Ф.ғ.к., доцент Нусупова А.Ж.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университеті, Қазақстан
САҒАТ ӘШІМБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТАНЫМДЫҚ
СИПАТЫ
Қазіргі
қазақ әдебиетінің қай жанрын
қарастырсақ та, оның ішінде сын саласын да айтуға
болады, шығармашылық және кәсіби даму эволюциясы,
қалыптасқан өзіндік дәстүрі мен мәдениеті,
шындықты көркемдікпен бейнелеу және шеберлікті таразылау
құралдары тұрғысынан ізденіс, өсу үстінде.
Бұл бір жағынан ұлттық
сананың өсуімен, әлеуметтік, әрі азаматтық
ой-сезімнің толыса бастауымен байланысты. Уақыт пен
кеңістікке тәуелсіз ешнәрсе жоқ. Одан адам ғана
емес, оның рухани болмысы өнер де тыс бола алмайды. Осы ретте
әдеби сын да уақыт пен кеңістік категориясына тәуелді.
Белгілі әдебиет сыншылары-ғалымдар С.Қирабаевтың,
Ш.Елеукеновтің, Т.Кәкішевтің, Д.Ысқақұлының
және өзгелердің еңбектерінде де сын эстетикалық
категория ғана емес, идеологиялық құбылыс, күрес
құралы екені де айтылады. Сондықтан әдебиеттің
дамуымен, кемелденуімен әдеби-көркем сынның
қоғамдық-әлеуметтік маңызының арта
түсуі, эстетикалық категория есебінде сапалық дамудың
жаңа сатысына көтерілуі С.Әшімбаевтың сынға
белсенді араласқан ХХ ғасырдың 70-90− жылдарында байқалды.
«Сын дегеніміз – жазушы мен оқушыны
қатар ойланту, ол аз десеңіз екеуін де сол ойдың
құдыреті арқылы сынға табынту» [1, 293 б.], − дейді С.Әшімбаев.
Сыншы талантының сирек кездесетін талант екенін, құдыретін ол
осылайша ұғындырады. Шынайы сыншы талантының
мақаласындағы терең ойлар мен
әлеуметтік-көркемдік талдаулар автордың өзіне де кейде
жаңалық болып танылатын әдебиет тарихынан білеміз. В.Г.
Белинскийдің Пушкин туралы мақалаларын оқи отырып, Л.
Толстойдың Пушкинді бұрын-соңды сезінбеген жаңа қырынан
тануы, мойындауы – бұл «қайсар Виссарион» сыншылдық
қаламының, танымының құдыреті екені сөзсіз.
Сыншы С.Әшімбаев та сондықтан сын жұрағатқа
балық үлестіргендей бәріне жалған абырой, атақ
үлестіретін, немесе шүлен таратып, сый-сияпат ұсынатын
жеңілтек жанр емес деп түсіндіреді. Сындағы
даңғазалыққа, мағынасыз мақтауға
қарсы шығады. Сынның барынша күрделі екенін,
қоғамдық ғылымдардың өзге салаларымен
сабақтасып жататынын ашып көрсетеді.
«Сын – белгілі бір
шығарманы, болмаса күрделі бір әлеуметтік, я әдебиеттік
проблеманы тағылымы мол талдаудың, сара жолмен саралаудың
үлгісін көрсететін, сонымен бірге бардың парқын,
жоқтың нарқын анықтап беретін сөз
өнерінің тұрпаты бөлек, тұғыры биік
өзгеше бір түрі. Яғни сын дегеніміз – объектісін
эстетикалық, әлеуметтік, философиялық тұрғыдан
талдай отырып, оқушыны ордалы ойға шақыратын орамы мол
ойдың жанры. Әрине, мұндай сын жоқ жерде қандай
да болсын әдебиеттің көкжиегі кеңейіп, көсегесі
көгермейтіні мәлім» [2, 228 б.], − дейді сыншы.
Осы сыншылдық принципті С.Әшімбаев өз
мақалаларында нақты көрсете білді. Оның қай
мақаласын алсаңыз да, оқушысын ойға
шақыруға, ашық сырласуға бағытталды. Және
ешуақытта әдебиеттің жалаң мәселесімен шектеліп
қалмайды. Қоғамдық-әлеуметтік,
моральдық, азаматтық позиция, тағы басқа заманның
өзекті жайларымен тығыз бірлікте қарастырылады.
