Филологические науки

 

Қазақ тілі мен әдебиеті бакалавры, хатшы Лекерова Е.Ж.

                      Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

С.ШАЙМЕРДЕНОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ СӨЗ-СИМВОЛДАРДЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНЫМДЫҚ КӨРІНІСІ

 

         Қазіргі кезеңде «Тіл мен мәдениет» мәселесіне қатысты тіл біліміндегі көптеген зерттеу жұмыстары тілдегі ұлттық сипатты, ұлттық танымды, ұлттық рухты тануға, танытуға негізделген. Осы орайда, тілдегі мәдениеттің айқын үлгілері,  әсем өрнектері ажарланған ұлттық символдар болмысын тіл арқылы ашуды «тіл – мәдениет – ойлау» үштағанының айналасында зерттеу қажет. Символ – кез-келген мәдениетке тән әмбебап құбылыс. Ол халықтың дүниені түйсінуінен хабар беретін қойма, яғни ғаламның тілдік бейнесі ретінде ұлттың эстетикалық таным-талғамын, шаруашылық кәсібін, мінез-құлық ырым-наным, салт-дәстүрін, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухты тек тілде ғана жан-жақты танытады. Осыған сай белгілі бір халықтың материалдық және рухани мәдениет элементтері тілде эстетикалық символдар ретінде қалыптасады. Мұның негізінде «әлемді тіл арқылы танудың» әр ұлт тілінде түрлі сипатқа ие екендігі туралы шешімге символдың лингвистикалық сипатын ашу арқылы және ұлттық болмысын таныту негізінде келуге болады [1, 3]. 

Көркем проза ұлт тілінің құдіретін танытып, оның сыр-сипатын, бүкіл болмысын жан-жақты ашуға негізделеді. Ғалым Р.Сыздық көрсеткендей: «Халықтың рухани-эстетикалық қажетін толығынан өтеп, ұлттық ұйымдастырушылық қызметін атқарып келетін көркем әдебиет тілін зерттеу – бүгінгі мәдени дүниеміздің мүддесі» [2, 7]. Басқаша айтқанда, тілдік таңба көркем әдебиетте мазмұнды формаға ауысады. Сондықтан көркем мәтінді біртұтас күрделі құрылым ретінде қарағанда ғана, жазушының  шеберлік деңгейі айқындала түседі. Осыған байланысты суреткерлік қырын танытатын көркем мәтін мазмұнын бейнелеуге қатысты сөз қолданыстың бір түрі – шығармада айтылмақ ойдың сырын тұспалдап ашатын, ишарамен білдіретін – сөз-символдарды қолдану. Бұл орайда жазушы қолданысындағы сөз-символдар көркем прозаның идеялық мазмұнын арқалап, оқиғаның құлақ күйі ретінде шертіледі[3, 15].

Мысалы, жазушы Сафуан Шаймерденов «жол» сөзіне үлкен символдық мағына артқандығы бүкіл шығармаларының көлемінде танылады:

«Алдымда менің жол жатыр. Бұралаң, бұлтарысы көп өмір жолы. Талай жыл жүріп келем, жүріп келем. Өріне шығып сүйенген, ойына түсіп күйінген де күндерім бар. Сонда да жүріп келем. Адал жүріп келем» («Қарғаш», 6 бет).

 «Артта қалған ұзақ жылдарға Битабар дәл қазір тым биіктен қарап отыр. Бұралаң ұзын жолдың бұлтарыс бұрылыстары жазылып, ой-шұқырлары тегістеліп кетті де, өзара қатынастағы ашу-реніш, кикілжіңдер мән-мағынасын жойып, ұсақталып, аласарып жүре берді» («Жыл құсы», 257 бет).

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «жол» сөзіне 1. қатынас жасап әрі-бері жүріп-тұруға арналған ұзын желілі сүрлеу; 2. ұзақ сапар; 3. сөздердің жазба не баспа түріндегі қағазға түскен ізі; 4. салт-дәстүр, әдет-ғұрып// кәде, сый, ырым; 5. кезек, рет, жөн, орын, жайы; Ауыс. 6. амал, айла, әдіс; 7. ауыс. Шама-шарық, жөн-жоба[ҚТТС, 305 бет] деген мағыналар үстейді.

