Өтірік - шындықты ашушы құбылыс

Бұғыбаева Ж.Б.

Абай атындағы ҚазҰПУ МжДИ

лингвистика мамандығының

1 курс PhD докторанты

 

Әлемде қатынас пен қарым-қатынас атаулы, негізінен, тіл арқылы жүзеге асады. Адамзат қоғамы тілмен тікелей байланыста, кейде тілге тәуелді жағдай да қалыптасады. Қоғамның ішінде әр түрлі әлеуметтік топтардың өзіндік тілдік ерекшеліктері болатыны, тіл арқылы тұрақты қарым-қатынас орнайтыны белгілі. Осы қарым-қатынастың негізгі дәнекері – ақпарат. Ақпарат – адамдар, әлеуметтік топтар, қоғамдық-саяси ұйымдар, партиялар арасындағы қарым-қатынасты құраушы. Бұл – бір. Екіншіден, ақпарат деген – қоғам, мемлекет, қоршаған ортадағы оқиға, құбылыстар жөніндегі құжатталған жарияланған мәліметтер. Адамзат қоғамы дамуының қазіргі деңгейі ақпараттық-компьютерлік күрделі құрылым ретінде сипатталады. Ақпараттың негізгі бір қазынасы – сөз. Сөздер түрлі мақсатқа жетудің құралы. Әлбетте, адамдар арасында сөз арқылы берілетін ақпарат үнемі шынайы болмай, қате ақпарат таралуы да мүмкін. Қате ақпаратты жаңылыс деп ұқсақ оның астарында қауесет жатыр. Ал қауесетті алып қашты сөз, өсек-аяң, өтірік деп ұғындырады, қазіргі түсіндірме сөздікте. Мысалы: «Жылан ордасын көрген бақытсыздыққа ұшырайды» деген қауесет бекер» (Қ. Қайымов, Қызықты зоология). Қауесет сөзінің төркіні парсы тілінен. Оларда: «һоу» тұлғалы сөз «сыбыс», «ұзын құлақ хабар» мағыналарында кездеседі. Біріккен сөздің екіншісі «һичид» бұл тілде — естілу дегенге мезгейді. Екі сөздің тіркеуі «һоу һичид» тұлғасын құрастырып, қазақ тіліне ауысқаннан кейін (һау ичид>һау ечид>қауесид>қауесет) дыбыстық құрамына дейін өзгеріске түсіп, мағынасы «сыбыс естілу» немесе «хабар естілу» болып қалыптасқан. Осы хабар адам өмірінде неше рет естіліп, неше рет басқаларға жеткізіліп және неше рет бұрмаланады екен?

Мамандардың зерттеуінше ең бір шыншыл адамның өзі бір күнде төрт өтіріктен елу өтірікке дейін, ал әсілінде адам бір күнде екі жүз өтірікке дейін айтады екен. Тіпті онысын өзі де байқамай қалады. Алпыс жыл өмір сүрген адам сексен сегіз мың өтірікті қолдануы анық болып отыр. Сонда тұтас бір халықтар өзінің өмір сүру кезеңінде қанша өтірікке дейін айтуы мүмкін? Мәселен, психологтардың пайымдауынша, батыстықтар өтірікті көбірек айтады екен. Әрине, өтірікті айтудың әртүрлі себептері және өтіріктің түрлері бар. Платонша айтқанда «Ізгі өтірік» («Кінәратсыз мемлекетте билік қоғамның игілігі үшін «ізгі өтірікке» баруы тиіс») яғни әр алуан адамдардың бір-бірімен түсіністігі үшін зиянсыз деп танылады. Батыс қана емес, шығыс халықтары да «ізгі өтірікті» ерекше қолдана біледі. Ал батыста «ізгі өтірік» айтудан бірінші орында итальяндықтар, содан кейін француздар, немістер, ағылшындар және тізім соңында голландықтар тұр.

