Абубакирова Г.Н.

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

 

ТҮРКІ ТІЛДЕРІ ТАРИХЫНДАҒЫ ДИАЛЕКТІЛІК ЛЕКСИКА

 

Диалектілік лексиканы тілімізде туыстас немесе біршама алшақтау тілдердің арасындағы ортақтық, туыстықты ажыратып айқындаумен бірге, шығу тарихы жағынан көне соқпақтардың көмескі іздерін табу жолдарының да бағалы құралы деп танимыз. Себебі түркі  тілдерінің шығу тегі бір. Диалектілік лексикада, жалпы, тілдің әдеби тілден айырым белгілері жалпыхалықтық әдеби тілмен салыстыру арқылы айқындалады, бірақ  бұл туысы бір халықтардың тарихына қатысты алғанда, барлық уақытта тиімді әдіс бола бермейді. Түркі тілдерінің туыстық жақындығы, өмір сүру жағдайының жақындығы жалпыхалықтық лексикадан ғана  көрінбейді, диалектілік лексика элементтері оның айқын мысалы бола алады. Түркі тілдерінің бірінде диалектілік сөзге саналған атау екіншісінде әдеби форма болуы немесе керісінше кездесуі – туыстыс түркі тілдері диалектілік лексикасында жиі кездесетін құбылыс. Түркі тілдерінің «жалпытүркілік лексикалық қабаты» дегенді шартты түрде қабылдау керек деп есептейді А.М.Щербак, себебі белгілі бір атауды жалпытүркілік кезеңнің жәдігері ретінде қарастыру үшін оның барлық түркі тілдері лексикасынан табылуы шарт емес, ол сөздің өмір сүруін дәлелдейтін деректің табылуына қарай жеткілікті санауға болады.

Жалпытүркілік даму тенденциясындағы басты нәрсе Е.И.Убрятованың пайымдауынша, жалпытүркілік сәйкестіктер шегінен шықпау – түркі тілдері диалектілік ерекшеліктеріне тән сипат, өйткені қазақ тілі сияқты туыстығы жақын тайпалық тілдерден құралған түркі тілдерінің диалектілік жүйесі жете дамымаған [1, 33], сондықтан жалпытүркілік сипатқа ие сөздердің әр түрлі дәрежеде көрініс беруі басқа түркі тілдеріне де ортақ.

Ағыл – сөзі «қора» мағынасында түркі тілдерін кең көлемде қамтиды. Әзірбайжан тілінде жалпы «қора» (Азерб.-рус.сл., 1962, 55), түрікмен тілінде жалпы атауына қоса «қой қорасы» (Туркм.-рус.сл., 1977, 28), ал өзбек тілінде аталған мағыналарымен қатар «сиыр қорасы» мағынасы да бар (Узб.-рус.сл., 1959, 314); Т.Бертагаев бурят тілінде айл формасында жұмсалатынын айтса (Бертагаев, 93), сары ұйғыр тілінде ағул аулы, ішкі аула, сыртқы аула  мағыналарында кездеседі (Тен., ССР, 174). «Қой қорасы» мағынасы көне түркі сөздіктері мен жазбаларында да ұшырасады (ДТС, 18; мелиоран., АФ, 69), М.Қашқарида – ағыл;  қора, қой қорасы (Қашқари, 1, 103). Л.Будагов оның «дуал, қора, шарбақ» мағыналарын білдіретінін көрсеткен (Будагов, I, 64).

Ғ.Қалиев диалектілік құбылыстардың бәрібірдей жалпытүркілік сипатта болмайтынын, олардың тіларалық сипатта өмір сүретіндері де аз ұшыраспайтынын көрсеткен, осыған байланысты олардың таралуының екі түрін: жалпытүркілік және тіларалық сипатын айқындайды [2, 47]. Қазақ тілі диалектикалық материалдарын  жалпытүркілік негіздің сақталуына қарай саралағанда, аталған тұжырымдарға сәйкес олардың жалпытүркілік сипатта, бірнеше тіл көлемінде, қазақ тілінде диалект саналатын  сөздің басқа түркі тілдерінде әдеби тілде қолданылатынын байқауға болады.

Қазақ тілінде диалект саналатын сөздер басқа түркі тілдерінде де диалектілік сипатта немесе олардың біразында диалект болса, енді біреулерінде әдеби тілге тән болуы кездеседі. Мұндай жалпытүркілік сөздердің қазақ тілі енетін қыпшақ-ноғай, қыпшақ тілдері көлемінде ғана анықтала бермейтінін, олардың қыпшақ тілдеріне тән негізгі белгіні сақтай отырып, басқа түркі және өзге  тілдермен де қарым-қатынасқа түсіп, екі  жақты әсерге ие болғанын ескертеді [2, 52].

