п.ғ.к. Өтебаев И.С.1, Өтебаев Б.Н.2, Өтебаева Г.Қ.2

 

1Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

2Б.Сүлейменов атындағы орта мектеп, Қазақстан

 

ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ӨЗАРА ҚАРЫМ ҚАТЫНАСТАРЫНДАҒЫ  ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

 

Педагогикалық тәжірибеде баланың жан-жақты дамуы мен мінез-құлқы жағынан қалыптасуының жеткіншек шағы /10-15 жас/ ең қиын кез болып есептеледі. Балалардың тәртібі нашарлап, сабаққа үлгерімі төмендейді, қыздар мен ұлдар арасындағы қарым-қатынас та қалыпты болмайды. Кейбір балаларда тіпті қоғамды жатсыну әдеті пайда болады.

Жеткіншек шағында ол қоршаған әлемге баға береді және оған деген өзінің қарым-қатынасын орнықтырады. Ол өмірдің тұрмыстық қарым-қатынастарына еніп, енді тек өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша ғана емес, сонымен бірге өзі теориялық жағынан игерген қағидалар бойынша қарым-қатынасқа түседі және адамдардың мінез-құлқын, қоғамдық құбылыстарды бағалауда ешкіммен ымыраға келмейтін, өз дегенім болсын дейтін әдет табады. Ол – айналадағының бәрінің сыншысы. Ол өзі жақсы көретін адамдардың кемшілігін де көргіш болады және сол үшін қиналады. Кез келген жалғандық оның ызасын тудырады және көңілін қалдырады.

Жеткіншек жасындағылар қарым-қатынасқа өте құмар келеді. Олардың жолдастарымен, құрдастарымен, сыныптастары, қарым-қатынасы төменгі сыныптардағы балалардың қарым қатынастарынан гөрі күрделірек, көп салалы әрі мазмұны тереңірек болады. Жеткіншектік кезең де жақындық дәрежесі жөнінен әр түрлі қарым-қатынастар қалыптасады, оларды жеткіншектер әншейін жолдастар, жақын жолдастар, жеке дос, деп нақпа-нақ саралайды. Қарым-қатынас жасайтын адамдары тек мектеп шеңберіндегі оқу әрекетімен шектелместен, барған сайын мектептен тыс шыға береді, жаңа мүдделерді, кәсіптерді, қарым-қатынастарды қамтып, жеткіншек өмірдің дербес және өте маңызды саласы болынып бөлінеді. Бұл қарым-қатынастарда әр түрлі оқиғалармен, күрес пен қақтығысулар, жеңістер мен жеңілістер, қуаныштар мен өкініштер кездесіп, осының бәрі жинақталғанда жеткіншектің нағыз өмірін құрайды. Ол осы ортада іс-әрекет жасап, ойланып толғанады, көп уақыты мен рухани күш-жігерін жұмсайды. Жолдастарымен қарым-қатынас жеткіншек үшін ерекше құндылыққа ие болады.

Жеткіншек өтпелі кезеңнің ең басты процесінің бірі – жеткіншектің өз ата-аналарымен, мұғалімдерімен және жалпы үлкендермен, құрбыларымен, барлық жағдайы бойынша өзіне тең немесе тең еместермен қарым-қатынасыңда қайта бейімделу байқалады. Бұл қайта бейімделу жағдайы бірте-бірте болуы мүмкін немесе аяқ астынан мінез көрсетеді. Жеткіншек үшін үлкендер мен өз қатарластары мәртебесінің деңгейі бірдей болмайтындығынан қайта бейімделу процесі әртүрлі көрініс береді.

Жеткіншек өзіне дос болатын адамды өз ұжымындағы жолдастарының арасынан табады. Жеткіншектің досы – ол тек бірге ойнайтын, жанжалдасып қалатын, татуласатын, бірге сапарға шығатын жолдас қана емес. Ол – жеткіншектің екінші өзі, ол оның ойын білетін қызығушылықтары мен сезімдерінің куәгері және жақсы ниеттегі сыншысы.

Жеткіншектер жеке басының қасиеттері жағынан қоғамшыл болып келеді. Балаларға өмір мен іс-әрекеттің ұжымдық әдістері ұнайды, олар қоғамдық жұмыстарға ұмтылып, жақсы көреді. Бұл жұмыстар жеткіншектердің қарым-қатынасы үшін мазмұнды негіз жасап, ынта көрсетіп, белсенділік, дербестік білдіруге мүмкіндік береді. Кез келген іс-әрекетте олар әншейін қарап тұрушы болмай, белсене қатысушы болғанды жақсы көреді.