Сондықтан оның әдеби сын мақалалары қоғам,
заман туралы, ондағы әр алуан позиция, мінездер туралы
философиялық талдау-жинақтауларға құрылады.
Бұл − сыншы С.Әшімбаевтың әдеби сын
еңбегінің маңызды ерекшеліктерінің бірі.
С. Әшімбаев сын
туралы ой қозғағанда, сынның екінші бір жайын да еске
салады. Ол − сынды қабылдай
білу мәдениеті туралы. Шындықты айта білу, оны қабылдай білу
– рухани өскендіктің, көшелі көсемдіктің белгісі
деген ойы сыншы білімділігінің жемісі деп
бағалаймыз. Сын
қалай айтылғандығымен ғана емес, қалай
қабылдануымен де құнды. Бұл ретте әлі күнге
дейін сынды қабылдаудың бізде төмен екендігі белгілі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында демократия деген
осылай екен деп республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана
тілі», өзге де басылымдарда әдеби айтыс, полемикалардың жиі
жариялану үрдісі белең алды. Сол мақалалар кейде
жазушының жеке басының жайына ауысып, бірін-бірі әшкерелеп,
аннан-мыннан қойыртпақтап, бір-біріне күйе жағуға
ұласып кетіп жататын. Бұл өте өкінішті жайлар,
көріністер болатын. Әрине, қазақ әдеби сыны
мұндай жағдайды ХХ ғасырдың 20-30− жылдары басынан кешірді. Бірақ бұл кездері
кейде сынның міндет-мақсатын жалаң түсінген,
саясатқа жалаң бой ұрған білімсіздік байқалып
жататын.
Әдеби сын жанрының дамуында С.Әшімбаев
азаматтық позицияның белсенділігін қолдайды.
Қазақ сынының теориялық-философиялық
деңгейінің төмен екендігін С.Әшімбаев оның
диалектикалық категорияларымен ойлау деңгейінің
төмендігімен ұштастырады. Бұл тек сынға ғана
емес, әдебиетке де қатысты мәселе дей келіп,
диалектиканың заңдарын білмеген жазушы «адам жанының
диалектикасын» қалай ашсын, ал «адам жанының диалектикасы»
ашылмаған шығармадан бірдеңе іздеудің өзі
әурешілік дейді. Сөйтіп, С.Әшімбаев сынның
теориялық негізделуіне, белгілі бір әдебиеттік, немесе
әлеуметтік проблеманы теориялық, яки философиялық
тұрғыдан қарастырылуына ерекше мән береді. Ал
оған күмәнмен қарайтындардың кездесетінін айта
келіп, осындай сыңарезу тенденция мен жалаң практицизм
үстемдік алып тұрғандықтан, кей авторлар сын
мақаланың табиғатын теріс түсініп жүр деп ой
қорытады. Оның нақты мысалдарын да келтіріп өтеді.
Мәселен, С.Әшімбаевтың көрсетуінше, соңғы
жылдары әдеби сында көркемдік дамудың теориялық
күрделі мәселелеріне арналған тұтас еңбектер,
елеулі мақалалар мүлде азайып кетті.
Теориялық-эстетикалық мәдениеттің ең
қарапайым белгісі белгілі бір мәселе турасында бұрын
айтылған ой-пікірлерге сілтеме жасай отырып, оны дамыту
дәстүрі мүлде азайып барады. Оның бір себебі, сілтеме
жасау мен цитатқа жүгінуді дарынсыздық нышаны санайтын
дарақы көзқарастың бел алуымен тікелей
байланыстылығын көрсетеді сыншы. Белгілі
сыншы С.Әшімбаевтың сынының теориялық негізі және
теорияға қатыстылығы жөніндегі бұл
эстетикалық талаптары қазірге дейін құнды деп білеміз.
Жалпы сыншы әдебиеттің тарихынан да, теориясынан да мол білім иесі
болуы қажет. Ол тек ұлттық таным деңгейімен шектеліп
қалмай, әлемдік әдебиеттің күрделі жайларымен де
таныс болып, ретіне орай пайдалана білуі тиіс. Одан әдеби сын
ұтпаса ұтылмайды. Мұнын нақты көріністерін біз
С.Әшімбаевтың сын мақалаларынан да байқаймыз.
