Қазақ хандығы мен
мемлекеттілігі хақындағы
қарсы пікірлерге уәждер
БОРАШ Баян Тәліпұлы,
Қ.Жұбанов атындағы АқӨМУ профессоры
Қазақ
халқының еркіндікке қол жеткізіп, тәуелсіз
Қазақстан Республикасының 25 жылдығы
қарсаңында қазақ жерінде бұрын мемлекеттік
құрылым болды ма деген мәселе ғалымдар, саясаткерлер
арасында соңғы кезге дейін тартысты күйде болып келді.
Үкіметіміздің 2015 жылы Қазақ хандығының
(мемлекеттілігінің) 550 жылдығын атап өту туралы шешімі осы
алып қашпа сөздерге нүкте қойды деуге болады.
Бірақ кеңес кезіндегі үстем болған қасаң
ой-пікірлер мен жаңаша еркіндік жағдайындағы
тұжырымдардың үйлесім табуы оңай шаруа емес екен.
Осыдан барып бұрынғыдан әлдеқайда қатары
көбейген заң, құқық қорғаушы,
тарихшы мамандармен қатар, әдебиетші және де басқа
зиялы қауым өкілдерінен тұратын зерттеушілер арасында
бұл мәселе турасында сан түрлі пікірлер, ал жинақтап
айтсақ, негізінен бір-біріне қарама қарсы екі түрлі
көзқарастың барын байқаймыз. Бұлардың біріншісі
– қазақ мемлекеттігі дегенді өткен замандағысы болсын,
қазіргісі мен болашағы болсын мүлдем қабылдай алмайтын
пікірлер болса, екіншілері – қазақ мемлекеттігінің
көне заманнан бергі ұзақ тарихы барын алға тартып,
болашағына сеніммен қарайтындар. Тарихшы-саясаткер
Б.Ермұқанов пікірінше «олардың аражігін этникалық
фактор ажыратып тұр» дей келіп, қазақтардың
мемлекеттігіне қарсы пікір айтатындар «орыс авторлары» екендігін жазады.
Бірақ осындағы «этникалық фактор», «орыс авторлары»
дегендердің біршама негізі болғанмен толық келісу қиын,
себебі бұл пікірді қолдаушылар арасында ұлты
қазақ авторлардың (Масанов, Әміреқұлов
және т.б.) барын және олардың пікір-пайым
әсірешілдігінің ұлты орыс авторларынан асып түспесе кем
түспейтіндігін, ал екінші пікірге қосылушылар арасында
К.А.Пищулина, С.М.Кляшторный сияқты қазақтан басқа
ұлт өкілдері де барын айта кету керек. Турасына келсек әлгі
терминдер орнына «орыс тілді авторлар», немесе қазақ
мемлекеттілігіне екі көзқарас арасындағы «еуроцентристік
фактор» деген дұрыстау болар.
Екі жақтың
да барынша деректерді мол келтіріп, өз дәйектеріне ғылыми
сипат беруге тырысқан. Дегенмен қарсы пікір айтушылардың,
әсіресе қазақтардың мемлекеттігі мәселесіне
дегенде Ресей қоғам қайраткерлері мен тарихшы
ғалымдарының пікір-пайымдауларында империялық,
ұлыдержавалық шовинизмнің, кеңестік идеологиялық
ұстанымының құлағы қылтиып
көрініп-ақ тұрады, сондықтан ақиқаттан
алшақтап, жалаң сезім, идеологиялық ұранға бой
алдырып алатын кездері баршылық. Бұл әсіресе олардың
қазақ халқының бүгінгі және
бұрынғы мемлекеттігіне баға беру кезінде анық аңғарылады.
