Педагогические науки/5. Современные методы преподавания

М.ғ.д. Тебенова К.С., п.ғ.м. Ашимханова Г.С., п.ғ.м. Кударинова А.С.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Инклюзивті білім беру жағдайында психикалық дамуы тежелген балалардың мектепке оқытуға психологиялық дайындығы

 

Балалардың психикалық дамуындағы ауытқуларын түзетудің нәтижелі әдістерін іздестіру бүгінгі педагогика мен психологияның өзекті мәселесіне айналып отыр. Оқудағы үлгермеушілік мәселесіне қазірде оқытушылардың баса назарлары аударылуда. Бұл мәселеге әр түрлі саладағы мамандар біріге көңіл бөлген. Олар үлгермеуші, оқуға дайын емес балалардың жартысынан көбі психикалық дамуы тежелген балалар болатынын анықтаған. Қазіргі кезде қоғам мен ғылымның дамуына орай, жас ұрпақты заман талабына сай оқытып тәрбиелеу ісі педагогикалық қана емес, әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Әртүрлі кемістігі бар баларды тәрбиелеу мен оқыту – күрделі әлеуметтік және педагогикалық мәселе. Бұл мәселелер мүмкіндіктері шектелген немесе дамуында қандай да кемшілігі бар балаларды қолдан келгенше қоғамдық өмірге пайдалы, белсенді, өз беттерінше өмір сүре алатындай етіп дайындауда көп жұмыстардың қажеттілігі туындауда. Қалыпты бала психикалық дамуы тежелген баланы және психикалық дамуы тежелген бала қалыпты баланы қабылдауға психологиялық тұрғыдан дайын болған жағдайда ғана, инклюзивті білім беру жүйесін енгізу процесі әрі тез, әрі нәтижелі болады [1, 2].

Психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балалардың инклюзивті білім беру жағдайында мектепке оқытуға психологиялық дайындау, сонымен қатар психикалық дамуы тежелген баласын қарым – қатынасқа екі жақты теңдей психологиялық тұрғыдан даярлау біздің ғылыми ізденістеріміздің негізгі мақсаты болды.

Біздің зерттеуімізде қозғалып отырған негізгі мәселе – мектеп жасына дейінгі психикалық дамуы тежелген балаларды инклюзив жағдайына енгізуде психологиялық тұрғыдан даярлау болғандықтан топтағы жақсы қарым – қатынасқа кедергі болатын жайттарды анықтап алуда бірқатар әдістемелерді жүргіздік. олар: Дж. Буктың «Үй – Ағаш – Адам» әдістемесі, М.З. Друкаревичтің «Әлемде жоқ жануар» әдістемесі, Р.Р. Калининаның «Бірге істейік» әдістемесі. Бұл әдістемелердің үшеуі де мектеп жасына дейінгі балаларға қолдануға болатын әдістемелер болып табылады. Алайда топтағы ПДТ балалар бірінші және үшінші әдістеменің тапсырмаларын орындай алмады. Үй, ағаш, адам суреттерінің орнына жай ғана өздерінің қалауларымен парақты «шимайлап» берді. Тек ПДТ тобының бір тәрбиеленушісі ғана суреттерді айқын салды. Алайда, ағаштың суретін салудан мүлдем бас тартты. Өзінің мұндай шешімін «Мен сала алмаймын», – деп түсіндірді. Сонымен, балалар күнделікті көріп жүрген үй, ағаш, адамның суреттерін сала алмады. Осыған орай «әлемде жоқ жануардың» суретін сала алмас деген шешімге келдік. Сол себепті «Бірге істейік» әдістемесін таңдадық. Бұл әдістеме барысында ешқандай сурет салынбайды, тек баланы ойын іс - әрекеті барысында бақылап, қорытынды шығаруға болады.

«Бірге істейік» әдістемесі бойынша бала тұлғасының құрдастарымен қарым – қатынас барысындағы адамгершілік бағытын анықтап бағалауға мүмкіндік береді. Бұл әдістеме өзінің қалауы мен өтінішін дұрыс жеткізе білу, досымен қарым–қатынасты қолдау, оған дайын болу, досына көмектесуге ұмтылуы, оған деген жанашырлығы, онымен бөлісуге деген ниеттің болуы сияқты параметрлерді есепке алуға мүмкіндік береді.

