Асан Қайғы поэзиясындағы Жәнібек хан тұлғасы

 

БОРАШ Баян Тәліпұлы,

Қ.Жұбанов атындағы АқӨМУ профессоры

                      

        

          Жәнібек Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалап, ол өлгеннен кейін ел билеген қазақтың алғашқы хандарының бірі. Жәнібек ханның тұсында Қазақ хандығы жеке ел болды. Оның артында тоғыз ұл қалып, ұрпағы ХІХ ғасырға дейін Қазақ хандығын билеп келді.

Жәнібек қазақ әдебиетінде, әсіресе қазақ фольклорында едәуір орын алған хан. Жәнібек туралы ауыз әдебиетінде Жиренше мен Қарашаш туралы әңгімелерде, Асан Қайғыға, Қожанасырға байланысты аңыздарда жиі ауызға алынады. Ол әлгі аталған қазақ фольклорының белгілі адамдарымен бірге біраз шешендік сөздердің де кейіпкері.

Фольклор және жазба әдебиетімен қатар Жәнібек хан турасында ақын-жырау поэзисында, негізінен оның бейнесі Асан толғауларында жырланған. Асан Қайғы Сәбитұлы «ХІҮ ғасырдың аяғы мен ХҮ ғасырдың басы аралығында өмір сүрген  қоғам қайраткері, ақын, жырау, би». Асан Қайғы қазақ халқының басын құрап, іргелі ел етпек болған Керей, Жәнібек сұлтандарды қолдап, солардың  ақылшысы болған. Жәнібек ханның тұсында Асан әбден қартайып, тоқсаннан асса да жырау туралы деректер мен халық әңгімелерінің бәрінде оны осы Жәнібек құрған жас хандықтың мұңын мұңдап, сол хандыққа қараған қазақ елінің жоғын жоқтаған жырау ретінде көрсетіледі.

         Асанның «Жәнібекке айтқаны» деп аталатын 33 жолдан тұратын толғауы Әлкей Марғұлан материалдарынан алынып, Х.Сүйіншәлиев әзірлеуімен алғаш «Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты 1967 жылы жарық көрген жинаққа енгізілген. Кейін 1989 жылы М.Мағауин мен М.Байділдаев  құрастыруымен шыққан «Бес ғасыр жырлайды» жинағының бірінші томына бұл толғаудың он бір жолы қысқартылып, жаңадан он алты жол қосылып, барлығы 39 жол болып, бұрынғы атауы алынып тасталғандықтан шартты түрде «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің...» деген алғашқы жолының атауымен жаңа нұсқасы енгізілді.

 Толғаудың бізге жеткенше жинаушылар қолында, әр басылымдарда шашылған бөліктері соңғы нұсқасында бас аяғы жинақталып, композициялық құрылысы жағынан әрқайсысы ханға деген ренішті, белгілі бір ойды білдіретін, «Мұны (оны) неге білмейсің?!» деген рефренмен аяқталатын жеті тирададан және  жыр соңындағы қорытынды бөліктен тұратын, біршама қалыпқа түскен сыңайы бар. Дегенмен әлде де үш бөлігі ішіндегі ой қайталанып, не бірінің ішіндегісі екіншісінде араласып жатады.  

Асан Қайғының бұл көлемді толғауында жалпы алғанда халық пен хан арасындағы қарым-қатынас, мемлекеттік, елдік мєселелер, ханның іс-әрекеттері негізінен жыраудың осы мәселелерге жеке көзқарасы арқылы сөз болады. Сондықтан жырда бір жақты көзқарас, субъективизм едәуір орын алатыны аңғарылады. Жоғарыда айтылғандай, Асан Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп дербес қазақ хандығын құру стратегиясына қарсы емес сияқты, бірақ осы үлкен мақсатты орындауда Жәнібек пен Асан арасында келіспеушіліктер, соған байланысты Асан толғауларында ханға бағытталған сын көп. Енді біз  оқулықтардағы, зерттеулердегі дайын асты жұта бермей Асан сындарына да сын көзбен қарап ақиқатын ашып, кейбір қалыптасқан шаблоннан кетіп, жаңаша тұжырым жасап көрейік.

