Бастауыш сынып оқушыларының
тұлғалық қасиеттерін дамытудың негізгі факторлары
АӘИУ-нің
магистранты Медет Жанат
Жанұяның ықпалы мен педагогикалық
мүмкіндіктері көптеген педагог ғалымдардың
еңбектерінде көрініс тапқан. Т.М. Афанасьева
өзінің “Семья” деген еңбегінде: “Кез-келген жұмыс
саласы және бос уақытты өткізуге біздің өзіндік
ерекшелігіміз, қабілетіміз, сапалық қасиеттеріміздің
қандай да бір бөлігі қажет болып жатады. Бір жерде -
біздің ақылымыз, екіншісіне – шеберлігіміз, үшіншісіне –
ептілігіміз, төртіншісіне – сезімталдығымыз және т.б.
қажетке асады. Ал балаға ата-ананың жеке басындағы
қасиеттер толығымен керек болады: ақылы да, шеберлігі де,
күші мен мейірімі де, көз әлпеті мен дауыс ырғағы
да, тіпті балаға әке-шешесінің иісі де қымбат әрі
маңызды; - делінген. Бастауыш сынып оқушыларының
тұлғалық қасиетіндегі – рухани және
эмоциялық негізін қолдау – жанұя тәрбиесінің
мақсаты мен мәні бола алады.
Жанұяда баланың жан – жақты өсіп дамуы
үшін қажетті жағдай – еңбек. Бастауыш сынып оқушылары
еңбегінің негізгі түрі – оқу іс - әрекеті болып
табылады. Баланың жақсы оқып, табиғат пен
қоғам өміріндегі заңды құбылыстарды
жан-жақты түсінуді – оның болашағына да жол ашады.
Көптеген ғалым-педагогтардың еңбектеріндегі
педагогикалық көзқарастарды қорытындылай келе,
қазақ жанұяларында баланы тәрбиелеу мынадай төрт
бағытта жүзеге асырылады деп тұжырымдауға болады.
1. Балаларды жанұяда ерте кезден
үлкенді сыйлауға үйретеді. Олар әртүрлі
жолмен жүзеге асырылады. Ең бірінші жолы – ата – аналардың
өз өнегелері. Сондай – ақ жанұялық салт –
дәстүрлер, әдеп – ғұрыптар, әртүрлі
нанымдар және т.б.
2. Жанұядағы балаларға жүйелі түрде
өз бауырларына қамқоршы да, көмекші болу керектігін
олардың болашағына жауапкершілікпен қарауды түсіндіріп,
сендіріп отырады.
3. Балаларды өз бетінше еңбектенуге, қоршаған
ортаға, адамдарға үнемі көмектесуге дайын болуға
тәрбиелеп,
тұлғалық қасиеттерінің негізін
қалайды.
4. Жастайынан өнерге баулып, шығармашылық
қабілеттілігін (сөз шешендігі, күй, ән т.б.)
қалыптастырады.
Кейбір жанұяларда тәрбиелік маңызы бар өзінше
қалыптасқан салтты байқауға болады. Осы салт
жанұядағы күнделікті еңбек әрекетін жолға
салып, тәлім-тәрбие жұмысын жоғарылатып, жақсы
сапаға келтіреді. Баланы жан-жақты дамытып, ынталы, жігерлі болуын
жетілдіру мақсатында жүргізілетін жұмыстарда
жанұяның ролі өте зор.
