Ф.ғ.к., доцент Нусупова А.Ж., Сауранбаева Ұ.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

А.СҮЛЕЙМЕНОВТЫҢ  СЫНШЫЛЫҚ ЭТИКАСЫ

 

Жазушы Асқар Сүлейменов әуел  баста әдеби  қауымға  сыншы ретінде  танылған. Өзінің  алғашқы сыни еңбектерінде  ол  жекелеген  жазушылардың  шығармашылығы  жайында  сараптама мақалалар  жазды. Сыншы қаламынан туған Ә.Нұрпейісов, Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов т.б  жайлы сыни  мақалалар осыған  дәлел бола алады. Сыншының  алғашқы мақалаларына тән  ерекшелік-ол  әрбір  жазушының  қолтаңбалық ерекшелігін  дөп  басып, еңбектері  талданып  отырған  суреткердің  ішкі  шығармашылық иірімдеріне  тереңдеп  ене білу. Сондай  мақаланың  бірі  шебер  жазушы Тәкен Әлімқұлов  әңгімелері  жайлы  жазылған «Тәкеннің шаңқанбоздары» деп аталады. А.Сүлейменовтың сыни  мақалаларының  бәрі де көркем, шешен  тілмен жазылған. Ол оның  бір  қолтаңбалық ерекшеліктері. Оның  сыни  мақалалары сын жанрларының ішіндегі «эссе»  жанрына жатады.

«Эссе жанры – тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше талғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлсек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философиялық, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің жанры» [1, 67 б.]. Әдебиеттегі эссе – соны пікірлерге көбірек мән беріліп, оқырманды ой теңізінде жүздіретін таңдай қақтыратын, өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, қаныңды қыздырып, рухани әлемнің азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдаумен ерекшеленетін көркем туынды. Эссе табиғаты сыршыл сезімге, тіл бояуларының айрықша салтанатына, әшекейлі композицияға құрылады. Өзгеше бітімді бұл өнер туындысында эссеист интелектуалдық байлығын, өмір саяхатындағы көрген-білгенін, сезінген-түйгенін тәжірибелерін жомарттықпен жайып салады. Эссе сипатында туған туындыларға батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір жарыстырулар мен талас тудыратын жорамалдар, ойлар, көкейге қонымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән.