Оның қазақ әдебиетінің, әдеби
процестің көкейкесті мәселелерін қозғайтын
мақалаларында әлемдік әдебиеттің тәжірибелері,
сондай-ақ орыс әдебиетінің классик жазушылары Л.Толстой,
Ф.Достоевский, А.Чеховтардың туындыларындағы шеберлік жайлары, одақтық
жазушылар Ш.Айтматов, В.Шукшин, Ю.Бондарев, Ю.Трифонов, Н.Думбадзе, М.Слуцкис,
В.Солоухин шығармаларындағы көркемдік ізденістер
кеңінен айтылады. С.Әшімбаев кенже дамыған қазақ
әдеби сынын әлемдік сынмен байланыстыра қарастыруды басты
мақсат санайды.
Сынның
көкейкесті мәселелерін әңгіме етуде көркем
шығарманың идеялық кемшілігі, жақсы туынды жазу неге
қиын деген күрделі мәселелерді автор дәлелді
қозғайды. Идеялық кемшілік дегенде селт етпейтін суреткер де,
оқырман да жоқ. Бірақ С. Әшімбаевтың
түсіндіруінде көбіне жазушылар да, былайғы
қөпшілік қауым да идеялық кемшілікті бір жақты
алып, саяси кемшілік мағынасында ұғынады. Бірақ осы
саяси жағына көп мән беріп жүргенде, оның екінші
негізгі мәнін естен шығарып аламыз. Оған ол мынандай
дәлелді ойын алға тартады. «Шығармадағы айтар ой
жаңалығының жоқтығы, оқушыға қажетті
тың гуманистік-азаматтық идеялардың жұрдайлығы,
сол шығарманың өз кезіндегі қоғамдық
озық идеалға белсенді қызмет етпеуі, өз
уақытының әлеуметтік және адамшершілік проблемаларын
реалистікпен көрсете алмауы, әділдік пен адалдық
сезімінің арта түсуіне елеулі үлес қоспауы, бір
сөзбен айтқанда, ешқандай елең еткізетін идеяның
жоқтығы – орысша айтқанда нағыз «безидейность» деген
пәленің нағыз типтік көрінісі емес пе» [3, 188 б.],-
дейді автор мәселені әріден таратып. Ойы кем, идеясы жоқ
шығарманың көркемдігі туралы сөз қозғау
сауатсыздықтың салдары, көркемдікті тек тілден іздеу, тіл
көркемдігін жалпы көркемдікке балау дұрыс емес деген пікірін
ашық білдіреді. Көркемдік – шындықта, шындық жоқ
шығармада көркемдік жоқ. Бұл − сыншы С.Әшімбаевтың көркем
шығарманы талдаудағы басты принциптерінің бірі.
С.Әшімбаевтың «Сыншыл ой туралы
сыр» мақаласында қазақ әдебиеті мен сынының
диалектикалық бірлікте дамуы, оған еңбек сіңіріп
жүрген сыншылар, ақын-жазушылардың сын кітаптары туралы
толымды ой қозғайды. Әдебиет қанша жетілгенмен,
өз табысын сыртқа шығаруға сараң.
Өзін-өзі көрсету шынайы жазушыға да,
өскелең әдебиет үшін де жат қылық.
Оның бар сырын, құдіретін танытатын сөз
өнерінің күрделі түрі сын дей келіп, жалпы сынның
тууы мен өрістеуі адамзат көркемдік ой-санасының
ілгерілегендігінің белгісі екенін айтады. Қазақ әдеби
сынының сондай өнер дәрежесіне, профессионалдық
деңгейге көтерілуінде академик, сыншы М.Қаратаев
еңбегінің үлесі ерекше екендігіне тоқталады. Біз
жоғарыда айтып өткендей, С.Әшімбаев сынды әдебиет тарихынан,
теориясынан бөлектеуге қарсы. М.Қаратаев
еңбегінің маңызын да осы әдебиеттің өзектес
салаларының тығыз бірлігінен таниды. М.Қаратаев
мақалаларында әдебиет тарихына, теориясына қатысты
мәселелер қашан да қоян-қолтық араласып
жүреді. Бұл жетістіктен басқаға саналмайды. Оның
еңбектерінде жалпы қазақ әдебиетінің
творчестволық дидары мен жай-күйі, асқан асулары,
алынбаған шыңдары, қаламгерлеріміздің дәуір,
замана алдындағы жауапкершіліктері, уақыт шындығына орай
идеялы көркем шығармалар жазу жайлары әңгімеленеді.
