Ережепова Р.Г.

Ш.Есенов атындағы КМТжИУ

«Қазақстан тарихы және ӘГП» кафедрасы

 

 

ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ -ТАРИХИ ДЕРЕК КӨЗІ

     Тоталитарлық саясат кезінде бұрмаланып, шындықтан алыстаған тарих мәселелерінің бірі ол-қазақ шежіресі. Шежіре институты көшпелілер өркениетіндегі  құнды әрі ажырамас элемент болып табылады. Алайда, тарих ғылымы үшін аталған мәселе тарихнамалық және деректану саласына сәйкес шексіз зерттелетін мәселеге айналып отыр. Тарихымызды таза және шынайы түрде жазуға кедергі келтірген коммунистік принцип күйреді және өз ата-бабасы туралы білу, өзінің қай рудан шыққандығын анықтауға деген ықылас пен ұлттық сұранысты тудырды. Шежіре тарқату, айту, жазу қазақ халқына тән қасиет. "Жеті атасын білмеген жетесіз", жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер, жалғыз ұлын білген ер құлағы мен қамын жер деген сөздер бекер шықпаған. Шежіре арқылы оның тегі, атамекені, елге тиген пайдасы, сол адамның басынан өткені мен адами болмысы, дәрежесі білінетін болған. Қазақ халқы үшін шежіре -қазақ руларының тұқым қуалау кестесі ғана емес, ол халықтың сан ғасырлық тарихы, сол тарихты ұрпақтан ұрпаққа игі жақсылардан  қалған аталы сөздері мен істері арқылы жеткізетін ұлттық сананың құрамдас бөлігі. Халыққа ауыздан ауызға тарап жеткен қазақ шежірелерінің өңі өзгеріп жеткен.  Оны хат танып сауат ашқан соң, шежірешілер түрлі нұсқаларды жиақтап, ондағы деректерді тарихи құжаттармен салыстыра отырып қайта нақтылап, оған өз дәуірінің елеулі тарихи оұиғаларын қосып толықтыра түскен. Солардың қатарына Захир-ад-дин Бабырдың "Бабырнамасын", М.Х.Дулатидің "Тарихи Рашидиін", Бейбарыстың Қыпшақ шежіресін, Әбілғазының "Түркі шежіресін", Рашид-ад-Диннің "Жылнамалар жинағы", Қ.Жалайридің "Жамиғ-ат-Тауарихы" және т.б. жатқызуға болады. Олардан жеткен мұралар кейінгі заманның елі үшін өмірін арнаған ғұламалар арқылы жалғасын тапты. Олар өздерінен бұрын жазылған шежіре -жылнамаларды жұртқа мәлім емес тарихи деректермен байытқан, тарихи құндылықтарға толы еңбектері қазіргі кезде таптыра бермейтін дерек көзіне айналып отыр.

   Шежіре - (араб тілінде "шаджарат" -бұтақ, тармақ) халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір саласы. С. Мұқановтың анықтамасы бойынша "Шежіре"- деп кімдерден кімдер туып, қалай өрбігенін баяндайтын ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша деректерді атайды.      

ХУІІІ-ХІХ ғ.ғ. Батыс және орыс тарихнамасында шежіре мәселесі ерекше орын алған. Осы дәуірде батыс ғалымдарын түркі мәдениетіндегі екі үлкен мәселе қызықтырып, зерттеу нысанына айналды. Екеуі де түркі лингвистикасына байланысты мәселе: біріншісі: түркі жазба ескерткіштері, ал, екіншісі, түркі шежіресі. 

          Ал, ХІХғ. В.Левшин, А. Харузин, Н. Аристов, Н. Рычковтың есімдері көпшілікке белгілі. Бұл ғалымдар  қазақ шежіресін түркі тайпаларының ру-құрылымдық жүйесін кең сипаттауға қолданған.       

