Ескендіров
Н.Р
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ
Ұлттық Өнер Академиясының докторанты, аға
оқытушысы
Комедиялық
шығармаларды
сахналаудағы режиссерлік
шешімдер.
Қазақ
халқының ұлы драматургі
М.Әуезовтың халық
жыры негізінде жазылған «Айман – Шолпан» комедиясы театр сахнасынан түспей
қойылып келе жатқан ірі туынды.
Аталмыш комедия Қазақтың
Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасына Есмұқан Обаевтың режиссурасы мен қойылды. (2000ж). Мұны ол Семей театрында бас режиссер қызметін
атқарған уақытында да қойған болатын. 1985 жылы Алматыға гастрольдік сапармен келген ұжым алғашқы күнгі шымылдығын осы «Айман – Шолпан»
спектаклімен ашады. Баспасөзде: «Режиссер
Е.Обаевпен қойылымға қатысушылар пьесаның
халықтық сипатына, оның фольклорлық негізіне
көңіл аударған. Сахнаның
көркемделуі де (суретші Д.Сүлеев) шартты түрде бейнеленген киіз үйдің ішкі сән-салтанатын елестеткендей әсер қалдырады.
Комедияның
өзіндік көркемдік сипатын танытатын халық музыкасы молынан пайдаланылған.
Әйгілі халық әні «Гүлдерайым» спектакльдің тұтас лейтмотивіне айналған. Ол
жеке оқиғалар мен музыкалы құбылыстарды күшейтіп,
кейде олардың логикалық алмасуын, енді бірдесахналық көріністердің басын біріктірді.
Қойылымның пантомимамен
басталуынан кейін сахнадағы кейіпкерлердің ақжарқын
кескін-келбеттері, көңілді хоры мен ойын-сауықтары Шөмекей елінде өтіп жатқан той думанның жалғасы іспеттес» [1], – деген ой айтылады сол жылдары. Бұдан Е.Обаевтың
өзіне тән қолтаңбасын аңғару қиын емес.
Негізінен сахна төрінде небір
спектакльдерді тудыратын– режиссер.
Оның қиялы мен ұшқыр ойы сахнаға беріледі. Сол арқылы өнер
туындайды. Көрерменнің талқысына салынар дүниені ойдағыдай етіп шығару оңай жұмыс емес әрине. Режиссер –театрда жасырын сиқыршы мен ойшыл.
Ол көрерменге көрінбейді, спектакльде де жиі болмайды, бірақ театрдағы бүкіл шығармашылық
ұжымның еркі режиссердің қолында. Е.Обаев осы принциптерді ұстана отырып, академиялық театр сахнасында жанр табиғатынан туындайтын драмалық әрекет
пенмузыканың тұтастық табуына көп мән берді. Оркестрдің сүйемелдеуімен айтылатын жеке әндер мен хор,
би көріністері шығарманың идеялық мазмұнының ашылуына мұрындық болды.
Ең бастысы, режиссер
пьеса кейіпкерлерін сомдауға актерлерді дұрыс таңдап ала білді. Мұнда әншілік
қабілетімен көзге түсіп жүрген бір топ жас актерлер өздеріне берілген рольдерін жетістікпен ойнап шықты. Олар драмалық
әрекеттен әнге, одан хор
мен биге еркін ауыса отырып жаңа қырларын танытты.
Шымылдық ашылған сәтте ақ үйге
таласқан Маман бай - О.Қиқымов
пен Көтібар - А.Бектеміров екеуінің
болымсыз нәрсеге ұстасулары
үлкен жауластыққа әкеп тірейді. Маман бай роліндегі актер өз кейіпкерінің
даралық ерекшелігін дәл тапқан. Ол байлығына
сеніп масаттанған адамның
менмендігін, бірбеткей қырсықтығын дәл ашқан.
Ал, Көтібар
роліндегі А.Бектеміров сахнаға
шыққан сайын көрерменнің
актердің қимыл-әрекетіне,
сөз саптауына қолдау танытқаны аңғарылды. Актер күні өтіп
бара жатқан батырдың жас қыздарға қырындаймын деп күлкілі
жағдайларға тапболуын нанымды сомдайды. Оның қорбаңдаған жүрісі,
қыздармен тілдесуге ниеттеніп барынша жақсы көрінуге тырысуы күлкі тудырып отырады. Өзінің батыр
екенін мақтаныш тұтып,
үнемі өктем сөйлеп үйренген Көтібардың Теңге алдында жуас бола қалуы да күні
өткен батырдың кейпін елестетеді.