Көркем шығарманың эстетикалық әсері көп
айталады. Бұл сынға да жат емес. Сынның да өз
эстетикасы бар. Сынның эстетикасы парасатты сыншы ойларының
тереңдігі мен сыршылдығында деген С.Әшімбаев М.
Қаратаев мақалаларының оқушысын осындай
қырларымен өзіне тартып, ойлантып, баурап алып отыратынына
сүйсінеді. Оның «Социалистік релаизмнің қазақ
прозасындағы қалыптасуы», «Әдебиет және эстетика», «Эпостан
эпопеяға» атты күрделі еңбектерінің қазақ
әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынының кәсіби
дәрежеде өскенін көрсетеді.
Сыншыл
ойдың дамуында, оқушы жұртшылықтың талғамын
тәрбиелеп, әдебиетке талабын шыңдауда сыншылармен қатар
ақын-жазушылардың әдебиет туралы, оның көкейкесті
мәселелері туралы жазған кітаптарының, ой-толғамдарының
орыны үлкен. М.Әуезовтің «Әр жылдар ойлары»,
«Уақыт және әдебиет», С.Мұқановтың
«Өсу жолдарымыз», Ә.Тәжібаевтың «Өмір және
поэзия», І.Омаровтың «Серпін», Ғ.Мүсіреповтің «Суреткер
парызы», Қ.Бекхожиннің «Дәстүр және
жаңашылдық», С.Мәуленовтің «Үркер төбеде тұр»,
Т.Ахтановтың «Керуен» кітаптары осының көрінісі. Осы ретте
С.Әшімбаев қазіргі қазақ сынының қалыптасу,
даму тарихы, кәсіби биік дәрежеге көтерілуі арнайы зерттелген
жағдайда Ғ.Мүсіреповтің есімі мен еңбегі ерекше
аталуы заңды деп біліп, оның «Суреткер парызы»
еңбегінің мән-маңызын таразылайды. Ғ.Мүсірепов
сынының даралық сипатын С.Әшімбаев терең талдап
түсіндіреді. Ол, біріншіден, не туралы айтса да, азаматтық
тұрғыдан, халықтық мүдде тұрғысынан
сөйлесе, екіншіден, сыншы оның суреткерлік-сыншылдық көзқарасының
қалыптасу, даму жолын қазақ әдебиетінің даму
жолымен сабақтастырады. Алғашқы мақаласынан бастап
ондағы есею, ой-пікір толысуының эволюциясын аңғарады.
Үшіншіден, Ғ.Мүсірепов мақалалары бақай есепке,
жылтырақ гуманизмге, ымырашылдыққа құрылмайды. Қай
мақаласында ортақ мүдде тұрғысынан әділ,
адал, принципшіл пікір айтылады. Өзге өткір ойлы мақалаларымен
қатар, әсіресе, оның М.Әуезовтің «Абай» романы
туралы» мақаласын С.Әшімбаев жоғары бағалайды.
Сыншының көрсетуінше, бұл мақала терең ойларымен,
көркем шығарманы талдаудың, жазушыға қажетті
пікірлер айтудың тамаша үлгісін көрсетуімен
құнды. Кезінде дау-шары мол болған романды сонау 1943 жылы
Ғ. Мүсіреповтің орынды бағалауы оның
көркемдік танымының айқындығын, биіктігін
көрсетеді. Сол уақыттағы әр алуан талаптарға ерік
бермеген принципшілдігін танытады. Әрине, мұндай мақала жазу
үшін жазушының ой-танымымен жарысып, биіктен көрінетін
сыншылдық өре, парасат қажет. Сонымен қатар, сыншы Т.
Ахтановтың әдебиеттің жалпы өзекжарды мәселелері,
жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығы жөнінде
жазған «Керуен» әдеби-сын кітабы туралы өзіндік
пікір-байламын білдіреді. Жазушылық пен сыншылдық қанша
қиюластырсаңыз да, бір шеңбердің ішіне сыя бермейтін
екі бөлек өнер деп ой сабақтайтын сыншы осы екеуінің
ұштасуын Т. Ахтановтың қалам қарымынан көреді.