Қазақстан
өз егемендігі туралы декларациясын (1990) қабылдап, жылға
жетпей тәуелсіз Қазақстан Респуликасын
құруы-ақ мұң екен Ресейден
қазақтың мемлекеттігіне тыжырына қараған, ондай
мемлекетті еш танығысы келмейтіндігін білдірген нағыз көп
дауысты айқай-шу толқыны көтерілді. Олардың
алдыңғы қатарында қазақтың асын «ішіп,
аяғын тепкен» саясатшы В.Жириновский, жазушы А.Солженицын болса,
бұл топ қатарында 1986 жылы Алматыдағы
желтоқсандағы көтерілістің шығуына себепші
болғандардың бірі, қазақтың өз елін
өзі басқара алатындығына шүбә келтірген бас хатшы
М.Горбачев және де белгілі тарихшылар В.Козлов пен В.Моисеевтер болды.
Мәселен, Козлов Қазақстандағы ұлттық
мемлекеттіктің өзін заңға қайшы деп бөсті
(«История СССР», 1990, № 1). Солженицын болса «Комсомольская правда» газетінде
(18.08.1990) «қазақтардың қойының
тұяғы тиген жерді менікі дегеніне иланып, коммунистер
Қазақстанды ақылға симайтындай далитып жіберген» деп
жазды. Горбачев жалпы кеңестік Одақтағы соңғы
болған оқиғаларды бытыстырып, Хрущевтің Қырымды
Украинаға бергенін, керісінше Қазақстанның
солтүстік бес облысын Ресейге алып бермекші болғанын шатастырып,
Қазақстанға Ресейдің бес облысы берілді деп
көкігені есімізде бар. Сол кездегі бұрынғы кеңестік
аймақтағы ірі саяси-экономикалық зерттеу орталықтарының
бірі – Ресей стратегиялық зерттеулер институты 1995 жылы басылып
шыққан «Қазақстан: тәуелсіз дамудың
қазіргісі мен келешегі» атты кітабында «Қазақстанның
20-30 жылдары мемлекет ретінде қалыптасуы тұтас алғанда
жасанды сипатқа ие болып, аймақта қалыптасқан тарихи,
этникалық және жағрапиялық ерекшеліктерге сай келген
жоқ» – деп, айды аспанға бір шығарды. («Аргументы и факты»,
1966, № 6).
Біз пікірлерін келтіріп
отырғандардың қай-қайсысы да
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанын
ашық жаны сүймейтіндердің сөзі екендігі
көрініп-ақ тұр. Біреуі қазақтардың
мемлекеттігін кеңес реcпубликасы түрінде ғана мойындап,
екіншілері мұндай мемлекет құрудың идеясы мен тәжірибесін
жалпы жоққа шығаруын терең талдау негізінде емес,
бұрынғы «ашса алақанында, жұмса жұдырығындағы»
елдің, оның халқының «қапелімде» егемендік алып,
уыстан шығып бара жатқанына және ыдыраған
кеңестік Одаққа жаны күйген саясаткер ретінде айтып
отырғандығы түсінікті. Сондықтан олардың
ашық айтылған қыңыр сөздерін талдап жатудың
да қажеті шамалы болар. Ал енді осы орайда,
Қазақстанның ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы
тарихы жөніндегі белгілі маман ретінде В.А.Моисеев Қазақстан тарихын әріден
қозғап, Қазақ мемлекеттігінің түптен
«шикілігін» «ғылыми негіздеп» бағады. Ресейге
қосылуының бастапқы кезеңіндегі қазақтардың
мемлекттігі мәселесін зерттей келіп, мынадай тұжырым жасайды: «ол
тұстағы қазақ қоғамы өзінің
саяси даму үрдісінде әскери демократия деңгейінде тұрған
еді, қазақтардың саяси құрылымының
мемлекетке дейінгі сипаты тұрақты армиясының
жоқтығынан-ақ көрінеді, қазақтарда ерте
феодалдық мемлекет болған деген түсінік сын көтермейді,
қазақ хандығы – бастан-аяқ шартты ұғым… дей
келіп, бұл хандық мемлекеттікке ұласа келіп, оны
құруға қабілеті жоқ ру-тайпалық
құрылымдардың әлжуаз одағы ғана, оның
өзінде де көшпелі шаруашылықтың ішкі табиғатынан
туып отыр, ол…Сондықтан экономикалық және мәдени
тұрғыдан дамыған халықтардың сырттай серпіні
болмаса немесе олар жаулап алмаса дербес тұрлаулы мемлекет
құра алмайды», – деп жазды.