Алдымен алғашқы тирададағы жырау сынын қабылдауға болатындай. Шындығында жаңадан ғана шаңырақ көтеріп отырған мемлекеттің шаш етектен шешілмеген істері, жырда көрсетілгендей айнала аңдыған жауы, «Шабылып жатқан халқы...» тұрғанда оларды «көздеп көрмей» сауық-сайранға салынып, «қымыз ішіп кызаруы» сияқты бейқам жүріске барып, уақытын бос өткізуі, әрине, елбасының үлкен кемшілігі. Оның үстіне ел билеп отырған, халық әр басқан қадамын аңдып отырған басшыға «Мастанып, қызып терлеп, Елеуреп сөйлеу», тіпті әдептен озған жарастықсыз іс.

Екінші, бесінші, алтыншы тирададаларындағы Жәнібек ханның қорған, қала салуға байланысты айтқан Жәнібектің орыс шеберлерін алдырып, кәуірге қала салдырғанын жырау айып көреді. Өйткені, біріншіден, оны ертең қайтып «Артыңды алар орыс кеп»,  сондықтан бұл «Қорған салған бейнетің» бос әурешілік болды, «Ақылды белден шалдырдың», – деп, бұндай іске бармауға шақырады. Екіншіден, ол көшпелілердің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қатаң сақтауды қалайтын идеологі ретінде қала, қорған салу отырықшылыққа бастайтын жол, ал ол көшпелілердің атам заманнан бергі, тек далалықтарға тән қасиеттерінен айырады. Бұл Асан Қайғының позициясы. Ал Жәнібек ханның ұлы жырауға қандай уәж айта алар еді. Біріншіден, негізі көшпелі Алтын орда, Ноғай Ордасы хандарының орталық қалаларында шетел шеберлерін шақыртып сарай тұрғыздырып, қала салдыру қашаннан бар дәстүр [101, 128]. Сондықтан бұны көшпелілер салт-дәстүрін бұзғандық деп қарамаймыз. Үшіншіден, Әбілқайыр ханнан бөлініп, дербес Қазақ хандығын құруға, жаңаша жол бастауға бойдаушылық жасаған Жәнібек ханға, ата дәстүрін сақтай отырып, оның кейбір анахронизмге, яғни жаңа жағдайларға, прогреске тұсау бола бастаған тұстарын қабылдамай, жаңашылдыққа бару қиын бола қоймаған болу керек. Толғаудағы Жәнібектің көшпелілердің басқа да сол кезде мүлтіксіз орындалып отырған дәстүрлерін (қарадан қатын алу, атамекенге байланып қалмай көшу және т, б.) сақтай бермеуі, әзірге бұлтартпас деректер болмағанмен, ханның қала салу ісіне шындығында барғанын дәлелдей түседі.

Үшінші тирадада көшпелілер мемлекетінің, тек көшпелілер емес басқа да монархиялық мемлекеттерде, ең консервативті, тіпті кейбір батыс-шығыс елдерінде бүгінгі күндерге шейін жеткен дәстүр – бұл текті сақтау, төре тұқымынан шыққан хан-сұлтандардың қара халықтан шыққан әйелге үйленбеу тәртібі. Сол тәртіпті Жәнібек хан «Қарадан қатын алып», тағы бұзады. Асанның пікірінше бұл, біріншіден, ата-бабадан келе жатырған «Айрылып хандық жорадан» салтты бұзу; Екіншіден, бұдан ғасырлар бойы сақталып келе жатқан генетикалық тек бұзылады, оның салдарының мемлекеттік іске зияны келуі мүмкін, себебі ондай әйел «Ел ұстайтын ұл таппас», одан туған ұл қажырсыз, әлсіз және тағы басқа кемшіліктері болып, «Айрылар ата мұрадан!» Ең үлкен қауіп осы. Сол кездің ұстамына қарсы Жәнібектің бұндай қадамға баруына не түрткі болды. Ханның уәжі. Біріншіден, қарадан шыққан бұндай қыз асқан ақылды, таң қаларлық сұлу, әдепті қылығымен «хан бұрылып қараған» ару болған болар, әйтпесе оған ханның көзі түспес еді. Тіпті оған ғашық та болуы мүмкін, Екіншіден, бұндай қай жағынан да ақсүйек қыздарынан озып тұрған  әйел ел ұстайтын ұл тууы әбден мүмкін. Үшінші, ханның қатып қалған қалыпқа, стандартқа көнбей, көзі жетіп тұрған  іске  бара алатын ерекше мінезі, оның үлкен ақыл иесі,  батыл, көздеген мақсатына жете алатын табанды адам екеніне көз жеткізеді.

