Стыбаева А.Ш.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 Даникеева А.Б.

№51 орта мектебі, Тараз, Қазақстан

Үсенова С.М.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ҚОЛДАНУ

 

 

Қазіргі кезде елімізде білім беру жүйесінің ең басты мәселесі – қазақ мектебінің түлегінің білім сапасы деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу. «Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» - демекші бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі ел болашағы.

 Біздің Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, білім беру кеңістігіне енудің бағыты анықталды. Бұл педагогика теориясы мен оқу тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарастар, басқаша қарым-қатынас, өзгеше менталитет пайда болуда.

Білім беру мазмұны жаңа үрдістік біліктермен, ақпараттарды қабылдау қабілетінің дамуымен ғылымдағы шығармашылық және нарық жағдайындағы білім беру бағдарламасының нақтылануымен байланысқа түсуде.

Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты міндеті. Мектеп және жоғары оқу орындарының алдында тұрған негізгі мәселе оқушылар мен білімгерлерді дамыта оқыту, яғни олардың оқу әрекетіне қалыптастыру, оқуға ынтасын ояту.

 Қазақстан Республикасының білімді дамыту тұжырымдамасында қазіргі білім орталары:

  - практикалық қызметте жинақталған барлық игіліктердің сақталуы;

  - қоғамның интелектуалды қуатын жетілдіру;

  - еліміздің материалдық-қаржылық әл-ауқатын әрі қарай дамыту;

  - білім беру жүйесін әрі қарай дамыту тағы сол сияқты міндеттерді     көздейді. /2/

Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігінің білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологиялары, оның нәтижесіне қарап бағалайтын болады. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білім мен дағды-машыққа қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке - ақпаратты өзі ізденіп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады.

Қазіргі педагогикалық қоғамдастықтың алдында білім берудің жаңа модулін құрудың, сынақтан өткізу мен енгізудің ауқымды міндеттері тұр. Оның жүйесінің негізгі ұстанымдары: «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында» көрсетілген. /2/

Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруді мұғалімдер мен оқытушылардың инновациялық іс-әрекетінің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі.

Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Осындай сұраныстарға орай оқытудың әр түрлі технологиялары жасалып, ең бастысы мектеп тәжірибесіне ары қарай жоғары оқу орындарына енуде. Осы педагогикалық технология терминіне мынадай түсініктеме берілген: педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық қисынды ілім амалдары мен әдіснамалық құралдарының жүйелі жиынтығы мен жұмыс істеу реті. Мәселен, академик В.И.Монаховтың технологиясы, В.К.Дьяченконың ұжымдық оқыту әдісі, профессор Ж.Қараевтың білім беру жүйесін ақпараттандыру технологиясы, В.Д.Шадриковтың «Жеке бағытталған оқу жоспарының негізінде оқыту технологиясы», И.П.Волковтың «Шығармашылық пен дамыта білім беру технологиясы» және т.б. Бұл технологиялар теориялық тұрғыда дәлелденіп, тәжірибеде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Аталған технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану үшін әр ұстаз өзінің алдында отырған оқушылар мен білімгерлердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогтік мақсат-мүддесіне сай, өзінің шеберлігіне орай таңдап алады. Жаңа технологияны жүзеге асыруда ұстаздың белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады. Егер профессор Ж.Қараевтің «Деңгейлік саралау технологиясын» таңдасақ, мұндағы мақсат - өз бетімен дами алатын, әр түрлі өмірдің қиындықтарына төзе білетін, белсенді, білімді шәкірт тәрбиелеу.

Бұл технология біріншіден, дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, өйткені ол шәкіртің ойлауын, елестету мен есте сақтауын, ынтасын, белсенділігіне, білім сапасының дамуына көмектеседі. Әр шәкірт кемінде мемлекеттік деңгейде білім алуына кепілдік береді.

Деңгейлік саралау технологиясы шәкіртін де, ұстаздың да белсенді шығармашылық қызметін дамытуға бағытталған. Мысалы ретінде  екінші сыныптан бастап ана тілі, қазақ тілі пәндері бойынша деңгейлік тапсырмалар беріп оқушыларды қалыптастырамыз. Деңгейлік тапсырмалар 1,2,3,4-деңгейде беріледі. 1-ші деңгейдегі тапсырма мемлекеттік стандарт деңгейі, бұны орындауға барлық оқушылар міндетті, 2-3 деңгей бірте-бірте күрделенеді және бұл деңгейлік тапсырманы орындауға оқушылар құқылы, ал 4-ші деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс істей алатын, өзіндік пікірін жеткізе алатын, ойын дәлелдей алатын қабілетті оқушылар орындайды. Әрине, барлық оқушылар 4-деңгейді түгел орындап шығады десек артық.1,2-ші деңгейді түгелге жуық орындайды да, озат оқитын оқушылар алға кетеді. Салыстыра отырсақ «Педагогика және психология», «Психология» мамандығын тандаған білімгерлердің дербес пәндерін тандасақ аталған алгоритмді байқауға болады.

