Жақсыбекова Жанар,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың

2-курс магистранты

(Қазақстан, Алматы қ.)

 

СТУДЕНТТЕРДІҢ КӘСІБИ ҚҰЗІРЕТТІЛІКТЕРІН

ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Оқытудың дәстүрлі жүйесінде білікті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту ғана болса, ал қазіргі мақсат әлемдік білім кеңестігіне ене отырып бәсекеге қабілетті тұлға дайындауда адамның құзырлылық қабілетіне бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну.

«Құзыреттілік» терминін ХХ ғасырдың ортасында Н.Хомский енгізген болатын, алғашында ол ана тілінде нақты тілдік қызметті орындау үшін қажет қабілеттіктер деген түсінік  берді.

«Құзыреттілік» ұғымы  бүгінгі күні оқыту үдерісінде білімді қолданудың  ақырғы нәтижесі ретінде қарастырылуда. Оқыту үдерісінде «құзыреттілік» ұғымы студенттердің білімі мен тәжірибесін, дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдануы. Оқыту үдерісіндегі құзыреттіліктерге ғалымдар әртүрлі анықтамалар берген.

Л.М.Митина «құзыреттілік» ұғымына «білім, дағды, білік, сонымен қатар практикада, тілдесімде, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуда қолданатын тәсілдері» деген анықтама береді.

Г.Ж.Ниязова зерттеу жұмысында «құзыреттілік» ұғымына «Білім беру құзырлары – бұл студенттің мағыналық бағдарлары, білімдері, біліктіліктері мен тұлғалық және әлеуметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына қажетті нақты анықталған объектілер шеңберіне қатысты тәжірибелерінің жиынтығы», – деп анықтама береді.

Б.Т.Кенжебеков құзыреттілік жөнінде: «Құзыреттіліктің бар-жоғын адам еңбегiнiң нәтижесiне қарап пайымдау кажет. Кез-келген қызметкер, өз әрекетiмен кәсiби iс-әрекеттiң түпкi нәтижесiне сай талаптарға жауап беретiн жұмыстарды орындаса ғана, кәсiби кұзыреттi болып саналады», – деп анықтама береді.  

Ғалымдардың пікірлерін басшылыққа ала отырып, біз «құзыреттілік» ұғымына – студенттердің жеке тұлғалық психологиялық ерекшеліктеріне байланысты меңгерген білімдерін, дағдылары мен біліктерін, танымдық және тәжірибелік іскерлігін   өмірде дұрыс қолдануы деген анықтама бере аламыз.

Студенттердің кәсіби құзыреттілік мәселелері  туралы пікірлер кәсіби маман даярлау мәселелерімен айналысып жүрген отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтар, психологтар еңбектерінде көрініс табуда. Бүгінгі күні шетел ғалымдарының еңбектеріндегі кәсіби құзыреттілік анықтамалары «тереңдетілген білім», «міндетті шешудегі теңдік жағдайы», «қызметті орындаудағы қабілеттілік» ұғымымен мағыналас болып келеді.

Осыдан «кәсіби құзыреттілік» ұғымы туралы бірыңғай пікірдің жоқ екендігі байқалады. Көбіне бұл ұғым кәсібиліктің жоғары деңгейін бейнелеуде қолданылады. Кейбір авторлардың еңбектерінде «кәсіби құзыреттілік» ұғымы «кәсіби қызметке даярлық» және «педагогикалық кәсібилік» ұғымымен теңестіріледі.

Қазіргі педагогика сөздігінде «кәсіби құзыреттілік»  адамның өзіндік кәсіби білім деңгейімен, тәжірибесімен және жеке қабілеттерімен, өз білімін үздіксіз көтеруге ұмтылысымен, өзін-өзі жетілдірумен, іске деген шығармашылық және жауапты қатынасымен анықталады.

