Қазақстандағы жергілікті басқарудың  теориялық-методолгиялық негіздері

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

Сайымова М.Д., PhD,Абдулла Г.4 курс студенті

 

Ел өңірлерінің бәсекеге қабілетін арттыру міндеттерін шешу мақсатында ұлттық, өңірлік және әлемдік экономикалық жүйеге жаңа - желілік аумақтық-экономикалық ұйымының моделіне негізделетін болады. Ол кластерлік ұстанымды пайдалана отырып, ресурстарды жұмылдыруға негізделетін икемді маманданумен және инновацияларға қабілеттілігімен сипатталады. Аумақтық дамудың институттық жүйесін күшейту, бюджеттік қаржыландыру тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр. Олар конституциялық және басқа да заңнамалық актілермен кепілді берілген мемлекеттік сектордың  қызметкерлеріне барлық өңір тұрғындарының бірдей қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта 2008 жылдан бастап жалпы сипаттағы ресми трансферттердің мөлшерін айқындаудың жаңа әдісіне көшу жүзеге асырылады.

Аумақтық дамуды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету экономикалық белсенділіктің өсуіне, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасауға және инновациялық, көлік-коммуникация, әлеуметтік, тұрмыстык саланы әрі  туристік-рекреациялық инфрақұрылымдар кешенін үйлестіре дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоғарыда аталған мәселелердің Республиканың барлық аумағында толықтай жүзеге асуы үшін жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жүктелетін жауапкершіліктердің көбейіп, өкілеттіліктерінін де артатыны, нәтижесінде жергілікті баскару мәселесінің өзектілігі арта түсетіндігі белгілі.

Жергілікті басқаруды жетілдіру мәселесіне тереңірек үңілсек, оның еңбек бөлінісімен тығыз байланыста екеніне көз жеткіземіз және оған экономика ғылымы ойшылдарының пікірлері де дәлел бола алады. Мәселен, бір топ ғалымдар (Вильям Пегги, Адам Смит, Давид Рикардо, Джон Мейнард Кейнс, Милтон Фридман) еңбектің өндіргіш күшінің дамуының, жетістігінің және ептілік пен зеректілігінің белгілі бір бағытта болуының өзі оның бөлінісінің нәтижесінде көрінеді деген түйін жасайды. Саяси экономияның негізін қалаушылардың бірі Адам Смит «Халықтар байлығы» (1776 ж.) атты еңбегінде тұрмыстық жағдайдың еңбектің бөлінісімен байланысты болатынына көз жеткізіп, мынадай терең ой айтады: егер әр адам өзінін жұмыс орнында әр түрлі еңбек операцияларын орындауға толық маманданса, онда еңбек өнімділігі көтеріліп, оның бөлінісі тиімді түрде жүзеге асады, ал еңбектің бөлінісі дұрыс болуы үшін барлық өндіріс факторлары мен дайын өнім өзара бай­ланыста болуы шарт. Осы логиканы ұстанатын болсақ, онда еңбек бөлінісінің «тереңдеуі» алға қойылған өндірістік мақсатқа, оған жеткізу үшін қолданылатын материалдық құрал-жабдықтарға бай­ланысты. Басқаша айтқанда, қоғамның өндіргіш күштерінің дамуы пайдалы еңбектің бөлінісіне тікелей байланысты екендігін атап кетуіміз керек. «Неміс идеологиясы» атты еңбегінде К. Маркс және Ф. Энгельс осы байланысқа аныктама бере отырып, ұлттың өндіргіш күштерінің даму деңгейінің көрнектілігін ондағы еңбектің бөлінісі дәрежесінен білуге болады деп көрсетуі кездейсоқ айтылған сөз емес екенін тәжірибе дәлелдеді. Осы тұжырымға қоса олар еңбек бөлінісі үрдісінің қоғамдық, салалық және аумақтық астарларын да ғылыми тұрғыдан зерделеген болатын. Сонымен қатар, кез келген қоғамдық-экономикалық жүйенің тауарлы шаруашылық жағдайында қоғамдық еңбек жиынтығы жекелеген іс-әрекетке және оның қосалқы түрлеріне, сфераларға бөлінетіні туралы да алғашқы дәлелдемелерді ғылыми еңбектерінде келтірген. Ал тауарлы шаруашылықта өндіріс нысандары көбейіп, өндірушілер мен тұтынушылардың мүдделерінің тең дәрежеде сақталуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік реттеу және басқару қажет бола түседі.[20].

