Муратова Д.Б. – э.ғ.к., доцент м.а., Бейсебеков М. -  магистрант

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті , Қазақстан

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА

 ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ЖАҒДАЙЫ

 

 ҚР инновациялық қызметті қаржыландырудың көздері ретінде кәсіпорындардың өз қаржысы, республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары, инновациялық қорлар қаражаты, мемлекеттік гранттар және заңға қайшы емес қаржыландырудың басқа да түрлері жатады. Қаржыландыру инфрақұрылымы ретінде даму инситуттары, венчурлік қорлар, кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер, екінші деңгейлі банктер және т.б. жатады.

Қазақстан тәжірибесі көрсетіп отырғандай, көбінесе қарапайым қаржыландыру көздері, яғни банктер немесе басқа да қорлар инновациялық ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландырудан бас  тартады. Өйткені онда тәуекелділік жоғары болады. Сондықтан бұл жағдайда арнайы осындай көп тәуекелі бар жобаларды қаржыландыру үшін әлемдік тәжірибеде венчурлік қорлар құрылады.

Қазіргі кезеңде кәсіпкерлікті дамытудың әлсіз жақтары оны жетілдірудің нарықтық механизмдерінің инновациялық түрлерінің одан ары жақсартуды қажет етіп отыр.

Дамыған елдерде инновациялық (ноу-хау) өнімдер мен технологиялар  ЖІӨ өсімінің 70-85% беріп отыр. Әр түрлі сипаттамаларды қорыта келе, инновация - өтімділігі жоғары жаңа өнімді ойлап табу деген ұғым туады. Бұл тұрғыдан алғанда ашылған жаңалықтың барлығы инновацияға жатпайтынын айтқан жөн. Өйткені, іргелі міндеттерді атқаруға негізделген, яғни осыған дейін белгісіз болып келген табиғат құбылыстарын ашу сияқты жаңалықтар ешқандай материалдық игіліктерді тарту етпейтіндіктен де, ол ғылыми ізденістердің жемісі ретінде ғана есептелінеді.

Экономикалық қатынастар жүйесінен инновацияның алатын орны орасан зор. Себебі инновациялық тәжірибені өндіріске қолданбастан, бәсекеге қабілетті өнім алу мүмкін еместігін дамыған елдер ертерек түсініп, бар күшті осы салаға жұмсап келеді. Осыған байланысты нарықтық экономика кезеңіндегі бәсекелестік күресте инновация өнімінің өзіндік құнын азайту, инвестициялар ағынын арттыру, өнім өндірушінің имиджін қалыптастыру және жаңа нарықтарды, оның ішінде сыртқы нарықтарды бағындырудағы аса тиімді таптырмас құралға айналуда деп зерттеулер негізінде тұжырымдауға болады.

Қазіргі уақытта біздің елімізде бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіруге    негізделген жаңа ақпараттық технологияларды игеру, республикамыздың   индустрия  және ғылыми техникадағы әлеуетін дамыту басты стратегиялық міндеттердің бірі болып отыр. Соған сәйкес республикамызда индустриялық-инновациялық дамуыдың 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы қабылданды. Стратегияның мақсаты - шикізат бағытынан қол үзуге ықпал ететін экономика салаларын әртараптандыру жолымен елдің тұрақты дамуына қол жеткізу. Мұнда ұзақ мерзімді жоспарда сервистік-технологиялық экономикаға өту үшін жағдай жасау қарастырылған.

Қазақстан Республикасының индустриалды–инновациялық потенциалының орнын, рөлін, қызметін ғылыми–тəжірибелік тұрғыдан талдау инновациялық қызметттің сан қырлы мəселелерін зерттеудің танымдық маңызын арттырып қана қоймайды, сондай–ақ дəстүрлі салалық талдауды жалпы ұлттық жəне аймақтық тұрғыдан толықтыра түседі.

Шағын инновациялық бизнес мəселелері жақсы зерттелген шет елдерде оны қолдаудың бірқатар тиімді бағдарламалары бар. Алайда шетелдік тəжірибені қазақстандық болмысқа дəлме–дəл тікелей көшіру мүмкін емес жəне ол шет елдегідей тез жəне оң нəтиже бере алмайды. Осы мақсатта экономикалық құралдарды отандық жағдайға бейімдеу үшін өтпелі ғылыми–зерттеу жүйесінің қалыптасу кезеңінде шағын инновациялық кəсіпкерліктің айрықша секторын жан–жақты зерттеу қажет.

Экономикалық əдебиеттерде инновацияның көптеген түрлерінен технологиялық жəне технологиялық емес инновацияларға айрықша көңіл бөлінеді. Əлеуметтік жаңалықтар, басқару формалары мен əдістерінде болатын өзгерістер мен тағы басқаларды техникалық емес инновацияға жатқызамыз. Ал технологиялық инновация – жаңа немесе жақсартылған тауарлар мен техникалық үрдістерді əзірлеу мен енгізу болып табылады.

Сонымен  қатар, инновациялық өнімді нарықтық жағдайда өткізу көлемін арттыру,  оған  деген  сұранысты жоғарылату мақсатында тауарлардың бағасын төмендету, тұтынушыларға қосымша сыйлықтар ұсыну сияқты жанама тəсілдерді қолданылады. Белгілі  бір мерзімді аяқтап, өзін–өзі өтеген инновациялық өнім ескіріп кетпеу үшін оны келесі нарыққа немесе аймаққа ауыстыру қажеттілігі туындайды.

Қазіргі кезеңде әлемдік экономикалық жүйенің қарқынды дамуы ғылымды қажетсінетін өнімдер мен оны өндіретін технологияларды тиімді құру және пайдалануға байланысты. Ол үшін негізделген ғылыми–зерттеулер жүргізу қажет және олардың нәтижелерін шұғыл түрде өндіріске енгізу үлкен жетістік. Сонымен, ғылымда жаңа технологиялық бағыттар пайда болады. Осылардың бәрін дұрыс бағытқа салу, тиімді пайдаланып нақтылы нәтижеге жету үшін арнайы инфрақұрылым қажет.

Дүние жүзінде жаһандану үрдісінің күрделенуіне байланысты бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруда әрбір мемлекет өзінің ұлттық инновациялық жүйесі мен инновациялық инфрақұрылымынын дамытуға басымдық беріп отыр. Өйткені ұлттық экономикасы қалыптасқан және дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйенсек, олардың жеткен жоғары жетістіктеріне   инновациялық инфрақұрылымның оңды әсер еткенін байқаймыз. Олардың әлемдік нарықтағы үлесі де қомақты. Сондықтан да, дамыған елдердің қатарына кіруге талпыныс білдіріп отырған Қазақстанның өзінің мүмкіндіктері мен стратегиялық мақсаттарына сай ұлттық инновациялық жүйесі мен инфрақұрылымын дамыту өзекті мәселе болып отыр.