А.Сүлейменовтың «Тәкеннің  шаңқанбоздары» атты эссесі   еркін  көркемдік стильде жазылған. Эссе Т.Әлімқұловтың «Саржайлау», «Көкқаршыға» әңгімелері  жайында болады.   «Көкқаршыға»- Ақан  сері  жайлы  әңгіме. Сыншы  кейіпкер  Ақанға «қараңғы аспанға  қарсы  шапқан  арыстан -өнер  иесі» деп баға  береді. Т.Әлімқұлов-өнер  иелері  жайлы қаузап  жазған, аса  білімді  білгірлікпен  жаған  суреткер. Оған  дәлел  ретінде  жазушы  шығармашылық әлемінде  сомдалған  Махамбет, Тәттімбет, Ақан сері, Сейтек  сынды образдарды келтіруге  болады. Сыншы  жазушы  шеберлігін  осы  қырынан  келіп  қарастыруға  тырысады. Екінші  әңгіме «Саржайлау»- атақты  күйші  Тәттібет  жайлы.  Сыншы  Т.Әлімқұлов  әңгімесіндегі  кейбір  тілдік  шеберлік  тұстарын  М.Әуезовтің «Абай  жолымен» салыстыратыны  бар. Бұл  салыстыру жәй  емес болса керек. Т. Әлімқұловтай аса  стилист  жазушыны  М.Әуезовпен салыстыру  ол  бүгінде  поэтикалық  заңдылық  болып көрінеді. Кезінде  Абай  жайлы «Жұмбақ жан» атты  зерттеу  еңбек жазған Т.Әлімқұлов өзі  шығармашылық  тұрғыдан жұмбақ  жанға  айналып  отырған  тұлға. Осы  орайда  сонау 60-жылдары  жас сыншы А.Сүлейменовтың Т.Әлімқұловтың  суреткерлік құпия лабораториясына  үңілуі  құптарлық  білгірлік  қадам деп білеміз.  А.Сүлейменовтың  сыншылық  жолдағы  ірі бір  туындылары М.Әуезовтің  80  жылдық  юбилейіне  арнап  жазған «Болмыспен  бетпе-бет» атты  мақаласы. Сыншы  метафоралық  шешен  тілмен М.Әуезов  шығарашылығының  болмасына  үңіледі [2, 117 б.]. Автор  жазушыны «тұлпар тұяқ  сияқты  бір  жұп  қабырғасы  артық  суреткер. Айдар-кекілін жаңа   заманның  желі  тарап, айдын қасқасын жаңа  заман  ашқан  суреткер...» [2, 266 б],- деп  әспеттейді. Автор  М.Әуезов  драмалық шығармаларын  Горький, Брехт, Дюрренмат, Сартр туындыларымен салыстыра  отырып қатар  қояды. Бұл  жерде  ол, әсіресе, жазушының «Дос- Бедел дос» атты  шығармасын жоғары бағалайды. М.Әуезов  прозасын Л.Толстой, Э.Хемингуэй  дүниелерімен  салыстырады. Сыншы М.Әуезовтің қазақ  ұлтының  болмысындағы  оның тарих, мәдениет, әдибиет  сынды  салаларындағы  олар  орнын өзінше  анықтап көрсеткісі  келеді. Онысы табысты шыққан. Бір ғана «Әуезовтің  қасында  Ғабеңнен, Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтен  басқаның  бәрі  оқушы» деген пікірінің  өзі  үлкен салмаққа  ие  болып  көрінеді. Бұлай  ой-пірік  айту  үшін де  рухани  тәуекелге  бару  керек  екені түсінікті.  Дәл осы  сарындас  мақаланы  автор Ғ.Мүсіреповтің  70 жылдығына  орай  «Өлшеніп  өнер тартылса...» атты  тақырыппен  жазды. Жазушыны сыншы қазақ  совет әдебиетінің  кексе  гвардиясы  деп  таниды. ҒМүсірепов  ерекшелігі  ретінде  сыншы  оның  аз  жазатыны, сөзге аса үлкен  жауапкершілікпен қарайтынын айтады.  Жазушының  бұл ерекшелігін сыншы: «көлігі-сөз, өзі- сөзге көлік» деп афторизмдік  қалыппен тұжырымдайды. Жазушы шығармалығының көрсеткіші ретінде «Тулаған толқында», «Боранды түн»,  «Ұлпан»,  «Ақан сері-Ақтоқты» атты шығармалары  аталады. Сыншы  жазушы тіліне  байланысты  сөз – сылқым, сөз-қаңтар, сөз-семсер, сөз –сиқыр, саңлақ сөз, сөзмер деген тіркестерді  пайдаланады. Сыншы жазушының тіл ерекшелігін «сөзді  рәсуа етпейтін» суреткер деп  білдіреді. Тағы да: «Ғ.Мүсіреповтің жазу  машығында тіл – дәмін татар, құлақ-әуезін естір, көз –көркін  көрер байырғылық бар» [3, 269 б] ,- деп саралайды. «Түр туралы  бірер сөз» - А. Сүлейменовтің  алғашқы кезендегі  шоқтықты  әдеби  теориялық  еңбегі. Өзінің  ауқымына, сипатына  қарай бұл туындыны  жазушының әдеби-бағдарламалық  дүниесі  деуге  келеді. Мақала  тықырыбы  жалпылама, ауқымды болғанымен, автордың көздеген нысанасы ол –баяндау  стилі. Автор «баяндау прозаның бас  құралы» дейді. Бірақ бұл  тұжырымын  қатып  қалған күйде деп  түсінбейді. Оны мақала барысында автордың өзі де  өз тұжырымына  қарсы келіп  байқатады. Автор «баяндау шеберліктің бірден-бір проблемасы емес. Бастыларының бірі ғана»,- деп тұжырымдайды.

     Баяндай стилінің ерекшеліктерін зерделегенде, автор сол баяндау түрлерін (мен, ол) туғызған дәуір сипатын тануға ұмтылады. Ол үшін автор Гомер, Толстой, Әуезов заманын, дәуірін нысана етіп алады. Яғни, автор көркем проза тарихында негізгі дамудың ірі үш сатысы деп осы үш авторды үлгі, нысана етіп алғанға ұқсайды.

     Автор, жалпы, «менің» ХІХ ғасырда көрнекті боп көрінуін музыкамен байланыстырады. «Музыка ең алдымен – мен». Не: «Қалай болғанда да Дидро Руссо шығармалары Бах пен Гендельге жақын, немесе музыкасындағы осынау екі Асқардың немересі болмаса да жиеншары сияқты» [3, 131 б.]. Бұл А.Сүлейменовтың қызық тұжырымының негізі де жоқ емес сияқты. Бұл автордың әлемдік әдебиет тарихына баяндау түрі (мен, ол) тұрғысынан талдау жасауы. Бұл жерден біз жас жазушының әлемдік әдебиет, эстетикалық мәнін, тарихи қаңқасын жетік меңгеріп үлгергенін байқаймыз. Бұл бір әдеби шолу, этюдер секілді. Ал, енді шығарма-эсседегі (туынды жанры жағынан – эссе) тағы бір көрнекті толқын –осы әлем әдебиеті қатарындағы қазақ прозасының күй-жайы.