К. Маркстің пікірінше, еңбектің аумақтық бөлінісі аудандардың нақты өндіріс салаларына мамандануы болса, аймақтанушы Н.Н. Баранскийдің ұстанымында ол - жалпы, жеке және бірыңғай еңбек бөлінісі түрлерінің кеңістіктегі өзара байланысы. Ал про­фессор И.С. Судеревский еңбектің аумақтық бөлінісі оның тек жалпы және жеке даму үрдісін көрсететін аумактық астары десе, П.М. Алампиев, В.Е. Комаров, В.М. Москвич және басқалар оны тек жеке еңбек бөлінісінің бір түрі деп ұйғарым жасаған.

Осылайша, еңбек бөлінісінің күрделілігі әр түрлі жағдайлармен түсіндіріледі және олардың қатарына мыналарды жатқызуға болады:

-         адам еңбегінің көптүрлілігі, оның сұранысының жан-жақтылығы және оларды бір технологиялық процесс базасында қанағаттандырудың  мүмкін еместігі;

-         адам еңбегінің өндірімділігін арттыратын ғылым мен техниканың жоғары деңгейде дамып, шаруашылық субъектілерінің әр түрлі өндіріс өнімін шығаруға мамандануы;

-         белгілі бір өнімді шығару үшін бір технологиялық үрдісте көптеген еңбек түрлерінің кооперациялануы.

Қоғамдық өндіріс өндірістік күштер мен өндірістік қатынастардан тұрады. Өндірістік күштер жұмыс күшінен, өндіріс технологиясынан, өндіріс құралдарынан (өндіріс заты мен құралы) тұрса, өндірістік қатынастар әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық, техникалық бөліктерден құралады. Өндірістік қатынастарға кіретін бөліктер еңбектің бөлінісін (қоғамдық, салалық, аймақтық, халықаралық), өндірістің мамандануын (технологиялық, салалық, аймақтық, тораптық және заттық) және өндірістік байланыстардың кооперациясын (қарапайым және күрделі) қалыптастырады. Соның ішінде еңбектің аумактық бөлінісі қоғамдық еңбек бөлінісінің түрлері мен нысандарында ерекше орын алып, оның мәні мен қоғамдық ұдайы өндірістегі рөлі қоғамдық еңбек жиынтығының әр алуан түрлерін өзара байланыста қарастыру арқылы толығырақ ашыла түседі. Сонымен, енбектің аумактық бөлінісі аумакты басқарудың объективті негізі ретінде ондағы шаруашылықтардың мамандануы мен маманданушы аумақтар арасында экономикалық байланыстардың даму дәрежесін білдіреді, яғни бұл үрдіс белгілі бір салаға маманданған ауданды қалыптастырудың басты элементі. Осыдан келіп пайда болатын «маманданған экономикалық аудан» туралы пікірді аймақтанушы - ғалым Н.Н. Колосовский төрт негізгі топқа бөліп көрсетеді:

-       теориялық: экономикалық аудандастырудың қалыптасуының ғылыми негіздері мен заңдылықтары;

-       тарихи: экономикалық аудандастырудың даму тарихын ескеріп, ғылыми ойлардың сол мемлекетте дамуы;

-       әдістемелік: зерттелетін объектінің ғылыми әдістерін (тәсілдерін) дайындау;

-       қолданбалы: экономикалық аудандастыру теориясын тәжірибеде пайдалану.

 

Әдебиет

 

1.В.Б.Зотов, З.М.Макашева «Муниципальное управление» Москва «Юнити-Дана»2003ж 5-132бет

2.Нүкенов А.: "Жергілікті басқаруды жетілдіру мәселелері". "Саясат" №7., 2010ж., 26-31 бет.

3.Тоқтыбеков Ә.: "Мемлекеттік басқарудың жетілдірудің жолдары: тұжырымдамалар мен әдістер". "Ақиқат", №1 қаңтар2011ж. 30 - 36 бет.