Бірақ
Моисеевтің бұндай ғылыми
тұжырымдарының астарынан да әлгі саясаткерлер
қыжылымен үндес сарын айқын байқалып, көшпелілер
дамыған халықтар (орыстар) «жаулап алмаса» өздігінен мемлекет
құруға қабілетсіз
деген отаршылық пиғылын ашық жайып салып отыр.
Дегенмен бұл ғалым мырзаның пікірлерін ой елегіне салып жауап
беріп көрейік. Біріншіден, Моисеевтің қазақтарда ерте феодалдық мемлекет болмады деуі шындыққа үйлеспейді. Қазақстан териториясында ежелгі
және орта ғасырларда өмір сүрген империяларды, қағанаттарды,
мемлекеттерді мекендеген түркі тайпалары мен ұлыстарының
көпшілігі қазақтардың тікелей ата-бабалары
болғандығы тарихтан белгілі. Оның бергі жағында
Қазақ хандығы Алтын Орда мен Ақ Орданың мемлекеттік
дәстүрлерін толық қабылдаған құрылым
деп айтуға болады. Мұны Шыңғыс әулетінің
бұларды мұрагерлікпен басқаруы-ақ дәлелдеп
тұр. Екіншіден, бұл мемлекеттердің басым
көпшілігі көшпелі түрік тайпаларының мемлекеті
болғандықтан (Ғұн, Түрік, Үйсін,
Түркеш, Ақ Орда), осы тарихи фактының өзі В.Моисеевтің
көшпенділер, көшпелі
қоғам мемлекет құруға қабілетсіз деген
тұжырымының түкке
тұрғысыздығын көрсетеді. Бұнысы
автордың тарихи үрдістерді түсіндіруге формациялық
тұрғыдан келген қасаң қағидалардан
туындайтын тұжырым. Ал бұл теорияның капитализмге дейінгі үш
формациядан: алғашқы қауымдық, құл иеленушілік
және феодалдық кезеңдерге деген көзқарастан
туғаны белгілі. Ал өндірістің азиялық тәсілі,
саяси қондырғысын қоса алғандағы шығыс
деспотизмі де, көшпелі қоғам да бұған
тәуелді емес. Олар бұл тарихи үрдістен тыс. Егер маркстік
социализмнің еуроцентризм идеяларының ықпалынан туғанын
ескерсек, формациялық
көзқарастық өзі бастан-аяқ Еуропа тәжрибесіне негізделген. Яғни,
Азия елдері бұл тарихтан тыс қалған. Айтқандай, тарихи
және тарихтан тыс халықтар жөніндегі Гегель идеясы
еуроцентризм теориясының іргетасы емес пе еді.