Қазақ диалектілерінің батыс, солтүстік-шығыс аймағын қамтитын диалектілік сөздердің бірі – азбар. Азбар: 1) ашық қора. Малды азбарға қамаңдар (Көкш., Шуч.); 2) Жабық қора. Азбарға қоя тұрсаңшы атыңды (Орынб.); 3) атқора. Торы атты азбарға байлап қой (Маңғ.); 5) қора. Менің атым азбардың ішінде тұр (Ақт., Ырғ.); 6) қора ішіне салынатын оңаша кішкене үйшік (ҚХР). Сөз метатезаға ұшырап азбар/абзар күйінде қарапайым  (Карак.-рус.сл., 28); құмық (Кум.-рус.сл., 23; 31); ноғай (Ног.-рус.сл., 28); қарашай-балқардың (Рус.-карач.-балк.сл., 131) әдеби тілдерінде, башқұрттың оңтүстік диалектісінде  арбаз/азбар түрінде [Миржанов, 235], татар тілінің кигин говорында да арбаз/азбар метатезалық өзгерісте ұшырасады [Ахатов, 49.], башқұрт, қарашай-балқар тілдерінде -шы, -чы жұрнағы арқылы сөз жасалады (арбазшы/арбазчы).

Осы ұғымды білдіретін албар батыс, солтүстік сөйленістерін қамтиды (Жұбаныш, албардағы сиырларға көз салдыңба?). Түрік тілінде  амбар – қойма, қора (Тур.-рус.сл., 52); саха – олбуор (Як.-рус.сл., 269);  чуваш диалектісінде ампар (Сергеев, 10), Ә.Наджип жазба ескерткіштерде анбар «сарай» мағынасында екенін көрсеткен  (Наджип, 240); «қойма, қазына сақтайтын орын» атауы ретінде А.Боровковка да берілген (Боровков. Лексика, 51). Азбар/абзар/арбаз және албар формасындағы  сөздердің аталған түркі тілдеріндегі қалыптасқан мағыналарына қарағанда, оның архисемасы “сақтау, қорғау” екенін айқын, тек шуашылық, тіршілік ыңғайына қарай бастапқы денотаттық мәні сақталып, сыртқы формасы әр түрлі дыбыстық реңге ие болғанын көруге болады. Сөзді орыс тіліндегі  амбар/анбар  сөзінен байланыстыратын пікірлер бар. В.В.Радлов сөздің түп негізі – парсы тілі, орыс тіліне шағатай, қырым татарлары, коми, түрік тілдері арқылы ауысқан деп есептейді (Радлов, І, 652) сөздің ауысуына себеп: оның “қойма, нан сататын дүкен” мағынасы дегенді аңғартады.

Түркі тілдері диалектілік материалдарына қарағанда, қазақ тілінде диалект саналатын сөздің бірнеше тіл көлемінде жергілікті сипатта көрінуі байқалады. Мұндай құбылыс көрші тілдер арасында жиірек ұшырасады. Алжапқыш мағынасы қазақ сөйленістерінде алшалғыш тұлғасында (Сиыр сауғанда алшалғышыңды ала жүр (Күрш.) Солтүстік-Шығыс аймағында қолданылады. Осы мағына татар тілінің Қамышлы сөйленісінде айлапкыч (алгяпкыч) [Ахатов, 63], Батыс Сібір татарлары тілінде алйапма/алъяпкыч [Туманова, 122], башқұрт тілінің шығыс диалектісінің Миас сөйленісінде алъяпкыс/япкыс [Максютова, 155], формаларында запун сөзімен синоним құрайды, запон сыңары қазақ сөйленістерінде, оның ішінде келтірілген тілдермен шектесетін аймақта көрініс береді (Сауыншылар запонсыз сиыр саумайды (Орал, Жымп.). Н.Х. Максютова сөз төркіні фун-угор тілдерінде дегенге сілтейді [Максютова, 155]. Ал алшалғыш-алжапқыш – жалпытүркілік алды (алдыңғы жақ) және шалу, жабу сөздеріне -ғыш, -қыш жұрнақтары қосылу арқылы жасалған күрделі аталым, уәждену негізі – «тазалық сақтау, күнделікті киімді былғамау», бұл аталған тілдердің бәріне ортақ, яғни тұрмыс-тіршіліктің тектестігі ортақ тұрмыстық атаулардың пайда болуына түрткі болады, бұған түп негіздің әсері мол.

   Жергілікті атаулардың ортақ болуы көршіліс, аралас тілдер арасында жиілеу кездесетін құбылыс, олардың жалпы түркілік негізден тарауы да, ауыспалы ерекшелік болуы да мүмкін. Мұндай ортақтық қазақ пен қырғыз, қазақ-қырғыз-ұйғыр, қазақ пен өзбек, қазақ-өзбек-қарақалпақ және түрікмен, қазақ, татар, башқұрт тілдері сөйленістері арасында сөйленісаралық сипатта өмір сүреді, бұларға қарағанда тіларалық әдеби-диалектілік ортақтық басымдау. Бұл жоғарыда айтылғандай диалектілердің даму тенденциясын айғақтайды.

Ру, тайпа, халық, ұлт тілдерінің дамуы белгілі тілдік бірліктердің пайда болуы және олардың ыдырауының бірізді жүйесін білдіреді, ол – тайпалар мен тайпалық одақтардың, халықтардың біріуі мен ыдырауының, сонымен қатар, белгілі халықтың ұлттық дәрежеге, ал халық тілінің ұлт тілі мәртебесіне көтерілуынің көрінісі деуге болады.

 

Әдебиеттер тізімі

         1. Убрятова Е.И. Опыт применения русской и международной диалектологической терминологии при описании диалектов якутского языка// Вопросы диалектологии тюрских языков. Материалы вторго регионального совещания. -Казань, 1960. -С. 30-36.

2. Қалиев Ғ. Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру. -А., Мектеп, 1985. -231 б.