          Төңкеріске дейінгі тарихнамада қазақтардың шығу тегі туралы көптеген құнды бақылаулар кездеседі. Мысалы, Ш.Уәлихановтың этнографиялық және фольклор деректерін зерттеудегі маңызы туралы ғалымның ойлары оның "Оңтүстік Сібір тайпалары" туралы, "Қырғыз шежіресі" деп аталатын еңбектері мен мақалаларында анық байқалған.                                                  Сондай-ақ, қазақ ғалымдары  топтаған бірнеше шежірелер жинағы төңкеріске дейін-ақ,  баспаханаларда басылып кітап болып шыққан. Олар Ш.Құдайбердіұлының, Н.Наушабайұлының, Ғұсманғали Сыдықовтың еңбектерінде  қазақ руларының шежіресі түгелімен беріліп, Н.Наушабаевтың кітабында  рулардың таралуы өлеңмен жазылған, ал, Ғұсманғали Сыдықовта Шапырашты шежіресі берілсе, Қ.Халидтің еңбегінде де түркі халықтарының шежіресі, жүздердің шығу шежіресі баяндалады. Ендігі шежіренің бірі - 1906ж. Қазан қаласынан басылып шыққан кітап "Шыңғысхан шежіресі".

аударып, әзірлеген белгілі ғалым-Мақсұт Шафиғи.

        Келесі бір еңбек -М.Ж. Көпейұлының "Қазақ шежіресі" тарихнамалық мұра болып табылады және ауызша тарихи мәліметтер келтірілген. 

ХХғ. 20жылдары шежіреге қатысты алғашқы ғылми зерттеулер дүниеге келе бастады. Олар М.Тынышбаев, Ә.Бөкейханов, С.Асфендияров,М.Дулатов.     Аталған ғалымдарды қызықтырған мәселелер тарихнамалық тұрғыдан алғанда мыналар болды:қазақтың тегі қашаннан бері жұрт, яғни ұлт болып қалыптаса бастаған және қазақ жеріндегі түркілік,тайпалық одақтардың, мемлекеттердің қазақ ұлтын қалыптастырудағы рөлі.

Ғалымдардың біршамасы қуғын-сүргінге түскені белгілі, сөйтіп, шежіре деректерін қолданушы ғалымдар орынсыз сынға ұшырады. Шежіреге тарихи тұрғыда аса көңіл бөлген ғалымдар - Ә.Марғұлан және Е.Бекмаханов болды.

          ХХғ. 50-70ж.ж. белгілі қазақ этнологтарының қазақ шежіресіне қатысты біршама еңбектері дүниеге келді. Бұл тақырыпқа Х.Арғынбаев, В.Востров пен М.Мұқанов этникалық аумақтар мен ру-тайпалық құрылымдарды зерттеді.  

         ХХғ. 90-шы жылдарынан бері шежіре жарық көруде. Бұл шежірелерде көп жағдайда қазақтардың генеологиялық таратылуы ғана сақталып, тарихи әңгімелері аз болып келеді. Баспалардан шығып жатқан ата тарту кітаптарында шежіре ірілі-кішілі қазақ руларының атымен байланыстырылып айтылады. Кейбір жағдайларда бұл кітаптардың мазмұны мен атауы сәйкессіз болып келеді.

     Қазақ шежіресінің толығынан зерттелмеген саласының бірі-шежіренің тариханамалық-деректік құндылығы. Шежіренің тарихнамалық зерттелуі шежірені тудырған этнос тарихының бірден-бір басты деректік материалы ретінде қарастыруды талап етеді. Өйткені, шежіредегі мағлұмат пен деректің түбі-шындық,ақиқат. Зерттеуші,ғалым В.Юдиннің пікірінше, "даланың ауызша трилогиясының деректерін" нақты белгіленген нақты фактілермен салыстырғанымызда, дала тарихнамасының деректері дәлелді екендігін аңғарамыз.

         ХІХ-ХХғ.ғ.қазақ шежіресінің қазақ тарихы жазба дәстүрінде үш түрлі бағыт сезіледі. Қ.Халиди өзінің  тарихи шығармашылығында қазақ елінің ауызша деректермен қатар, шығыс  елдерінің тарихи деректеріне сүйенеді. Оның ескертуіне қарағанда, "Тауарих хамса" еңбегін жазғанда, естіген, жүрген жерінен жинаған материалдарымен қатар, өзіне бұрын ғалымдар жазған отыздан аса шығыс еңбектерін пайдаланған.

         Ш. Құдайбердіұлының тарихи шығармашылығында  жазбаша шежіре дәстүріндегі  батыс үлгісі, әсіресе Н.Аристовтың, В.Радловтың ықпалы байқалады. Ш.Құдайбердіұлының шежіресі - ел аузындағы қазақ руларының тарихы.