Айман роліндегі Д.Темірсұлтанова да жас
арудың толғаныс сәттері мен ішкі көңіл-күйін жеткізе білді. Оның Айманы көркімен ғана емес, ақыл парасатымен, ізеттілігімен
баурап алады. Бір ескерерлік жай –актриса
көзін қайта-қайта төңкеріп,
аруға жараспайтын басы артық әрекеттерге көп барады. Ал, Н.Жәкенованың Шолпанында
ерке, әрі айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлігі бар. Алайда жас
орындаушының алдағы уақытта бай қызына тән қасиеттерді
көбірек көрсетуге мән бергені жөн тәрізді.
Маман байдың қос қызына таласқан Әлібек – Е.Біләл мен Арыстан–
Ғ.Құлжанов рольдері де
сахнада нанымды бейнелеу тапты.
Е.Біләл кейіпкер мінезін дәл тауып, шабытпен ойнады. Топ алдына
жасындай жарқырап суырылып шыққан Әлібектің жалынды да,
ақжарқын келбетінен өзіне деген сенімділік байқалады.
Актер бай мырзаның маңғаз, сылқым серілігін
әр қимылы арқылы
таныта алған. Қыздармен кездесетін
сахналарда Әлібектің сыпайылығы,
жөн білетін тектілігі, парасаттылығы бірден көзге
түседі. Ғ.Құлжанов ойнаған Арыстан батыр пішінді,
ақылдан гөрі ашуға тез берілетін қызуқанды
жігіт болып шыққан. Десе де Әлібекпен бәсекеде есесін
жібергісі келмей тай-таласатын сахналарда актер ойыны
үнемі Әлібектен кемшін түсіп жатты. Актердің дауысы
көп тұстарда анық естілмейді. Бұл актердің
рольмен аз жұмыс жасағанын айғақтап тұрған тәрізді.
Спектакль оқиғасының дамуына Б.Тұрыс сомдаған Жарас ролінің
үлесі мол. Ол қай кейіпкермен сөйлессе де нақты
әрі сенімді әрекеттер жасайды.
Актердің Жарас ролін терең ұққаны соншалық,
бүкіл тұла бойындағы дарынын сарқа төкті.
Орындаушының бет-жүзіндегі құбылыстар
сәт сайын өзгеріп, кейіпкер әрекетіне сай
мыңқұбылады. Б.Тұрыстың пластикалық қозғалыстары мазмұнды, белгілі бір мақсатқа
құрылған. Жарастың
жарасымды әзілі, сынаптай сырғыған жеңіл
жүрісі, қысылтаяң жерден жол тауып кететін ақылдылығы табиғи түрде туындап отырады.
Комедияда
әлеуметтік орны бар
келесі кейіпкер – Маман байдың жас тоқалы Теңге.
Бұл рольде ойнаған Ғ.Әбдінәбиева сахнаға
адымдай басып шыққан
сәтінен бастап, ешкімге оңайлықпен беріспейтін ерке тоқалдың
даралығын танытып үлгіреді. Ер адамның киімін киіп, Көтібарды жекпе-жекке
шақыратын сахнасында адуындық басым. Оның ішкі ашу-ызасы жүзіне теуіп қана қоймай, дауысы да өзгерген.
Бетіндегі пердесін жұлып тастап, күйеуінің
алдына тұра қалған
тұрысынан өзіне деген сенімі мол тоқалды көреміз.
Сонымен, режиссер тарихи
шындық пен көркемдік шындық ара салмағын дұрыс
сақтауға, кейіпкер характерінің де соған сай келуіне
жете мән берген. Және дәуір тынысы,
замана келбеті, ұлттық колорит сияқты ұғымдарды классикалық
пьесалар негізінде қойылған спектакльдердің басты ерекшелігі
деп білді. Перде ашылғаннан ешқандай
сөздерді естімей сахнадағы кейіпкерлердің кім екенін білмей отырып, ең
алдымен бізді суретшінің жұмысы еліктіріп алып кетеді. Спектакльді қисында әрлеуінің нәтижесінде біз оның талғамы
мен темпераментін, стилін байқаймыз.
Спектакль
кейіпкерлерінің киімдері ұлттық ерекшелікті айқын
танытқан. Оларға қарап отырып, қазақ
халқының киім үлгісінің сан алуандығына
тәнті боласыз. Қойылымда өзара орынды қабысып
жатқан халық ойындары, әдет-ғұрыптық
элементтер де өте нанымды берілген. Жалпы М.Әуезов театрының қойылымы жаңа көзқарасымен, режиссерлік таным-түсініктің
молдығы тұрғысынан, актерлік
ансамбльдің тұтастығымен табысты қойылым ретінде танылды.