Төртінші тирада сол кездің өлшеміне, дәстүріне келмейтін ханның тағы бір ерекше ісінен хабар береді. Аң аулайтын құстардың ішіндегі нашары, жыраудың айтуынша «Құладын құстың құлы еді», оның белгісі «Тышқан жеп жүнін түледі». Осы құладынға хан анау-мынау емес  «құстың төресі» аққуды алдырады. Ал бұл дегеніңіз,  жаман ырым, себебі аққудың  киесі бар, яғни «Құладын қуды өлтірсе» оның киесі жібермейді «Өз басыңа келеді!» – деп, болжайды. Тіпті аққу киесінің қалай келетінін тарқатып, айтып береді: «Құлың кеп сені өлтірер». Енді Жәнібек хан ісінің дұрыс-бұрыстығына былай деп жауап беруге болар еді. Біріншіден, ханның  алдында талданған істері бойынша оның басқалар істемеген істі қолға алып, құладынды баптап, аң аулауға пайдаланғанына таң қалмайсың. Турасын айтқанда, онда тұрған ештеңе жоқ. Құладын да жыртқыш құс, оны да үйретуге болады. Екіншіден, әңгіме жыраудың құладынды құс киесі аққуға салып, егер «Құладын қуды өлтірсе» болатын ауыр киесі туралы болып отыр. Кейбір зерттеулерде көрсетілгендей «Құладынға қу ілдіргенің жаман ырым», – деп, ханға болмаған істі болды қылып, мойынына ілдіріп, Асанға айыптату орын алған. Жыр мәтінін бұлай түсіну, ханға да, жырауға да әділдік болмас еді. Тағы қайталаймыз: бұл жерде болған іс емес, болуы мүмкін іс туралы ғана айтылып тұр. Үшіншіден, Жәнібек ханды қанша жаңалыққа жақын, ескірген дәстүрді қабылдамаған дегенімізбен бүкіл халық киелі санайтын аққуға баптап өсірген құладынын салдырмас еді, бұл біздіңше ақиқат. Мәтінде, ілгеріде айтқанымыздай, ондай сөз жоқ. Бола қалған күнде, шындығында, аққудың киесі оны жібермес еді. Құдайға шүкір, Жәнібектің өзі де, ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ елін билеген ұрпақтары да абыройсыз болған жоқ.

Жеті жолдан тұратын бесінші тирадасында жырау бес өте маңызды тақырыптарды қозғайды. Алдында айтылған қорған салу мәселесімен қатар, бірінші бөлімдегі айнала жау ортасында «тыныш жатырсың», – деп, бейқамдығы тағы ескертіледі, бірақ бұл жолы жалпы айтылмай, жау нақтыланады, олар – қытай мен орыс. Бөлімде, сонымен қатар, ханның кемшіліктері айтыла бермей, осы жырда бірінші рет Жәнібектің жеке басының қасиеті – ерлігі «Өзің – Жәнібек, елден асқан батырсың!» – деп, өте жоғары бағаланады. Дегенмен, жаудан қорғанудың, Асан ойынша, ең тиімдісі – ата-баба тарихында дұрыстығы әбден тексерілген, басқа жерге қоныс аудару тактикасы деп түсінеді. Сондықтан ұлы баба, енді «Желмая мініп, жер шалатынын» сол «Тапқан жерге ел көшір», – деп, Жәнібек ханнан қатаң талап етеді. Айтылған сындарға байланысты Жәнібек ханның ұстанған позициясы мынадай сияқты. Біріншіден, аталған екі үлкен көршінің қатерлісі, Асан Қайғы осы жырда әлденеше дұрыс атап көрсеткендей, Алтын Орда ыдырап, әлсіреген сайын, княздіктері бірігіп, күшейе түскен, орыстар. Сондықтан хан олармен жауласпай, тыныш бейбіт қатынасты қалаған, оған осы толғаудағы олардың кәуірлігіне қарамай шебер шақыртып, қорған салдырғаны дәлел. Екіншіден, Жәнібек пікірінше хандықты көршілердің жаулық пиғылынан сақтаудың жолы көше беру емес, қала салып, отырықшылыққа бағыт ұстау. М.Тынышпаевтың «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде Жәнібектің осы толғауға сүйеніп, Астраханьді билегенін, ал 1477 жылы тіпті Қырымда хан болғанын жазады. Ал бұл ханның қала салып, отырықшылыққа ойысу ойының нақты тарихта жүзеге асқандығын көрсетеді. Үшіншіден, осы жырдағы Асанның ренішін, ашуын туғызған Жәнібектің оғаш қылықтары, іс-әрекеттері оның дәстүрлі тіршіліктің, көшпелілік көзқарастың осал тұстарын біртіндеп түсіне бастауының белгісі сияқты. Хан мен жырау арасындағы түсініспеушіліктер дүниетанымдық көзқарас қайшылығына ұласып отыр. Төртіншіден, жыраудың жер шалып, тапқан жерге елді көшіру талабы, біздіңше, әлгіндей ханның басына келген жаңа ой, көзқарастардан кейін, сірә, орындалмайтын сыңайы бар.

