Айтманбетова Р.К.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

Коммерциялық банктерден несие алушылардың несие

қабілеттілігі және несиелік операциялар есебін ұйымдастыру

 

 

Несиелік операциялар – қазіргі нарықтық экономика жағдайында неғұрлым табысты және соғұрлым тәуекелділігі жоғары банктік бизнестің  бірі болып саналады және банктік  бизнес болып қана қоймай, мемлекеттің ақша-несие саясатын реттеудегі қолданылатын қаржы құралдарының бірі болып табылады. Несие портфелінің жедел өсімі несие тәуекелділігінің де артуына әкеліп отыр. Несие ұсыну барысындағы жіберген олқылықтар банктік жүйенің дамуына айтарлықтай кедергі болып, тіпті әлемдік тәжірибенің өзі дұрыс ұйымдастырылған тәуекел-менеджменті бар Leman Brothers Barings, Enron, WorldCom, Tyco сияқты ірі банктер мен басқа да корпорациялардың құлдырауына әкелді.

Банктер несие тәуекелділігінен сақтанудың сан алуан түрлерін қарастырып, тәжірибеде қолдануда, соның ішінде коммерциялық банктердің несие тәуекелділігін төмендету мен алдын алудың бірден-бір жолы - қарыз алушы тұлғаның төлем және несие қабілеттілігін дұрыс анықтау. Несие қабілеттілік кешегінің ескірген немесе бүгінгі күннің жаңадан шығарылған проблемасы емес, ол несие-қарыз операцияларының пайда болуымен туындады және несиелік қатынастар орындалған орынның барлығында қолданылып, үнемі жаңартумен, толықтыруды талап ететін іс деп санаймыз.

Бүгінгі күні Қазақстанның коммерциялық банктерінен алынатын таза кірістің шамамен 2/3 бөлігін несиелік операциялардан болатын кірістер құрайды. Несиелік операциялардың жүргізілуімен байланысты несие тәуекелділігі пайда болады. Тәуекелділік банктің қалыптасуының ажырамас бөлігі. Несие тәуекелділігі банк тәуекелділігінің бір түрі ретінде банктің үнемі назарда тұратын объектісі болып табылады. Несие тәуекелділігін банктік басқару менеджменттің дәстүрлі және классикалық қызметі.

Егер банк клиенттің несиелік қабілетіне неғұрлым терең талдау жасаса, банктің несиелік портфелінің сапасы соғұрлым жоғары болады. Әдетте клиенттің несиелік қабілетін анықтаудың келесідей үш түрлі маңызы бар:

1.     Несиелік тәуекелді мейлінше азайту.

2.     Несиелік портфелдің сапасын белгілі бір деңгейде ұстау.

3.     Банк өзінің өтімділігін демеп отыру.

Клиенттердің несиелік қабілетін анықтауға байланысты іс-қимыл әрекеттерінің мазмұны келесі негізгі факторлармен анықталады:

1.     Банк пен клиент арасындағы серіктестік қатынастардың қалыптасып, даму дәрежесі.

2.     Клиенттің қандай да бір болмасын бизнес саласындағы репутациясы.

3.     Экономидағы жалпы макроэкономикалық жағдай.

4.     Банк менеджментінің сапасы.

Осы аталған факторлар клиенттің несиелік қабілетін бағалау қажеттілігін де анықтайды. Әрбір коммерциялық банктерде жеке несиелік саясатқа байланысты клиенттің несиелік қабілетін анықтаудың өр түрлі амалдары, тәсілдері болуы мүмкін. Алайда, қазіргі кезде, клиенттің несиелік қабілетін анықтаудың әдіс-тәсілдері, жолдары көп жағдайларда клиенттің  өзінің экономикалық сипатымен байланысты. Міне осыған сәйкес қазіргі кездерде коммерциялық банктерде клиенттің несиелік қабілетін анықтаудың әдістері сол клиенттерді үш түрлі топқа бөлумен тығыз байланысты қалыптасқан:

1)     Ірі клиенттер.

