Ф.ғ.к.,
доцент Нусупова А.Ж.
М.Х.Дулати атындағы Тараз
мемлекеттік университеті, Қазақстан
САЙЛАУБЕК ЖҰМАБЕКТІҢ СЫНШЫЛЫҚ ШЕБЕРЛІГІ
Әдеби
сын-көркем шығарманы әдеби тұрғыдан
бағалап, оны дамудың бүгінгі мәселелер
тұрғысынан талқылап, бағыт сілтеп отыратын
әдеби-публицистикалық, ғылыми-эстетикалық,
шығармашылық әдеби сын-аса күрделі сала. Оның
негізгі зерттеу объектісі – көркем әдебиет, әдеби процесс.
Жаңадан
дүниеге келген әрбір көркем шығарма хақында сын
өз пікірлерін білдіріп тұруы қажет.
Сыншы
еңбектері тек көркем
туындыларға пікір білдірумен ғана шектелмейді, сонымен қатар
бүгінгі талантты ақындарымызға, жазушыларымызға салиқалы ой білдіріп жүргені
баршамызға аян.
«Сайлаубек
Естайұлы өзi де, бiрге оқыған достары мен жолдастары да
университет аудиториясында отырып-ақ әдебиетке баланың
көзiмен емес, ағаның көзiмен қарайтын,
әдебиет туралы сөз сөйлеп қана қоймай, ой
айтатын, пiкiр ұсынатын»,- дейді әдебиетші, ғалым
Ш.Елеукенов. С.Жұмабектің ортасы, әдеби жақын айналасы
айбарлы болған. Оның Асқар Сүлейменов, Төлеген
Тоқбергенов, Зейнолла Серiкқалиев, Қалтай Мұхамеджанов,
Сейдахмет Бердiқұлов, Шерхан Мұртаза, Тахауи Ахтанов,
Ғабит Мүсiрепов секiлдi сөз өнерiнiң
өнегелi, өрелi өрен жүйрiктерiмен бiрге қызмет
етудiң, қатар жүрудiң, сұхбаттас болудың
тағылымы, тәлiмi мен тәрбиесi аса маңызды
болғанында сөз жоқ. Сыншы
талантының жарығы да, жалыны да ерекше. Әдеби шығарма
табиғатында барды көрiп, дұрыс тани бiлу – қасиет.
Әдеби шығарма табиғатында барды көрiп, тани бiлумен
қатар оны саралап, талдай бiлу – өнер. Алайда сыншының
мiндетi әдеби шығармадан ненi көрiп, ненi таныса, тек соны
талдап, соны сараптау ғана емес. Әдебиет сыншысы, алдымен,
көреген болуы шарт. Көреген болу – көздiң емес,
көңiлдiң қасиетi. Ол көркем
әдебиеттiң, өнер мен мәдениеттiң, тұрмыс
пен салттың, тарих пен философияның ғасырлар бойы
жинақталған асыл үлгiлерi мен қағидаларын,
жалпыадамзаттық сипатқа иеленген рухани
құндылықтарды көңiлiнде балқытып,
көкiрегiнде қорытып, зердесiне құя бiлген зергер жаннан
ғана табылмақ. Сонда ғана сыншының әдебиет пен
өмiр туралы, әдеби шығарма туралы оның тек өзiне
ғана тән эстетикалық мұраты, шығармашылық
ұстанымы айқындалмақ. Осындай эстетикалық
мұраттың, осындай шығармашылық танымның
сыншысында ғана әдеби шығарманың келiстi келбетi,
әдемi әлемi, тамаша табиғаты туралы өзгелерде
жоқ, тек оның өзiнде ғана бар ерекше таным
болмақ. Ол сондай таныммен ғана әдеби шығармада бар
және жоқ, сондай-ақ болуға тиiс құбылыстар
мен ерекшелiктердi, басқаша айтқанда, көркем
әдебиеттiң бүгiнгiсi мен ертеңгiсiн, осы
шағының болмысы мен келер шағының сипатын қатар,
салыстырып көре алады. Әдебиет сыншысының көреген болуы
керектiгi туралы ойымыздың мәнiсi осында. Зейнолла
Серiкқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшiмбаев
сынды Сайлаубек Естайұлы да әдебиет сынын шынайы әдеби
көркем сын деңгейiне, одан әдебиеттану деңгейiне
көтеруге ұмтылған осындай қайраткер болмыстың
сыншысы едi. Ол әдеби шығармадан, алдымен, шындық
болмыстағы қоғамдық, әлеуметтiк мәнi бар
құбылыстардың терең ашылуына назар аударды.
