П.ғ.к Өтебаев И.С.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Инновациялық әдістерді технология пәнінде қолдану мәселелері

 

Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр.  

Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі – оқытудың әдіс тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде. Бұндай технологиялардың бір жақсы жері оқушылардың сабаққа деген белсенділігі артып, қызығушылықтарын танытады. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы тиіс отыр. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді.

Қазіргі жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден-бір шарты – оқу орындарындағы білім беру процесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу екендігі сөзсіз түсінікті. Сондықтан ғылыми-техникалық прогрестен қалыспай, жаңа педагогикалық инновацияларды дер кезінде қабылдап, өңдеп, нәтижелі пайдалана білу – әрбір ұстаздың негізгі міндеті болып табылады.

Технология пәнін оқытуда – еңбек етудің алғышарттарын үйрену арқылы оқушыны жеке тұлға ретінде тәрбиелеу мақсаты көзделеді. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында, оқушыларға берілетін тәлім-тәрбие үрдісін жетілдіру, жұмыс мәдениетін, адамдар арасындағы адамгершілік қарым-қатынастарды жаңарту, еңбек біліктілігін қалыптастыру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға ынталандыру міндеттерін мұғалімге жіктейді. Жас ұрпақты қоғамдық өмірге, отбасындағы қызметке, кәсіпке даярлау, үнемі өзгеріп отыратын әлемде өмір сүретіні туралы түсінікті қалыптастыруды міндеттейді. Ендеше әр оқушыға оның қабілеттеріне сәйкес келетін білім беру өрісі қажет.

Адамға ең бірінші өмірлік қажеті – еңбек екенін уақыт дәлелдеуде. Адам өмірі үшін аса қажетті, әрі өмір бойы тоқтаусыз білім беретін пән «Еңбекке баулу»бүгінгі технология оқу пәні үнемі жетілдіруде. Біздің елімізде еңбекке үйрену – Ы. Алтынсарин 1887-1888 жылдары орыс – қазақ мектебін алғаш ашқанда басталған. Оқушыларды кәсіпкерлікке, қазіргі заман талабына сай басқару, білу, ұйымдастыру, іске асыру жұмыстарына бейімдеу басшылыққа негіз болады.

Ұжымның жұмыс нәтижесінде өзіне пайда келтіретін әдіс-тәсілдерді қамтамасыз етуді шешу – мектептің материалдық-техникалық базасына, аймақ ерекшелігіне байланысты. Сонымен бірге оқушыларды кәсіби еңбекке баулу мүмкіншіліктерін зерттеу арқылы іске асыру технологиясын жасау. Ата-ана мен мектеп ұжымы бірігіп, жастарды кәсіпкерлікке баулуға бағытталған оқу-тәрбиелік шығармашылық орта құруы қажет. Еңбек тәрбиесі - барлық тәрбиенің қайнар көзі. Еңбек тәрбиесі арқылы киімді пішу, тігу қолөнер шеберлігін меңгерту арқылы ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелей аламыз. Өйткені, оқушы алған теориялық білімін іс жүзінде қолдана отырып, оны өмірімен, өзінің іс-әрекетімен байланыстыра білгенде ғана, өзіне де пайдасын тигізе алады. Технология сабағы арқылы оқушыны іскерлікке, ұқыптылыққа, әдемілікті сезініп, қабылдауға үйретеміз. П2нн23 негізгі қағидасы: «Сөзден – іске көшу». Еңбек тәрбиесі арқылы киімді пішіп тігу, көркемдеу қол өнер шеберлігін меңгеру арқылы жас ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелеуді басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізіледі. Оқушылар әр түрлі тігілген бұйымдарды зерттей отырып, баға берумен келешек кәсіби ісіне қажетті эстетикалық, ұлттық, этикалық және т.б. бағалы қасиеттерін өз бойларына қалыптастырады. Технология сабағында оқушылардың іске икемділігі мен іскерлігіне, өнерге, шеберлікке деген бейімділігін дамыта отырып қалыптастырылады. Оқушылар отбасында да тұрмыстың әр түрлі өнімді еңбегіне қатысады. Баланың бойындағы сапалық қасиеттері, еңбекке қызығушылығы, табиғатты қорғауы, ұқыптылығы арқылы еңбек адамын көру. Қазіргі кезде білім беру кеңістігінде инновациялық үрдістердің бағыттарының бірі – мектепке бағдарлау болып табылады. Оқушылардың қызығушылықтары, қабілеттері толық ескеріліп, сол қажеттілікке сай тиімді жағдайлар жасалып, білім беріледі. Оқыту мәселелерін бастамас бұрын, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге ерекше мән беру керек.

