Тараз Инновациялық-Гуманитарлық Университеті, Тараз қаласы

Сарыбекова Қ.Н.

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

 Амирхан А.- магистрант

 

МЕКТЕП  ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОҚУ ҮЛГЕРІМДЕРІНЕ  ТЕМПЕРАМЕНТТІҢ ТИГІЗЕТІН ӘСЕРІ

 

         Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылдың 17 қаңтарындағы Қазақстан халқына арналған «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір тағдыр» атты Жолдауы – біздің еліміздің стратегиялық даму курсының жүзеге асуын лайықты жалғастырудың кепілі. Бұл Жолдау – еліміздің болашағын қабілетті жастар ғана жалғастыра алатындығын, еліміздің болашақ ұрпағы инновациялық, ақпараттық технологияларды меңгеруге лайық зерек те білімді, бәсекелестікке қабілетті болуы керек екендігін баса айтқан болатын. Бүгінгі таңдағы мектептердің негізігі міндеті - әлемдік стандарттар деңгейінде білім беруге көтерілу екендігі белгілі. «Болашақтың негізі – білімді ұрпақ», оларды өмірге жетелейтін мұғалім [1].

Қазақ ағартушысы Ж. Аймауытовтың айтуынша мұғалім қызметі: «балаларға білім берумен, тәрбиелеумен мұғалімнің қызметі тәмам болмайды. Ол балаларды тәрбиелеуге, үгіттеуге міндетті, басқаша айтқанда, мұғалім қарапайым қызметкер емес, ол шәкірттерінің алдағы өмірін өз басынан кешірген тәжірибесіне таянып, оларға келешекте өмірден аяғын шалыс басып, соққы жеп өкінбеске күні бұрын сақтандыратын қорғаушысы, қамқоры» - деп анықталған[2].

         Бүгінгі таңда ғылым алдында тұрған үлкен мәселелердің  бірі- адам жөнінде біртұтас тұжырымдамалық бағыттар белгілеу және тұжырымдама шығармашылық процесс, дара тұлға теорияларына сүйене отырып жасалуға тиіс. Себебі барлық психикалық күштер мен процестердің дара тұлға бойында тоғысуы өнер күшімен мүмкін болған.

       Адам іс-әрекетінің жемісті болуы сол адамның темперамент ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Мысалы, қызмет нысандары тез ауысатын, жаңа адамдармен тілдесу қажеттігі көп жерде, бір өмір қалпына екіншісіне көшу керек болған жағдайларда сангвиник адамды пайдаланған абзал. Ал флегматиктер әрекетте салбыр, енжар көрінгенмен, жай, бірқалыпты, тұрақты, бір тәртіппен орындалатын қызметтерде өте тиімді келеді. Кайталануы көп, жолықтыратын, қарапайым істерде меланхолик шыдамдылық көрсете алады, Мұндайда олар  басқаларға қарағанда онша шаршап-шалдықпайды, көп қайталанған әрекеттен олар жалықпайды. Ал қызмет бабы мен әдістері шектелген, еркін қимылдарда мүмкіндік жоқ жерде – сангвиник пен холерик типті де шыдамайды [3].

       Оқу мен тәрбиені оңтайластыру мен олардың тиімділігін көтеру әрбір педагог өз шәкіртінің темперамент типін мүмкіндігінше нақты анықтап алған жөн. Осы тұрғыдан мұғалімдерге кеңес: холериктің оқу істерін мейлінше жиі бақылауға алған дұрыс. Бұл типті оқушымен қатты сөзбен, жекіреп қатынас жасауға тіпті болмайды- қатынасқа сай келсеңіз жауап әрекеті болуы сөзсіз. Сонымен бірге оның қой қылығы болмасын орынды талаппен, әділ бағалануы тиіс. Сангвиниктерді үздіксіз жаңа, қызғылықты, зейін қойып тыңдап, белгілі күш жұмсауды талап еткен істерге қосып отыру керек. Оны ұдайы белсенді іс-әрекетке араластырып, мақтауын үзбей жеткізіп тұру қажет.