Ал қазақ ше? Қазақта өтірікшіні мынадай ұғымдармен береді: суайт, бөспе, судыр, алдампаз, сужұқпас, суқит, алдамшы, т.б. Жалпыхалықтық айтылымда өтіріктің он түрлі синонимі беріледі. Аймақтық сөйленісте өтірік сөзі (бөтен, жөгі, зүкібай, зуқыма, зыптұрын, т.б.), өтірікші адамды сипаттайтын (дәупірім, жөгі, зуқит, кәзабы, көтелеу, қылапат, т.б.) және өтірік айту, алдауға байланысты (лап қылу, өліш жасау, саздау, тіл емізу, уасуаса тарату, т.б.) 70-ке жуық сөздер беріледі.

Қазақ тілінде туынды сөз қосымша арқылы жасалынады. Ал қосымшаның екі түрі бар: жұрнақ және жалғау. Қазақ тіліндегі өтірікші мәнді сын есімдердің қатарында туынды сөз көбінесе жұрнақтар арқылы жасалады. Мәселен, айлалы, алдамшы, айлакерлік, т.б. Ал, жұрнақтар өз ішінде сөз тудырушы және сөз түрлендіруші болып бөлінеді. Жалғанған сөзінен жаңа мағыналы сөз тудыратын жұрнақ сөз тудырушы жұрнақ болса, ал жалғанған сөзінің негізгі мағынасын өзгертпей, оған тек сәл ғана үстеме мағына беретін жұрнақ сөз түрлендіруші болады. Олай болса өтірікші мәнді сын есімдердің ішінде мынадай жауыз+дық, қу+лық, айла+лы, алдам+шы, опа+сыз, т.б. сөздер сөз түрлендіруші жұрнақтармен жасалған туынды сөздер деп айта аламыз. Құрамы жағынан кемінде екі немесе одан да көп құранды жұрнақтардан жасалған сөздер де кездеседі. Мысалы: айла+кер+лік немесе екі сөзден тұратын күрделі сөзде екіжүз+ді+лік, көзбояу+шы+лық, т.б. Жалпы қазақ халқында өтірік айту, өсек айту адамның е сорақы қасиеттернің бірі ретінде қарап, адам баласын өтіріктен аулақ болуға шақырған. Сол себептен оның адамға жат қылық екенін көрсету үшін қазақ тілінде «Өтірік өрге жүзбес», «Өтірікшінің куәсі қасында», «Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай...», «Өтіріктің құйрығы бір тұтам» секілді мақал-мәтелдер кездеседі.

2008 жылы белгілі бір халықаралық компания әлемнің 19 елінде жүргізген сауалнама нәтижесін ұсынды. Сондағы ұйғарым бойынша, адамдар өткен онжылдықтарға қарағанда қазір өтірікті ерекше көп айтатын болып шыққан. Онымен қоймай, өтірік айтуда ерлер әйелдерден аспаса, кем түспейді екен. Мұны немен түсіндіруге болар еді? Әр дәуір, кезеңдер бір идеямен немесе пәлсафалық ұғыммен ашылып, анықталып отырады. Үміт дәуірі, Сенім дәуірі, Кек дәуірі деген секілді. Бұл ұйғарымға сүйенсек, алда Жалғандық дәуірі келе жатқан сыңайлы. Адамдар барлық құндылықтардан бас тартып, алдамшы, өтпелі идеяларға бой ұруы мүмкін. Оған негізгі себеп санаға берік орнай бастаған ақпараттық қажеттілік. Қоғамда адамдар тек бүгінмен өмір сүруге дағдылануда. Ертең - абстракция, Бүгін - утопия. Бүгін өтірік айту өмір сүрудің тәсіліне айналып үлгерген. Кәрі шындықтардан жап-жас өтіріктер сүйкімді. Өмірдің шындығын, өлімнің шындығын, заманақырдың шындығын, ғаламдық жылынудың шындығын, жердегі биоқорлардың таусылу шындығын білу жалпы алғанда адамға қажет пе? Адам онсыз да оны біледі. Ал адам баласының табиғат алдындағы жеңімпаздығы, өлімді де жеңетіні, биоқорды басқа ғаламшарлардан алуға болатыны туралы әдемі өтіріктер өмір сүруге деген құштарлықты оятады. Дегенмен әркімнің қандай шындықты болмасын білуге хақысы бар. Тіпті

