История/Всеобщая история

Ералина А.Е.,аға оқытушы

А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ, Қостанай қ.

 

 

   Торғайдың ақыны Күдері  Жолдыбайұлы және өлке тарихы.

   Торғай уезі тұрғындарының әдеби мұрасы да аса бай болды.Олардың арасынан шыққан шығармалары ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына енген ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері де аз болған жоқ.Торғайдан шыққан қоғам қайраткерлеріне қазақ халқының ұлт көсемдерінің бірі- Ахмет Байтұрсынов атамыз  көшбасы  бола  білді.А.Байтұрсынов-кезінде Ыбырай атамыз ашқан білім ошағынан  білім алып,өмірдің көгіне  қанат қаққан жандардың  бірі   болатын.Ол кейін қазақ халқының атақты  ағартушы-демократ ғалымы,ақын,жазушы, философ, белгілі қоғам қайраткері  болып елімізге танымал  болған  тарихи  тұлға.Оның ғылыми  зерттеулерінің басты тақырыбы-әдеби зерттеу,тіл ғылымының заңдылықтары мен оның қоғам өмірінде алатын орнын анықтау болып табылады.Ол ұлттық тарихымызда орыс пен батыс классиктерінің шығармаларының қазақ тіліне шебер аудармашысы,қазақ тіліндегі тұңғыш  мерзімдік  басылымдарды   ұйымдастырушы публицист,ұлттық әдебиетіміздің  асыл мұраларын жинақтап,баспадан шығарған  зерттеуші ретінде енді.Ахаң атамыздың шығармашылық мұрасында қазақ тіл білімінің қалыптасуына негіз болып қаланған тілге теориялық сараптама жасаған  еңбектері мен ана тіліміздің әдеби дамуының заңдылықтарының ерекшеліктерін  саралаған туындыларының алатын орны айрықша маңызды. Ол қазақ зиялыларының арасында Ш.Ш.Уәлиханов,Ы. Алтынсарин, Абай  Құнанбаевтардың шығармаларын алғашқылардың бірі болып зерттеді.Ұлттық фольклорымыздың,ауыз әдебиетінің сан алуан жанрларын  маңызын сараптап,оларға ғылыми анықтама-түсінік берді.

      Торғай  өлкесінің  тұрғындары өздерінің қолынан шыққан әсем бұйымдарымен  ғана емес,әншіліктерімен де,шешендіктерімен де өзгелерден айрықша дараланатын еді. XIX-ғасырдың басында белгілі ғалым В. В. Радлов:«Қазақтар өздеріне көрші елдерден шешендіктерімен ерекшеленеді.Әр қазақтың айтқан сөздері  өзеннің ағысындай еркін ағады,олар ойдан шығарып ұзақ жыр-толғауларды да айта алады.Тіпті,олардың жай  айтқан сөздерінің өзі  өлең сияқты айрықша ырғақпен айтылады.Олар аса айшықты, нақты әрі дәл айтылады,сондықтан біз қазақтарды қазақтарды Батыс Азияныңь француздары деп атауымызға толық негіз бар»,-деп бағалаған [1, 332,333-б] болатын. Бұл  тек қазақ  халқына ғана емес,Торғай уезінің қазақтарына да берілген ортақ баға деп айтуға болады.

   Уез тұрғындарының  рухани саласына осы аймақта  өмір сүрген ақындардың шығармашылығының да қосқан үлесі  зор. ХІХ –ғасырдың аяғы мен  ХХ-ғасырдың бас кезінде Торғай уезінде өмір сүрген ақындар: Жұмабай Шалабай ұлы, Есенжол Жанұзақ ұлы,Сейдахмет Бейсенұлы, Әбіқай  Нұртазаұлдарының қалдырған әдеби мұрасы сол дәуірдегі қазақ әдебиетінің  алтын қорына енген туындылар болды Мысалы,Сейдахмет  Бейсенұлының  өлеңдері Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы басылған«Қырғыз хрестоматиясына»да енгендігін атап өткеніміз жөн.Атақты ақын Есенжол Жанұзақұлы  Ахмет Байтұрсыновтың  ақындық   талантының  шыңдалуына басты әсер еткен,тәлімгерлерінің  бірі болды.Ал Әбіқай Нұртазаұлы  Абай Құнанбаевтың шығармашылығымен жақсы таныс болған.Ол  Абайды өзіне  рухани  ұстаз тұтқан.Әбіқай ақынның  «Тас мешін»дастаны қазір Қ.Р. Ұлтық ғылым академиясының әдеби  қорында сақтаулы тұр.[157].

    1916-жылғы  ұлт азаттық  қозғалысына  қатынасушы,Аманкелді  батырдың  сарбаздарының  бірі-Ақыш Аймағанбетұлы.Бұл туралы ақын  өз  жырларында:

...-Замана дауыл болса,қаңбақ пенде,

Аттандық найза қолда,қылыш белде.

Татырда  қан  сасыған  қырғын  болды. 

Алғыншы топ ішінде болдым мен де,-дейді.