Көшпенділік,
көшпелі қоғам өзінің экономикалық базисімен
және саяси қондырмасымен бірге ешкімге ұқсамайтын
көшпелі өркениет бола отырып, марксизмнің формациялық
теориясының өлшеп-пішкен тар аясына сыймады. Ал ол теория
кеңес қоғамтануында жеке дара билік құрып келгені
және белгілі. Қазір маркстік социологияның бесаспап
жан-жақтылығының өзі асыра сілтеу екені
айқындалып отыр. Көптеген зерттеушілер бүгінде, әділ атап
көрсетіп отырғандай, көшпелі қоғам
мәселелері өркениетті көзқарас тұрғысынан ойдағыдай
шешілері күмән туғызбайды. Оны 1990 жылы ЮНЕСКО-ның екі
айға созылған ауқымды экспедициясының сапарының
аяқталуына байланысты Алматыда өткен «Жібек жолдағы
көшпелі және отырықшы елдер мәдениетінің
өзара ықпалы» атты халықаралық семинарында 60-қа жуық
ғалымдар ортасында жан-жақты талқыланып, семинардың
қорытындысы бойынша болған баспасөз конференциясында
экспедицияның ғылыми жетекшісі профессор Ахмет Дани ғалымдар
атынан «Енді бүкіл әлем көшпенділердің өзіндік
өркениеті болғанын білетін болады, менің әріптестерім
бұл тарихи ақиқатты әлем жұртшылығына
жеткізеді» – деп тыңдаушыларды сендірген болатын.
Үшіншіден,
Моисеевтің «қазақтардың
саяси құрылымының мемлекетке дейінгі сипаты барлығын
оның тұрақты армиясының жоқтығынан-ақ
көрінеді» деуі еуроцентристік
көзқарастан туындаған тұжырым. Сонау
хұндардан келе жатқан дәстүр бойынша көшпелілер
мемлекттілігінің өзіндік ерекшелігін мемлекеттің күштеу
органдарының құрылымынан байқауға болады.
Мәселен, оларда тұрақты армия болмаған, бірақ оны
жаппай әскери міндеттілік (халық жасағы) алмастырды. Сол
сияқты олардың сайланатын шенеуніктері мен қазылары,
полициясы мен түрмесі де болмаған. Ақсүйектер мен
қарапайым көшпенділердің арасында мүліктік
алшақтық тым терең болмай, қарапайым
қоғамдық қатынастар өріс алған. Ал мұндай
мүліктік айырмашылық мол болған жағдайда Еуропа
мемлекеттері сияқты қуатты жазалау және атқару
органдарын ұстау қажет болар еді.
Л.Н. Гумилев
көшпелілердің мемлекеттілігі жөнінде сөз
қозғағанда, «жаппай әскери міндеттілік тайпаларды
тұтастырып, рулық құрылыстың ыдырауына жол
бермей, оны сан ғасыр бойы сақтап қалуға жағдай
жасаған» рөлін ерекше атаған болатын.
Өзінің
негізгі ұстанымдары бойынша хұн мемлекеттілігі еуразия
көшпенділерінің мемлекеттік құрылымдары үшін
әмбебап үлгі болды. Қазақ мемлекеттілігі де міне, осы
үлгіден арна тартады. Ол рулық құрылысты, рулық
қарым-қатынасты мемлекеттің
әлеуметтік-экономикалық және саяси базисі ретінде
сақтаған хандық биліктің үстемдік
құруынан көрінеді. Сондай-ақ халық жасағы
ретіндегі әскердің міндеті де айқын болды.
Төртіншіден, оның
ХҮІІІ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы әскери демократиялық
құрылым деңгейінде еді дегені де қате. Бұл б.д.д. ҮІІІ – ІІІ
ғасырлардағы көшпенділер – сақтар мен
саураматтарға тән алғашқы қауымдық
құрылыстың ыдырау жағдайындағы әскери
көсемдердің билік жүйесі екенін ұмытпауымыз керек.
Еуразия көшпенділері өз мемлекеттілігін өз
мүмкіндіктерін ескере отырып, тәуелсіздігін сақтап
қалатындай қажеттіліктер арнасында құрған. Дала
дәстүріне орай хан көтеру мемлекеттің
құрылуын білдірген. Өйткені хан (шаньюй, қаған,
ябгу, сұлтан) жай ғана символ емес, мемлекттіліктің
нақтылы саяси-құқықтық жүзеге
асуының кепілі саналған. Қазақстан Республикасының
екінші Конституциясы осы ретте Президентті мемлекттік биліктің бейнесі
және кепілі деп жариялауы дәстүрлі хан билігінің
мәнін еске түсіреді.