Асылы ол сыншылдық болмысы басым жазушы, оның
творчествосындағы әлеуметтік мазмұн тереңдігі,
әрбір образдың салмақ сапасы, сол арқылы айтылар ой мен
авторлық шешім, жазушы стиліндегі ерекшеліктер осының дәлелі
дей келіп, М.Әуезов, Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов,
С.Мұқанов, Ә.Нұрпейісов туралы
мақалаларының талдау тереңдігін бағалайды.
Автордың «Биік белесте», «Эпикалық драматургия» мақалаларында
Ғ.Мүсірепов творчествосы байыпты талданады. Мәселен,
мақалада «Қазақ солдаты», «Оянған өлке»
романдарымен қатар, Ғ. Мүсіреповтің драматургияда
сомдаған образдарының түйіні, ол арқылы берілген
суреткерлік философиясы, драматургтің сол заманға берген
бағасы, көзқарасы жан-жақты зерттелінген деп ой
түйеді сыншы. Сол сияқты ғалым-сыншы Р. Бердібаевтің
«Гүлстанның бұлбұлдары», М. Мағауинның
«Қобыз сарыны», Ш. Елеукеновтің «Бүгінгі заман және
қазақ романы» еңбектеріндегі тың мәселелерге
көңіл бөліп, әдебиеттану ғылымына
қосылған бағалы үлес деп таниды. Қазақ
әдебиетінің тарихын әріден бастау керек деген пікір айтар
ауызға жеңіл болғанмен, оның шын ғылыми
дәлелдеуді қажет ететінін, бұл ретте М.
Мағауинның осы бір күрделі, маңызды тақырыпты
игеруде көп еңбектеніп, көп ізденгенін құптайды.
Қазақ поэзиясының дамуында шығыс поэзиясының
ықпалы орасан. Абай мен оның алдындағы, кейінгі
ақындардың қай-қайсысының да шығыс
поэзиясынан сусындамағаны жоқ. Сондықтан Р.
Бердібаевтың осы екі арадағы эволюциялық байланысты арнайы
зерттеуге ұмтылуы құптарлық жұмыс дейді.
С.
Әшімбаев баспалардан шығып жатқан сын, зерттеу кітаптарын
назардан тыс қалдырмауға тырысты. 70-80 − жылдары
жарық көрген З. Қабдоловтың «Жебе», Р.
Бердібаевтың «Ғасырлар толғауы», Т.
Тоқбергеновтың «Үш тоғыс», С. Оразалиновтың «Шындық
және көркемдік шешім», С. Байжановтың «Замандас туралы
толғау», А. Нағыметовтың «Адам және қоғам»,
Ш.Сәтбаеваның «Әдеби байланыстар», «Өрнекті өріс»
атты әдеби-сын еңбектеріне тоқталып, жан- жақты
саралайды. Бұл кітаптардың
әрқайсысының алдына қойған
мақсат-мұратын, көтерген проблемасын, қамтыған
тақырыбы мен идеясын, талдау ерекшелігі мен өзіндік
қорытындыларын, стильдік өрнектері мен тың тұжырымдарын
т.б. өзгешеліктерін тап басып таниды. Сонымен бірге осы
еңбектердің біразына ортақ жағдай, кемшіліктерді
де анықтайды. Олар: талдау мен пікір айтудағы концептуальдық
жаңа көзқарастың жоққа
жақындығы, бүкіл әдеби процесті немесе белгілі бір
көркем шығарманы талдауда тарихи, социологиялық,
философиялық, эстетикалық жинақтап қараудың жете
бермейтіндігі.
С. Әшімбаев
қазіргі әдеби сынның өзекті мәселелерін
көрсетті: сын мақалаларында әлі де ой тапшылығы, пікір
таяздығы байқалады; сын мақалалардың жазылуында
формалық жағынан алғандағы ізденіс жоққа
тән; сыншылардың дара қолтаңбасы, өзіндік стилі
қалыптаспаған; сынға кездейсоқ адамдардың
араласып, баз біреулердің туындыларын жалаң мақтап,
жақсы атты болу көздеушілігі байқалады.
