Асаинова Жұлдыз
Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік
тілде сөйлеуі, беретін орны мен маңызы
С. Торайғыров
атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, психология және
педагогика кафедрасының магистранты
Елбасымыз
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тілін
дамытуды бүгіннен бастау қажеттілігін бұған дейін бір
емес сан мәрте қайталап айтқан болатын. Өзінің
Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ол 2025
жылға қарай Қазақстан халқының 90 пайызы
тек қазақ тілінде өзара тілдеседі деген болжамын жеткізген
болатын. Сондай-ақ, ол қазақ тілінің қолданыс
аясын кеңейтіп, қазақ тілінің терминологиясын жасауды
арнайы құзыретті органдарға жүктеген болатын.
Қазақ тілінің болашағы оның дұрыс дамуы мен
күнделікті халықтың қолдануына байланысты болады.
Қазақ тіліне өзге ұлт өкілдерінің
қызығушылығын арттыру, жаңа
қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі
алғышарты болып саналады. Себебі, мемлекеттік тілге деген
құрмет Отанды сүю мен туған елге деген
құрметтің бастауы, негізі екендігі белгілі.
Қазіргі кезде
тіліміздің толыққанды қолданылуына қатысты
сөздіктерде де ала-құлалық орын алған.
Кәсіби, салалық, ғылыми терминдердің әр жерде
әртүрлі жазылуы бәрімізді де жаңылдырады. Қайбір
басылымдар сөзжасамның неше түрлі нұсқаларын
ұсынып жүр. Олардың принципіне сүйенсек, аударылмайтын
бірде бір сөз болмауы керек. Қазақ тілінде термин
қабылдаудың ғылыми принциптерін негіздеп, қалыптастыру
жолында көп еңбек сіңірген, термин жасауда тіліміздің
мүмкіндігін сарқа пайдалану керектігін жақтаған
ғұлама ғалымдарымыз Ахмет Байтұрсынов пен
Құдайберген Қуанұлы Жұбановтар
халықаралық терминдерді жаппай аудара беруге болмайтынын ескерткен
еді. Сондықтан аудармашыларға керек жерінде аудару қажет дегенді
баса айтқым келеді. Оңды-солды аударудың салдарынан
жұрттың қылжағына айналған сөздер
көбейіп, кейде өз сөзімізді өзіміз түсінбей
жататын жағдайға жеттік.
Осы жылдан бастап
біз ісқағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргіземіз деу, -
әзірше «қиял» ғана. Себебі, әркім өз білгенінше
аударады, кейбірінің аудармасын оқығаннан гөрі түпнұсқасын
оқығаның артық. Ал, осындай бірізділіктің
болмауынан өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізге деген
көзқарасы, құрметі қалай болмақ?
Сондықтан, мемлекеттік тілге іс жүзінде көшкенге дейінгі
кезеңде сапалы аудармалар арқылы мемлекеттік тілдегі сауатты,
сапалы құжаттар қорын қалыптастыру бағытында
жұмыс жүргізілсе, нәтижесі жаман болмас еді. Әр
мекеменің ішкі құжаттарын әр аудармашы
әртүрлі аударса да, кіріс-шығыс құжаттарында
бірізділік болу керек [2].
Өзге ұлт
мектептерінде мемлекеттік тілді оқытумен орай жалпы білім беретін
және кәсіптік мектеп реформасының арналы бағыттарын,
реформа материалдары бойынша үкімет қаулыларын оқып –
үйрену және іс жүзіне асырудағы жұмыстар
мұғалімдердің алдына жауапты міндеттер қойып отыр. Атап
айтқанда, өзге ұлт өкілдеріне ғылым негіздерінде
терең де тиянақты білім беру, оларды практикада
қолданудың қабілеттілігі мен дағдыларын
қалыптастыру, оқу жоспарларын, бағдарламаларды,
көрнекті оқу құралдарын
әлеуметтік–экономикалық және ғылыми–техникалық
прогрестің талаптарын, оқушылардың жас ерекшеліктерімен
сәйкестендіру, еңбек тәжірибесін, оқытуды және
кәсіптік бағдар беруді жолға қою, түбегейлі
жақсарту міндеттері қойылып отыр.
