рифма (грекше - rhythmos –
өлшемдес, мөлшерлес) – клаузадағы, кейде тіпті
цезурадағы дыбыс қайталаулар, дәлірек айтқанда,
өлең тармақтарындағы сөз аяқтарының
үндестігі, өзара ұқсас, дыбыстас естілуі.
Ұйқас – өлеңнің сыртқы түріне
ғана емес, ішкі сырына тікелей қатысты нәрсе, яғни
өлеңнің сыртқы сұлулығы үшін
ғана емес, ішкі жылуы, қызуы үшін де ауадай қажет
нәрсе», - деп тұжырымдайды. Ұйқсас туралы
пікірлердің көп екендігі мәлім. Оны жан-жақты
түсіндіру біздің мүмкіндігімізге жатпайды. Біздікі -
өзіміз қарастырып отырған тарихи өлеңдердегі
ұйқас мәселесіне назар аударып, негізгі
қолданыстардағы ұйқастардың тарихи
өлеңдердегі табиғи болмысына көңіл бөлу
болмақ. Қазақ әдебиетінің теориясына
қатысты құнды зерттеулер қалдырған академик Қ.Жұмалиев
те «Қазақ поэзиясында ұйқастардың түрі
көп» екендігін айта отырып, негізінен көп ұшырасатындары
төмендегілер деп тұжырымдайды: 1) қара өлең
ұйқасы, 2) шұбыртпалы ұйқас, 3) ерікті
ұйқас, 4) кезекті ұйқас, 5) шалыс ұйқас, 6)
егіз ұйқас, 7) аралас ұйқас, 8) осы күнгі ерікті
ұйқастар» [2, 228-б.], - дейді. Бұл мәселеде тарихи өлеңдердің
ең көне үлгілері аралас ұйқасқа
негізделген. Мысалы:
Жылау,
жылау, жылау күй, - а
Жылаған
зарлы мынау күй. - а
Қазақ
пен ноғай айырылды, - б
Қазақ
сартқа қайырылды. - б
Ноғайлының
ну елі - в
Күңіренді,
қайғырды - б
Бұның
басты себебі жоқтау немесе қоштасу өлеңдерінің
дәстүрлі ерекшеліктеріне байланысты. Өткен тараудағы
дәстүрге қатысты пікірдің ұйқас
мәселесінде де алдымыздан шыққанын көреміз. Көне
дәстүрдің беріктігін бертіндегі тарихи өлеңдер де
дәлелдейді:
Жалғызым,
жаным, Далажаным, - а
Тым
болмаса екеу боп, -
б
Артыңнан
біреу ерсейші. - в
Тентекшіл
теріс, тәңірім - г
Зорлықты
мынау көрсейші -
в
Тым
болмаса жар болып - б
Жарқ
етіп көзім ашылып, - д
Далаштың жүзін
көрсемші, - в
Бұл –
тарихи өлеңдегі аралас ұйқастар көрінісі.
Халқын жоқтау, оның елдігі мен ерлігін айтуға
бағытталған көне үлгілердің көбінде осы
заңдылық сақталғаны анық.
Атақты
қырғын қырық сайда,
Қазақтың
сүйегі қалмаған
Сай бар
ма?!
Жарға
біткен қырық қайыңда,
Қазақтың
ай балтасы жанасып,
Жараламаған тал бар ма?!
Тарихи
өлеңдердің жұбату, көңіл аулау
түріндегі нұсқаларында кезекті ұйқастың
ұшырайтынын байқаймыз.
Бұрынғыдай
жайың бар ма? - а
Мінетұғын
тайың бар ма? - а
Жылағанда
дайын тұрған - б
Қарындағы майың
бар ма? - а
немесе:
Дүниенің
жоқ баяны, - а
Байға
да тықыр таяды. -
а
Тағдыр
жетіп о да өлді, -
б
Жесе де жал мен жаяны. - а
Бұндай
өлеңдер аштыққа, апат болғаннан кейінгі
жағдайға қатысты айтылған. Дегенмен, анда-санда
ұшырасатын санаулы туындылар деуге болады. Шұбыртпалы
ұйқастар да дәл осындай сирек кездеседі. Мысалы:
Бұлай
барсаң қоқан бар. - а
Қоқаңдаған
әкең бар. - а
Бұлай
барсаң қалмақ бар - а
Күшіңді ептеп
алмақ бар - а
немесе:
Айтайын
десең ұрады, -
а
Ұрмақ
түгіл қырады... -
а
Алдына
салып айдайды -
а
Ашулансаң байлайды - а
Тарихи
өлеңдердегі бұндай ерекшелікті негізінен жеке
адамдардың басынан өткерген мұңы, зәбір-запасы
деуге болады. Ал жалпы халықтық мәселе көтеріліп,
оқиға сәтіндегі жер мен ел тағдыры сынға
түскен тарихи өлеңдер қара өлең
ұйқасына құрылған. Суырыпсалма
өнердің шынайы өкілдері жасаған бұндай
дүниелер, қазақ поэзиясына өзіне бір тың
жаңалықтар әкелген. Өлеңнің
аяныштылығымен қатар, шебер жасалуы таң қалдырады.