     Ал  белгілі  тарихшы  ғалым,академик Зұлхарнай Алдамжардың  жазуынша «алғыншы»-көне түркілерге тән   әскери  термин  сөзі,ол «барлаушы,жауды   байқап алда жүретін  арнайы   әскер тобы»дешен  ұғымды   білдіретін  болған.  

   Қазақ халқының   ауыз әдебиетіне тән  мұндай  бейнелеу  тәсілін  Күдері  Жолдыбайұлы  ақынның  «Аманкелдінің  Торғайды  алуы»
атты  дастанынан  да  байқауымызға  болады.Күдері  ақын  да  Аманкелді  басқарған  Торғай  қазақтарының    1916  жылғы  ұлт-азаттық  қозғалысына  өзі  де   қатынасушы  болған.Сондықтан  Күдерінің  Аманкелді   басқарған    көтерліске  арналған   дастан-жырлары  да   нақты  тарихи  деректерге  бай  болуымен   дараланады:

 ...  Айнала қоршап дуанды,

Тұс-тұсынан ат қойды.

Қарсы шыққан дұшпанды,

Көк найзамен сүзгілеп.

 

Тақымға салып,езгілеп,

Лаулаған қала өртінде,

Көкпардай тартып,желпіре.

Сарыла туын  көтеріп,

 

Қозғалды топ еркіне.

Оқ жыландай ысқырған,

Жалын  шашып ышқынған.

Үңірейген мылтық аузына

,

 Ат қойды көп іркілмей,

Шашақты  найза  желкілдей,

Ақ сойылдар сартылдап,

Аманкелді алдында,

 

Атыоған оққа жарқылдап,

Қарамастан  айқайлай !

Ермеген оған жан болмай,

Көп көшені шаңдатып,

 

Қалаға кірді аңыратып,

Күрсілдеген зеңбірек,

Сыртылдаған пулемет,

Өлтірді талай боздақты,

Домалап талай ат жатты,-деп бейнелейді

 Күдері Жолдыбай ұлы   ақын  Аманкелді басқарған  көтерілісшілердің   патша әскерінен  Торғай  қаласын  азат етуге  арналған  қанды  соғысын   суреттеген  осы   шығармасында. Күдерінің «»Әліби Жанкелдіұлына» деген толғауында Кеңес үкіметін Торғайда орнатқан «Дала комиссары» атанған тұлғанын тарихи образын сипаттаған.

     Күдерінің Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінен білім алуына Ыбырай Алтынсариннің ықпалы зор болған. Сонымен бірге ақынның кейбір шығармаларының әдебиеттік, идеялық жақтарының жақсаруына Ыбырайдың ықпал тигізгені сөзсіз. Торғайда 1879-1880,1890-1891 жылдары болған жұт қасіреті қазақ халқының шаруашылығын біраз әлсіретіп кетті, көптеген шаруалардың малы қырылып, үлкен зардап шекті. Сол жылғы оқиғаларды сипаттайтын «Жалпақ қоян» атты ұзақ өлеңін Күдері ақын Ыбырайдың кеңесімен жазған деп,-осы ақынның немересі Мереке Нәбиұлы өзінің құрастырған «Торғайдың Күдері ақыны» деген жинақта жазады. «Дәуренбекке», «Және сәлем Кәрімжандай балаға»,«Мешін-жұт жылы»,«Дүние шіркін барады өтіп» атты өлеңдерінде өмір,табиғат сырының әр қырын аша білген. «Сарбаз ақын» атанған Күдері ақын азаттық жаршысы болды, Торғай даласыындағы біраз тарихи оқиғаны өзі қатысушы болып, жарлай білді.

    Ақынның соңғы жылдары Қазақстан тарихында болған 1930-1932 жылдары болған қуғын-сүргін, аштықпен қатар келді.Ашаршылықтан құтыла алмаған Күдері ақын жасы 70 асқанда 1931 жылы Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Бекбау ауылының маңында Қызылқұм деген жерде дүниеден өтеді.

Сонымен, тұнып тұрған тарихы бар Торғайдың төсінде дүниеге келген Күдері ақын өмір бойы сол өлкенің тарихына сыр шертіп, өз ойын жыр шумағымен өрбіте білген жан деп білеміз. Қазіргі кездегі тарихты қайта зерделеуде жырмен өрілген тарихтың да орны да маңызы бар деуге болады, осы алғашқы деректанулық негізі деп айтуға болады.

Әдебиеті:

1. 1916 жыл. Әңгімелер, өлеңдер мен дастандар. –Алматы: Рауан, 1966. -207 б.;

2.Қозыбаев М. Әмір Әбдіғапар. // Торғай таңы, 1994, 11-маусым.

3.Бөкейханов Ә. 1916 жыл. // Қазақ әдебиеті, 1990, 3-тамыз.

4.Кенжеахметов С. Туған жерге ту тіккен. // Торғай таңы, 1991, 12-шілде.

5. Сүлейменов М. Әбдіғапар хан. - Арқалық: 1996, 250 б.

6.Қазақ әдебиетінің тарихы, 1-т., 1-кіт., А., 1960;

7. Әуезов М. Әдебиет тарихы. –Алматы:Ана тілі, 1991. -240 б.

8. Торғайдың Күдері ақыны.-А.,2015.