Алтыншы тирадада сол көші-қон мәселесін әрі қарай сабақтай түсіп, Асан жырау айтқаныма құлақ аспай «Бұл арадан көшпесең», – деп, қатқылдана сөйлеп, келе жатқан «Кәуір алар қалаңды, Шулатар қатын-балаңды» сияқты күтіп тұрған қатерлерді атайды. Осының бәрін әулие абыз «түсінде көрген екен». Жәнібек хан Асан бабаның айтқанын тыңдап, көшуге көнді дейік, сонда қайда көшпекші? ХҮ ғасыр бұрынғы ғасырлардай емес, коммуникацияның ілгерілеген кезі. Айналаның бәрі әртүрлі халықтар мекендеген жерлер. Көшіп-қонып жүрген Еділ-Жайықтан кетсе сол жерлерді иемденуге орыстар әзір отыр. Шу-Балқаш өңірінен көшсе қалмақ пен қытай ол жерлерге тап ете қалады. Екінші, жыраудың «көшпесең кәуір алар қалаңды» деуі тіпті сын көтермейтін дәлел. Көшіп кетсе, қайта қала бос қалып, кәуірлер алақайлап ол жерлерді алмай ма?! Үшіншіден, Жәнібек ханның осы қиын-қыстаудан шығар жалғыз жолы – ол басқа жаққа көшіп кетпей, сол мекендеген жерлерінде қала, қорған салып орнығып, көрші елдермен сауда-саттық жасап дамып, соғысса соғысып, келіссе келісіп, басқа елдер қатарлы өмір сүру.

