Педагогические  науки”

Бельгибаева Г.К. п.ғ.к., доцент,. Бейсенбекова Г.Б. п.ғ.к, доцент, Михалькова О.А. п.ғ.к., доцент, Мусаева М.Ж. магистрант

Қазахстан, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

ГЕОГРАФИЯНЫ ОҚЫТУДА

ОҚУШЫЛАРҒА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ

«Тиянақты білім аламын десең,

табиғаттың ұлы кітабын оқы»

Әл-Фараби

Адамзат қоғамының дамуының әрбір кезеңдерінде өзіне тән ғаламдық мәселелері болады, сондай-ақ кейінгі ІІ ғасыр аралығында ғылыми–техникалық процесстің қарқынды түрде дамуына байланысты бірқатар әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелері туындауда. Адамзаттың техникалық мүмкіндігінің жылдан–жылға артуы үлкен көлемдегі биосфералық үрдістердің өлшеусіз бұзылу жағдайын тудыруда. Адамның іс–әрекеті жердегі климаттың өзгеруіне, мұхит, өзен, көл, жер асты суларының мөлшері, құрамы мен қасиетінің өзгеруіне, топырақ, ауа қабатына тигізетін кері әсерлері мен жердің магнит өрісіне де әсері зор. Өнеркәсіп орындары қоршаған ортадан шикізатты, күн энергиясын, отын, оттегі және т.б. пайдалы заттарды ала отырып, өзі қоршаған ортаға өнім бермек түгілі, өндіріс қалдықтарын, атмосфераны ластайтын нашар тазартылған улы заттарды шығарып, су мен топырақ құрамын бүлдіруде.

Еліміз тұрақты дамудың жаңа жолына түскен кезеңде, осындай аса жауапты мәселелерді шешуші қазіргі жас ұрпақтарымызды ізгілікке, эстетикаға, отансүйгіштікке баулитын экологиялық білім мен тәрбие берудің маңызы арта түсуде. Себебі, "табиғат - қоғам - адам" жүйесіндегі қарым-қатынастардың шиеленісуі жылдан-жылға күшейіп, экологиялық зардаптар тіршілікке қауіп төндіріп отыр. Туған жерінің табиғатын сүйетін, оны қадірлеп, қорғайтын білімді, саналы азамат қалыптастыру мектеп қабырғасынан бастау алады. Себебі, егеменді еліміздің ертеңі жас жеткіншектердің білім дәрежесінің тереңдігімен өлшенеді[1].

Қазақстан Республикасының 1999 жылдың 14 қаңтарында бекітілген «Экологиялық білім беру» бағдарламасында былай делінген: «Қоршаған ортаның бүлінуі тереңдеген қазіргі кезеңде – мұғалімдерге, дәрігерлерге, ғалымдарға, бизнесмендерге, өндірісшілерге, саяхаткерлерге т.б. экологиялық білім беру және насихаттау қажеттілігі туындауда. Әлеуметтік – экологиялық жағдайдың шиеленісуіне байланысты, мұны қоғамның барлық құрылымы қолдап, экологиялық жан – жақты іс – әрекет жасауға әзір. ХХІ – ғасырдың жаңа адамын қалыптастыру қажет[2].

Білім беру және игеруді қамтамасыз ету арқылы сана мен іс – әрекетті түбірлі жаңарту, тұрақты экономикалық даму жолына түсудің басты кепілі болып табылады. Экологиялық апатты болдырмаудың бір шарты – білім берудің мақсаты мен мазмұнына жаңа бағыт беру. Үздіксіз экологиялық білім беру арқылы ғана, әр түрлі деңгейлердегі мамандардың экологиялық сауатсыздығын жоюға болады».

Жоғарыда айтылып кеткендей экологиялық мәселелерді шешудің негізгі жолдарының бірі - үздіксіз экологиялық білім беру болып табылады.

Экологиялық білім беру - бұл қоршаған ортаны қорғау үшін қажетті білімді, әдетті, ептілікті, икемдікті қамтитын, іргелі негіздері ретінде жалпы экологияның теориясы мен практикасын игеруге бағытталған оқыту жүйесі, табиғатты қорғау білімімен тығыз байланысты[3].

Ғалым–педагогтар мен ғалым–әдіскерлер экологиялық білім мен тәрбие берудің мәнін ашқанда табиғатқа саналы қарым–қатынас жасап, оны қорғайтын, табиғи қорды тиімді пайдаланылатын, Отанын, елін сүйетін болашақ жастарды адамгершілікті–эстетикалық, эмоциялық–моральдық тұрғыдан тәрбиелеуді мақсат етіп, орта мектептердің оқу–тәрбие үрдісі мазмұнын ұдайы жетілдіріп, ұйымдастыруды талап етеді.