Әдістемені қолданудың барысында есепке алынған белгілер келесідей төрт белгілер кешеніне біріктірілді:

1.   Қарым–қатынастағы теріс адамгершілік бағыты;

2. Қарым–қатынастағы оң адамгершілік бағыты;

3. Қарым–қатынастағы еркіндік, жасқанбаушылық;

4. Тапсырманы орындаудағы қызығушылығы.

Осы белгілер кешеніне сүйене отырып, әр баланың бойында байқалған белгілерге ұпайлар берілді. Соңынан, ұпайлар қосылып, әр белгі кешенінің жеке ұпай саны шығады. Содан соң, топтағы жалпы көрсеткішті шығару үшін, әр баланың әр белгі кешені бойынша жинаған ұпайларын біріктіріледі. Осылай, зерттеудің нәтижесін ұпаймен толықтай шығарып алғаннан кейін, оларды дәл сол ретпен пайыз мөлшеріне айналдыру мүмкіндігі туындайды. Барлық шыққан нәтижелерді кестеге және диаграммаға салуға болады.

Зерттеуге қатысқан 10 жұптың ішінде 5 жұптың жұмысы талданылды. Яғни, 20 баланың ішіндегі 10 баланың қарым–қатынас барысындағы жеке мінез–құлық ерекшеліктерін анықтадық. Осындай ретпен қалған балалардың жұмыстарын талдай келе, әр белгі кешені бойынша қорытынды шығарылды. Зеерттеу барысында топтағы әр баланың әр белгі кешені бойынша жинаған ұпай сандарын біріктіріп, топтың ұпаймен есептегендегі жалпы көрсеткіштері шығарылды. Сол көрсеткіштерге сәйкес қарым–қатынастағы теріс адамгершілік бағыт 18,2% балада анықталды, тапсырманы орындаудағы қызығушылығының төмен болуы ең жоғары, яғни 36,3% балада орын алды. Мысалы, бала қолын итеріп жібереді, пішіндерді өзіне қарай тығып ұстайды, «Бермеймін!», «Менікі!» деген сияқты теріс қылықтар көрсетеді.

Зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, балалар арасында теріс адамгершілік бағыт, қарым – қатынастағы еркіндік пен жасқанбаушылықтың болмауы айтарлықтай байқалды. Бұл өз кезегінде бала бойындағы теріс қылықтар мен агрессияның басым болуы, жанашырлықтың, өзара түсінісушілік, сыйластықтың болмауы, бөлектенушілік және т.б. теріс қылықтар балалар қарым–қатынасына кері әсерін тигізеді деген сөзсіз.

Осымен біздің мақсатымыз да айқындалды, яғни, топтағы теріс атмосфераны біршама жойып, балалар арасында жақсы, жағымды, оң қарым – қатынас орнату, сонымен қатар балалардың екі тобын да қарым – қатынасқа психологиялық тұрғыдан даярлау келесі кезеңнің мақсаты болды. Ол үшін «Мектеп жасына дейінгі психикалық дамуы тежелген балаларды инклюзивті білім беру жағдайында мектепке оқытуға қолданылатын психологиялық тренингтер кешені» атты әдістемелік кешеніндегі жаттығуларды ұсындық. Жалпы ұсынылып отырған кешен 7 бөлімнен тұрады, әр бөлімге 5 тен 8 ге дейін түрлі жаттығулар енгізілді. Әр бөлімнің өзіндік ішкі мақсаты жазылған. Ал барлығының да ортақ мақсаты, ол – топта жақсы қарым–қатынас орнату болды.

1 бөлімнің мақсаты сөз, бет қимылы (мимика), ым-ишара атты негізгі қарым-қатынас түрлерімен таныстыру. 2 бөлімнің мақсаты өзін қоршаған адамдарды мұқият танып, дұрыс көңіл бөлу қабілетін дамыту. 3 бөлімнің мақсаты әңгімелесу үшін тыңдай білу қабілетін дамыту, байқағыштық қасиетін жаттықтыру. 4 бөлімнің мақсаты баланың қиялын дамыта отырып, ішкі «әлемін» тану. 5 бөлімнің мақсаты адамдарға деген сыпайы қарым-қатынас пен сыйластықты дамыту. 6 бөлімнің мақсаты жанашырлық, бір-біріне көмектесу, ұжымшылдық сезімдерін дамыту. 7 бөлімнің мақсаты бала бойындағы жағымсыз қылықтар мен теріс эмоциялардың себептерін анықтау, алдын алу, өзгені түсіне білу қабілетін қалыптастыру.