Сондықтан
сынды кез келген білімі тайыз, теориялық даярлығы жоқ, сын
эстетикасынан, тарихынан хабары шамалы адамдардың ермегіне айналдырмау
сын абыройын қорғау болып табылады деп ой қорытады.
Қазіргі тәуелсіздік кезеңінде сын жоқ,
сынның дамуына жасалынып жатқан жағдай жоқ деген
тәрізді пікірлер жиі ұшырасады. Бұдан әдебиет
ұтыла ма, әлде ұтып жатыр ма? Әрине, өкінішке
орай ұтылып жатыр. Сын әлсіреген жерде талғамсыздық бел
алады. Ал талғамсыздық, белгілі бақылау мен сыншыл
сарабдалдықтың жоқтығы әдебиеттегі
қарадүрсін шығармаларға жол ашады. Нарық
заманында кітап шығару жайы да өзгерген. Ақшамен әдемі
безендірілген, бірақ көркемдігі шалажансар, мазмұны
сұрқай кітаптар тасқыны қазір белең алуда. С.Әшімбаевтың
мақалаларында айтылған сынның эстетикасы, талабы қазір,
жасыратыны жоқ, аяқ асты қалып жатқан тәрізді.
Бұл, әрине, әдебиетте жақсы туындылар жазылып
жатқан жоқ, әдебиет мүлде тоқырау үстінде
дегенді білдірмейді. Жақсы туындылар бар, ал қаптап шығып
жатқан дүбара шығармалар да өте мол. Әдеби
зерттеу, сын да бар. Бірақ әдебиеттегі теріс тенденцияларды батыл
ашып айтып, тосқауыл жасап, өзгелердің назарын аударып
жатқан сын жеткіліксіз. Сын саласында кадлардың
тұрақтандыруы, шоғырлануы жоқ. Ол үшін
жағдай жасалу керек. Сыншы жолы тар да тайғақ, әрі
соқтықпалы-соқпақсыз екендігіне қоса,
қазіргі әдеби атмосферада сынға деген көзқарас,
түсінік өзгеріп кеткен. Осы тұста белгілі сыншы Ә.Сығаевтың
пікіріне назар аударып көрелік.
Ол бүгінгі әдебиет пен өнердегі сынның жайын сөз
ете келіп, бұл саладағы маманның аздығын,
ешкімнің тұрақтамайтынын, себебі жаңа
көзқарас, бап, көңіл бөлушілік жоқ дейді. «...Біз
қазір жазып жүрміз, тегін жазып жүрміз. Бір газет
қаламақы төлемейді. Сонда сұрақ туады. Мен не
үшін жексұрын болып, біреуді сынап, біреудің кемшілігін
айтуға тиіспін? Сынасаң − сұмырайсың,
мақтасаң – «молодецсің».
Ал мен не үшін сондай жағдайға
баруым керек... Ал жастар болса... түк төлемейтін, машақаты
көп жұмыста қалай жүреді? Сондықтан да олар кетіп
жатыр...» [3]. Бұл, шынында,
сындағы бүгінгі ахуал.
Қорыта
айтқанда, С. Әшімбаев – ХХ ғасырдың 70-90–жылдары
азаматтық-эстетикалық дүниетанымымен, көркем
шығарманы талдау-бағалау принципімен танылған
қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар дарынды
сыншы; Ұлттық әдебиеттің даму тенденциясын,
көркемдік ізденіс арналарын жаңа көзқарас
тұрғысынан пайымдауда сыншы еңбегінің маңызы
үлкен; Әдеби-сын мақалалары терең ойлылығымен,
талдау тереңдігімен, дүниетаным кеңдігімен, сыншылдық
принципке адалдығымен, шешен, көркем жазуымен дараланады; Қазақ әдеби сынының
теориялық-философиялық деңгейінің өсуінде С.
Әшімбаев әдеби-сын еңбектерінің ықпалы,
орны ерекше.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. – Алматы: Жазушы,
1993. – 621 б.
2. Әшімбаев
С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Астана: Елорда, 2006. – Т.
1. – 387 б.
3.
Сығаев Ә. Сын сарыны // Қазақ әдебиеті. – 2006. –
4 қараша.
4.
Серікқалиұлы З. Сын
кітабы. – Алматы: Раритет, 2008. – 500 б.
5. Әшімбаев
С. Азаматтыққа адалдық. – Алматы: Раритет, 2007. – 389 б.