Есимова Шынар Нұрбекқызы

Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы,

Маралды орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Ә.Кекілбаевтің «Күй» повесіндегі мәңгүрттік мәселесі

 

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің  көрнекті өкілдерінің бірі – Әбіш Кекілбаев. Ол – қазақ әдебиетінде прозашы болып танылғанмен, поэзия, проза, драма, сын, публицистика (көркем сөз), аударма жанрларының бәріне бірдей үлес қосқан қаламгер. Алғашқы жыр жинағынан елді елең еткізген қаламгер бар күш жігерін қазақ елінің бүгіні мен болашағы үшін жұмсап келеді. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және келісім сыйлығының иегері, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанған ол – халқының абыройлы перзенттерінің бірі.

“Күй” повесін автор Абыл күйші аруағына ескерткіш дейді. Шығарманың идеялық пафосы – бейбітшілік пен адамгершілік үшін күрес. Автор оны күй өнерінің құдіретімен шеше білген. Бұл туынды жөнінде қаншама оңды пікірлер айтылды.

Сырым дейтін геодезист (не картограф) жігіттің Қақпақты жерін картаға түсіруге барып, ол жерден ешқандай белгі таба алмай, Түрікменнің Қосаба деген жерінен Құрбан есімді көне көз қарияны тауып алып, қағаз бетіне белгі түсіре  бастайды. Сырым Қақпақтының картасына “Қанжар жаныған”, “Қол қырылған” т.б. жерлерді түсіре бастағанда өлі далаға жан бітіп тіріледі. Құрбан қарттың айтуымен шегініс арқылы өрбіген хикая шымырлылығымен оқырманын баурап әкетеді.

70-80 жылдардағы қазақ прозасында фольклорлық аңыз әңгімелер негізінде лиро-эпикалық стильдің қалыптасқаны қазіргі зерттеулерде әңгіме болып жүр. Бұл әсіресе Ә.Кекілбаевтың тарихи тақырыптағы прозасынан анық көрінеді. Ол өткір оқиғалар негізінде кейіпкер болмысына терең үңіле білді. Ол – адам табиғатының зерттеуші психологы. Мәселен, осы повесте жазушы  Жөнейттің басындағы психологиялық тартысты қорытынды түйін ретінде көрсеткен. Қанша баскесер, әділ, қатал қол басы болғанмен ол да пенде. Оның пендешілігін ашуға бір оқиғаның өзі жетіп жатыр. Қазақтың күйшісін жазалау Жөнейттің өз басын да жұтады. Оның өнер қуған баласын жорыққа аттандыруы да жалған намыстың көрінісі. Атақты батыр тұқымының жын-ойнақ қуып кеткені оны қатты мазалайды. Алайда ел-ел болып жорыққа аттанып, кек қайыратын шапқыншылық заманның өтіп бара жатқанын ол сезбейді. Күйшіні жазалау да оның дұшпандарына жасаған сес көрсетуі еді. Бұл оны кек қайтару деп түсінеді.

Сөйтіп күйшіні жазалау Жөнейттің өз басына сор болып жабысады. Жан дүниесіндегі арпалыс оны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады. Көзін жұмса, көретіні – бір түс. Ол – күйшіні тірідей көмгенінің өкініші. Жазушы повестің басынан соңына дейін осы түсті қайталайды. Себебі, ол – негізгі шешуші деталь. Түсінде ол қу бастан қашып келе жатып шошып оянады. Төсектен атып тұрып, қос құлағын қолымен баса есікке қарай қашады. Әлденеге сүрініп, маңдайын есіктің маңдайшасына ұрып алған ол табалдырық үстінде жан тапсырады.

Жазушы кейіпкер психологиясына талдау жасау негізінде философиялық ой түйген. Ол – “кек”, “намыс” деп жазықсызға тырнағын батырған жендеттің аруақ түгендейміз деп жүріп, өзінің аруаққа айналғаны, көл-көсір жерге тірісінде сыймай, өзара қырқысқан адамның тағдыры туралы ой. Осының бәрі де бір Жөнейттің басынан табылады. Ол – сол типтес жуандардың жиынтық бейнесі.

Жазушының адам болмысын ашудағы шеберлігін: “Жөнейт бір күннің ішінде жақ сүйегі салдырап, сылынып шықты. Бүгін – буынын діріл алып, қолы қалтырайтынды шығарды. Кейде қараптан-қарап отырып, өзімен-өзі күбірлеп сөйлеседі. Ұйқыдан шошып оянғанда да сөйлеп оянатын болып жүр. Қазір ұйықтасам, түсімде күйшінің өлгенін көремін деп түнімен көз ілмей, бақырайып жатады да қояды” (1)– деген сынды жолдардан көруге болады. Бұл – Жөнейтті мазалаған ар-ождан, жан азабы. Ол өзін кек қайтардым деп жұбатқанымен, істеген ісіне оның бүкіл жандүниесі қарсы. Оның тағдыры, өлімі – соның көрінісі. Автор Аннадүрдінің баласы Құрбанның адай күйшінің күйін бір естігеннен қағып алып, сол күйді тартуы арқылы өнердің өміршеңдігін көрсеткен. Күйшіні тірідей көмгенмен, оның өнерін өлтіруге Жөнейттің құдіреті жетпейді. “Күйдің” бас кейіпкері де өнер адамының зұлмат дүниедегі аянышты тағдырын елестете отырып, өнердің мәңгілік екенін, қашанда рухы биік тұратынын паш етеді.

Жазушының қазақ, түрікмен елдерінің әдет-ғұрпын салыстыра суреттеуі де тартымды. Өлікті шығару рәсіміне қатысты екі елдің әдет-ғұрпын бүге-шүгесіне дейін суреттеу – оның өмірді жақсы білетіндігінің көрінісі.

Повесть фольклорлық аңызды жазба әдебиетте шеберлікпен  бейнелеудің жақсы үлгісі саналады. Мұнда, екі елдің шапқыншылығы, адам өлімі бәрі де күй құдіретімен астаса суреттелген. Тақырыбы аңыз болғанмен, жазушы кейіпкердің жандүниесіндегі тебіреніс пен толғанысты терең аша білген.

Әдебиетте “мәңгүрт” деген ұғымды бірінші қолдануды да Әбіштің осы повесінен көреміз. 1967 жылы “Дала балладалары” кітабына енген бұл повесть Ш.Айтматовтың 1980 жылы шыққан “Ғасырдан да ұзақ күн” романындағы мәңгүрттен ерте жазылғаны жөнінде әдебиеттанушылар біраз зерттеулер де жасады. Ш.Айтматов осы терминді “Жан пида” (1986) романында да қолданып қазақтың кешегі тарихының келеңсіз жағдайлары арқылы бүгінімізге ой салғанды. Халқының, ұлтының мүддесін ойламайтын,  тілін, ділін, дінін, салтын, тарихын білмейтін мәңгүрттерді әшкереледі. Алайда Шыңғыс шығармаларында үлкен образдық дәрежеге көтерілген мәңгүрттікті ұғым есебінде алғашқы пайдалану Әбіште кездесетініне дау болмаса керек.

 

Әдебиеттер:

1. Кекілбаев Ә. Күй. Алматы, 1999ж.  2 том. 60-118 б.

2. Айтматов Шыңғыс. Боранды бекет: Роман.  Алматы, 1986ж. 304-бет.