       М.Ж.Көпейұлының өз сөзімен айтқанда: "Қазақ өзін арабтан шығарып,туғызып, пайғамбарға туысқан-бауыр болғысы келеді дейді. Мына мен, Мәшһүр Жүсіп Көпейбаласы осы сөзді жазып отырмын. Бақсыдай бал ашып, түлкідей түс көріп, жауырын жағып,құмалақ салып айтып отырғаным жоқ. Нұсқалардан көрумен,кәрі құлақтан естумен өз білгенімді шамам келгенше қорытып,тыңдап айтып отырмын". Түптеп келгенде, қазақ шежіресінің жазба дәстүрінде үш түрлі бағытты (шығыс,батыс,дәстүрлі) зерттеуге болады.

        Шежіре -тарихи дерек көзі. Егер таратып айтар болсақ, мына мәселелерге тоқталғым келеді. Біріншіден, қазақ шежіресі-Қазақ мемлекеттілігінің тарихынан құнды дерек береді. Себебі, қазақ ру-тайпаларының тарихы қазақ хандығына негіз болған тайпалар тарихы болып табылады. Екіншіден, қазақ шежірелері ру тарихына, тарихи оқиғалар мен ірі тұлғалардың өміріне қатысты деректерден қашанда мол мәлімет беретін құнды дерек көзі. Үшіншіден, қазақ шежірелері ауызекі түрде жетіп, қазақ тарихына байланысты мәліметтерді толықтыра түседі. Қазақ шежірелері қаншалықты үстірт жазылғанымен,қазақтың ру батыр-билері, шежіредегі тарихи оқиғалар арқылы Қазақстанның этникалық территориясы,саяси, әлеуметтік жағдайынан деректер аламыз. Мысалы, М.Х.Дулатидің "Тарихи Рашиди"еңбегі қазақ шежіресінің бір құрамдас бөлігі ретінде Қазақ хандығына негіз болған ру-тайпалардың қоныстануынан, Қазақ хандығының алған құрылуымен территориялық-этникалық тұтастығы туралы мәлімет береді. Дулати бұл шығарманы жазуда көбінесе, өзіне дейін дерек қалдырған белгілі адамдардың еңбектерін пайдаланғандығын және өз көзімен көрген нақтылы тарихи оқиғаларды пайдалану арқылы жазғанын білеміз". Олай болса, Қазақ шежіресін Қазақ тарихының дерегі ретінде пайдалана алуымызға толық негіз бар. Шежірені тек құрғақ генеологиялық тізбе ретінде түсінбей, қазақ ру-тайпаларының ғана емес, Қазақстан тарихының дерегі ретінде ашып көрсету. Осы орайда ғалым Ақселеу Сейдімбектің мына сөздерін айтқым келеді:"Қазақ ру-тайпаларының тарихы түптеп келгенде,қазақ халқының тарихы. Оларды шежірелік мағлүматтарсыз ажыратып түсіну мүмкін емес. Қазақтың рулық жүйесі қазақ мемлекетінің қалыптасуына негіз болған.

Әдебиеттер тізімі:

1.     Мұқанов С. Халық мұрасы(тарихи этнографиялық шолу)-Алматы, 1979.-15б.

2.     Сейдімбекұлы А. Көркем шығарма авторы бар ертегі.-Нұр Астана газеті.2005. 03.04.05.-3б.

3.     Ш.Уәлиханов Ш.Ш. Таңдамалы. 2т. -Алматы, 1984. -158б.

4.     Көпеев М.Ж. Қазақ шежіресі. -Алматы, 1999. -9б.

5.     Тынышбаев М. Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар. Ташкент, 1925

6.     Бөкейхан Ә. Қазақ газеті.-1913ж. №12. 28сәуір.

7.     Асфендияров С.Д. Прошлое  Казахстана в источниках и материалах.Сб.І(Ув.д.н.э.-ХУІІІв.д.н.э.) -Москва-Алма-Ата,1935

8.     Дулатов М.Қазақ -қырғыздың аты,тегі туралы.Шығармалары,өлеңдер,қара сөздер.-Алматы,1991

9.     Марғұлан А.Х. Ежелгі жыр-аңыздар. Алматы,1954. Құраст. Р.Бердібаев. -Алматы,1985.

10. Х.Арғынбаев, Мұқанов М.С.,Востров В.В. Родоплеменной состав и расселение казахов. -Алматы,1968.

11. Маданов Қ. Кіші жүз шежіресі. -Алматы,1999

Толыбеков С. Қоңырат шежіресі. -Алматы,1992