Өзге ұлт
өкілдерінің тілін дамыту – қазіргі мектептегі
оқу–тәрбие ісіндегі басты проблема. Тіл мен сөйлеу
үрдісін дифференциалды қарастыра оқыту қажет,
өйткені оқушының дұрыс сөйлей білуіне
көңіл бөлініп отыр. Сондықтан,
мұғалімнің қазақ тілі сабақтарында тіл
дамыту, байланыстырып сөйлеуге айрықша көңіл
бөліп, тілдік материалдарды дұрыс таңдай білу
(сөздің, сөйлемнің үлгілерін беру), оны дұрыс
бере білу, тілдің теориясы мен сөйлеу практикасының
бір-бірімен қарым-қатынасы түрлі жаттығу
жұмыстары арқылы іске асырылыды. Демек, қазақ тілі
пәнін оқыту барысында мұғалім оқушының ойын
логикалық жағынан дұрыс, анық,
қазақтың әдеби тілінің мөлшері
лайықты, дұрыс айта білуге үйретумен бірге, екінші
жағынан ойын орфографиялық және пунктуациялық жағынан
дұрыс жаза білуге жаттықтырылады.
Алматыда өзге ұлт өкілдерінің 22 %-ы
қазақ тілінде еркін сөйлейді. Өткен жылмен
салыстырғанда қазақ тілін үйрену 5 %-ға
өсті, ал тілді мүлдем білмейтіндер саны 4,5 %-ды
құрайды. Бұл туралы «Ана тiлiм – ардағым атты Қазақстан
халықтары күніне арналған фестивальде А. Есімов айтты.
Ресми дерек бойынша
елімізде қазақ тілін өзінің ана тілі санайтын 6
мыңнан астам өзге ұл өкілдері бар екен. Олардың
қатарының жылдан-жылға толығып келе жатқаны да
анық. Оған «Мемлекеттік тілді құрметтеу – қасиетті
парызың», «Үш тұғырлы тіл», «Тіл – сенің
жүректегі жүйрік елшің» тақырыптарда өткен
шараларды ұйымдастыру барысында да көз жеткізілді.
Конституцияның
ең жоғарғы заңды күші бар және
Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады.
Осы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің
қолданылуының құқықтық негіздерін,
мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін
жағдай жасау жөніндегі міндеттерін білгілейді,
Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге
бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.
Қазақстан
Республикасындағы тіл туралы заңдар Қазақстан
Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, тілдерді
қолдануға және дамытуға қатысты
Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік
құқықтық актілерінен тұрады.
Тілімізді сақтап,
дамыту – баршамыздың қасиетті міндетіміз. Ең алдымен
қазақ қазақша, ана тілінде сөйлеуі, жаза білгені
абзал. Қазақ тілі мемлекеттік тіл бола отырып,
Қазақстан Республикасын мекендейтін барша ұлт өкілдері
құрмет тұтатын және оларды ортақ
мақсатқа жұмылдыратын құрал болуы тиіс.
Елбасымыздың: «Қазақ
тілі мәдениетінің бір белгісі ретінде, барлық
қазақстандықтарды біріктірудің қосымша факторы
болуға тиіс», - деп атап көрсетуі де сондықтан.
Тілді қадірлеу
сөйлеуден басталады. Жүйесін тауып айтылған сөз
жүрекке жетеді, жүйкені босатады. Адам мәдениетінің
алғы шарты – дұрыс сөйлей білу. Біздің
қазақ бабаларымыз: «Аталы сөз-баталы сөз» дегенде, осы
сөйлей білуді айтқан.
Ең басты
жетістігіміз, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие
болып, оның дамуының заң қамқорлығына
алынуында болса, оған қатысты жетістіктерімен қоса
олқылықтардың кездесіп жататыны табиғи
құбылыс. Бүгінде Елбасымыздың тікелей қолдауымен
қазақ тілінің өрісі кеңейіп, мәртебесі
биіктей түсуде.
Оған
дәлел, Тіл туралы Заңның дүниеге келуі, «Қазақ
тілі» қоғамының құрылуы,
Қазақстанның Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Егемен
ел болуы. Ақыр соңында негізгі Ата-Заңымыздың
қабылдануы. Осыған орай Қазақстан Республикасының
«Тіл туралы Заңы» болашақта ел өміріндегі мәні ерекше
арта түсетінін атап кеткен абзал. Бұл Заң негізінен
Конституциямыздың 7, 19, 93 баптарын басшылыққа ала отырып
жасалған. Тіл туралы заңымыз – қастерлі қағидалар
құжаты [3].