Қазіргі кезде барлық адамзат алдында тұрған күрделі міндеттердің бірі – өзіміз өмір сүріп, күнделікті тіршілік қажетімізге пайдаланып отырған табиғатты қорғау және оның сан алуан байлықтарын барынша ұқыпты пайдалану. Ол үшін табиғат жайлы білімді тереңдету қажет. Ал терең білім берудің баспалдағы мектеп қабырғасынан басталады.

Ю.Одум: «Экология – табиғат пен қоғамдағы көп деңгейлі жүйелердің құрылысы мен тіршілік қызметі және олардың өзара байланысы туралы пәнаралық білімдер саласы» - деп айтып кеткен[4].

Өткенге бет бұрсақ, 30 – жылдары биология, география пәндерінің оқу бағдарламаларына табиғат қорғау жайлы білімдерді кеңес мемлекетінің оқу жүйесіне енгізу тарихында, экологиялық білім мен тәрбие беру ісіндегі алғашқы жұмыстары мектеп оқу-тәрбие үрдісінің бір қадам алға жылжуы деп есептейміз. Сол жылдары табиғатты қорғау түсініктерін қалыптастыру, табиғатты қорғауға тәрбиелеу идеяларын П.В.Островский, П.Ф.Каптерев, М.М.Рыбников,  т.б. өз еңбектерінде кеңінен өрбітті.

Білім беру жүйесінде жас ұрпақты жан-жақты дамыту мен тәрбиелеуде олардың жалпы мәдениетін қалыптастыруда, тұлғаны шығармашылыққа тәрбиелеуде, өзінің табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуде, жер бетіндегі тіршілікті сақтауда география пәні үлкен роль атқарады.

География - қоршаған табиғи ортаның ерекшелігі туралы жазылған ілім, сондықтан географияны оқу - табиғатты танып білу. Табиғатты тану, оны оқып білу ерте дәуірлерден басталған. Табиғат адамның өмір сүру ортасы болғандықтан, оның зерттелуі ерте кезден қолға алынған. Адам табиғаттың перзенті, табиғаттан тыс адам өмір сүре алмайды. Адамзат өзінің сонау балаң, табиғаттың тұңғиық сырына бойлап, тереңіне жете алмаған кезінде сол табиғаттың сиқырлы алуан жұмбақтарын шешсем деген арманы, табиғатты сезінуге, сұлулыққа, әсемдікке, экологиялық мәдениеттілікке баулыған.

Географиялық білім беруде пәннің тәрбиелік маңызы зор. Жастардың қабілетін, іскерлігін дамытуда эстетикалық тәрбиенің, яғни әсемдікті сезіну мен сүюге баулудың маңызы зор. Әдемілікке, өнерге тәрбиелеу жастардың ой өрісін дамытып, қабілетін арттырып, білімін байытады. Әсемдік, әдемілік, дарындылық табиғаттан берілетінін ескерсек, география пәнінің эстетикалық тәрбиеде алатын орны ерекше екені түсінікті. Эстетикалық тәрбие беруде халықтық тәрбие дәстүрлерін қисынымен байланыстыра пайдаланса, тәрбиеленушінің жан дүниесіне ықпалының нәтижелігімен құнды болады.

Географиялық білім берудің нәтижесінде адамның жеке басының ішкі дүниетанымын ояту, яғни географиялық объектілер мен құбылыстар туралы біртұтас ұғымын, қоғам мен табиғаттың географиялық аспектілерін, олардың біртұтастығы мен өзара тығыз байланысын оқып білуге комплексті көзқарас қалыптастыру болып табылады.

География пәні технологиялық, рухани-мәдени түсінік береді. Жаратылыстану, техникалық және гуманитарлық ғылым салаларымен тығыз қарым-қатынаста, ол тек қана еліміздің және дүниежүзінің әлеуметтік, экономикалық географиясы туралы ғана емес, адамзатты қоршаған табиғи ортаның ерекшеліктері туралы түсінік береді.

Қоршаған ортаны теориялық тұрғыдан география ғылымының әр саласы дәлелдеп, оның адамзат үшін қаншалықты маңызды екенін оқытып, үйретеді. Табиғатты танып бiлу өте күрделі құбылыс. Оған қажетті алғы шарттар: адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас және осы екеуiнiң тұтасуы негiзiнде қоғаммен байланыс жасауы.