Жырда жетінші тираданың орны ерекше бөлек. Ол алдыңғы бір-бірімен тікелей байланысып, бірінен-бірі туындап жатқан бөліктеріндей емес оқшаулау. Бүкіл жырдың түйіні іспеттес жұмбақталып айтылатын бұл тирададағы ойды сол күйінде бірден түсіну қиын. Б.Кенжебаевтің 1986 жылы шыққан «Әдебиет белестері» атты зерттеулер жинағында әлгі тираданың жалғасы деуге болатындай Асан Қайғының қилы-қилы заманның мәнін түсіндіретін алты өлең жолын келтіреді. Сол жолдарға талдау жасап көрейік. Біріншіден, жырау ол кезде «заман азып, заң  тозады», – деп, келе жатқан болашақ кесапатты атайды. «Заман азып» деп, қазіргі ата дәстүрі сақталатын, көшпелі тіршілікке үйлескен, сайын даладағы еркін тұрмыстың орнына астарлап айтылған «Суда жүрген ақ шортан Қарағай басын шалмай ма!?» [102, 24] заманы, яғни қалыпты, дәстүрлі ұғым-түсініктердің орны алмасып, дүниенің, көшпелілер көзқарасы бойынша, астан-кестені шығып, аспан айналып жерге түскен төңкеріс заманы келетінін айтып отыр. Келесі «заң тозады» деп отырғаны көшпелілердің қазақ салт-дәстүріне негізделген «Жеті жарғы» сияқты көшпелі қоғам ішіндегі қарым-қатынасты, тәртіпті реттейтін, ата-баба әруағын қастерлейтін, үлкенді сыйлайтын, заңдары. Әсіресе бұл өлең жолдарында отбасы тәртібінің соның ішінде, отбасының берекет-құты әйелден «қарындастан қайырым кетуі» бүкіл қоғамның бұзылуына әкеліп соғатынын көрегендікпен болжайды. Екіншіден, бұл шумақта біздің тақырыбымызға байланысты назар аударатын ой-тұжырым – ол «Ханнан күш... кетер» деген тіркес. Бұл енді тікелей батыстан келе жатырған орыс отарлауының зардабы. Алдындағы айтылған рухани отарлаудың қазақ қоғамының негізі – отбасының берекеті кетуінен басталып, әрі қарай ру қатысының пышырауымен жалғасып өріс алып, ақыры хандықтың әлсіреуіне алып келетін процесс болатын. Бірақ Ресей империясы қомағайланып, бұндай ұзақтау жүретін процесске шыдамы жетпей, 1822 жылғы жарлығы бойынша бұл жолды қысқартып, бірден жоғарыдан қазақ ханының басын алудан бастады немесе қазақ даласында хандықты ресми түрде біржолата жойды.  Енді осы жағдайға Жәнібек ханның көзқарасы қанда болуы мүмкін. Ақылды, сол кездің жоғдайын Асаннан кем білмейтін хан, сөз жоқ батыстан келе жатқан қауіпті сезген. Бірақ Асан ақсақалдай емес, одан гөрі жастығынан болар, бұл жағдайға сабырмен, байыппен қарап, әртүрлі жолдарды салмақтап қарап, шешімін іздестірген сияқты. Бірінші жол, ол Асан айтқан «басқа жерден қоныс тауып, елді көшіру». Бұл жол турасын айтқанда мәселенің шешімі емес, бұл уақытша жан созу жолы. Мүмкін бұл бұдан 4-5 ғасыр бұрын тығырықтан шығу жолы болған шығар. Қазір заман басқаша. Екінші жол, ол алдыңғыға қарама қарсы, келе жатқан қауіпке қарсы тұру, теке тірес, соғыс жолы. Бұған жаңадан құрылған, бұғанасы қатпаған Қазақ хандығының әзірге шамасы келмейді. Жәнібектің таңдағаны, біздіңше, осы екеуінің ортасынан шығатын үшінші жол. Ол қауіп келетін жақтармен тіл табысу, олармен сауда-саттық, қарым-қатынас орнату. Солардың басы ретінде жырда айтылатын шебер шақырту. Дегенмен бұл да сен тимесең мен тименнің саясаты, уақытша шарасыздықтан баратын жол. Күшті көрші жуан жұдырығын көрсетпей қоймайды, бір күні болмаса бір күні мына жер менікі деп, еліңе бас салуы әбден мүмкін. Сондықтан ешкім жеріңе сұғынбайтын қылып, еліңнің қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған төртінші жол қажет. Толғауда Жәнібек хан бұл жолдың да табанын тартып қойған сияқты. Оған дәлелдер: біріншіден жырдың әр жерінде айтылатын қамал салу, қала салу әрекеттері; екіншіден, сол шарадан шығатын  отырықшылыққа бетбұрыс; үшінші, Әбілқайыр хандығынан бөлінер кездегі ұстанған көшпелілер дүниетанымынан  Жәнібек ханның біртіндеп, бойын аулақ сала бастағанын толғаудың әр жерінен байқалады (қала салу, қарадан қатын алу, көші-қонға ықыласы жоқтығы және т. б.) Жәнібек ханның Қазақ хандығының Асан Қайғы сілтеген жолдан өзгеше жаңа бағыт іздеп, белгілі бір жолды ұстануы жөніндегі біздің бұл айтқандарымыздың барлығы толғаудағы (көркем шығармадағы) кейбір эпизодтарға сүйеніп құрастырылып жасалған топшылаулар. Ал шындығында өмірде, тарихта тап солай болды деп айту қиын, тарихи деректер тапшылау. Дегенмен соңғы табылған материалдар, мысалы, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық еңбегіндегі Жәнібек ханның ғылымды қолдайтыны, Өтейбойдақ ғалымды жылы қабылдап, хан жарлығымен оның өте көлемді еңбегін іждағаттап аяқтап, еңбекпен алдымен өзі танысып шығатынын, кейін оны іске асыру жөнінінде қолқабысын тигізуге  міндет алғаны айтылады. Ғалым он томдық еңбегінің алғашқы нұсқасын бес жылда аяқтап, ханға енді тапсырамын дегенде хан ұрыста қаза болды деген хабар келеді [103, 18]. Бұл мәліметтегі Жәнібек ханның заманының озық ойлы елбасы болғандығы, біздің болжамымызды, гипотезамызды растай түседі.