Қазақтың
мемлекеттігіне сырт айналған кейбір ресейлік теріс
көзқарасқа өз ішімізден де үн
қосқандар аз болған жоқ. Қазақтың
өз билігі өзіне тигенге жаны қас, әсіре демократ
П.Своиктің сөзіне қарағанда, Қазақстан тек
кеңестік қана құрылым болып табылады, оның
мемлекеттік дербестікке деген объективті алғы шарттары отырықшы
болған Татарстаннан да аз көрінеді. Оның пікірінше,
«көшпенділік қоғам материалдық та, мәдени де
құндылықтар жасауға шынтуайттап келгенде жарамайды»
(«Караван», 20. 03. 1998).
Өз ұлтына
болмасын дейтіндердің алдын бермейтін Н.Масанов
та көшпенділер туралы зерттеуінің арқауын
«көшпенділерде мемлекет болған емес» деген қорытынды
айналасында «жасап шығарады». Бірақ
«жаңалықтарының» бәрі алдыңғы Моисеев қағидаларымен
үндескен, Солженицын, Своиктердің айтқандарын теориялық
негіздеуге ғана бағытталған. Турасын айтсақ ол
теорияның еш жаңалығы жоқ, бір кездегі батыс
ғалымдарының бұрыннан айтылып, әбден қасаң
болған «көшпенділер жатып ішерлер (были «трутнями человечества»)
болған деген» әңгімесін қайталаған.
Кейіннен өзімен
пікірлес бір топ тарихшылармен бірге дайындаған «История Казахстана:
народы и культуры» деп аталатын кітабында (2001 ж.) әлгі ойын
жалғастыра түсіп: «С самого начала своего выхода на авансцену истории
тюркоязычные народы никогда не являлись однородной и интегрированной группой
племен. Тем более они никогда не осозновали своего единства. Они были сильно
дифференцированы как по хозяйственно-культурным признакам, так и по языку и
этническому происхождению» [4, 35] дей келіп, одан әрі көшпенділер туралы
«...само кочевничество настолько не обременено материальной инфраструктурой,
что почти не оставило каких-либо памятников культуры и вещественных
свидетельств своих деяний. Вследствие этого, не обладая фундаментальной
источниковой базой (ни письменными источниками, ни археологическими данными),
мы не можем в полной мере проследить их историю и культуру» [4, 33] дейді. Ал Л.Н.Гумилев болса: «...Тюрки не
только играли роль посредников, но и одновременно развивали собственную
культуру, которую они считали возможным противопоставить культуре Китая, и
Ирана, и Византии, и Индии. Это особенная степная культура имела древние
традиции, глубокие корни...» деген, бірақ оны Масанов
көрмеген де, оқымаған да сыңай танытады.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда
көрересің» демекші Масанов «Время» газетіне берген «ВсеМИФная
история» атты сұхбатында қазақ тарихын одан сайын жерлей
түсіп: «Если я к чему-то и призываю, так это к отказу от мифов. Например,
от мифа о «древних» традициях сильной государственной власти или о
существовании на территории Казахстана некоей двуединой «степной цивилизации» –
этакого симбиозного гибрида кочевого скотоводства и оседлого земледелия. На
волне этих мифов написаны многие учебники, по которым последние 10 лет учат
историю Казахстана в школах и вузах» дейді де оны: «...никакого «древнего»
кочевого государства на нынешней территории Казахстана никогда не было. Предки
казахов всегда были кочевниками, не знавшими институтов государственности» деп «айды
аспанға бір шығарады».