Зерттеуіміздің келесі кезеңінде психологиялық тренингтерді қолдану нәтижесін талдай отырып, әдістемелік кешеннің маңыздылығын айқындадық. Мектепке дейінгі жаста ішкі психикалық өмір және жүріс-тұрысты іштей реттеу пайда болады. Бұл ішкі өмір жалпы түсініктер бойынша әрекет ету қабілетінде, баланың қиялында, ерікті жүріс–тұрысында, ересектер және құрдастар арасындағы мазмұнды қарым–қатынаста танылады. Осы маңызды қасиеттер мен қабілеттердің барлығы – ересектермен әңгімелесуде, психологиялық тренингтерде туындайды.

Тренинг кезінде балалар әртүрлі рөлдерді сомдап, өздерін өзгелердің орнына қойып сезіне алады. Осы тренингтер кезінде балалар арасындағы ұжымшылдық арта түсті, ерік және мінез қасиеттері жақсы жағынан бекіп, адамгершілік сапа жетіле түсті. Балалар өмірді біршама танып, түсіне бастады. Сезімдері кеңейіп, айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізе бастады.

Енді осы жағымды өзгерістерді одан әрі нақтылау үшін, «Бірге істейік» әдістемесін қайтадан жүргіздік. Әдістеменің мақсаты, барысы, нәтижесінің өңделуі, барлығы сол қалпында қалады. Ең бастысы, балалардың сол бұрынғы жұптарының орындарын ауыстырмай, сақтап қалуды қаладық.

Әрі қарай, дәл осындай ретпен қалған балалардың жұмыстарына талдау жасап, қорытынды шығардық. Алғашқы жүргізілген әдістеме бойынша қарым–қатынасқа психологиялық тұрғыдан даярланбаған балалардың көпшілігінде теріс адамгершілік бағыт пен жасқанушылық, жатырқаушылық байқалды. Агрессия, бөлектенушілік, менсінбеушілік сезілді. Өзара тіл табысуда, ортақ мақсатта әрекет жасауда қиналды. Ал біздің психологиялық дайындықтың бір құралы ретіндегі ұсынып отырған тернингтерімізге қатысқаннан кейінгі нәтиже алғашқысына қарағанда айтарлықтай жақсы нәтижелер көрсетті. Мұнда балалар арасындағы теріс адамгершілік бағыт айтарлықтай төмендеп, керісінше оң адамгершілік бағыт басым бола түсті. Балалар жасқанбай, жатырқамай, қарым–қатынасқа біршама еркін түсе алды. Агрессия, менсінбеушілік, бөлектенушілік сияқты қасиеттері айтарлықтай төмендеп, бір – біріне деген достық, жанашырлық, өзара түсіністік сезімдері өрби бастады. Балалар бір–бірінің артықшылықтары мен кемшіліктерін жете түсіне отырып, соған сәйкес әрекет ете бастады. Өздерінің қажеттіліктері мен қалауларын дұрыс, сыпайы түрде жеткізуді үйренді. Тіпті, ең қарапайымы, балалар топқа келгенде бір – бірімен амандасуға дағдыланды.

Осындай бірқатар оң өзгерістерге жетудегі әдістемелік кешеннің маңыздылығын айқындай отырып, оны мектеп жасына дейінгі психикалық дамуы тежелген балаларды инклюзивті білім беру жүйесіне енгізуде психологиялық дайындық үрдісінде қолдануды ұсынамыз.

 

Әдебиет:

1. Смаилова С.У. Балабақша жұмысы // Бала мен балабақша. – 2009. – №6. – Б. 5.

2. Асетова Н.А. Тренинг // Мектептегі психология. – 2012. – № 3. – Б. 33.