Толғаудың соңында Асанның айтып-айтып келіп, шығарманың қорытындысы есебінде «Хош аман бол, Жәнібек, Енді мені көрмейсің!», – деп, ашуланып, қолды бір сілтеп, сірә, бесінші тирадасында айтқанын істеуге «Желмая мініп, жер шалуға» кетті деп жорамалдауға болады. М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясында (1968 ж.) Асан Қайғы осы сапары алдында терең мағыналы сөзі (6 жол) келтіріледі, соның алғашқы «Жайлы орынды жат басқан Жерді көрмей кетпекпін» жолдары жыраудың туған жердің отарлануына қарсы үзілді-кесілді пікірін білдірсе, келесі «Ханның орнын қара алған Шерді көрмей кетпекпін» [14, 29] деген жолдарында мемлекеттің тек хан басқарған түрін ғана танитынын білдіреді. Асан Қайғының бұл жолдардағы қоғамдық-саяси көзқарасы, біздіңше, жетінші тираданы талдауымыздағы Жәнібек ханның көзқарастарымен сабақтас. Бұл енді жеме-жемге келгенде қазақ жерінің жанашырлары екі ұлы адамының жету жолдары басқа болғанмен түпкі мақсаттарының бір екендігін айғақтайды.

Толғауды толық талдай келе оның шығу уақытын Жәнібектің Моғолстанның Шу – Сарысу өзендері бойында Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткеннен кейін, бұрынғы Ноғай ордасындағы қонысты қайта иемденіп, Дешті-Қыпшақтың басым бөлігінде билігінің орнаған кезімен тұстас келетін ХҮ ғасырдың 65-70 жылдары шамасы деп есептейміз. Оған басты себептер: 1) хандықтың біршама күшейіп, бекініс, қорған, қала салына бастауы; 2) айналасындағы елдерден шеберлер шақыртылып, олармен қарым-қатынастың дамуы; 3) орыс жерінде мемлекеттің орталықтануы күшейіп, «кәуірлерден» қауіптің күшеюі; 4) Жәнібектің хандық билікке келіп (1465-1470 ж.ж.), хан атанып,    қымыз ішіп қызарып, құладын баптап, отауына жас иіс кіргізіп, біршама өзін еркіндікке бой алдыруы.

Асан Қайғының көпшілікке танымал біз талдаған «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің...» М.Мағауин нұсқасынан басқа С.Сейфуллннің 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағында сол толғаудың кейбір өзгешеліктері бар тағы бір нұсқасы келтіріледі.

Бұл нұсқада Жәнібек ханның кемшіліктері алдыңғы нұсқаға қарағанда әлдеқайда жиірек кездеседі және кейбірі тым өрескел болып келеді, соған байланысты Асанның да сыны ұлғайып, жырау мен хан арасындағы келіспеушіліктер кеңее түскен сыңайы бар. Біз Мағауин нұсқасындағы қайталаған жолдарды қозғамай, тек жаңадан кездесетіндерін ғана қарастырайық.