Сабақ – оқыту мен тәрбиелеу үрдісінің негізгі формасы. Ендеше сабақтың мәнді өтуі мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Инновация – оны жеке түсініп, оқу үрдісіне енгізу – оқушылардың саналы да сапалы білім алудың бірден бір шарты. Саралап оқыту – оқушылардың туа біткен ақыл-ой қабілетінің жеке дамуының жан-жақтылығына негізделген білім беру жүйесі. Оқушылардың пәнді игеруге қызығушылығын арттыру мақсатында оқытудың дәстүрлі емес сабақ түрлері мен жаңа әдіс-тәсілдерін, сабақтарда пайдаланатын негізгі әдістер оқушылардың көңіл күйіне, ынтасына, қабілетіне қарай, топпен, жеке оқушылармен жұмыс істеу, ойын элементтерін пайдалануға болады.

Технология пәні жалпы білім беретін география, бейнелеу өнері, тарих, музыка сияқты пәндермен тығыз байланысты. Электронды кәсіптік бағдарлау жүйесі – қазіргі заманға сай ақпараттық-коммуникациялық технология негізінде жасалып, оқушының өзіне қажетті мамандықты таңдап, оның ерекшеліктері жөнінде тұтас ақпаратты ұсына отырып, өз мүмкіндігі бойынша қалаған мамандығын анықтауға көмектеседі. Оқушыларды кәсіптік бағдарлау ақпараттық үрдісі, ұдайы кәсіптік білім жөніндегі ақпараттарды талдауды және қорытындылауды қажет етеді. Бүгінгі еңбектің сипаты, мазмұны өзгеріп, жаңа талап пен міндеттерді қажет еткенімен, еңбекті құрмет тұту – халықтар дәстүрінде ежелден қалыптасқан.

Балаларды еңбекке тәрбиелеу – қол еңбегі сабағынан басталады. Адам баласы туа сала емес, көре-көре, жүре-жүре жетіледі. Бір адам еңбекке өте қабілетті болып өссе, енді бірі керісінше болады. Баланың жас шағында еңбек тәрбиесін дұрыс алуы немесе одан шет қалуы оның келешек өміріне үлкен әсер етеді.

Баланың еңбек тәрбиесін меңгеруі, қоғам үшін ғана емес, оның жеке басы, өз тіршілігі үшін де қажет. Өйткені еңбек сүйетін адамның өмірінде реніш болмайды. Олар үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Отбасына еңбек тәрбиесін жүргізгенде, баланы белгілі бір мамандыққа бейімдей даярлауды ескерген жөн. Егер бала отбасында еңбек тәрбиесін дұрыс алып шықса, мектепке іскерлікке үйрену оңайға түседі. Себебі, отбасында алған еңбек дағдылары балаға түрлі мамандықты үйренген кезде жәрдемдесіп, оны игеруді оңайлатып отырады.

Технология сабағында жобалау әдісін қолдану. Жоба – әр түрлі бөлімдерден арнайы сызбалардан, суреттерден, жасалатын бұйымның технологиялық картасынан құралуы мүмкін. Ол бұйымдарды жасаған кезде есеп, экономикалық немесе экологиялық дәлелді түсінік хаттар да пайдаланылады.