Қазақстан
Республикасының мемлекетік тіл саясатын жүзеге асыру
жөніндегі жұмысының сапасы мен тиімділігін арттыру
мақсатында, Жол полициясы басқармасында мемлекеттік тілді дамыту
бағдарламасына сәйкес мемлекеттік тіліміздің
қолданылуын қадағалау, оның әрі қарай
дамып, өрісі кеңеуі жолына бағытталған бірқатар
іс-шаралар жүргізілуде. Жол полициясы мемлекеттік тілге 2008 жылы
толығымен көшіріліп, барлық іс құжаттар екі тілде
жүргізіледі, ал, шығыс құжаттары 100 пайыз мемлекеттік
тілде.
Қазақ тілін өзге ұлттарға
оқыту стандарты бойынша «Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде
оқытудың мақсаты –
коммуникативтік, тілдік, мәдени-танымдық біліктілігі дамыған
дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу».
Оқу орыс тілінде жүргізілетін
мектепте оқушылар қазақ тілінің дыбыстық құрамын,
дыбыстардың айтылу нормасын, дыбыстық заңдылықтарын, грамматикалық
құрылысын меңгеруге, ойын еркін жеткізуге, жеткілікті
дәрежеде сөздік қорын меңгеруге,сонымен бірге
қазақша сөйлеуге жаттығып, қазақ тілінде
қарым-қатынас жасай алуы қажет. Оқушыны мұндай
дәрежеге жеткізу үшін оқытудың жаңа
технологияларына негізделген дидактикалық ұстанымдары, интерактивті
әдістері мен тәсілдері қазақ тілін оқыту
әдістемесінде жасалынды.
Орыс тілінде оқытатын мектептерде
қазақ тілін оқыту әдістемесі тілдерді
оқытудың жалпы теориясы лингводидактиканың бөлімі болып
табылады. Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне
оқытудың әдістемелік мәселелерін зерттеу
мемлекетіміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу
институттарында жүргізіліп келеді. Орыстілді мектепте қазақ
тілін оқыту әдістемесі жан-жақты зерттеліп отырса да,
әлі де жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді. Соның
бірі – орыстілді
оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамыту. Жалпы білім беретін
мемлекеттік стандарт бойынша оқытудың міндеттері:
- қазақ тілінде
сөйлеу және жазу икемі мен дағдыларын қалыптастыру,
яғни коммуникативті біліктілікті қалыптастыру;
- қазақ тілінің
тілдік білім негіздерінің жүйесін танып білу, яғни тілдік
білікті қалыптастыру;
- қазақ
халқының мекенін, тарихын, рухани және материалдық мәдениетін, тұрмысын таныту,
яғни тарихи-мәдени таным біліктілігін қалыптастыру», – деп белгілейді.
Оқу орыс тілінде жүргізілетін
оқушылардың қазақ тілінде тілдік қатынас жасау
деңгейін жетілдіруде, әсіресе жазылым әрекетін дамытуда
арнайы қарастыруды қажет ететін мәселелер бар. Мектеп
оқушылары мемлекеттік тілде өз ойын нақты, дәл жеткізіп
бере алмайды, олардың жазбаша сауаты нашар, тіл тазалығы мен
сөйлеу мәдениеті талапқа сай емес. Мұның
өзі мектеп бағдарламасы мен оқулықтарында тіл білімі
мәселелерін оқушылардың жас ерекшеліктері мен білім
деңгейлері негізінде жан-жақты сөз етуді керек етеді [4].
Қазіргі оқушылар – келешек заманның саналы,
мәдениетті азаматтары. Әр мәдениетті азаматтың өз
Отанын, өскен өлкесін, оның тарихын, мәдениетін, тілін,
рухани байлығын білуі адамның сол халыққа деген
құрмет сезімін оятады. Адам өзі өмір сүретін
өлкенің халқымен бірге жұмыс істейді, олармен
қарым-қатынас жасайды. Ал қарым – қатынас адамдар
арасындағы сыйластыққа, достыққа, бірлікке
құрылуы керек. Шынайы достық қарым-қатынас тіл
арқылы жүзеге асады. Қазақстанда өмір
сүретін халықтардың достық
қарым-қатынасының, бір-біріне
сый-құрметінің құралы қызметін қазақ
тілі атқарады. Қазақ тілін осындай құралға
айналдыру үшін қазақ тілі сабағын оқытуды жақсартып,
тілді оқыту әдістемесін дамытып, оны жоғары сатыға
көтеру қажеттілігі күн тәртібіне қойылып отыр.