2)     Орташа клиеттер.

3)     Шағын және кіші бизнес клиенттері.

Осылайша, клиенттерді топқа бөлу дәрежесіне сәйкес қарыз алушының несиелік қабілетін бағалаудың да үш түрлі әдісі бар:

1)     Несиелік қабілетті ақша ағынын сараптау арқылы бағалау.

2)     Несиелік қабілетті қаржы коэффициенттерін есептеп, талдау арқылы бағалау.

3)     Клиенттің іскерлік репутациясын бағалау аркылы оның несиелік қабілетін анықтау.

Сонымен қатар, несиелік қабілеттіліктің ең маңызды аспектілерінің бірі -алынған қарыздың материалдық жағынан қамтамасыз етілуі. Осылайша, несиелік қабілеттілікті қозғалмайтын мүлікке салынған капиталмен байланыстырады, яғни «Қозғалмайтын мүлік қарызды қайтарудың ең сенімді кепілі» [1, 161 б].

Қызмет көрсетіп отырған банк клиенттерге несие берген кезде мынадай корреспонденттік шоттар құрылады:

Дт 1411, 1417 «Клиенттерге берілген қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді қарыздар»

Кт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

2203 «Клиенттердің ағымдағы есепшоттары».

Мерзімді міндеттемелер бір мерзімде баланстан тыс шотқа келіп түседі – «Әр түрлі құндылықтар және құжаттар» (7339). Басқа банк қызмет көрсететін клиенттерге несие беру кезінде мынадай бухгалтерлік жазу жасалады:

Дт 1411 «Клиенттерге берілген қысқа мерзімді қарыздар»

1417 «Клиенттерге берілген ұзақ мерзімді қарыздар»

Кт 1050 «Банктердің корреспондеттік есепшоттары».

Клиенттерге шетел валютасымен несие берген кезде келесідей жазу жасалады:

Дт 1411, 1417 «Клиенттерге берілген қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді қарыздар»

Кт 1858 «Банктің шетел валютасы бойынша валюталық қысқа позциясы»

2858 «Банктің шетел валютасы бойынша валюталық ұзақ позициясы».

Сонымен бір уақытта теңгемен:

Дт 1859 «Шетел валютасының теңгемен көрсетілген қарсы құны (валюталық ұзақ позициясының)»

2859 «Шетел валютасының теңгемен көрсетілген қарсы құны (валюталық қысқа позициясының)»

Кт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

2203 «Клиенттердің ағымдағы есепшоттары»

1050 «Банктердің корреспондеттік есепшоттары».

Несиені қайтару кезінде өткізбелер керісінше жасалады. Теңгелей берген несиені қайтарған кезде:

Дт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

2203 «Клиенттердің ағымдағы есепшоттары»

1050 «Банктердің корреспондеттік есепшоттары»

Кт 1411 «Клиенттерге берілген қысқа мерзімді қарыздар»

 1417 «Клиенттерге берілген ұзақ мерзімді қарыздар».

Шетел валютасында берілген несиені қайтарғанда:

Дт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

2203 «Клиенттердің ағымдағы есепшоттары»

1050 «Банктердің корреспондеттік есепшоттары»

Кт 2858 «Банктің шетел валютасы бойынша валюталық ұзақ позициясы».

Бір уақытта теңгемен берілген:

Дт 1859 «Шетел валютасының теңгемен көрсетілген қарсы құны (валюталық ұзақ позициясының)»

2859 «Шетел валютасының теңгемен көрсетілген қарсы құны (валюталық қысқа позициясының)»

Кт 1411 «Клиенттерге берілген қысқа мерзімді қарыздар»

1417 «Клиенттерге берілген ұзақ мерзімді қарыздар».