Халықтың әнге айналдырып алғаны да сол себептен болса
керек. Мәселен:
Басынан
Қаратаудың көш келеді, -
а
Бір
тайлақ көшкен сайын бос келеді. -
а
Айырылған
қарындастан қиын екен, -
б
Мөлдіреп қара
көзден жас келеді -
а
Қай
заман, мына заман, қысқан заман, -
а
Алаштан
бақыт құсы ұшқан заман. - а
Жаз
болса қара топырақ пен шаң борайды. - б
Қаңтарда
қалтыраған қыстан жаман -
а
Бұл
«Ақтабан шұбырынды» оқиғасына байланысты
өлең болса, отарлау саясатына қатысты «Ақмешітті алу
оқиғасы» т.б. өлеңдердің қара
өлең ұйқасына толық жауап бере алатындығын
байқаймыз.
1916
жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты
өлеңдердің дені қара өлең
ұйқасына негізделіп, қажет десеңіз, сәлем хат
түріндегі жаңаша өзгеріс әкелген поэзиялық
туындылар қара өлеңнің табиғатына сай
жасалғаны талас тудырмайды. Мысалы:
Он
тоғыз бен отыз бір сұрағаны - а
Зарланып
кемпір-шалдың жылағаны. -
а
«Сендерсіз
бізге дүние не керек»,- деп - б
Қан
аққан көздің жасын бұлағаны. - а
немесе:
Соғыстық
Татыр көлдің жағасында, -
а
Жоталы
қыр, Сарысудың сағасында. -
а
Қалаға
солдат кірді басып өтіп, - б
«Күш атасын танымас»,
тағасын да. -
а
Алғашқы
шумақта ел ішіне патшаның «зілді бұйрығы» тарағаны
айтылса, екінші шумақ Аманкелдінің қолжазбасында
жазылған Татырда болған 18-қарашадағы соғыс
айтылады. Қара өлең ұйқасымен берілген осы екі
шумақтың өзінен-ақ тарихи өлеңдегі
ерекшелік таныла түседі. Тарихи өлеңдердегі сөз
қолданысы мен қызмет аясынан оның көне дәуірлерде
туғаны қайсы, бертіндегі кезеңде шыққаны
қайсы екендігін тануға әбден болады екен. Өлең
әр кез, әр шақтың талап-тілегін қанағаттандырады.
Тарихи өлеңдердің әр дәуірдегі ғажайып,
классикалық үлгілерінің әнге айналуы ондағы
ырғақ пен ұйқастың күштілігінен болса
керек. Өлең белгілі мақамды, ырғақты
қалыпты сақтайды. Бұның дәлелді жауаптарын
«Ноғай қазақтың айырылуы», «Елім-ай» («Қаратаудың
басынан көш келеді»), «Аштыққа халық қамалды»,
«Қоштасу» (1916 жылғы оқиғаларға қатысты),
«Дәметкеннің зары», «Қайран ел» және тағы
басқа өлеңдердің әнге айналып, ел аузында
ұзақ уақыт айтылып, бізге жетуінің өзі
біздің жоғарыдағы пікірімізді сөзсіз дәлелдеп
тұрғандай. Бұл әндердің көпшілігі негізінен
«Зар заман» туындылары ретінде саналады. Шындығына жүгінсек, тарихи
өлеңдердің әнге айналғандары ел мен жердің
зарын, халықтың өкпе-назын айтатыны анық. Олай болса,
тарихи өлеңдердің шынайы тарихи оқиғаларға құрылып,
сол оқиғаларға ел-жұрттың ашу-ызасын
білдіретіндігіне әнге айналған мұраларымыз да жауап береді
екен.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қабдолов
З. Сөз өнері. –Алматы,
1992. -379 б.
2.
Жұмалиев Қ. XYIII-XIX ғасырдағы қазақ
әдебиеті. –Алматы, 1967. -334 б.
3. ӘӨИҚҚ.
-114 бума, -6 дәптер.
4. ОҒК
- қоры. -1077 бума.