Мектептегі география курсында оқушыларға экологиялық тәрбие мен білім берудің маңыздылығы ұстаздар алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі. Геоэкологиялық білім — оқушыларға қоршаған ортаның табиғи ерекшеліктерін, адамзат пен табиғат және қоғам арасындағы үзіліссіз байланысты оқытудан басталады. Бұл — географияның әр курсында жергілікті жердің ерекшелігін ескере отырып оқытумен негізделеді[5].

Экологияны оқыту барысында оқушыларға берілетін оқу–тәрбиелік жұмыстарының ең маңызды мақсаттары мен міндеттерін басшылыққа алу керек. Олар:

·                        табиғи ортада адамның өзін қалай ұстауы керектігін түсіну;

·                        табиғатты халық қазынасы екендігін сезіну;

·                        табиғатқа тигізетін өз әрекетінің салдарын көре білу;

·                        табиғатпен қарым-қатынасын жаратылыстану және ізеттілік білім тұрғысынан негіздеп алатындығын түсіну қажет.

Геоэкологиялық білім беру мақсаты оқушыларда табиғатқа деген жанашырлық сезімін және осы мәселені шешуде оқушылардың жауапкершілігін арттыру. Мектеп географиясында табиғат пен қоғамның өзара әсері үнемі әрбір сабақта қарастырылады. Мұнда табиғатты ұтымды пайдалану, шаруашылық салалары экологиясы, адам экологиясы, рекреациялық география, географиялық болжам, табиғатты қорғау заңдылықтары т.б. мәселелер қарастырылады. Қазіргі мектептің басты міндеттерінің бірі – оқушылардың геоэкологиялық білімін арттыру, оларды табиғат ресурстарын ұтымды пайдалануға баулу және оқушылардың еңбек етуде, тұрмыстық жағдайда экологиялық мәдениетіне тәрбиелеу. Экологиялық мәдениет экологиялық білім берумен тәрбиелеу сапасына қарай анықталынады. Геоэкологиялық білім беру міндеттері мынадай:

·        Қоршаған ортаның сапасын арттыру, сақтау, табиғатты ұтымды пайдалануды жетілдіру үшін оқушыларды табиғат жөніндегі ғылыми білімдермен қаруландыру;

·        Табиғат пен қоғамның өзара әсерінің негізгі мәселелері жөнінде түсінік қалыптастыру; табиғи ортаға антропогенді әсерлердің тигізетін кері әсері оның түрлері мен көлемі;

·        Табиғатпен байланыс қажеттілігін дамыту және оны жақсарту мен қорғау шараларын белсенді түрде қатыстыру;

·        Адамдардың еңбек іс–әрекеттерінің негізгі геоэкологиялық проблемалары жөнінде түсінік беру және оны шешу жолдары;

·        Экологиялық ойлау қабілетін арттыру:

а) табиғат және ондағы процестердің бір–бірімен байланысы;

б)қоғамның әлеуметтік–экономикалық жағдайына қарай
адамзаттың геоэкологиялық мәселелерін шешу[6].

Геоэкологиялық білім мен тәрбие берудің орталық ядросы – сабақ. Сабақ арқылы мұғалім мен оқушы арасындағы барлық оқу – тәрбие жұмыстары әдіс–тәсілдер арқылы жүзеге асады.

География сабағын экологияландырудың төмендегідей жұмыс түрлерін ұсынамын:

1. Геоэкологиялық сөздік жүргізу;

2. Экологиялық жағдаяттар келтіру;

3. Геоэкологиялық карта сызу;

4. Экологиялық тақырыпқа байланысты сыныптан тыс сабақ жүргізу;

5. Шығармашылық тапсырмаларды қолдану.

Әр жұмыс түрлеріне қысқаша тоқтала кетсем:

1. Геоэкологиялық сөздік – сабақ барысында кездесетін терминдермен жұмыс. Мақсаты: кез – келген экологиялық термин сөздің мағынасын ашып, мәнін түсіндіру арқылы экологиялық сауаттылығы мен мәдениеттілігін жетілдіру.

2. Жағдаят – сабақ барысында келтірілген әртүрлі жағдаяттарды талдай отырып, оқушылар өз ойларын, өз көзқарастарын білдіруге бағытталады. Кезінде көне қытай ғұламасы Конфуций «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін!» деген тұжырымында, оқушының экологиялық жағдаяттарды өз бетінше шешу әрекеті яғни, адамның жадында бірінші кезекте тек өз бетінше жасаған іс-әрекеті қалады.