Клиент қарыздың негізгі сомасын қайтармаған кезде, ол кешіктірілген қарыз деп есептелінеді:

Дт 1424 «Банк қарыздары бойынша клиенттердің мерзімі өткен берешегі»

Кт 1411 «Клиенттерге берілген қысқа мерзімді қарыздар»

1417 «Клиенттерге берілген ұзақ мерзімді қарыздар».

Болашақта клиент кешіктірілген қарыздарын төлеген кезде:

Дт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

2203 «Клиенттердің ағымдағы есепшоттары»

1050 «Банктердің корреспондеттік есепшоттары»

Кт 1424 «Банк қарыздары бойынша клиенттердің мерзімі өткен берешегі».

Егер клиенттің қаржылық жағдайы үмітсіз деп табылса, онда банк оның қарыздарына тосқауыл қояды.

Дт 1427 «Банк қарыздары бойынша клиенттердің оқшауланған берешегі»

Кт 1424 «Банк қарыздары бойынша клиенттердің мерзімі өткен берешегі».

Тосқауыл қойылған қарыз бойынша пайызды есептеу тоқтатылады.

Клиенттің тосқауыл қойылған берешегі қайтарылған кезде:

Дт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

2203 «Клиенттердің ағымдағы есепшоттары»

1050 «Банктердің корреспондеттік есепшоттары»

Кт 1424 «Банк қарыздары бойынша клиенттердің мерзімі өткен берешегі».

Жалпы клиенттің несиелік қабілеті түсінігі және оның төлем қабілеті түсінігі бірдей ұғым ретінде жиі анықталады. Бірақ олар ұқсас болғанымен де, олардың бір-бірінен едәуір айырмашылығы бар.

Төлем қабілеттілік дегеніміз - жеке және заңды тұлғаның берілген уақытта өзінің міндеттемелерін өтеу мүмкіншілігі мен қабілеті. Ал, несиелік қабілеттілік - бұл ссудалық қарызды өтеу мүмкіншілігі. Бұл жағынан келгенде, несиелік қабілеттілік түсінігі төлем қабілеттілігі ұғымына қарағанда айтарлықтай тар. Яғни, банк қарыз алушыға несие беру туралы дұрыс шешім қабылдау үшін тек қана оның несиелік қабілеттілігін анықтаса жеткілікті.

Ал енді қарыз алушының несиелік қабілеттілігіне әсер ететін факторларға тоқталып өтейік. Қарыз алушының несиелік қабілеттілігі көптеген факторларға тәуелді болып келеді. Әр фактор (банк үшін - тәуекел факторы) міндетті түрде бағаланып, есептелінуі керек. Сонымен қатар, несиелік қабілеттілік үшін әр фактордың өзіндік «салмағын» анықтау қажет. Әрине ол өте үлкен қиындықтармен ұштасып жатыр.

Қарыз алушының несиелік қабілеттілігін анықтайтын барлық факторлардың болашақтағы өзгеруін бағалау одан да күрделі болып келеді.

Несие беруші банк үшін қарыз алушының ссудалық карызын өтеу қабілеті болашақ кезеңге қатысты болған жағдайда ғана өте маңызды болып келеді. Ал, тәжірибеде негізінен қолданылатын несиелік қабілеттілікті анықтайтын барлық көрсеткіштер өткен кезеңге қатысты болғандықтан, олар клиенттің алдағы уақыттағы нәтижелерін дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Яғни, бұл көрсеткіштер өткен кезеңдегі мәліметтер бойынша есептелінеді. Мысалы, белгілі бір мерзім аралығындағы өнім айналымы туралы динамикалық мәліметтер берілмей, белгілі бір есеп беру кезеңіндегі қалдықтар жайлы мәліметтер беріледі. Бұл жалпы несиелік қабілеттілік көрсеткіштерінің мәні шектеулі екенін көрсетеді.