       Флегматик жеткіншек қызғылықты, белсенді әрекетке келіп, жұрт назарында болғанды ұнатады. Оны бір істен екіншісіне ауыстыра бермеген дұрыс. Ал   меланхоликпен баламен жұмыс істеуде дөрекі сөз, тұрпайы қатынас қана емес, тіпті жай дауыс көтеру, әзіл-оспақтың өзі орынсыз. Онымен жіберген қате-кемшіліктері жөнінде оңаша әңгімелескен жөн. Оған ерекше назар бөліп, әрқандай іс-әрекетте көрсеткен белсенділік ұшқыны үшін де мезетінде мақтап, қошеметтеп бару керек. Ескертулер мен ұнамсыз бағаны мүмкіндігінше жұмсартып, байқап жария еткен орынды. Меланхолик бала - өте сезімтал, өкпешіл тұлға, сондықтан оған дегенде өте мейірлі, жақсы ниет білдіре, қатынасу керек [4].       Сонымен, адамның қай мазмұнда болмасын өз іс-әрекетін жүзеге келтіруі тікелей темпераментке байланысты.  Темперамент психикалық процестердің жемісінде көріне отырып, еске түсіру, қабылдағанды бекіту жылдамдығына ықпалын тигізеді, ой жүйріктігі мен зейін тұрақтылығын және оның ауыспалылығын айқындап береді.

       Жеткіншектердің темпераментін анықтау үшін оны өте мұқият зерттеу қажет болады. Көпшілік жағдайда темпераменттердің кейбір ерекшеліктері байқала қоймайды да, осыған орай кейде қате қорытындылар жасалады. Темпераменттер жүйке жүйесінің тума типтеріне көбірек тәуелді болғандықтан, оларды тек лаборатория жағдайында зерттеу жақсы нәтиже береді. Жоғарыда атап өткендей, адамның іске қызығуы әуестенумен байланыстылығын және істің әр саласында бір темпераменттің өзі әр түрлі көрінетіндерін психология ғылымы дәлелдеп отыр.

       Түрлі темпераменттердің ішінен бұлардың қайсысы жақсы деп сұрақ қоюға болмайды. Кез келгеннің де ұнамды, ұнамсыз жақтары бар. Әр адам өз темпераментінің жақсы жақтарын біліп, нашар жақтарынан арылу жолын қарастырса, сөйтіп өз темпераментін меңгере алатын халге жетсе – бұл осы адамның сана-сезімінің жақсы көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Ал керісінше, адам темпераментіне еріп өзіне өзі ие бола алмаса, темпераментінің қайсысы болсын адамды ұнамсыз етіп көрсететін болады.

       Жеке адамның дүниенің сезгіштігі және қабылдағыштығы темпераментке тәуелді. Темперамент деп – жеке адамның қылығы мен түрлі іс - әрекеттерінен көрінетін меншікті дара өзгешелігін атайды. Психология ғылымында темпераментті төрт типке бөліп сипаттайды. Холерик – эмоциялық қызуы шапшаң, күшті, тұрақты болады,сезім жүйелері ауытқып тез көтерілетін шыдамсыз, өкпелегіш және ашуланғыш болып келеді. Сангвиник – эмоциялық қызуы шапшаң, күшті, бірақ көп тұрақтанбайды. Ол қызулы, жеңілтек келеді, бір немесе бірнеше іске бірдей кіріседі, іс үстінде тез суып, бастаған істі аяқсыз қалдырады.Меланхолик- эмоциялық қозуы шабан, күшті, тұрақты. Ол момақан, тұйық, жасқаншақ, мінезі баяу, көңілі жабырқау, кейде үрейленіп жүреді.Флегматик – эмоциялық қозуы әлсіз. Ол байсалды, сылбыр мінезді, орнықты, кісімен араласпайды, тыныштықты сүйеді, іске өте баяу кіріседі, бірақ тиянақты орындайды.

 Темперамент мінез құлық пен араласу әдістеріне өз әсерін тигізеді. Мәселен, сангвиник көп жағдайда араласуды өзі бастайды, бейтаныс адамдар ішінде өзін ұстай біледі, керісінше меланхолик жаңа ситуацияда абдырап қалады. Флегматик жаңа адамдармен танысуы күрделі, өз сезімдерін көрсетпейді және бейтаныс адамдармен танысуы қиын, онымен біреу танысқысы келетіндігін байқамай да қалады. Ол махаббатты достық қатынастардан бастауға бейім, соңында ғашық болады, бірақ сезімдерін сөздермен білдірмейді, себебі оның сезімдер ритмі баяу. Холериктер мен сангвиниктерде керісінше махаббат бір көзқарас, бір сөзден оқыс басталып кетеді де, бірақ сезімдер де тез суиды.  Сонымен қатар жеткіншектердің оқу әрекетіне деген белсенділігін де реттеуге түрткі болады.

 

                        Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050 - Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы // Егемен Қазақстан жалпыұлттық республикалық газеті. 17 қаңтар 2014 жыл. №25 (28444).

2.     Жарықбаев Қ. Б., Озғанбаева Ө. Жантануға кіріспе. -Алматы, 2000.

3.     Алдамұратов Ә. Жалпы психология. – Алматы: Білім, 1996.

4.     Айғабылова Н. Бала мінезінің қалыптасуы және оны тәрбиелеу. – Алматы, 1990.