Жобаның бірнеше нұсқасы болуы мүмкін. Мысалы, өте күрделі жобаны оқушының өзі ғана орындауы шарт емес. Сондықтан жобаның кейбір бөлігі дайын күйде берілсе, кейбір бөлімін оқушы мұғалімнің, ата-ананың көмегімен орындай алады. Егер бір күрделі жобаны бірнеше оқушы бірлесіп орындаса, әр оқушының үлесі алдын ала анықталуы қажет. Ол оқу жылының соңында өзінің орындаған шығармашылық жобасын оқушылардың және мұғалімнің алдында қорғайды. Жобаны қорғау барысында қолданатын бұйымның ішінен қандай затты таңдап алу, ол бұйым қоғамға, өзіне достарына және ата-анасына қандай пайда келтіретіне ескеріледі.

Жобалау әдістемесінің талабы:

1. Міндетті түрде шешілетін мәселенің зерттемелік, ақпараттық, тәжірибелік болуы.

2. Жобаны орындау іс-әрекетті жобалаудан басталады

3. Әр жоба оқушыдан зерттеушілік жұмысы талап етеді. Сонымен, жобалау іс-әрекетінің ерекшелігі – ақпаратты іздеу болып табылады.

4. Жобаның шығуының ең соңғы сатысы – нәтиже:

5. Дайындалған жоба тапсырыс берушіге немесе қоғамдық өкілдікке көз жеткізуі керек.

Жоба шығармашылық, ақпараттық, рөлдік, тәжірибелі бағдарланған, зерттеу сияқты түрлер мен міндеттің қысқаша анықтамасы (берілген бұйым кімге арналған, бұйымның қажеттілігі), бұйымның дайындалуы, бұйымды байқау және бағалау сияқты негізгі бөлімдерден тұрады.

Шығармашылық жоба – әр оқушының жыл сайын мұғалімнің көмегімен орындайтын өзіндік жұмысы, басқаша айтқанда, технология пәні бойынша жүргізілген шығармашылық жұмыс. Шығармашылық жобаның технология пәнінде алатын орны өте зор. Шығармашылық жоба арқылы оқушының ұлттық дүниетанымы, эстетикалық талғамы дамиды. Оқушылар санасына жас кезінен бастап еңбек етуінің қажеттілігін, маңыздылығын сіңіру, пайдалы іс жасауға, қандай іс болса да шын ниетпен және ұқыпты орындауға дағдыландырады.

Нақты тақырып төңірегінде оқушының алдында әр кезеңде мақсатқа қол жеткізудегі ұмтылыс нығая түспек. Шығармашылық жобаны іске асыру барысында қол жеткен жетістіктер:

- сабақтан бос уақытта маңызды әлеуметтік шығармашылықпен айналысатын балалар санының өсуі;

- ата-аналардың өз балаларының іс-әрекеттерін ұйымдастыруға қатысуға қызығушылығының артуы;

- баланы шығармашылық жұмыс істеуге дағдыландыруға бағытталған әр іс-шараның тәрбиелік мақсаттарға жетуі;

- ұйымдастырылған іс-шаралардың сапасы және жобаға қатысушылардың ынталандырылуы.

Жобалау технологиясының негізінде – оқушылардың жұппен бірігіп немесе әр оқушы өзі дайындайтын шығармашылық жұмыстар жатыр.

Жас өспірімдерді еңбекке тәрбиелеудің жалпы міндеттері бірнеше жеке міндеттерді орындау арқылы іске асырылады. Олар білім алушыларды еңбекке практикалық тұрғыдан даярлау. Білім алушының ынтасын және қабілетін дамыту еңбек тәрбиесіндегі жеке міндеттердің бірі. Халық шаруашылығында автоматтарды, компьютерлерді, т.б. қолдану барлық мамандардан жоғары техникалық сауаттылығы талап етеді. Саралап оқыту оқушылардың туа біткен ақыл-ой қабілетінің жеке дамуының жан-жақтылығына негізделген білім беру жүйесі. Барлық педагогикалық жүйе құрам бөліктерінде инновация үрдісі іске асу үшін төмендегі дей жұмыстар істелу керек:

Жас ұрпақты еңбексүйгіштікке, іскерлікке баулу, әсіресе қазіргі кезде ауадай қажет. Оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін сабақтарды түрлендіріп өткізу қажет. Ең бастысы оқушылардың сабақ үстінде шет қалмауы, берілген тапсырмамен айналысып отыруын қадағалау.