Сонымен бірге, несиелік қабілеттілікті анықтаудың тағы да бір қосымша күрделілігі - санмен өлшеуге және бағалауға болмайтын бірқатар факторлардың өмірде орын алуы. Бұндай факторларға, қарыз алушының репутациясын және оның моральдық тұстарын жатқызуға болады.

Осыған қоса, ссудалық қарыздың өтеу мүмкіншілігін сипаттайтын, көрсеткіштерді бұрмалап көрсететін инфляция да айтарлықтай қиындылық туғызады. Ол капиталдың айналымдылық көрсеткіштерімен, оның бөліктері -активтерге, негізгі капиталға және резервтік қорларға қатысты болып келеді.

Жалпы айтқанда, сандық және сапалық мәліметтерді жалпылап, қарыз алушының несиелік қабілеттілігін бірыңғай және синтетикалық бағалау мүмкін емес. Ол үшін маман аналиктердің сараптамалық талдау жасауы қажет.

Жалпы несиелік қабілеттілікті бағалау қарыз алушылардың ерекшеліктеріне, сондай-ақ нақты банк-кредитордың мақсаттарына байланысты болып келеді. Айта кеткен жөн, несиелік қабілеттілікті бағалаудың келесідей әдістері бар:

1)     Қаржылық коэффициенттерге талдау жасау арқылы бағалау.

2)     Ақша ағымына талдау жасау арқылы бағалау.

3)     Іскерлік тәуекелді талдау арқылы бағалау,

Бұл әдістер бірін-бірі әрқашанда толықтырып отырады. Сондықтан да, несиелік қабілеттілікті анықтау барысында, осы үш әдісті бірдей қолдану қажет.

Іскерлік тәуекелді талдау қарыз алушының келісім жасау барысында, тек қана бір ссудалық операцияға және сонымен байланысты ақша ағынына негізделініп талдау жасауға мүмкіндік берсе, ал қаржылық коэффициенттер жүйесі болашақтағы тәуекелді болжауға мүмкіндік береді. Қарыз алушының ақша ағымына талдау жалпы клиенттің несиелік қабілеттілігін бағалап қана қоймай, осының негізінде болашақтағы жаңа қарыздардың шекті мөлшерін көрсетеді. Сонымен бірге, кәсіпорынды басқарудың әлсіз жақтарын танытады.

Біздің ойымызша, «несиелік қабілеттілік» категориясының экономикалық маңызы - бұл несие алу мүмкіншілігі, алған несиені тиімді пайдалану және несиелік келісімнің шартына сәйкес қарызын берілген мерзімде және толық сомада өтеу қабілеті [2, 186 б].

Банк операцияларын басқару жалпы банк кірісін қамтамасыз ететін активтер жинағымен, банктік портфелімен байланысты тәуекелдерді басқару болып табылады. Банктік портфельдің негізгі бөлігін заңды және жеке тұлғаларға берілетін ссудалар құрайды. Демек, осы операциялармен байланысты тәуекел банктер үшін ерекше маңызды болып келеді.

Сонымен қатар, карыз алушының қаржылық тұрақтылығы да несиелік тәуекелді бағалаудың негізгі көрсеткіші болып табылады. Қаржылық жағдайды талдау - банкроттықты болдырмаудың ең басты элементі.

Біздің ойымызша, қарыз алушының қаржылық жағдайы және несиелік тәуекел арасында кері пропорционалды функционалдық байланыс бар. Яғни, неғұрлым қарыз алушының қаржылық тұрақтылығы өссе, соғұрлым несиелік тәуекелдің дәрежесі азаяды.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1) Міржақыпова С.Т. Банктегі бухгалтерлік есеп. Оқулық. – Алматы: Экономика, 2004. – 710 бет.

2) Бименова А.Ә. Банктегі бухгалтерлік есеп. Оқу құралы. – Астана: Фолиант,т 2010, 192 бет.

3)  А.К.Нурпейсова. ҚР-да банктік жүйенің дамуы. Алматы, «LEM» баспасы, 2011 жыл.