Қоғамдық мәнi зор өмiр шындықтарының
сырын терең ашып, шынайы суреттеген әдеби шығарма ғана
эстетикалық мәнi маңызды талдаулар мен
бағалауларға негiз бола алады деп бiлдi. Қоғам
үшiн мәндi, мағыналы шындық құбылыстарды
суреттеу жазушыдан өмiр шындықтарын терең бiлудi,
қоғамның әлеуметтiк даму заңдылықтарын,
сұраныстарын жете зерделеудi талап ететiнi сөзсiз. Өмiрдi
терең, жете бiлмейтiн жазушы шынайы көркем шығарма жаза
алмақ емес. Сыншы туралы да осыны айтуға болады: өмiрдi терең бiлмеген сыншы
әдеби шығармада көрiнiс тапқан өмiр шындықтарының
қоғамдық мәнiн жете тани алмайды. Сыншы өмiр
шындықтарын әдебиет пен өнер заңдылықтарынан
терең бiлмесе, кем бiлмеуге тиiстi. Сонда ғана оның сыны
сындарлы болмақ. Сайлаубек профессионал сыншы ретiнде берiк
ұстанған қағидалардың бiрi осындай болды. Сыншы
жазушы шығармасының сюжеттiк өзегi болған шындық
құбылыстарды iрi не ұсақ деп жiктеуге бара бермедi.
Шығармада суреттелiнiп отырған шындық
құбылыстың қоғамдық, әлеуметтiк,
эстетикалық маңызы мен мәнiне назар аударды.
Жазушы
Қалаубек Тұрсынқұлдың «Бүйрек», «Анды-Қарақыз»
шығармаларынан осы ұстанымның бойды балқытып, ойды
толқытқан шынайы да шырайлы көрiнiсiн тауып марқаяды.
Жазушы шығармаларында, рас, өмiрде болған
оқиғалар суреттеледi. Дегенмен автордың
шығармасындағы шындық – көркемдiк шындық. Шынтуайтқа
келгенде, өмiрдiң шындығынан суреткердiң
қаламынан туған көркемдiк шындық әлдеқайда
шынайы. Боямасыз, қоспасыз жазу туралы сыншы сүйсiнiсi, айналып
келгенде, көркемдiк шындықтың шынайылығына деген
сүйсiнiс болып табылады. Содан да болу керек, Қалаубек
Тұрсынқұлдың «Бүйрек» әңгiмесiне
қатысты ол: «Шығарма, сөз жоқ, адамзат баласының
бойындағы ең бiр асыл, ең бiр аяулы, ең бiр
қастерлi, ең бiр өмiрлiк ұлы сезiмдердiң
көркемдiк кардиограммасы»,– деп, поэтикалық тұжырым жасайды.
Әдеби шығарманың көркемдiк шындығын
эстетикалық қабылдаудан туған әдемi әсер мен
әдеби-эстетикалық терең талдаудан туған қуатты
ойдың жараса ағылған тамаша жарасымы сыншы тұжырымына
мейлiнше сәулеттi сипат берген. Сыншы әдеби шығарманың
өмiрлiк құндылықтарға эстетикалық
қатынастарын пайымдай отырып, өз талдаулары мен сараптауларында
ғылыми тарихилық ұстаным тұрғысынан да қол
үзбейдi. Әрине, әдеби шығарма, оның
көркемдiк-идеялық әлемiндегi әр құбылыс
толып жатқан басқа құбылыстармен сан саладан
байланысып, сабақтасып жатады. Оларды қай тұрғыдан,
қай бағытта, қандай қатынаста және қандай
деңгейде қарастыру қажеттiгi сыншының алдына
қойған мақсаты мен мiндеттерiне сәйкес
анықталады. Сайлаубек Естайұлы өз
шығармашылығында жалқы жайын айта отырып, жалпыдан, жалпы
жайында ой толғай отырып, жалқыдан қол үзген емес.
Сондықтан оның ойлары мен толғаныстарында, талдаулары мен
сараптауларында жалпының мәнi мен жалқының сыры,
көркемдiк шарықтау биiктерi мен ғылыми парықтау
иiрiмдерi жұп жазбай, тұтасып жатады.