     Жалпы алғанда, А.Сүлейменовтің бұл сыни мақаласы өзінің шын мәнісінде теориялық тереңдігімен, жүйелілігімен ерекшеленеді. Әдебиетке енді араласқан жас сыншыда ондай кәсібиліктің жоғарғы үлгілі дәрежесінің  болуы оның сыншылық шеберлігін анықтайды. Шындап кегенде, бұл жерде жас сыншының ұтары оның көтеріп тұрған нақты проблемасында да емес. А.Сүлейменовті мазалап тұрған тек баяндау проблемасы емес және қазақ әдебиетінің сол кезеңдегі тұмсығы тіреліп тұрған мәселе де сол баяндау мәнері емес еді. Әңгіме басқада. Әңгіме тұтас алғанда қазақ әдебиетінің, соның ішінде Әуезов кезеңінен кейін заман талабына сай жаңа прозаның төбе көрсете алмауында еді. Бұл кезең сондай дағдарыстың тұсы болатын. А.Сүлейменов мақаласы сол үлкен дағдарысты сезген, өлі тыныштықты бұзған дүние болатын. Сондықтан да, оның әдебиет өмірінде елеулі оқиға туғызып пікірталас нысанына айналуы заңдылық еді. Ол дағдарыстың бір ұшығы әрине тек М.Әуезов феноменінде емес, М.Әуезовтен кейінгі әдебиетіміздегі (М.Әуезов деген 20-40 жылдардағы әдеби құбылыс қой) белең алған жұтаңдық, ортанқол дүниелердің әдебиет авангардына айналуы да ғана емес, сонымен бірге алашордашылар әдебиетінің, соның ішінде, әрине, М.Дулатов, Ж.Аймауытовтардың жабық қараңғыда қалып, әдеби айналымнан түсіп қалғанында болатын. Ж.Аймаутовсыз қазақ прозасы қандай өңсіз, солғын тартады десеңізші?! Ж.Аймаутов – қазақ прозасының кемеңгер реформаторы емес пе? Егер «Бақытсыз Жамал»,  «Қартқожа» сол кезде әдеби айналымда жүрсе А.Сүлейменов шығармасы дәл осы қалпында жазылар ма еді? Осындай дәстүр жалғастығы үзілген әдебиеттегі жартыкештік халді А.Сүлейменов іштей де, сырттай да сезе білген. Соның әсерінен оның эссе соңындағы риторикалық сұрақтары туындайды. Олар: «Мүмкін, тіпті, біз үйренген композиция проза алдындағы бүгінгі міндет, талап қасында қысаң шығар?» – дегені.  «Біз үйренген композиция» қайсы композиция? Ол белгілі социалистік реализм әдісімен қалыптасқан дүниелер. Немесе: «Мүмкін көп-көп роман, повестердің сұрқылтайлығы көркемдік саяздығына, тілдік бишаралығына қоса архитектониканың жарым жандығына, жартыкештігіне, июге келе бермейтін доғалдығына қатысты шығар».

     Міне, бұл сол кезең тұсындағы шала-жансар прозаның халі. Оның сырқатына, ауру жеріне автор дәл диагноз қойып отырған жоқ па? Бұл пікірдің басқа авторларды айтпағанның өзінде, М.Әуезовтің  «Абай жолы» эпопеясының соңғы кітаптарындағы айқын көрінуге тиісті болған және социалистік реализ әдісінің шалықтарына да қатысы бар. Жалпы, А.Сүлейменов шығармасын келте түрде мақала деймін, эссе деуміздің себебі, ол бір тар шебердегі тақырыпты қозғамайды. Шығарма жан-жақты, сан қырлы мәселелер қозғауымен көзге түседі. Олар: әлем әдебиетіне түр тұрғысынан шолу, Хемингуэй феномені туралы пікірлер, қазақ әдебиетіндегі дағдарыс, қазақ прозасының техникасы, қазақ әдеби сыны, дәуір сипаты деген мәселелер. Әлем әдебиетіне түр тұрғысынан шолу жасау деген жас сыншы үшін оңай шаруа емес.