Болашақ маманның кәсіби құзіреттілігін қалыптастыру туралы мәселе ғалымдар арасында пікір қайшылықтар мен жаңа ойлар тудыруда. Тұлғаның кәсіби процесін көп жағдайда оның біліктілігімен, кәсіптік құзыреттілігімен байланыста қарастырады.

Шетелдік ғалымдар В.А.Адольф, Н.В.Кузьмина, А.К.Маркова, Э.Ф.Зеер, В.А.Сластенин, Т.Ф.Лошакова, т.б. педагогикалық зерттеулерінде педагог мамандардың  кәсіби құзыреттілігі туралы мәселеге көп қызығушылық пайда болғанын айтады.

Д.Дьюи, У.Уоллер, М.Мид, К.Юнг, П.Сорокин, Ф.Знанецкий сынды философтар кәсіби құзыреттілікті адамның ортаға үйренуіне қажетті әрекеттер түрі ретінде қарастырады. Олар адамның мамандығы оның белгілі бір нәрсеге деген қызығушылығын тудыратынын,  көзқарасын қалыптастыратынын, мақсатқа жетуге талпындыратынын, ортақ пікір алмасуға жетелейтінін айтады. Д.Л.Томпсон, Д.Пристли кәсіби құзыреттілікті жүйелі түрде алынған білім мен жоғары адамгершілік  нормалар мен педагогтік кодексінің нәтижесі ретінде анықтайды.

Кәсіби құзіреттілікті қалыптастырудың әдіснамалық және теориялық аспектілері мынадай авторлардың еңбектерінде көрініс тапқан: Дж.Равен, М.А.Холодная, Э.Ф.Зеер, А.К.Маркова, Ю.Н.Петров, С.С.Кунанбаева, К.С.Успанов, А.К.Козыбай, Б.Б.Баймуханова.

Сонымен қатар, жекелеген пәндер бойынша құзіреттілікті қалыптастыруға Б.Баймұхановтың, С.Е.Шәкілікованың, М.Ә.Құдайқұловтың, А.Е.Әбілқасымованың, Ж.А.Қараевтың, Б.Т.Барсай еңбектерінде ерекше көңіл бөлінген.

Кәсіби құзыреттілік ең алдымен студенттің  ақпаратты сауаттылығы мен  кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Студент қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп  отыратын, кәсіби білімді, жаңа технологияларды меңгерген, ортамен қарым-қатынасқа тез бейімделе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, т.б. қасиеттерді жинақтағанда ғана  кәсіби құзыретті маман бола алады.

Жоғарыдағы түрлі көзқарастардан біз студенттердің кәсіби құзыреттілігі туралы әр кезеңде әр түрлі авторлар еңбектерінде, ғылыми әдебиеттерде түрлі пікірлер кездесетінін байқаймыз. Солардың ішінде біздің көзқарасымызға сәйкес келетіні В. А. Сластениннің пікірі болғандықтан, соған сүйене отырып, мұның өзі «студенттің  белгілі бір міндетті атқаруда икемділік пен білікті меңгеру жолындағы психолгиялық жағдай және білімділіктің, тұлғаның жалпы мәдениетінің деңгейі, педагогикалық іс- әрекеттегі теориялық және практикалық дайындығы мен тәжірибесінің тоғысуы, сол сияқты педагогқа қажетті көптеген сапалардың болуы» деп тұжырым жасауға болады. Осыдан келіп, «кәсіби құзыреттілік – студенттің жеке бас сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық және теориялық білімінің, дидактикалық біліктілігі мен қабілетінің, кәсіби біліктілігі мен дағдысының, тәжірибесінің жиынтығы» деп анықтама беруімізге болады.

Студенттің кәсіби құзыреттілігі кәсіби және жеке сапалардан құралады. Кәсіби құзыретті деп өзінің педагогикалық әрекетін жоғары дәрежеде жүргізе алатын, қарым-қатынасқа  әрдайым дайын, педагогикалық  үдерісте үнемі оң  нәтижелерге қол жеткізіп  отыратын маманды атауға болады. Қазіргі білім беру жүйесіндегі өзгерістер студенттердің  кәсібилігінің артуын, яғни кәсіби және әдістемелік құзыреттілігін арттыруды қажет етеді.