С.Жұмабек үнемi шарықтаған
шығармашылық iзденiс үстiнде болды. Сыншы iзденiсi
қажырлы, тынымсыз еңбекпен ұштасып жатты. «Көтерiлiс
және көркемдiк танымдар генетикасы», «Талант тектоникасы» (Тахауи
Ахтанов туралы), «Сын симфониясы» секiлдi әдебиеттану мен сын үшiн
академиялық жүйеде тосын, ерекше, тiптi оқыс көрiнетiн
мәселелердi көтеруi, сынға жаңа ұғымдар,
түсiнiктер қатарын алып келуi осы тектес көркемдiк
эстетикалық, шығармашылық iзденiстердiң тереңдiгi
мен шығармашылық ойлаудың ерендiгiнен едi. Осындай ерекшелiк
сыншының жеке шығармашылық тұлғалар туралы
туындыларына да тән. Бұл ретте автордың Шерхан Мұртаза,
Қалаубек Тұрсынқұл, Тахауи Ахтанов, Қалтай
Мұхамеджан хақындағы iрi де iргелi, бiртектi
шығармаларын арнайы атап көрсеткен дұрыс. Аталған
қаламгерлер шығармашылығы жайындағы
еңбектерiнiң бiрiн автор «эссе» деп атайды, екiншi бiреуiне «шығармашылық
портрет» деп айдар тағады, келесiсiн «роман-портрет» деп
айшықтайды. Сыншы, осылайша, әдеби көркем сын айналымына сыры
бiр, сипаты бөлек ұғымдарды енгiздi. Автордың
көрсетiлген кiтаптары зерделеу пәнi жағынан өзара
сарындас. Бiрақ бәрi де әдеби көркем сын
саласындағы жаңа, дара тұрпатты шығармалар болып
табылады. Анығын айту керек, жазушының шығармашылығы
туралы роман-портрет жазу сын саласында тек Сайлаубек Жұмабектiң
ғана қолынан келдi. Бұл – сын тарихында бұрын
соңды болмаған жаңа құбылыс, сыншының
талант даралығын танытқан шығармашылық жаңа
үлгi деуге болады.
Cыншының шығармашылық
туындыларының бәрi ғылыми ұстанымға, ғылыми
бағалауларға негiзделе тұра, суреттi, образды. Баяндау,
сипаттау, талдау мәнерiнде де шығармашылық
құштарлық құшағында
құлпырған суреттi өрнектер мол. Осы ерекшелiктердi
негiзге алғанда, сыншының Шерхан Мұртаза, Қалаубек
Тұрсынқұл, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджан
туралы еңбектерiнiң бәрiн де тектес деп
қабылдауға болады. Ал нақты ат, затты атап айту қажет
болса, автордың «роман-портрет» деген жанрлық анықтама
бағытында негiзделген термин сөзiне назар аударған
оңды. Расында да сыншының Тахауи Ахтанов шығармашылығы
жайында жазған туындысының жанрлық табиғатын «роман-портреттен»
артық ашатын лайықты терминдi табу оңай емес.
Қорыта
айтқанда, С. Жұмабектің эссе және портреттік
мақалаларынан оның көркемдік ой-пікірлерінің биіктігі
мен шындыққа деген сүйіспеншілігін айқын танимыз.
Қазақ әдебиеті тарихында өзіндік еңбектерімен
елге танымал болған маман сыншыларға қарағанда,
оқырман сыншының қазақ әдебиетіндегі алатын орнын
анықтау көп қиындыққа түсетіні анық.
С.Жұмабек – ХХ ғасырдың 70-90–жылдары
азаматтық-эстетикалық дүниетанымымен, көркем
шығарманы талдау-бағалау принципімен танылған
қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар дарынды
сыншы. Ұлттық әдебиеттің даму тенденциясын,
көркемдік ізденіс арналарын жаңа көзқарас
тұрғысынан пайымдауда сыншы еңбегінің маңызы
үлкен. Әдеби-сын мақалалары терең ойлылығымен,
талдау тереңдігімен, дүниетаным кеңдігімен, сыншылдық
принципке адалдығымен, шешен, көркем жазуымен дараланады. Қазақ әдеби сынының
теориялық-философиялық деңгейінің өсуінде С.
Жұмабектің әдеби-сын еңбектерінің
ықпалы, орны ерекше.
Пайдалынылған
әдебиеттер:
1.
Елеукенов Ш. Заман тудырған әдебиет. – Алматы: 1993 ж.
2.
Жұмабек С. Сын пернесi. – Астана: 2001 ж.
3.
Жұмабек С. Сын симфониясы. – Астана: 2005ж.
4.
Аманхан Әлімұлы. Ұлттық шығармаларды
ұлықтаған сыншы. Жалын, №5.- 2009ж.