     А.Сүлейменовтің сын мақалалары жоғарыда айтқанымыздай сол кездегі бәртоға әдеби ортаға үлкен серпіліс, қазғалыс әкелген. Сыншы шығармаларына пікір білдіруші атақты сыншы З.Серіққалиев мақала туралы «жұртшылық назарын бірден аударды» деп жазады. Және шығарма құндылығын байқататын мынадай ой-пікір білдіреді: «Көркем прозаның түрі, тәсілі туралы бұлай мәселе көтеріліп, пікір таласының басталуы қазақ әдебиеті тарихындағы тұнғыш рет байқалып отырған құбылыс» [4]. Автордың да көздегені осы.

     Бұл жазушының сол кездегі сын жанрының кемшін тұстарын дөп басуы. Қазақ сыны ол кезде орыс әдеби сынының көзсіз көшірушісіне, “штамп” сынға айналған-тын. Бұл сонау 30 жылдардағы тұрпайы социалогиялық сыннан бастау алған құбылыс еді. А.Сүлейменов шығармасының әдеби ортаға серпіліс әкелуі де оның сол көшіруші сынға мойынсұнбай, дайын трафареттік формадан қашып, тың сүрлеумен жүруінде еді. Автордың «Түр туралы бірер сөз» атты эссесі жазушының алғашқы кезеңдегі жан-жақты сұлу, көркем жазылған дүниесі. Шығарма ойлылығымен, жан-жақтылығымен көзге түседі. Көтеріп отырған мәселесінің ауқымдылығы , тартымдылығы заман талабын, әдебиет әлемінің жанды жерлерін дөп басқыш қасиетін көрсетеді. Және де, жоғарыда ескертіп өткеніміздей, осы шығармадан биік интеллект пен сұлу көркемдіктің тізгінін қатар ұстаған, болышақ осында йәдемі қалыптағы жазушының кейпін анық таимыз. Сыншы шығармасы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, өзінің көтеріп отырған проблемасымен, дауымен құнды. Сыншы қазақ әдебиетінің, соның ішінде қазақ прозасының үлкен өзгеріс алдында тұрғанын түйсікпен сезетіндей көңіл-күй танытады. Бұл – «алпысыншы жылғырар» әкелетін ірі әдеби құбылыс. Соның ішінде, әрине, прозалық жаңалық құбылыс бар. Сыншы ең бірінші нені іздейді? Түр. Иә жазушы жаңа түр іздейді. Іргеде ХХ ғасырдың 60 жылдары тұрды. Заман ауысты. Дуние өзгерді. Жаңа ұрпақ тарих сахнасына шықты. Жаңа ұрпақ жаңа көзқарастар әкелу керек. Олар үшін өткен заман пошымы ескірді. Енді жаңа заманға лайықты түр керек. Қазақ прозасы даосндай үлкен өзгеріс, жаңалық табалдырығын аттағылы тұрған болатын. М.Бахтин айтпақшы: «Жаңа көркемдік таным түрлері өте баяу, ғасырлар бойы пісіп-жетіледі, ал, дәуір болса жаңа түрдің жарыққа шығуын тек қолайлы сәттер туғызады»,- деген еді Ө. Қырғызбаев [5, 27 б.]

Сыншының сын мақалалары сан алуан мәселелерді байыпты қозғауымен ерекшеленеді. Олар: әлем әдебиетінің тәжірибесінен оқырманын хабардар етіп отыру, әлемдік өнер тұлғаларының творчествосы туралы танымдық пікірлерді орынды келтіріп, мақала мазмұнын байыту, қазақ әдебиеті тарихының мәселелері, әр кезеңдегі тенденциялар, қазақ поэзиясының техникасы, өлеңдегі жаңа мазмұн, түр, поэзиядағы ой, образ, музыкамен байланыстылық, тағы басқа жайлар. «Шын мәніндегі сұлу поэзияда өнердің басқа салаларының да элементтері қойындасып жүреді» деген пікірінің көрінісін көркемдік, әсемдік категорияларынан іздейді. А.Сүлейменовтың сыни мақалаларынан әсемдік пен бейнелілік, сыншылық пен шешендік қатар көрініс беріп жатады.

 

Әдебиеттер:

1.     Әдебиеттану терминдер сөздігі (Құрастырушылар:З.Ахметов,
Т.Шаңбаев) Алматы: Ана тілі,1998.

2.     Сүлейменов А. Бесатар.- Алматы: Жазушы, 1997.-244-338 бб.

3.     Сүлейменов А. Кек.-Алматы: Өнер, 1997.-728 б.

4.     Серікқалиев З. Ойлы досқа айтар сөз // Жұлдыз. 1963, N6,- 113-1143 бб

5.     Қырғызбаев Ө. Асқар ұшқан ұя.- Алматы: Нұрлы әлем,1997-96 б