Орыстілді мектептерде қазақ тілін меңгерту сөйлеу
әрекеттерінің түрлеріне (оқылым, жазылым,
тыңдалым, айтылым) негізделіп, кешенді түрде оқыту
технологиясы іске асырыла бастады.
Дәлелді түрде нақтылап
айтқанда, тілді теориялық жақтан лингвистикалық
жүйелі білім негіздерін қалыптастыруға айрықша назар аударылады
да, нәтижесінде, мектеп оқушыларының тілді өз тәжірибесінде
қарым-қатынас құралы ретінде жұмсай білудің
дағдыларын қалыптастыра алмады. Оқушылардың
қазақ тілінде ауызша сөйлеу тілі қалыптасып, тілдік
қарым-қатынас жасай алғанымен, жазылым әрекеті
деңгейінің төмен екендігі анықталды. Бұл
орыстілді мектептерде қазақ тілін оқытуда тілдік минимумдарды
жазылым әрекетінде қолдана білу мүмкіндіктерін жетілдіруде
оқушылардың жазбаша сөйлеу тілін дамытуды зерттеудің
әдістемедегі өзекті мәселе екендігін анықтайды.
Қазақстан
Республикасының Статистика агенттігі жүргізген соңғы
халық санағының қорытындылары бойынша 115 мың
қазақ ана тілінің орнына басқа тілді таңдаса, 15 жасқа
толған қазақтардың 500 мыңы қазақ
тілін тек қана түсінетін болып шықты. Осыған орай,
«Бүгінгі таңда қазақтардың тіл білу деңгейі
қандай?», «Қазақша білмейтін қазақтарға
өзгелер таңғала ма?», «Қазақ тіліне басқа
ұлттардың қызығушылығы артып, үйренуге
ұмтылып жатқанда, ойлауы, дүниетанымы басқа тілде
қалыптасқан, аты қазақ, заты басқа жандардың
ана тіліне оралуы қалай жүзеге асуда?», «Басқа ұлттарда
бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?», «Орыс тілділердің
ішінде аз уақытта қазақ тілін еркін меңгергендер бар
ма?» – деген сауалдарды бірқатар тіл мамандарына жолдаған едік.[5]
Менің ойымша ең бастысы түсінбеушілік
болмауы керек. «Тілді дамыту, ана тілді білу – ұлтымыздың рухы».
Оны біз өз елімізде дамытпасақ, ешкім оны дамытпайды. Мемлекеттік
тілді оқып-үйрену – бүгінгі күннің өзекті
мәселесі. Бүгінгі балалар – біздің ертеңгі
болашағымыз. Сондықтан мемлекеттік тілді үйретуді
балабақшадан бастаған дұрыс. Әрбір қоғамда
баланың бойында азаматтылықты, патриотизмді
тәрбиелеудің маңызды факторы сол мемлекеттің тіліне
деген терең сыйластық болып табылады. Бала тілді тым ерте бастаса,
солай тез меңгереді. Негізгі мақсат – тілді
үйренушілердің, яғни достық пен туыстықта
жайлаған басқа ұлт өкілдерінің, басқа
ұлт балаларының ой-қабілетін біртіндеп
қазақыландыру, сөйлеуге үйрету, тіл мәдениетін
көтеру.
Әдебиеттер
тізімі
1. «Ақиқат» ұлттық
қоғамдық-саяси журналы // № 12 Желтоқсан 2010 ж.
2. Тілешов Е. Е. Мемлекеттік
тіл саясаты : тұжырымдар мен ұсыныстар № 16, 2011 ж.
3. Джакупов С. М. Экспериментальные исследования этнопсихологических
особенностей личности / Вестник Каз НУ. Серия психологии и социологии. 2002-2(9)
4. Кто лидер
в Центральной Азии./ / Индекс безопасности. № 1 / 2010.
5. Этническая
картина мира и ее влияние на эффективность
позновательной деятельности. Материалы международной научной конференции. Т. З. Бишкек,1997. – С. 75-79.