Жеткіншек жастың ерекшеліктері:

- барлық нәрсені өз бетімен орындап, үлкендердің қамқорлығы мен ақыл-кеңесінен құтылғысы келуі;

- үйге берілген тапсырмаларды жаттап алмастан өз сөзімен түсінікті етіп айтуға тырысуы;

- үлкендерге сын көзбен қарап, олардың айтқанын сынап-мінеп, кей кезде өрескіл мінез көрсетуі; жеткіншек істі игеру жағынан әлі бала болса, ал талап қою жағынан ересек, өз мүмкіндігін жоғары бағалап, бәрін өзі істей алатындай сезінуі. Осы қасиеттердің барлығы жоғарыда айтып кеткендей бала бойында белгілі бір қырсық мінездерді тудыратыны айдан анық. Оқушы мен мұғалімнің жекеше қарым-қатынасы мектепте және басқа ортада кез-келген себеп пен формада іске асады. Қатынасудың тәжірибесіндегі көп кездесетін формалары сабақтан тыс әңгіме, үй жағдайындағы сөйлесу, жеке кеңестер, ұнамды психологиялық жағдай жасау; серуен кезіндегі қысқа әңгімелермен алмасу, мектептегі кештер немесе басқа мекемедегі сұхбаттар. Мысалы, мынадай жұмыс формаларын пайдалануға болады: Дәрісбаян-халықтық психология мен педагогиканың бай мұраларынан берілген жарқын ақпарат, деректер, қызықты мысалдар т.б. негіздегі дәрісбаяндар оқушылардың ықыласын тудырып, қарым-қатынас мәдениетінің қыр-сырын ұғынуға мүмкіндік береді. Ашық микрофон-оқушылар үшін және қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениеттің қалыптасу жағдайлары мен оның дамуына ықпалы туралы мәселені талқылау үшін қолданылады. Ұлы тұлғалар күні – халқымыздың батыр ұлдары мен қыздары, мақтаныштарымыз болған тұлғалар (Абай, Ыбырай, Міржақып т.б.) мерейтойларына орай өткізілген танымдық, құндылық бағыт беретіндей қызықты да мазмұнды шара. Пікір-сайыс (мысалы: «Сіз мәдениеттісіз бе?», «Адам-қоғам-орта», «Әдептілік» қарым-қатынасы, т.б. тақырыптарда) екі топ кезегімен ой толғаныстары мен шешімдерін ортаға салып, өз жобаларын қорғайды. Сыр-сұхбат – қазіргі кезеңде қоғамымызда болып жатқан өзгерістерге сай, адамдар арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі; жастарымыздың қарым-қатынастың өзгеруі; мәселенің шешімін табу жолдары т.б. мәселелерге арналған тәрбиелік әңгіме сағаты. Қарсыластар сайысы – алдын-ала жинақталған пікірталас материалдары негізінде көкейтесті мәселелер жөнінде қарсы 2 топтың пікірлерін ортаға салу, сараптау, тұжырымдар жасауға арналған сөз-жарыс. Көрсетілген тәрбиелік шараларды оқу-тәрбие үрдісінде тақырыппен сабақтастыра жүргізу оң нәтижеге жеткізері сөзсіз деп есептейміз. Оқушы тәрбиесінің тиімділігін жоғарылату көп жағдайда жанұя және мектептің талабы мен ынтасын келістіре жұмыс істеуіне байланысты. Көзге түсерлік рольді мұғалім мен оның оқушылар ата-анасымен өзара қарым-қатынасы ерекше орындайды. Олардың бірге жұмыс істеуі – оқушының үй жағдайындағы ерекшелігі туралы жан-жақты ақпарат алуына, жанұядағы өзара қарым-қатынас туралы мінезіне, ата-ананың өз баласының үйірмелердегі, секциядағы жетістіктері мен кемшілігі туралы біліп отыруына үлкен әсер етеді. Осыған байланысты ата-ананың өз балаларына деген тартылымдылығын, оларға қандай бағдар беріп отыратындығын байқауға болады. Осындай ақпараттарды мұғалім қаншалықты кең алып отыратын болса, оның ата-ана мен оқушыларға педагогикалық тиімді әсер етуінің мүмкіндіктері өте үлкен болмақ. Жалпы, үнемі үлкендер баланы барлық уақытта түсіне бермейді. Қарым-қатынас барысында жеткіншектерді өздеріне бағындыру, үстемдік көрсету, тіл алуды талап ету орын алады да, мұндай көзқарас баланың қырсықтығын туғызып, нәтижесінде үлкендер мен баланың арасында теке-тірестік орын алады.