Сонымен, халқымыздың жанұядағы тәрбиелік
ықпалдарды біріне-бірі ұштасып жатқан үш сатыдан
тұрады деуге болады. Олар: ата-әже, әке-шеше, ұл мен
қыз – осы үш ұрпақтың арасындағы міндеттері
мен парыздары. Жанұяда ата-ана ұл – қыздарын бағып,
тәрбиелеп, оларды жақсы азамат, бауырмал, еңбекқор етіп
тәрбиелеумен қатар, өздерін кезінде тәрбиелеп
өсірген ата-аналарын күту мен оларға қызмет
көрсету парызын өтеуге борышты. Мұны ел аузынан тараған
мынадай әңгіме дәлелдей түседі: “ Маңдай терін төгіп
жүріп тапқан еңбек ақысын үшке бөліп жатып
бір кісі: “Бірінші бөлігін қарызымды өтеуге беремін, екінші
бөлігін қарызға беремін, ал үшінші бөлігін
өзіме жұмсаймын” - депті. Жоғарыда келтірілген әдебиеттерге талдау –
жанұя – бастауыш сынып оқушыларының бойында гумандық
қасиеттерді қалыптастыруда негізгі фактор болатынын
дәлелдейді. Дегенмен, бастауыш сынып оқушыларының
тұлғалық қасиеттерінің дамуына ықпал ететін
фактор – отбасы, мектеп, орта, көпшілік ақпараттық
құралдар және т.б. ішінен жанұяны - ең негізгі
фактор деп бөліп алғанымызбен, ол қоғамнан,
әлеуметтік ортадан өмір сүруі мүмкін емес.
Сондықтан, жанұяның тәрбиелік мүмкіндігіне
бірнеше ішкі факторлар әсер етеді. Олар: 1.Биологиялық фактор. 2.Қоғамдық фактор. 3.Әлеуметтік фактор.
4.Психологиялық фактор.
5.Педагогикалық фактор.
1. Биологиялық фактор – бұл ата-анадан немесе ата-бабаларынан ауысқан баланың
жеке басының ерекшелігін білдіретін қасиеттер. Олар
балажандылық, ақ көңілділік, сабырлылық,
ұяңдық және т.б. қасиеттер бола алады. Осындай туа
бітті ерекешеліктердің өзі де жанұяда балалар бойында
тұлғалық қасиеттердің дамуына және
қалыптастыруға біршама
мүмкіндіктер мен жеңілдіктер туғызады. Қазақта:
Жаманнан жақсы туды деп қуанба,
Жақсыдан жаман туды деп ренжіме,
Негізіне тартар бәрі бір,
- халық мақалы бар. Мұнда баланың
тұлғалық қасиеті
тұқымқуалаушылық факторынан, яки ата-тегінен деген
түсініктің дәлелі бола алады.
2. Қоғамдық фактор – бұл
қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сұраныстар
жанұяға тигізетін әсері. Жанұядағы өмір
сүру салты мен қабылданған дәстүрлердің
қоғам талабымен белгілі бір мөлшерде сәйкес келуі болып
табылады.
3. Әлеуметтік фактор – бұл қоғам талабына сай
өмір сүруде материалдық жағдайдың
мүмкіндіктері, адам денсаулығының күйімен жеке
басының тұлғалық қасиеттерін дамыту құралдарының
жеткіліктілігі және т.б. жағдайлар болып табылады.
4. Психологиялық фактор – бұл жанұяда баланың
тұлғалық қасиеттерінің дамуы үшін
қолайлы психологиялық ахуалдың болуы, ондағы
әрбір жанұя мүшелерінің өзіне және өзгелерге
деген сенімді көзқарасы мен ынтымақты
қарым-қатынасының болуы.
5. Педагогикалық фактор – бұл балалардың жас
және дара, психологиялық, қалыптасу ерекшеліктері туралы
ата-аналардың жалпы педагогикалық білімдерінің болуы.
Жанұядағы жағдайлар мен ықпалдардың бала
тәрбиесіне оң әсер етерліктей мүмкіндігі.
Бастауыш сынып оқушыларының тұлғалық
қасиеттерін дамытудың сәттілігі көбінесе мектеп пен
жанұядағы тәрбие
жұмысының ынтымақты жүргізілуіне байланысты болады.
Мектепте бала қоғамдық мінез – құлықтар мен
қоғам алдындағы өз міндетін орындау, үйдегі
міндетін орындау т.б. үйреніп, оның орындалу деңгейінде жауап
берудің алғашқы тәжірибелерін жинақтайды. Осы
міндеттерге байланысты мәселелерді шешуде ең бірінші орында
көмекші, әрі сүйеніш болатын адам бұл ата-ана
және жанұядағы ересек адамдар. Оқушылардың
тұлғалық қасиеттерінің дамуына және
қалыптасуында олардың әсері өте үлкен.