Енді Масановтың
көп жағдайда Моисеевпен
үндесіп жатқан пайымдауларының жібі бос екендігіне
уәж келтіріп көрейік. Біріншіден, Масановтың «никакого
«древнего» кочевого государства на нынешней территории Казахстана никогда не
было» [] дегеніне көшпенділердің арғы
сақ-ғұн-үйсін мелекеттерін айтпағанда аса
қуатты Түрік қағанаты империясы, Батыс Түрік,
Түркеш, Қарахан сияқты ортағасырлық
мемлекеттердің құрылып, өмір сүргенін
айтсақ та жеткілікті. Екіншіден,
«С самого начала своего выхода на
авансцену истории тюркоязычные народы никогда не являлись однородной... Они
были сильно дифференцированы как по хозяйственно-культурным признакам, так и по
языку и этническому происхождению» деген тұжырымның негізі
тайыз. Көне еуропалық, Үнді, Қытай мемлекеттері де
іштей сан тайпаларға бөлінгені, мемлекеттік құрылым
арқылы ортақ тіл, мәдениет қалыптастырғаны
тарихтан белгілі. Түркі мемлекеттері де іштей
ру-тайпалықтарға бөлінгенімен, жер ыңғайына
қарай мал өсірумен айналысып немесе мал және егін шаруашылығын
араластыра жүргізіп, біріңғай түркілік
мәдени-этникалық белгілері мен ортақ түркі тілін
қалыптастырған. ХІІ ғасырдағы ұлы түрік
ғұламасы Махмұд Қашқари түріктің сол
ортақ тілінің көп томдық «Диуани лұғат-ит
түрк» сөздігін құрастырып, әлемге түркілердің
ортақ тілін, мәдени, салт-ғұрып үлгілерін танытты
емес пе? Үшіншіден, «кочевничество...
не оставило каких-либо памятников культуры и вещественных свидетельств своих
деяний» дегені барып тұрған жала.
Көшпелі түріктердің мол рухани мұрасы туралы сонау грек
тарихшысы Геродоттан, көшпелі түріктердің
қалдырған теңдесі жоқ мәдени мұрасы,
оның заттай куәсі: әрідегі жылқыны үйретіп мінуі,
үзеңгіні, доғалақты ойлап табуы; одан берідегі Орхон
ескерткіштері, руна жазуы және т.б. мәдени
құдылықтар туралы батыс, орыс, қытай зерттеушілері
жазбаларындағы әлгі сөздердің түкке
тұрғысыздығын дәлелдейді. Төртіншіден,
Масановтың үлкен мысқылмен «отказаться от мифа о существовании на территории Казахстана некоей
двуединой «степной цивилизации» –
этакого симбиозного гибрида кочевого скотоводства и оседлого земледелия»
деген мысқылына соңғы кездері Қазақстанның
әр аймағынан табылып жатқан көшпелілердің
озық мәдениеті туралы археологиялық қазбалар
нәтижелері: үш алтын адам, бұрынғы
оңтүстіктегі қалалардан басқа қазақ
жерінің батысынан, орталығынан, шығысынан табылып
жатқан қалалар орны далалық өркениеттің
көшпелі мәденитімен қатар, қалалық
мәдениетінің болғаны қиял (миф) емес, реалды
өмірде екенін, олардың бірін бірі толықтыра қатар
өмір сүргеніне дәлелді жауап болары сөзсіз. Сонымен
қатар Т.С.Жұмағамбетовтің көптеген батыс, орыс
тарихшылары мен құқық қорғаушыларының
еңбектеріне және деректеріне сүйеніп: «Современными
исследованиями доказано, что чистых кочевников, кочующих по неустойчивым
маршрутам, не существует. Подавляюшее количество номадов – это т.н.