 Бұл технология оқушылар мен білімгерлердің арасынан кімнің қай пәнге қабілетті екенін байқап, ары қарай дамытуға көп көмегін тигізеді. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін. Біздің міндетіміз - шәкіртке оның бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерін ашып көрсету. Кез-келген шәкірт ұстаздың басшылығымен орындаған шығармашылық жұмысының нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Баланың қабілеті мен талантын дамытуды неғұрлым ертерек бастасақ, соғұрлым оның қабілеті толық ашылуы мүмкін. Егер бала бойындағы қабілетті ұстаз байқамаса, ол бала басқа шәкіртермен бірдей болып қалады. Сондықтан қабілеттің дамуына түрткі бола білу керек. Осындай жұмыстарды жүргізу әр ұстаздың шеберлігіне байланысты. Күнделікті сабақта беретін деңгейлік тапсырмаларды қызықты етіп құрап, шәкіртердің қызығушылықпен орындауларын қадағалау қажет.

Кеңестік педагогика мен дидактиканың озық шеберлері В.Шаталовтың, В.Шейманның, Е.Ильиннің тәжірибелерінің мақсаты – шәкіртің оқу танымдық қызметін дұрыс ұйымдастыра отырып түпкі нәтижеге жету яғни оқушының сабақ үстінде бағдарламалық талаптар (міндетті және мүмкіндік) деңгейінде жан-жақты терең біліммен саналы тәрбие алуы еді. XX ғасырдың соңында адамдар жаңа технологиялық зерттеулер (В.Беспалько, В.Монахов) жаңартылған әдістемелік жүйенің оқыту үрдісінде іске асуы үшін оны технологияландырудың қажет екенін дәлелдеп отыр.

Педагогикалық технология мынадай төрт негізгі шартты қанағаттандыруы тиіс (В.Беспалько).

    - Педагогикалық технология оқытудағы педагогикалық экспромптарды жоюы қажет.

    - Шәкіртің танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу тәрбие үрдісінің табысына негізделуі қажет.

    - Оқу мақсатын диагностикалық түрде анықтап, оның меңгерілуі мен сапасын дәл тексеріліп, базалау қажет. /3/

Қазіргі Қазақстан оқу орындарының жаңа өзгерістерді әлемдік білім беру тәжірибелерін пайдалана отырып, баланың жеке дара күшінің дамуын қамтамасыз етеді. Жаңа педагогикалық іздену және оларды қолдануға бағытталған жеке тұлғаның қалыптасу деңгейінің сапасына, үнемі өсіп отыруына сәйкес, педагогикалық құралдарды да тұрақты жаңарту қажет деп есептейді. Бүгіндері мұндай жаңарту педагогикалық ғылым мен мектеп тәжірибесінің үздіксіз сабақтастығы арқылы көрінуде. Мұнда педагогикалық технологиялар көмегімен күнделікті оқытуда педагогикалық жағдайларды оқу – тәрбиені үздіксіз алдын-ала жобалау жолына ауыстыру, оларды күнделікті сыныпта қолдану көзделеді. Ұстаз үшін жазылатын дәстүрлі сабақ жоспарлары мен оқу бағдарламалары өзгеше жұмыс ретінде педагогикалық технологияда шәкіртердің оқу танымдық әрекетінің құрылымы мен мазмұнын ашатындай оқу-тәрбие үрдісінің жобасы жасалынды. Қазақстанда Ж.А.Қараевтың, Ш.Т.Таубаева, Қ.Қ.Қабдықайыров, С.Н.Лактионова, М.М.Жанпейісованың және басқа да ғалымдардың оқытудың жаңа технологиялары белсенді қолдануда.

Қазіргі уақытта педагогика және психология ғылымдарының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы.

Оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа білім парадигмасына сүйене отырып, біз оқыту технологияларының тиімді жақтарын таңдап алуымыз қажет және оқыту–тәрбие үрдісінде озық технологияларды белсенділікпен енгізу керек.

Қазіргі білім беру саласында проблема - әлеуметтік-педагогикалық және ұйымдастыру тұрғысынан білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру, оны өмірде пайдалану. Әр заманның ұсынары бар және қалай болғанда да заман ағымынан қалмай, ілгері жүру – ұлы мұрат.

 

Әдебиет:

1. Қазақстан Республикасы «Білім» мемлекеттік бағдарламасы.//Қ.М. 28 қазан 2010 ж.

2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.//Қ.М.№1 2004 ж.

3. Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологий.- М.: «Педагогика» 2004 ж. 21-38 бет.

4. Жанпейісова М.М. Технология модульного обучения.- Ақтөбе: РИПК: СО 2009 ж.

5. Мұхамбетов С.Қ. Педагогика. Ақтөбе, 2011 ж.