Жанұяда ата-ана балаларын адамдарға деген құрметпен
ризашылық сезімдерге тәрбиелей отырып, оларға
үлкендермен сөйлесе білуді, қашан да “сіз” – деп
сыпайылық танытып, сөзін бөлмей тыңдауды талап етеді.
Осындай адамдарға құрметпен қарауға жанұяда
үлкен мән берілсе, өнегелі тәрбие тамырын терең
жаяды. Үлкенді сыйлап қадір тұту мен ілтипатты
қарым-қатынас жасауды қазақ жанұясында
ертеден-ақ ұстанған. Мұны ғасырлардан
ғасырларға ауысып келе жатқан мынадай нақыл
сөздердің өзінен – ақ байқауға болады. “Үлкенді сен силасаң, кіші сені
силайды, “кіші сені силаса, кісі сені силайды”, “ Аға әдепті болса,
іні де әдепті. Ана әдепті болса, сіңлі де әдепті”,
“Әдептінің не екенін, әдепсіз адамды көргенде
ұғарсың”, “ Әдепті жігіт әсіресе, ауылдың
абыройы”, “Жібек мінезді қыз
жұртқа жағады”.
Жанұядағы ата-ана мен ересектердің тәрбиесі,
үлгі өнегесі – баланың тұлғалық
қасиеттерінің дамуының ірге тасы. Сондықтан,
балаға өмірінің алғашқы жылдарынан – ақ
адамгершілік сезімдерін дамытудың орны ерекше. Жастайынан бойға сіңген
мінез, есейгенде де сақталады. “Сүтпен біткен мінез, сүйекпен
кетеді”-деген халық мақалы ең алдымен тәрбие
мәселесіне қаншалықты терең мән берілетінін
көрсетеді. “Тәрбие - табалдырықтан басталады”-деген нақылдың өзі өмірден
алынған шындық. Бастауыш сынып оқушыларына тән
тағы бір қасиет- еліктегіштік. Олар ересек адамдардың
жақсы ісіне де, жаман ісіне де еліктейді. Егер жасөспірімнің
өскен ортасында өрескел қылықтар мен балағат
сөз орын алатын болса, онда бала өзінің еліктегіштік
қасиетіне байланысты жағымсыз қылықтарды
дағдысына айналдырады. Олай болса, баланы кішкентайынан бастап ізгі
адамгершілік мінез-құлықтарға баулуға әрбір
ата-ана міндетті. Жанұядағы тәрбие ісін негізінен ата-ана
басқарады және бұл үшін халық пен мемлекет
алдында, балаларының келешек өмірі алдында – жауапты. Егер
жанұяда ата-ана тәрбие мәселесіне жауапкершілікпен
қарап, өздерінің әрбір әрекеті мен
мінез-құлықтарына есеп беріп отырса, мұндай тәрбие
өз нәтижесін береді әрі ата-ананың балалары алдында
беделі де жоғары болады. Жанұяда ата-ананың
ұстамсыздық әрекеті, ұрыс-жанжалдар, дөрекіліктер
– бәрі баланың бойында
жағымсыз қасиеттер мен қылықтарға тәрбиелейді.
Егер бала үйінде ересектердің айтқанын бірден орындайтын
болып үйретілмесе, ол мектепте де тіл алмайтын қырсық болуы
мүмкін. Бастауыш сынып оқушыларының сөзге
құлақ қойғыш болып өсуі мектеп
өмірінде де, үй тұрмысында да, алдағы өмірі
үшін де қажет. Жанұяда ата-аналарының және
ересектердің дағдылы іс-әрекеті, бір-бірінен өзара
қарым-қатынасымен балаларына үнемі әсер етіп отырады.
Егер бала ата-анасының өзін шын мәнінде сыйлайтынын,
яғни біреудің қорлауына, жол бермейтініне көзі жететін
болса, ондай ата-аналар балалары алдында өте беделді болмақ.