А.Н.Лутошкин жеткіншектер достығының ұжымның қалыптасуына, балалардың мамандық таңдау мотивтерінің орын алуына тигізетін әсері мол екенін көрсеткен. Достасудың себептері кәсіптік ниеттермен, өзін-өзі тәрбиелеумен, өздігінен білім алумен байланысты ортақ әрі әрқайсысы үшін өте маңызды мақсаттар мен міндеттер пайда болған кезде қарым-қатынастар дамудың жаңа, неғұрлым жоғары деңгейіне көтеріледі. Достар оларды ортақтаса күш салып жүзеге асыра бастайды: білімді, іскерліктерді бірлесіп меңгереді, әртүрлі қасиеттерін дамытып, бір-біріне көмектеседі. Бұл достықтың жеке адамның дамуы үшін өте бағалы түрі. Достықтың қарама-қарсы түрі жеткіншектердің сырттай ересектікке ұмтылуына, уақыт өткізіп, көңіл көтеру мәндерінде ересектерге еліктеуіне негізделген. Мұндай әдетте неғұрлым ересегі басшы болады: бағынушы біраз уақыт оған келісуі мүмкін, бірақ кейін көбі жолдасының өктемдік жүргізбек ниетіне қарсы шығады. Теңсіздікке негізделген қатынастарды жеткіншектер нағыз достық деп санамайды. Нағыз достықтың бірден шығуы сирек болады. Әдетте оның алдында ізденіс, сәтсіздіктер, уақытша қатынастар болады. Осындай тәжірибенің негізінде достық пен достың жекелей мұраты қалыптасып, шыңдалады. Қатынастардың нығайып тереңдеуінен гөрі басталуы оңай. Бұл үшін жақсы көру мен мүдделердің бірдей болуы жеткіліксіз. Әрқайсысының жолдастық кодексінің қағидалары мен достық талаптарын орындауы қажет. Әсіресе бас кезінде нақ осы қиын болады, өйткені жолдасының қарым-қатынасына жеткіншек енді үлкен әрі нақты талаптар қояды, өзіне ондай талап түгел және әрқашан қоя бермейді: басқаның кемшіліктерін көргенімен өз кемшіліктерін көрмейді, не бірден көре қоймайды. Осыдан барып өкпе, қақтығыс жанжалдар, уақытша ажырасу шығады, тіпті қатынас үзілуі де мүмкін. Жеткіншектер достықты қадірлегенмен, оған көп талап қояды әрі өкпелегіш болады.

Жолдастық қарым-қатынас жеткіншектер өмірінде үлкен орын алады. Жеткіншектердің өзара және топтасқан қарым-қатынастары көбінесе ересектермен қарым-қатынастарға тәуелсіз тіпті олардың дегендері мен ықпалдарына қарсы болып та қалыптасады. Бұл қарым-қатынастардың өз мазмұны мен даму логикасы болады. Егер төменгі сыныптарда ұжым тегі алатын орны негізінен оқу үлгеріміне, тәртібі мен қоғамдық белсенділігіне, яғни баланың ересектер қоятын талаптарды қалай орындайтынына байланысты болса, жеткіншектер үшін басқа қасиеттер: досы мен жолдасының қасиеттері, зеректігі мен білімділігі (тек оқу үлгерімі ғана емес), батылдығы өзін-өзі ұстай білуі неғұрлым маңызды бола бастайды. Әр түрлі сыныптарда (жеткіншектер топтарында) бұл жақсы жақтардың құндылық дәрежесінің түрлі баспалдағы бар, бірақ олардың біреуі – жолдастық қасиеттер әрқашан бірінші орынға қойылады. Жеткіншектер әншейін танымал болып қана қоймай, олардың ризалығы мен құрметіне бөлену үшін ең алдымен жақсы жолдасы болуы керек. Осыған байланысты жеткіншектік кезеңнің басында бұрын танымал болған балалардың тобында өзгеріс болатыны жиі кездеседі: біріншіден, бұрынғы беделділер, кетіп, олардың орнына жаңалары шығады, екіншіден, сынып активінің неғұрлым сыйлы әрі беделді жеткіншектер тобы болмауы жиі байқалады, өйткені көптеген мұғалімдердің активті құрғанда олардың жолдастық қасиеттерін ескермей, үлгерімі жақсы және тәртіпті балаларды алатыны жиі кездеседі. Сыныптастары үшін беделі аз актив – ұжым құрудағы және сыныптағы жұмысты ұйымдастырудағы қиындықтардың мәнді себептерінің бірі. Мұның мәні одан кем түспейтін тағы бір себебі – мұғалімде басқарудың авторитарлық деп аталатын стилінің сақталуы және активте де сыныптастарымен қарым-қатынастың осындай әдістерінің тәрбиеленуі. Жеткіншектер мұны әсте қабылдамайды, өйткені олар ересектердің де, жолдастарының да қарым-қатынастарына сол бір негізгі талап тұрғысынан қарайды – адамшылық қадір-қасиет пен жеке басты құрметтеуді талап етеді.