«полукочевники», которые передвигаются по замкнутому маршруту, имеют
своеобразные земельные отношения с сочетанием частной и родовой собственности
на пастбища, имеют сопутствующие хозяйственные уклады в виде внесемейного ремесла,
охоты, богарного земледелия скотоводов и т.д., а также тесные
торгово-экономические отношения и связи с населением оседлой,
контактно-маргинальной зоны» – деген пайымдауы әлгі ойды негіздей
түседі. Ал
Ә.Х.Марғұланның дереккөздері мен материалдары,
мәселен, қыпшақ қоғамында көшпелі
және жартылай көшпелі шаруашылық түрлерімен бірге
егіншіліктің, қалалық мәдениеттің
болғандығына көз жеткізеді. Қазба жұмыстары
кезінде қолөнермен айналысқан жұрты бар елді
мекендердің, шағын қалалардың, өзіндік
қалалық орталыққа ұқсаған
тұрақтардың да
далалық аймақта көптеп қоныс тепкендігі
дәлелденді. Кезінде Ә.Марғұлан қазіргі Астана
қаласының шеңберінде
орналасқан орта ғасырлық Ақжол (Бозық) қалашығы туралы жазған
болатын. Осындай зерттеулердің негізінде ХІҮ ғасырдың
алғашқы жартысында жасалған шағатайлық
теңгенің Нұра өзені жанынан қыпшақ адамы
жерленген моладан табылғандығы нақты дерекке айналды. Бесіншіден,
«миф о «древних» традициях сильной
государственной власти» деп кекетуінің де орынсыз екендігін
ҮІ-ҮІІІ ғасырлардағы Түрік
қағанатының құрылымы, қазақ
мемлекеттігінің басы деп қытай тарихшылары дәлелдеп
жазылған ХІІ ғасырдағы Түркеш хандығы, оларды тым
ертедегі деп көнесінсе, одан берідегі ыдыраған Алтын Орданың
шығысында шаңырақ көтерген негізгі халқы
«қазақ» атанған Ақ Орда мемлекеті, ХҮ-ХҮІІ
ғасырлардағы «Қасым ханның қасқа жолы»
түріндегі құқықтық жарғысы, жер
иелігі аймағы, негізгі ұлты, «үш жүз мыңдық
әскер шығара алатын, миллион халқы барлығы» тарихи
шежірелерде жазылған ішкі, сыртқы құрылым институттары
айқын Қасым хан хандығы, немесе көшпелі далалық
аймағы мен, отырықшы, егіншілігі, қолөнері қатар
дамыған, астанасы Түркістанда орын тепкен, ішкі ел билеу
жүйесі «Есім салған ескі жол» жарғысында жүйеленген
Есім хан тұсындағы Қазақ хандығында ежелден
жалғасқан күшті мемлекеттік билік дәстүрлі
жалғасын тапқанын айтсақ та жеткілікті болар. Алтыншыдан,
Масановтың қазақ
қоғамының жүзге, руға іштей бөлінісі туралы
айтқандарына қайта оралып, оның тарихта талай орын
алғандай кейбір жағдайларда елдің ыдырауына әсері болатынын
жоққа шығармай, бірақ оны соншама ұшындырып
көрсететіндей құбыжық еместігін айта кету керек. Ішкі
құрылымы қазақтан басқа қай мемлекетті
алмайық, қайсыбір кезеңдерде, жағдайларда
әртүрлі себептерден оларда да ауызбіршілік болмай ыдырауға
түсетін кездері жиі кездеседі.
Гумилев қазақтың жүздері мен рулары туралы
масановшылдық көзқарастан тіпті басқа пікірі бар. Ол:
«...у народов с родо-племенным устройством... эти внутриэтнические единицы
необходимы для поддержания самого этнического единства. Путем разделения на
группы регулируются отношения как отдельных особей к этносу в целом, так и
родовых и семейных коллективов между собой. Между прочим, только этим способом
вводится и сохраняется экзогамия, предотвращая кровосмесительные браки.
Представители родов выражают волю своих соплеменников на народных собраниях и
создают устойчивые союзы родов для ведения внешних войн, как оборонительных,
так и наступательных» деп, ру-тайпалық ерекшеліктің
жасампаздық жағын көре білген. Жетіншіден, Масанов
қағидаларынан өз халқының ұлт болып,
республика халқына ұйтқы болатынына сенбестігінен туған
«қазақстандық
ұлт» идеясын ұсынуы, соңғы кезде кейбір лауазымды
басшылар қолдағанмен жалпы Қазақстан халқы
қолдай қоймағандықтан жөнінде қалатын
идеялардың бірі болғалы тұр.