1934 жылы музыкалық
драма театрының шымылдығын ашқан музыкалық комедия
тарихы егемендік жылдармен бірге басталған Ж.Аймауытов атындағы
Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының
да іргесін көтерісті (1990). Кереку сахнасындағы көңілді
қойылым жарқын атмосферасымен, оптимистік сипатымен ерекшеленді.
Тәжірибелі режиссер Ерсайын Тәпеновтың негізгі идеясы Жарас бейнесі арқылы еларалық тыныштықты
сақтау, татулықты насихаттау болған. Алдыңғы
планға шыққан осы кейіпкердің шығармадағы әлеуметтік орнын тап басқан режиссер Жарасты халықтық бейнеге
айналдырыпты. Рольдегі Құрманғазы Айтмұрзаев сахнадағы жеңіл
қозғалысымен кейіпкер әлемінің барлық болмысын ашып берді.
Павлодар
театрында Әлібектің -М.Байжұманов өзінің байлығына
деген сенімділігі мен мырзалығы,
ақылдылығы мен аңқаулығы қатар суреттелсе,
Арыстанның - Ж.Доспаев қ ызуқандылығы алға шыққан. Ал, ХІХ
ғасырда өмір сүрген Маман байдың қыздары Айман
мен Шолпанның тағдыры феодалдық жүйеде өріліп
отырады. Е.Тәпеновтың режиссерлік
жаңалығы – Айман мен Шолпанды
екі бөлімде екі актрисаның орындауы болды. Рауза
Тәжібаева мен Талжібек Атамбек (Айман), Баһаргүл
Құрбанова мен Майра
Дәулетбақованың (Шолпан) орындаушылық шеберлігі бірін-бірі толықтырып, лирика мен драманы
қатар ұштастыруда көп ұтқан.
Спектакльдің атмосферасына шынайы
ойындарымен көркемдік маңыздылық берген С.Бекболатов -шал, М.Манап
-Көтібар, Г.Саймасаева -Теңге, Қ.Тұрманбаев -Балпық,
А.Жукиндердің-Жантық ойындары облыстық сахнадағы комедияның идеясы мен
мақсатына мағыналы үн қосқан.
Суретші Ермек
Камкеновтың сахналық безендіруіндегі ақ отау, алтыбақан, сахна
төріндегі табиғат и ллюстрациясы, т.б. актерлер ойынымен қисынды астасыпты. Бұл туралы облыстық
театрларды зерттеп, ғылыми тақырыпқа айналдырған
З.Исламбаева жан-жақты талдап жазған [2,27б]. Театртанушының
жазбасынан павлодарлық өнер ұжымының ұлттық
классикаға үлкен дайындықпен келгендігін, әрбір кейіпкерге тән мінездердің
орын алғандығын байқау қиын емес.
Аталған комедия Абай атындағы
Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің
қазақ музыкалық драма театрында 2009 жылы актер, режиссер Бауыржан Төлековтың режиссурасымен сахналанғаны
белгілі. Қоюшы-режиссер күлкімен, әжуа мен мысқылмен
бірге Айман мен Шолпанның басындағы драмалық ахуалды да нақты штрихтармен
суреттеуді көздеген.
Сахнаның екі жағына орналасқан екі отау айналасындағы
кейіпкерлердің сахналық орны
(мизансценасы) да ұтымды қарастырылыпты. Спектакльдегі той
көріністері, айтыс өнерінің айшықты сарыны, күлкі
тудыратын кейіпкерлер әрекеті барлығы үндескен. Мұны
кейбір орындаушылардың әлсіз ойындары, ән айтудағы
кемшіліктері болғанымен егемендік жылдарындағы жаңа
тәсілдерімен ерекшеленген қойылым деп айта аламыз.
Егемендікпен үзеңгілес шымылдығын ашқан
Қ.Қуанышбаев атындағы Астана театры да өзінің жиырма жылдан аса уақыт
шығармашылық тарихында комедия жанрының көркемдік
құндылығын, рухани мақсатын, мәдени мүддесін назардан тыс қалдырған жоқ. Репертуардағы
М.Әуезовтың «Айман – Шолпан», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу»,
М.Фриштің «Дон Жуанның думаны», Ж.М.Шевренің «Ізгілік формуласы», Э.Хушвақтовтың
«Қызыл алма», т.б. комедияларында
ұжым өздерінің
ізденістерін, қарым-қабілетін
танытып үлгерді.
Театртанушы Б.Нұрпейіс: «Әрбір
театрдың жапырағы жайқалып, мәуесі
толысуына классикалық шығармалардың тигізетін
әсері шексіз» [3,80б],-
деп классикалық туындылардың театрдағы орнына тоқталған еді.