Бұл талап жеткіншектердің жолдастық кодексінің өзегі болып табылады, оның нормалары әр түрлі негіздерден: ересектерден, жасы үлкенірек балалардан, кітаптар мен кинофильмдерден (олар бұл нормаларды көрсетіп, түсіндіруде маңызды роль атқарады) ұғынылып, қабылданады. Жеткіншектердің жолдастық кодексінің ең маңызды нормалары қадір-қасиетті сыйлау, теңдік, шын берілгендік, жолдасына көмектесу, адалдық. Жеткіншектердің ортасында әрбіреуінің өз жолдасына, тобына, сыныбына қатысты іс-әрекеттері ескерусіз қалмайды және бұл нормаларға сай келетіні-келмейтіні бағаланып отырады. Сондықтан жеткіншектер жолдасына, тобына «опасыздықты», уәде бұзуды, көмектеспей қоюды, өзімшілдік пен сараңдықты, бірінші болсам, басқарсам деген ниеттерді, менменсіп, өзін-өзі дәріптеуді, жолдасының пікірімен санасқысы келмеуді, сөзімен, күш көрсетіп,айламен, көзінше немесе сыртынан, тікелей не жанамалап болсын жолдасының қадірін түсіруді бірауыздан айыптайды. Мұндай қылықтар жәбірлесу, қақтығыстар, жанжалдар туғызады. Жолдасының өзін-өзі сыйлаушылығы, өз пікірі болмауы, өзінің айтқанынан қайтпай, жәбірлеушіге қарсыласа алмауы да айыпталады, ал «жағымпаздар», алуан түрлі бейімделгіштер мүлдем жеккөрінішті болады. Бұл айтылғандарға қарама-қарсы қасиеттер жеткіншекте қалыптасатын этикалық мұраттың негізі болып, жолдасының қасиеттерімен қарым-қатынасқа осы тұрғыдан талап қойылады. Басқа адамға ықпал жасауға ұмтылу – жеткіншектің өте маңызды ерекшелігі. Мұнда оның әлеуметтік белсенділігі, құрдастарымен әлеуметтік өзара іс-әрекеттің ерекше сипаты айқын көрінеді. Достармен және жақын жолдастарымен қатынастардың өзіне тән ерекшеленуі мынада: жеткіншектер сөзді толық мағынасында бірін-бірі тәрбиелейді, өйткені әрқайсысы екіншісіне белгілі бір талаптардың тұтас жүйесін қояды да, олардың орындауын қадағалайды: ал егер олар орындалмайтын болса, қарым-қатынастан бас тар ту секілді күшті амал жаза ретінде қолданылады. Жеке адамның дамуы үшін жақын жолдастары және досымен қарым-қатынастың зор маңызы мынада: мұның өзі қарым-қатынастың ерекше түрі нақ ересек адамдарға тән жеке дара қарым-қатынастың қағидалариын меңгерудің практикасы болып табылады. Достықтың қағидаларын меңгеру – баланың жеткіншек шақта жететін маңызды жетістігі.

Жеткіншек шақта жолдастарымен қарым-қатынас жасау жеткіншектің жеке басының қалыптасуына үлкен, көбіне шешуші ықпал жасайды. Жолдастары оған үлгі болады, балалар бір-бірімен бірлесіп көптеген іс-әрекеттерге белсене қатысады. Осы іс-әрекет барысында олар бірін-бірін тәрбиелейді. Сондықтан жеткіншектердің үлкендермен қарым-қатынастары ғана емес, жақын жолдастарымен, достарымен, ұнатқан адамдарымен қарым-қатынастары да педагогикалық-психологиялық ықпал жасау барысында қамтылуы тиіс.

Осы жас кезеңінің ерекшеліктерін ата-аналар, мектеп мұғалімдері, сынып жетекшісі, басқа да жеткіншіктің айналасындағылар жақсы түсінетін болса, барынша төзімдік көрсетіп, түсінушілік білдірсе, балалар жас қиындығын оңайырақ көтереді.

 

 

Әдебиет

 

1. М.М. Мұқанов. Жас және педагогикалық психология — Алматы, «ҚазПИ» — 1980.

2. Н.С.Ахтаева, А.І.Әбдіғаппарова, З.Н. Бекбаева. Әлеуметтік психология – Алматы «Қазақ университеті», 2007.

3. К.Н. Поливанова.  Психологическое содержание подросткового возраста — /Вопросы психологий/ 1996.

4. Әбеуова И.Ә. Әлеуметтік психология (оқу құралы) Алматы 2001.

5. Әубәкірова Ж.Қ. Мектеп жасына дейінгі балалармен қарым-қатынас тренингін ұйымдастырудың психологиялық – педагогикалық негіздері. Пс.ғ.канд.дисс. – Алматы. 2001ж.