Өзбектің ғалым – педагогы Н.Зуннун өзінің
“Данышпандардың тәрбие жайлы айтқан ойлары”,-деген
еңбегінде ата-аналарға бала тәрбиесінде бірқатар
кеңестер берген. Онда ата-аналарға:
- Балаларыңызды бар
ықыласыңызбен тәрбиелеңіз. Таза жүруге,
үйлесімді киінуге және жарасымды
мінез-құлыққа үйретіңіз.
- Балаларыңызды жас кезінен бастап тәрбиелеңіз,
олардың пәк, нәзік көңілдеріне жарасымды
мінез-құлықтың, адамгершіліктің,
инабаттылықтың қандай екенін түсіндіріңіз. Керегі
болған кезде аздап қаталдау да, мейірімділеу де болған
жөн.
- Бұл дүниеде адамдардың қадір – қасиеті
тек өзінің күш – жігеріне байланысты екенін әркім
өз міндетін өзі атқаруы керектігін балаларыңызға
түсіндіріңіз және т.б.
Баланың тұлғалық қасиеттерінің
дамуында жанұя тәрбиесінің ролі туралы мәселелерін
кеңес педагогы А.С.Макаренко да көптеп
қарастырған. Оның
айтуы бойынша, жанұя тәрбиесінің сыры – балаға белгілі
бір міндеттерді бөліп беру болып саналады және ол мынадай
педагогикалық талаптарға сай болуы керек.
5. Барлық
тапсырмалар баланың жас және дара ерекшелігіне денесі мен
интеллектуалдық мүмкіндіктеріне лайықты берілуі тиіс.
6. Жақсы
орындалған жұмысы үшін бала міндетті түрде
мақтау, қолдау түрінде ынталандырып, көтермелеуі тиіс.
7. Еңбек ету
іс-әрекеті саналы түрде
дұрыс ойластырылған болуы қажет.
8. Тапсырмалар немесе
іс-әрекеттер басқа әрекеттерді теріске шығармауы керек.
Егер бала өзіне тапсырылған жұмысты орындау кезінде
қатты шаршайтын болса, онда балада жұмыстың кез-келген түріне деген
салқын қандылықтың пайда болатынымен
анықталған. Ойын – баланың бойында адамгершілік,
әділдік сияқты жақсы сезімдерді тудыруы тиіс. Сонда
ғана ойын балаға жақсы қасиеттерді
қалыптастырады. Поляк педагогы Я.Корчак “Егер балалар ойынын сыртынан
қарап отырсаңыз, сіз балаларыңыздың әрекеттері арқылы, оны өз
ортасында, өмірде, адамдар арасында қандай екендігін
көрсеңіз”,- деген. Жанұя – баланың
тұлғалық қасиеттерінің дамуына екі жақты
әсер етеді. Біріншіден – жанұяны материалдық жағдайын сипаттайтын өзіндік
өмір сүру дәстүрі арқылы, яғни жанұя
мүшелерінің материалдық және рухани қажетсінуі
мен әлеуметтік құндылықтары арқылы. Екіншіден
- әлеуметтік және белгілі бір мақсатқа
бағытталған әсер арқылы. Бұл көбінесе,
жанұядағы негізгі көзқарас пен тәрбие процесі
қоғамның тәрбиелік мақсатына, идеялық,
адамгершілік және эстетикалық талаптарына қаншалықты
сәйкес келуіне байланысты жүзеге асырылады. Сондықтан азамат
ұрпағына жанұяның
аса құнды ықпалы мен әсерін еш
нәрсенің күшімен
салыстыруға болмайды. Сол секілді балаға ата-ана
тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алмайды.
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1 Рувинский Л.И. Тәрбие гуманизациясы.
(мамандыққа кіріспе кітабынан)- А., 1991.
2
Өтешева Х.А. Оқушыларды халық педагогикасы негізінде
тәрбиелеу.-А., 1994. – 135 б.
3 Төлебекова Р. Бала тәрбиесіндегі
халықтық педагогика.- А., 1994. – 135 б.
4 Төлебекова Р. Адамгершілік тәрбиесінің23. Төлебекова Р.
Адамгершілік тәрбиесінің негіздері. -А., 1991.
5
Мұқанов М. Жас және педагогикалық психология. -
А., 1982.
6
Гребенников И.В. Основы семейной жизни. – М., 1991.