Қазақ
мемлекеттілігіне байланысты қанша қарсы оппозициялық пікірлер
көлденең тартылып, оны қанша жоққа
шығаруға тырысқанымен, қазақ мемлекеттілігі –
тарихи шындық болып қала бермекші. Бартольдтің «қазақтар
ХҮІ ғасырдың басында өз хандары бар
құдіретті халық болып, өз тайпаластарын уысында
ұстап, Самарқан мен Бұхарды билеп тұрды» дейтіні
тегін айтылмаған болар.
Қазақ
мемлекеттілігі Ақ Орданың құрылуынан бастап (ХІҮ
ғ.), патша өкіметінің хандық билікті жойғанына
дейін (ХІХ ғ.) бес жарым ғасырдай өмір сүрді. Арада бір
жарым ғасыр өтіп барып, қазақ мемлекеттілігі
көптеген шектеулерден тұратын формальді түрде болса да тек
Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ғана
мүмкін болды. Аты аталған тарихшылар мемлекеттілік
тұрғысындағы барлық теориялық білімділігін,
мысқылы мен кекесінін сол «Қазақ ССР» атты
қуыршақ мемлекеттілікті сынауға жұмсағанда
дұрыс болар еді. Ал шын мәніндегі толыққанды
мемлекеттікке тек екі ғасырдан астам уақыт өткеннен кейін
Қазақстан Республикасы құрылуы арқасында
ғана қол жеткіздік.
Тарихшы
Б.Ермұқановтың қазақ мемлекеттілігі туралы: «Дала
өркениетінің құрамды бөлігі болып табылатын
дәстүрлі қазақ қоғамында биліктің екі
түрі: саяси және потестарлы жүйесі орын алғандығы
қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму тамырлары
тереңде жатқанын байқатады. ХҮ-ХҮІІІ
ғасырлардағы қазақ хандығы мемлекеттің
далалық дәстүрлерін бойына жинақтаған
иерархиялық әлеуметтік-саяси құрылым болып табылады»
деген тұжырымымен келісу орынды болып көрінеді.
Келтірілген деректер,
мәліметтер, тұжырымдар қазақ жерінде қандай атаумен
(Сақ, Ғұн патшалығы, Түрік, Батыс түрік
қағанаттығы, Алтын Орда, Қазақ хандығы)
болса да мемлекеттіліктің қай заманда да болғаны
Елбасының «Мәңгілік ел» идеясына – тұрақты
мемлекеттіліктің ел бірлігі арқасында бола беретін
тұжырымдамасымен толық үйлесетіндігін көрсетеді.
Қазақ хандығы сол тізбектің бір буыны ғана.
Әдебиет
1. Козлов В. О национальной
государственности в Казахстане. «История СССР», 1990, № 1.
2. Моисеев В.А. О некоторых
вопросах истории Казахстана в ХҮІІ-ХҮІІІ веках. «Восток», № 5, 1995.
3. Масанов Н.Э.,
Абылхожин Ж.Б., Ерофеева И.В., Алексеенко А.Н., Барато-ва Г.С. История
Казахстана: народы и культуры. А., «Дайк-Пресс», 2001.
4. Масанов Н.
Көшпенділерде мемлекет болған емес. «Алтын Орда» газ., № 42, 22.10.2004, 4-5 бб.
5. Б.Ермұқанов.
Қазақстан: тарихи-публицистикалық көзқарас.
Алматы, «Ғылым», 2000, 165-169
6. Назарбаев Н.
«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір
болашақ». Қазақстан халқына жолдауы. «Егемен
Қазақстан», 11.10.2013.