жазылмас дертке шалдыққандардың өзі қанша өмірі қалғанын білуге құқылы. Бірақ кейде белгілі бір шындықтарды білмей-ақ қойған жақсы. Өмір тыныш болады. Күнделікті өміріміздегі өтіріктерге қатысты қарапайым ғана мысалдар келтірелік. Екі адам өзара әңгімелесіп отыр делік. Біріншісі: «Айтшы, осы айтқаным өтірік пе?», екіншісі: «Жоқ, өтірік емес»; «Рас па?» «Рас»; Мұнда негізгі басымдық көңілге қарауда. Екінші адам іштей келіспей тұруы мүмкін, бірақ дәл содан дүние төңкеріліп кетпесін білгендіктен, бәріне мақұл. Екеуінің кез келгені бір-біріне «Сізді көргеніме қуаныштымын!», «О, құлпырып кетіпсіз», «Мен сізді көп ойлаймын», «Сіздей адамдар сирек туады ғой» дейді. Осы төркіндес тағы да басқа көптеген көңіл үшін айтылатын сөздерді толық шындық дей алмайсыз. Кезекті сөздер. Адамдар өтірікті өзгені немесе өзін қорғау үшін, шындықты мойындаудан қорыққанда немесе істің ыңғайында қажет деп таппағанда, сөзін өткізу үшін, жауапкершіліктен бас тартқанда, жазадан, жәбірлеуден өзін арашалау үшін, өзгенің мүддесін я өмірін сақтап қалу үшін, мемлекет ішіндегі я бір әулет ішіндегі үйлесімді ұстау үшін, тағы да басқа себептермен айтады. Зиянсыз, кінәсіз, яғни отбасының беріктігін сақтайтын, кісіні ажалдан алып қалатын өтіріктер дінде де жоққа шығарылмайды. Ал жас балалардың өтірік айтуын қазіргі заман психологтары «өтірік» деген ұғыммен анықтауға қарсылық білдіріп отыр. Өйткені бала нақтылық пен елестетілетін дүниелердің аражігін толық білмейді. Сондықтан да оның өтірігі - күнәсіз. Бірақ үлкен адамның, көп жағдайда ата-анасының балаға өтірік айтуы, шындықты жасыруы оң нәтиже бере бермейді. Ол тіпті бара-бара патологиялық алдамшылыққа дейін жеткізуі мүмкін. Баланың жан-дүниесін зерттеуші мамандар балаға сұрақ қойғанның өзінде ол өтірікке сұранып тұратындай болмауын қадағалауды өтінеді. Мысалы сұрақ «Ойыншықтарыңды жинадың ба?» дегенге қарағанда «Ойыншықтарыңды жинамағаныңды байқадым» деген секілді болуын талап етеді.

Калифорния университетінің ғалымдары патологиялық (өтірік айтпаса тұра алмайтын және өз өтірігіне өзі сенетін) өтірікшілердің миының жай адамдар миыннан өзгеше екенін байқаған. Олардың миында жүйке жасушасының негізгі элементі - нейрондардың (сұр зат) көлемі кішірейіп, керісінше ақ заттың (жүйке талшықтарының) ұлғайғанын анықтаған. Демек, адамдардың шындықты немесе өтірікті айтуы - мидағы ақ және сұр заттардың ойыны, күресі. Қайсысы басым түссе, адам соған қарай ыңғайланады. Сонымен өтірік сөз шындықты қорғау үшін айтылады. Түсінікті ұғыммен айтқанда - өмір сүру үшін. Ал өмір бүгінмен өлшенген кезде, ол да бала қиялындағыдай өтірікке айналады. Бір күндік өмірді сүру үшін айтылған өтірік ертеңгі келген күнмен әшкереленеді. Бұдан шығатыны, өтірік - шындықты ашушы құбылыс.

 

   Әдебиеттер:

1. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы «Мектеп» 1988. -147 б.

2. Щербатых Ю. Искусство обмана. СПб., 1997

3. Щерба Л.В. Языковая система и речевая деятельность. Л., 1974

4. Құраст. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің синонимдер сөздігі. Алматы: «Арыс» баспасы, 2005 – 720 б.

5. Синонимдер сөздігі. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007.

6. Құраст. Тұрманжанов Ө. Қазақ мақал-мәтелдері. Алматы «Ана Тілі» 1993 – 176 б.