Сейфуллин нұсқасында да құладын мен аққуға қатынасты әңгімелер жырланады. Бірақ алдыңғы нұсқамен салыстырғанда кейбір айырмашылықтар да жоқ емес. Біріншіден, Мағауин нұсқасында «Құладын қуды өлтірсе» ғана мүкін болатын жайт айтылса, бұл нұсқада жырау ханды «Құладынға қуды жем қылдың», – деп, келеңсіз істің ақыр ітелінгенін айыптайды. Екіншіден, алдыңғы нұсқадағы ханның құсбегілігінің жалпы жұрт қабылдаған дәстүрден (нормадан) озып, оның арты киесі тиетін, кесапаты бар жамандыққа соғуы мүмкіндігі туралы ескерту ғана болса, бұл жолы құладынның аққуды ілуі болған оқиға түрінде көрсетіліп, үлкен саяси, моральдік-этикалық астары бар әңгімеге ұласқанынан хабар береді. Үшіншіден, құстар кейпіндегі тұспалмен (символмен)  берілген эпизодпен қатар, оның адамдық кейіпке түсірілген (бейнелерінің қатынасын суреттейтін) шағын сюжетті оқиға түріндегі нұсқасы да берілген. Онда қарындасы Қаныбет сұлуды «Әз Жәнібектей хан ием, Әуелгі сөзін ұмытып», бай болмаса да ерлігімен көзге түскен Айсылдың ұлы Әмет сияқты теңіне қоспай, көп мал берген «Тастемірдей байдың жаман ұлына» [104, 297-298] ертеді. Бұл арада кеңестік идеологияның басты айыптау құралы – таптық көзқарастың құлағы қылтиып, үстем тап пен езілуші тап арасындағы тартыстың исі сезіліп тұр. Келтірілген жыр нұсқасындағы ханға тағылатын айыптың көптігі сондай, оларды екі топқа бөліп қарауға тура келеді. Бірінші топта 1) хан құладынды баптап, халық дәстүріне қайшы келетін іске барады; 2) киелі құс аққуды жыртқышқа жем етеді; 3) сөйтіп аққудың киесіне қалады. Екінші топта: 1) «Хан екі айтса қадірі кетеді» дегендей Жәнібек хан берген уәдесінен тайып, толғаудағы «Хан өтірік айта ма?» деген сұраққа «Иә, айтады», – деп, жауап беруге мәжбүр етеді; 2) Қаныбет пен Әметтей бір-біріне тең екі жасқа қиянат жасап отыр; 3) Ханның байлығы жетпегендей Тастемірдей байдың берген малына қызығып, тойымсыздық танытады.

Байқалып отырғандай Сейфуллин нұсқасында, әрине, естіген құлақта, жазып алған қолда жазық жоқ, дегенмен кейбір жайттар күмән туғызады. Біріншіден, жазылып алынған уақыт жиырмасыншы жылдардың аяғы, отызыншы жылдардың басы, бір жағынан таптық күрестің қызған кезі, үстем таптың ең бірінші өкілі ханды жақтырмаушылық белең алған уақыт, екінші жағынан, орталық идеологиясында шет аймақтағы ұлттардың тарихынан, мәдениетінен ұлтардың өзін-өзі басқара алатын белгісіне, тәуелсіздікке ұмтылыс нышанына қарсы шовинистік көзқарастың бас көтере бастаған мезгілі болатын. Міне осы күрделі алмағайып уақытта кезінде Кенесары ханға қарсы хан-сұлтандар, ру-тайпа, казачество өкілдерінің шығарған өлең-жырларының болғаны сияқты, халық қадірлеп, әз атаған Жәнібектің дербес Қазақ хандығының алғашқы билеушісі, ұлт тәуелсіздігінің белгісіндей болған ханды жақтырмағандар жағы өкілдерінің туындылары да бар болуы мүмкін. Екіншіден, бұл нұсқаның өлең құрылысы жөнінен де алдыңғы нұсқадан айырмашылығы бары байқалады. Оның бірі – негізгі нұсқадағы әр тираданың соңындағы «Мұны неге білмейсің?!» қайталауының жоқтығы болса, екіншісі – құладын мен қудың әңгімесін тарқатып, кісі аттары келтірілген кішігірім сюжет түрінің тек бұл толғауға ғана емес, бүкіл Асан поэзиясы құрылысына келмейтіндігі, одан қалды жалпы толғау жанрына үйлеспейтіндігі.