Соның ішіндегі жаңалығымен танылған,
заманауи көріністерге бай – М.Әуезовтың «Айман – Шолпан» музыкалық комедиясы. Режиссер Әлімбек Оразбеков кейіпкерлерге
дәстүрден алшақ мінездемелер беріпті: басты кейіпкерлер,
феодалдық қоғамның принципі бойынша бас еркіндігі
шектеулі Айман мен Шолпан мұнда бүгінгі сәндегі костюмдерде әрекет етіп, бас билігі өзінде, тәуелсіз
бойжеткендердің жиынтық бейнесін берсе, Маман көпшілікке
бүгінгі күннің бай мырзасы,
магнат ретінде танылды. Ал, Көтібар
қазіргі ортамызда жүрген білек күші бар, әлді бейнеге айналса,
Әлібек пен Арыстан «жаңа қазақтар» болып танылған. Спектакльдегі эстрадаға
арналып жазылған музыка, топтық билер режиссер идеясын тереңдеткен.
Көркемдік жаңа ізденістерге,
шығармашылық еркіндікке жол
берілген тәуелсіздік жылдарында музыкалық комедияға заманға
сай өзгертулердің енгізілуі заңды құбылыс. Ә.Оразбековтың комедияға бүгінгі күн түсінігі
мен ұстанымын алға
тосқандығында заман талабының ықпалы бар. Комедияның хип-хопп, брэк тәрізді жастар биімен әрленуін де
бүгінгі көрерменнің
сұранысымен санасқандық
деп білеміз.
Алайда мұны
режиссерлік жаңа интерпретация, көрерменге классиканың
құдіретін, өзектілігін таныту дегенмен санаулы
ұлттық классика, оның ішінде жалғыз музыкалық комедия болғандықтан өзінің ұлттық болмысынан,
халықтық суретінен тым алшақтатудың қажеті аз дер едік. Қазіргі жастар биіне,
эстрадалық шоу көріністеріне өзек боларлық
оқиға-сюжеттер, тақырыптар драматургтер үшін, пьеса
жазамын деген талаптанушыларға өте көп. Бұл жерде
классиканы шешіндіруден ұтарымыз аз. Демек, бұл дегеніміз – көркемдік
құндылықты, халықтық мұраны жоғалту деген сөз.
Соңғы уақытта классикаға өзгеше бағытпен, ерекше
шешіммен келудің белең алып отырғандығы
белгілі. Соның ішінде жалпы
режиссерлік ізденіске де, актерлік шеберліктің артуына да оң ықпал ететіні –
эксперименттік әдіс. Бұл үлкен шығарманың
шағын формасы болғанымен де қисынды жасалған қысқартулар классика идеясына
кедергі келтірмеуі тиіс. Мұндай айтар ойы нақты дүниелердің қазақ
театрлары сахнасынан орын алғандығы қуантады.
Мәселен, Жамбыл
облыстық қазақ драма театрының ұжымы Ғ.Мүсіреповтың
«Қыз Жібек» трагедиясына қырық бес минуттық эксперимент
жасап, қысқа да нұсқа көркем дүние
жасаған болатын. Мұндағы Бекежан жігіттерінің киімінде,
бүгінгі жастарға лайықты
қимыл-қозғалыстарында, ым-ишараттарында, жесттері мен
түрлі трюктерінде ешқандай оғаштық жоқ.
Керісінше, бұдан экспрессионистік
(нақты, мәнерлі)
бағыттың қажеттігі байқалды. Бүгінгі жалынан ұстатпай отырған уақыттың
жылдамдығы екі-үш сағатқа созылған
қойылымның қысқа нұсқасын талап етері анық. Сол
тұрғыдан алғанда ұзақ жылдар бойы трафареттік-дәстүрлі суреттеуден
тыс тың жаңалыққа, соны өзгерістерге деген режиссерлердің бағыты
дұрыс. Сонымен қатар мұндай эксперименттік ізденістер әлемдік шығармашылық ізденістерден
байқалып жүр.
Соның ішінде комедия жанры қандай
дәуір болмасын, қандай халық болмасын өзінің
өзектілігін, мазмұндылығын жоймайды. Өйткені
әрбір қоғамдағы кемшіліктерді, адамдар тұрмысы
мен олардың мінездеріндегі келеңсіздіктерді әшкерелеу
аталған жанрдың басты міндеті саналмақ.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Кабдиева С. Фольклорные традиции в казахском театре. – Алматы: Өнер,
1986 .
2. Исламбаева
З. «Қазақ драма театрларының тәуелсіздік
жылдарындағы тенденциясы» (шығыс және солтүстік
театрлар негізінде) атты кандидаттық диссертациясының
қолжазбасы. 2010.
3. Нұрпейіс Б.
«Қазақтың жастар мен
балалар театры». – Алматы:
«Алматы баспа үйі», 2006ж.- 196б.