Жаңашыл әдістер мен жаңа технологияның білім берудегі жолдары мен әдіс-тәсілдері. Дамудың жаңа сатысында бағыт алған мектептің ең негізі өзегі мұғалімнің жеке басының ізденімпаздығы мен білімділігіне көп жағдай тәуелді. Жалпы пәндер бойынша В. Ф. Шаталовтың ұсынған әдісі бойынша трек-конспект, диаграмма, график, логикалық тірек-сызба арқылы теориялық материалдарды блокпен оқытып, дамыта оқыту технологиясы бойынша оқушылардың әр түрлі кезеңдерінде үздіксіз білім алуға жағдай жасап, оқыта отырып дамытуға, екіншіден өз бетінше білім жинақтауға шығармашылықпен жұмыс істеп өмірге бейімделуіне ықпал жасайды. Жаңа технология жүйесінде проблемалық және іскерлік ойын арқылы оқытудың да маңызы зор. Оқушылар әр түрлі проблемаларды талдайды, оның шешу жолдарын іздестіреді. Мұндай сабақтар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, пәнге қызығуын арттырады, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді. Іскерлік ойын сабақтарын өткізу технологиясы үш кезеңнен тұрады.

1-кезең: Дайындық (рөлдерді бөліп беру, оқушыларды топтарға бөлу, проблемаларын алдын-ала таныстыру, қажетті материалдарды жинау.

2-кезең: Ойын кезеңі

3-кезең: Қорытындылау

Іскерлік ойындардың дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық маңызы зор екенін ескерсек, ретіне қарай әр түрлі пәндерден дәстүрлі емес сабақ түрлерін көбірек өткізу қажет. Дәстүрлі емес сабақтардың психологиялық, педагогикалық ұйымдастыру және өткізу жолдарын жан-жақты зерттеп, оқушылармен өткізілетін сабақтар жүйесі жасалынуы қажет.

Модульдік оқыту технологиясы – балаларға жеңілдік жасап, оқушы мен мұғалім қарым-қатынасына теңдік жағдай жасап, оқушыларды қатты қыспай, еркін сөйлеп қызықтырушы көрнекілікпен баланы баулап, алып кету. Жас ұрпақты қоғамдық өмірге, отбасындағы қызметке, кәсіпке даярлау, үнемі өзгеріп отыратын әлемде өмір сүретіні туралы түсінікті қалыптастыруды міндеттейді. Бұған жету үшін басқаруды дамытуға бағытталған жаңа модельдерді көп қолданған жөн. Әр пән мұғалімі жаңа технологияларды меңгеріп, пәнаралық байланыс, кірістіру сабақтарын кеңінен қолдану қажет. Себебі оқушы алған теориялық білімін іс жүзінде қолдана отырып, оны өмірімен, өзінің іс-әрекетімен байланыстыра білгенде ғана өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізе алады.

Қолданбалы экономикалық керемет бөлігінің бірі - оқушылардың жеке бизнесінде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін «Мектеп компаниясында» практика жұмыстары зерттелді. Қорыта айтқанда, сабақты жоспарға негіздеп, жаңашыл әдістерімен жүргізу тиімді, яғни сабақты бір тип бойынша қалыптастыруға болмайды, оған заман талабына байланысты технологиялық әдістері пайдаланып қызықты және жан-жақты тәсілімен өткізе алсақ, болашақ ұрпақтың білімді болатынына сенемін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

И.С. Өтебаев «Болашақ мамандарды жобалау іс-әрекетіне даярлау: теория және практика». Қарағанды: «TengriLTD» баспасы, 2012 ж.