 Болашақ маман тұлғасының  қалыптасуы оның кәсіби іс-әрекетіне байланысты екенін ескерсек, педагогикалық практиканың  оған қалай әсер  ететінін түсіну қиын емес.    Педагогикалық  практиканың болашақ маман  тұлғасын  қалыптастырудағы орны оның сол  іс-әрекетке қызығушылығымен байланысты. Болашақ маманның педагогикалық  еңбекке  қызығушылығы - күрделі психологиялық процесс. Бұл студенттің  педагогикалық еңбекке саналы қажеттілігінің  дамуын қажет етеді. Педагогикалық практика кезінде  болашақ мамандардың кәсіби қалыптасу және өзін-өзі айқындау процесі белсенді жүзеге асып,  кәсіби білімдер мен біліктерге деген қажеттіліктер, оларды қалыптастыру үдерісі байқалады. 

   Педагогикалық практика студенттердің болашақ кәсіби іс-әрекетіне барынша  жақын жағдайларда өткізіледі. Ол түрлі педагогикалық міндеттерді шешуге бағытталған өзіндік практикалық іс-әрекетті ұйымдастыруды көздейді.

Жоғарыда біз педагог қызметінің кәсіби сапасы мәселелерін, оның шеберлігі мен профессионалдығын, мұғалімге қойылатын талаптарды қарастыра келе, бүгінгі студент ертеңгі педагог екенін ескеріп, оның кәсіби іс-әрекеті нәтижелі болу үшін кәсіби құзыреттіліктің мынадай негізгі элементтерін меңгеру қажеттігін төменде атап көрсеттік.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кәсіби құзыреттілікті құрайтын негізгі элементтер

 

 

Арнайы құзыреттілік оқытатын пән саласындағы терең білімділікті, біліктілік пен тәжірибені, техникалық және шығармашылық міндеттерді шешудің амалдарын білуді қамтиды.

 

 

 
 


Скругленный прямоугольник: Кәсіби құзыреттілікті құрайтын негізгі элементтер1-

 

 

 

Студенттердің кәсіби құзіреттілігін өзіндік жұмыстар арқылы  қалыптастырудың  түпкі мақсаты – студенттерді белсендi ой қызметiн, әр түрлi танымдық мәселелердi өздiгiнен шешуге, бұрынғы меңгерiлген бiлiмдi қолдануға ұмтылысы бар оқыту үдерісінің субъектісі етіп тәрбиелеу. Ғалымдардың педагогикалық-психологиялық зерттеулерінде студенттердің тапсырмаларды өздігінен орындауы олардың танымдық қызығушылықтарын арттырып, танымдық белсенділіке, шығармашылықпен  жұмыс жасауына дағдыландырады деген  пікірлер кездеседі.

Сондықтан студенттердің өздігінен орындайтын жұмыстарын сапалы ұйымдастыру арқылы олардың жеке тұлғалық қабілеттерін нығайтуға, дамытуға, кәсіби құзіреттіліктерін қалыптастыруға  болады деген тұжырымға келеміз. 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-жолы -2050: Бір мақсат,бір мүдде,бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 17қаңтар, 2014 ж.

2.     Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. – Алматы, 2000. – 208 б.

3.     Қадашева Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Астана: Атамұра, 2006. – 240 б.

4.     Дәулетбекова Ж.Т. Жалпы білім беретін орта мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін оқытудың  ғылыми-әдістемелік негіздері.// Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты, Алматы, 2008.

5.     Кенжебеков Б.Т. Университет студенттерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың теориясы мен практикасы. (монография). – Астана, 2001. -275 б.

6.     Ныязбекова К.С.Кәсіби қазақ тілі. Әдістемелік оқу құралы (Жоғары оқу орындарының география-экология,химия-биология факультеттері үшін әдістемелік оқу құралы). – Алматы: 2013. – 116 б.