Ал қаламгер С.Шаймерденов «жол» сөзін өмірмен байланыстырып, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, дұрыс және бұрыс таңдау, оң я теріс бағыттарды суреттеп, тек «жол» сөзін ғана емес, оған байланысты «тротуар», «бұрылыс», «рельс» т.с.с. сөздер арқылы адамның өмірлік жолын, мақсатын бейнелеген. Мысалы:

«Осы бір бел-белестердің кеудесін кесіп әрі асқан қос рельс алдағы күндей алысқа созылып кете береді» (Сафуан  Шаймерденов «Инеш», 9 бет).

«Өмір деген мына бір жүріп келе жатқан тротуар емес пе. Ой-шұқыры көп оның. Біреу жау болады, жағаңнан алады. Біреу ит болады, етегіңнен алады. Соның қайсысына болса да қажымау керек» («Инеш», 275 бет).

Қаламгер шығармаларында авторлық метафораларды да символ дәрежесіне көтеріп, адамның ең басты мақсаты – өмір жолында сүрінбей, дұрыс таңдау жасап, түзу, таза жолмен, ар-намысын сақтап өту керектігін жеткізгісі келеді. Мысалы:

 «Ұлы мақсат жолында үлкен-үлкен кедергілер сөз жоқ кездеседі. Бірақ солардың біз жеңбейтіні жоқ» («Инеш», 137 бет).

«Әлдебір жансақтық себеп болып, тірлік үшін күрестің ұлы дүрбелең жолына оқыс түскен Марғауға, міне, енді барынша сақ, барынша әккі болу керек» («Ит ашуы», 136 бет).

«Ие, бұл сызықтар да шытырман жолдар есепті. Үзілмес үмітті, аяулы арманның жолы. Қиямет бейнет пен азап-михнаттың жолы» («Мезгіл», 219 бет).

С.Шаймерденовтің кез-келген шығармасында терең мағына, күрделі ой жатыр. Тіпті  прозаларының тақырыбының символикалық мән-мағынасы өте кең.  Жазушының «Ит ашуы», «Мезгіл», «Өмір нұры» т.б. шығармаларының идеялық мазмұнын жеткізуде өсімдіктер символикасы мен жан-жануарлар символикасы кеңінен көрініс тапқан: 

Мысалы,  автор «Мәжнүн тал»  шығармасын жайдан-жай олай атамаған. Бұл ағаш жалғыздықтың, нәзік әйел дүниесінің (Әспеттің) символы. Баласынан айырылған әйел мұңының, жүрегіне жақын тартқан, жанын түсінген адамнан айырылған ғашық мұңының символы.

Аталған шығармада қаламгер «Айша бибі» кесенесін ұлылықтың, тазалықтың, махабаттың, сұлулықтың символы ретінде қолданған.

 «Ит ашуы» шығармасында Марғауды (итті) – нағыз адалдықтың, сенімділіктің, достықтың символы ретінде алған.

Дәл осы шығармасында автор «қара тонға» да символдық мағына үстеген. Ол иттің иесіне деген шексіз махаббатының, құрметінің символы іспетті, ескі өміріне деген сағыныш символы.

Қорыта келе, тіл таңбалар жүйесі ғана емес, ол осы жүйені көмкерген мәдениет. Сондықтан тіл –  әр халықтың ұлы мұрасы, ұлттың тарихи жетістігі. Мәдениет бір жағынан – ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мәтіндер болса, екінші жағынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен символдар.

Символды тіл мен мәдениет сабақтастығында қарау негізінде оның астарынан халықтың терең дүниетаным, түсінік, ұлттық-сана мен парасат-пайым, эстетикалық көзқарас пен адамгершілік құндылықтарды, ғасырлық тәлім-тәрбиені танимыз. Мұның бәрі қысқа да нұсқалы түрде тіл жүйесінде когнитивтік құрылым ретіндегі символдарда сақталған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қаирбаева Қ.Т. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2004. – 29б.

2.     Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы:Сөздік-Словарь, 2006.-262 б.

3.     Исаева Ж.И. Дүниенің паремиологиялық бейнесі (лингвомәдениеттанымдық аспект) : фил. ғыл. канд. дисс. қолжазбасы, Алматы – 2007. – 29 б.

4.     Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.