 

Сонымен Асан Қайғы поэзиясындағы Жәнібек хан бейнесі туралы  ой-пікірлер мен пайымдауларды жүйелеп, мынадай кейбір қорытындылар жасауға болады:

Біріншіден, Асан толғауларында бір қарағанда хан мен жыраудың арасы тым қашық, бір-бірімен түсініспестіктері көп көрінгенмен екеуін жақындастыратын түпкі мақсат бір –  жас мемлекетті нығайту, айнала қаптаған жаудан сақтау, ал жолдары әр басқа.

Екіншіден, толғаулардағы кейбір эпизодтардан, сөз саптауларынан Жәнібек ханның хандықты көршілес елдермен терезесі тең дәрежеге жеткізердей өзіндік жолы, тіпті алғашқы қадамдары жасалған бағдарламалық жоспары да бар деуге болады. Олар: қала, қорған, сарайлар салу, шеберлер шақыртып көрші елдермен қарым-қатынас жасау, отырықшылықа ойысу. Жыр мәтінінен осы келтірілген жанама деректер, уәждер, хан мен жырау қатынасынан суыртпақталатын ой-тұжырымдардың бәрі ханның өз заманының жаңаша ойлауға бағыт алған, істерінде реформаторлық әрекеттердің нышаны бар билеушісі екендігін дәлелдейді.

Үшіншіден, Жәнібек хан заманының ұлы жырауы, абызы, данышпаны Асан бабадан жерін, елін сүю, ел басқару, халықпен қатынасу, адамгершілікті қастерлеу сияқты мәселелер бойынша тәлім алған, көзі жетіп, діттеген ойын жүзеге асыруда, кейде Асан пікіріне қарамай, табандылық көрсетуі, оның ұлы жырау шәкірті екендігін нықтай түседі. Сондықтан жыр жолдарынан оның басты қасиеті ойшылдығын, үнемі ізденіс үстінде жүретін  жаңашылдығын атауға болады. Талдау кезінде оның қарадан шыққан қызға үйленіп, адамгершілігін, жай халықтай аңшылық, құсбегілік құмарлығы, тіпті «қымыз ішіп қызаруы» оның халыққа жақындығын, қарапайымдылығын байқатады.

Төртіншіден, , Жәнібек ханның жеке басы қасиеттері ішінен оның батырлығы мен ерлігіне бөлек тоқталып өту керек. Себебі жырда ханды қайта-қайта сынай отырып, жырау оны «Өзің – Жәнібек, елден асқан батырсың!» – деп, бұл қасиетін ерекше атайды. Сол кездегі абырой атағы кімді де болса имендіретін Асан атадан бастап, ханды қоршаған айналасы, тіпті барша ел бағытының атам заманнан қалыптасқан жолмен жүруін қалағап отырса да, Жәнібек жалғыз өзі жаңа прогрессивтік, реформаторлық жолды таңдап, нағыз ерлік жасап отыр.

Бесіншіден, жоғарыдағы талдаулардағы тұжырымдарды жинақтай келе Асан Қайғы поэзиясындағы Жәнібек хан бейнесі, біздің пайымдауымыз бойынша, толғаулардың жанрлық ерекшелігі бейне жасауға  онша бара бермейтінін ескере отырып, Қорқыттан басталатын сегіз ғасыр ішіндегі жыраулар поэзиясындағы, ханның алғашқы біршама толық тұлғалық кейпі суреттелетін бейне  деп ұйғаруға болады.

 

Әдебиет.

1.     Сейфуллин С. Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары. Алм., 1931 ж.

2.     Мұқанов С. Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғғ әдебиет тарихынан очерк. Алм., 1942 .

3.     Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. Алматы, «Жазушы», 1986 ж.

4.     Ертедегі әдебиет нұсқалары. Алматы, «Мектеп», 1967 ж.

5.     Мағауин М. Қобыз сарыны. Алматы, «Жазушы», 1968 ж.

6.     Бес ғасыр жырлайды. Бірінші том. Алматы, «Жазушы», 1989 ж.

7.     Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алм., «Санат», 1997 ж.

8.     Тілепов Ж. Елім деп еңіреген ерлер жыры. Алматы, «Білім», 1995 ж.