3. Геоэкологиялық карта – оқушы өзі тұрып  жатқан жерінің ластану көздерін анықтай отырып, сол жердің картасын сызу. Тақырыпқа байланысты карталарды сызуға болады. Мақсаты: маусымдық өзгерістерді бақылау арқылы геоэкологиялық карта сызып үйрету. Шартты белгілерді оқи білуге қабілеттерін дамыту.

4. Экологиялық тақырыпқа байланысты сыныптан тыс сабақ жүргізу:

а) өз бетімен жасалатын жұмыстар: бақылау жүргізу, суреттер салу, өсімдіктер бойынша түрлі гербарийлер жасау, рефераттар, альбомдар шығару.

ә) Оқушылардың экологиялық білімін жетілдіру жұмыстары: табиғатты қорғауға арналған әдеби кітаптар оқу, табиғатты қорғауға байланысты мектеп кітапханасында көрме ұйымдастыру, табиғатты қорғауға арналған тәрбие сағаттарын өткізу, диафильм, кинофильм көрсету.

5. Шығармашылық тапсырмалар беру арқылы баланың ең алдымен ізденімпаздық қабілеті жетіледі. Оқушының қабілетіне, пәнге деген сүйіспеншілігіне байланысты оқуға қойылатын талаптарын басшылыққа ала отырып, жүргізген жөн. А.Байтұрсынов: «бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі оның білімінің, шеберлігінің керек орны өздігінен алатын тәжірибелі білімнің ұзақ жолы қысқару үшін, ол жолдан балалар қиналмай оңай оқу үшін, керек білімін кешікпей кезінде алып отыру үшін балаға жұмысты әліне шағындап беру мен бетін белгілеген мақсатқа қарай түзеп отыру», - деп ой-тұжырымдауы балаға білімді практикалық жолмен өздігінен игерудің тиімділігін, баланың қабілеті мен қабылдау мүмкіндігіне сай, жеке тұлғалық-бағдарлы білім берудің қажеттігін көрсетеді[6].

Алғаш рет ғылыми әдебиетттерде табиғат қорғауды педагогикалық проблема деп көрсеткен профессор В.Н.Скалон «Гүлденген, бай табиғат – арман емес, бұл шындық, бірақ оны сақтау көбіне бізге, біздің балаларымызды тәрбиелеу іскерлігімізге байланысты» – деген болатын. Сол сияқты «Баланы жастайынан тірі затты аяушылыққа дағдыландыру керек, мейлі, ол жануар болсын, мейлі ол өсімдік болсын»,– деген еді.

Кеңес педагогы А.С.Макаренко: «Адамдарды қоршаған орта тәрбиелейді. Адамдар, тұтыну заттары, табиғи құбылыс, т.б. бәрі тәрбиеге белгілі әсерін тигізеді. Соның ішінде, ең әсерлісі, адамдардың қарым – қатынасы, әсіресе, ата-аналар мен ұстаздардың ықпалы ерекше...» - деп ой тұжырымдайды. Адам тәрбиесі дұрысталмай, қоғамда әділеттілік пен қайырымдылық орнауы мүмкін еместігі анық[5].

«Ақылды адам қолайсыз жағдайдан әр уақытта құтылып шыға алады, ал дана адам мұндай жағдайға түспейді» дегендей, қазіргі қолайсыз экологиялық жағдайдан жол тауып шыға алатын, болашақта мұндай жағдайдың болуына жол бермейтін экологиялық білімді, экологиялық мәдениетті, тәрбиелі азамат пен азаматша тәрбиелеу, біздің борышымыз!

Әдебиеттер тізімі:

1. А.Ж. Ақбасова, Е.Ү. Жамалбеков, Т. Қалыбеков, А.Т. Қолұшпаева, Қ.Б. Рысбеков, Г.Ә. Саинова, М.Н. Сәндібеков "Экологиялық энциклопедия» - Алматы, 2007 ж., - 303 б.

2. Экологиялық білім бағдарламасы. – Алматы. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, 1999 ж., 66 б.

3. Әлинов М.Ш. «Экология және тұрақты даму» - Алматы, Бастау,

2012. – 270 б.

4. Қазақ тілі. Экология мамандығына арналған тереңдете оқыту құралы. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2013. – 128 б.

5.Қожахметова К.Ж. Рухани – адамгершілік құндылықтар негізінде жастардың этнопедагогикалық мәдениетін қалыптастыру // Этнопедагогика.  №3. – 2008ж. – 25-33 б.

6. Ұзак6аева С. Балаларға эстетикалық тәрбие берудегi халық дәстүрлерi.-Алматы: Бiлiм, 1990.

*